Елiмiзде электрондық еңбек биржасы қыркүйек айында iске қосылады

613
0
Бөлісу:

Қазақстанда электрондық еңбек биржасы қыркүйек айында iске қосылатын болды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Бiржан Нұрымбетов ОКҚ брифингi барысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Электрондық еңбек биржасын 2017 жылдың қыркүйек айында iске қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, оны құру арқылы, бiрiншiден, бұған дейiн жұмыссыздар мен бос жұмыс орындарын ғаламтордан iздемеген жұмыс берушiлер мен жұмысшыларды, сондай-ақ, жеке жұмыспен қамту агенттiктерiн ортақ арнада тоғыстыруға жол ашылады. Екiншiден, жұмыспен қамту орталығы, iс жүзiнде HR – қызмет, яғни насихат мiндетiн тегiн атқармақ. Үшiншiден, электрондық биржа, жұмыс iздеу мен оны ұсынудың ең жеңiл әрi үйреншiктi тәсiлiне айналмақ», – дедi Нұрымбетов.

Вице-министрдiң айтуынша, электрондық еңбек биржасын құрумен қатар, жұмыспен қамту орталықтарын жаңғыртуда белсендi iс-қимылдар жасалуда. Мәселен, қызмет көрсетудiң жаңа стандарттары түзiлiп, жұмыспен қамту орталықтарын мемлекеттiк мекеме сипатынан шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорын етiп өзгерту қарастырылған.

«Бұл арқылы, жекеменшiк саладағыдай, орталық қызметкерлерiнiң еңбегi түпкi нәтижесiне қарай төленетiн болады. Сонымен бiрге, жұмыспен қамту орталықтары жаңа компьютерлермен жабдықталып, министрлiктiң барлық ақпараттық жүйесiне және эталон базаларына қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ететiн бағдарламалық кешендер орнатылады. Көрсетiлетiн қызметтер сапасын жақсарту мақсатында, биылғы жылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында электрондық кезек енгiзудi көздеп отырмыз. Жыл соңына дейiн электрондық кезек елiмiздiң барлық облыс орталықтарында енгiзiлетiн болады», – дейдi вице-министр.

Ведомство өкiлiнiң айтуынша, азаматтардың жұмыспен қамту орталықтары қызметiне қолжетiмдiлiгiн арттыру мақсатында 237 халыққа қызмет көрсету орталығында 272 жұмыс орны ашылды. Вице-министр, сондай-ақ, азаматтарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге арналған «е-Халық» жүйесi туралы әңгiмелеп бердi.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Бөлісу:

Пікір жазу


*