Еркектер өзгеріп барады

529
0
Бөлісу:

Ерте, ерте, ертеде еркектердің бәрі дерлік күшті болған деседі. Оған себеп — өмір сүрудің қаталдығы, соған бейімделу, жансақтаудың қиындығы, қара жұмыс. Осылай санамалай беруге болады. Жағдайдың жақсарып, тұрмыстың оңалуы жуан жұдырықтыларға қалай әсер етеді, жағымды жақтары не? Осы сауалдарға жауап іздеген ғалымдар соңғы 100 жылда жаңалықтары баршылық екендігін айтады. Бір ғасырда ерлердің бойы 12 сантиметрге дейін өсіпті. Есесіне әлсізденіп, қуаттары нашарлаған.  Оларға қарағанда әйелдерде ер мінез басым бола түскен.

Бойы

Қазақты қайдам, өзге ұлттардың еркектері жыл сайын өсіп барады. Орташа өсім Еуропада – 11 см, Испанияда – 12 см. Ең ұзын жігіттер Голландияда тұрады екен. Олардың бойы орташа есеппен – 1,85 м. Бәрінен қызығы мынада: екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ең ұзын халық америкалықтар болып саналған (1,77 м). ХХ ғасырдың орта тұсында АҚШ жұртшылығының бой өсуі тоқтаған.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Құдай қосқан көршіміз – орыстардың бойы 60-жылдары 1,68 метр болса, бүгінде – 1,78 метр. Ғалымдар бұл өсімді тамақтану дағдысының өзгеруімен, тұрмыстық жағдайдың жақсаруымен,  медициналық қызметтің дамуымен байланыстырады.

Британдық Эссекс университетінің профессоры Тимоти Хаттон адам бойының өсуі – тұрғындардың денсаулығы жақсаруымен байланысты екен. 

Салмақ 

Шектен тыс семіздік – бүгінгі күннің басты проблемасы, өте өзекті мәселе. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы 2013 жылы әлемнің ересек  тұрғындарының  29 пайызы артық салмақтан зардап шегетіндігін мәлімдеген. Одан бергі үш жылда бұл көрсеткіш өспесе, ешқандай да төмендемегені анық. Олардың арасында еркектердің үлесі басым. Мұның бірнеше себептері бар. Әсіресе, қозғалыстың аздығы мен фастфуд тағамдарын жеу – өте қауіпті. Сонымен бірге, эпигенетикалық себептері де болуы мүмкін.  Бұрындары адамдардың ашқұрсақ жүруі артық энергия жинауға мүмкіндік бермеген. Қазіргі ұрпақтың бойында артық энергия көп.

Күш-қуат

Мәскеу мемлекеттік университетінің антрополог мамандардың деректеріне қарағанда, қазіргі жас өспірімдер өткен ғасырдың 30-жылдарындағы балалармен салыстырғанда өте әлсіз. Осы орайда ғалымдар қызықты тәжірибелер де жасап көріпті. Мәселен, қазіргі мәскеулік оқушылар 20 килограмм кір тасын әзер көтереді. Бұрынғыға қарағанда бұл көрсеткіш 36 килограмға азайған.

Интеллект

2013 жылы  Intelligence журналында жарияланған зерттеу қорытындыларына қарағанда,  ерлердің  интеллект коэфициенті жүз жыл бұрынғы жігіттерге қарағанда 14 пунктке төмен. Бұл туралы өткен ғасырдың 80-жылдары жаңазелендиялық политолог Джеймс Флинн дабыл қаққан екен.

Бұл көрсеткіш  10 жыл сайын 3-5 пунктке төмендейді екен. Ол адамдардың белгілі бір шешімдерді жедел қабылдауына кедергі келтіреді. Амстердам университетінің зерттеушілері 1984 – 2004 жылдар аралығында 9000 адамға жүргізген тест барысында  бұл деректі растаған.  Қазір еркектер бұрынғыға қарағанда ақымақтау бола бастаған.

Феминизация

Еркектер әйелдер секілді нәзік бола түсті. Психологтардың айтуынша, жігіттердің жүні жығылып, жуаси бастағалы әйелдердің ержігіт секілді күшті бола түскені анықталған.  Тіпті ерлерге арналған журналдың өзі әйелдерге арналған басылым секілді шыға бастаған. Есесіне әйелдер журналында  техника және автомобиль бөлімдері пайда болып, арулар шығыс жекпе-жектерінде өнер көрсетіп жүр. Осылайша, әлеуметтік міндет ауыса бастады. Әйелдерінің айтқанынан шықпайтын, айдауында жүретін, отбасында еркек екендігін көрсете алмайтын жігіттер көбейген.

Психологтар феминизация процесін ерлі-зайыптылардың көп ажырасуымен түсіндіреді (балалар толық емес отбасында өседі де, ұлдар анасына тартады).

Заман көз алдымызда өзгеріп жатыр. Ақылына да, білегіне де сенетін бұрынғы жігіттердің жуасып, әйелі мен отбасына ие бола алмауы — өте өкінішті оқиға.

 

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*