Қытайдағы қазақтар

316
0
Бөлісу:

Алматыдан Үрімжі аймағына сапарлап барғанымызда атажұрттан жат жерде тұратын қазақтармен кездесіп, олардың тұрмыс-тіршілігін өз көзімізбен көріп, әңгімелессек дедік. Шыңжаңның орталығы Үрімжіге іргелес орналасқан Санжы қаласынан 270 шақырымдағы Читай (жергілікті халық Шонжы деп атайды екен) қаласында болғанымызда да осы ой бізді мазалай берді. Содан жергілікті басшылардың бастауымен қазақ ағайындар қоныстанған Жібек (Джибеко) ауылына жол тарттық.
Көпшілік қазақтар тұратын Жібек ауылы атының өзі айтып тұрғандай, ежелгі Ұлы Жібек жолының бойында Тәңіртаудың (Тянь-Шань) етегінде орналасқан екен. Мұнда ауылдың бас­шысы әрі осындағы партия ұйымының жетекшісі Қабылғазы Ұлықпан қарсы алды. Әңгімеге жүйрік ол алдымен, Жібек ауылының тұрмыс-тіршілігімен жан-жақты таныстырып, әрбір мәселені тәтпіштеп түсіндірді.
– Жібек ауылында қазіргі күні 315 отбасында 1103 жан өмір сүреді. Олардың 99 пайызы – қазақтар, бір пайызы – ұйғырлар мен қытайлар. Мұндағы отбасының барлығы мал­ шаруа­шылығымен айналы­са­ды. 2008 жылы жергілікті үкімет Тәңіртаудың әр бөктерінде еркін мал бағып жүрген қазақтардың барлығын біржола осы қыстаққа орналастырды. Сөйтіп, сол жылы осы қыстаққа 154 отбасы көшірілді. Бір ерекшелігі – бұл отбасында жалпы саны 60-70-тей жан бар. Қыстақтағы үйімізді жергілікті үкімет 2008 жылы са­лып берді. Бір қуантарлығы сол, тұрғындар осындағы үй-жай­ға қажетті қаржының тек 10 па­йызын, ал үкімет тарапы 90 па­йыз қаржы құйды. Тұрғындарға тұр­ғын үймен қатар, заман тала­­бына сай мал қоралары да салынып, пайдалануға берілді. Үйде ғана емес, қораның өзінде де барлық қажетті жағдай бар. Мұның сыртында қыстақтағы үйлерді және көше мен аулаларды электрлендіріп, көріктендіруге, асфальт жол салуға, ауызсу тар­­туға жергілікті тұрғындар қал­­тасынан бір тиын да қаржы шы­­ғарған жоқ. Мұндағы тұр­ғын­дар­дың барлығы мал өсірумен айналысады. Қа­зір­гі күні осы маңда 17 түмен жа­йылымымыз және бір түмен бес мың бас ұсақ малымыз бар. Бұған қоса, 4 мың бас ірі қара бар. Осында мал бордақылаумен де айналысамыз.
Негізгі тірлігіміз мал­шар­уа­шылығы болғанымен, заман талабына сай сауда-сат­тықпен айналысып, тіпті халық­аралық деңгейде алыс-беріс жасап жүр­ген азаматтарымыз да бар­шы­­лық. Мұндай адамдарға үкі­мет тарапынан үлкен қолдау көр­сетілуде. Әрбір отбасы қа­жетті техникамен қамтылған. Жас­тарды мемлекеттің көмегі арқылы жүр­гізушілік, аспаздық, қолөнер се­кілді мамандықтарға үйрету жолға қойылған.
Ауылымыздың «Жібек» ата­луы­ның өзі сонау ғасырларда тарих­тан белгілі, нақты айтсам, Қытайды Қазақстан арқылы Батыс елдерімен байланыстырған Тәңіртаудың етегі, яғни бөктері арқылы қатынаған Ұлы Жібек жолының сауда керуені дәл осы жерден өткен. Сондықтан ел үкіметі алдағы уақытта осы аймақтан қазақ халқының өнері, оның ішінде ұлттық қолөнері мен ұлттық мәдениеті орталығының көрінісін сипаттайтын үл­кен көрме орталығын ұйымдас­ты­­руды жоспарлап отыр. Ол ор­талық жыл бойы үзіліссіз жұ­мыс жасайтын болады деп жос­парлануда. Сөйтіп, осында тұ­ратын қазақтар енді бірер жыл­да сонау ғасырлардан бері атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қолөнер туын­дыларын сондай-ақ өздері дайы­ндаған мал өнімдерін жәр­ме­ң­кеге келген меймандарға сатып, қаржы табуға, тұрмыс жағдайларын түзеуге орасан зор мүмкіндік алатын болады. Қазір осы мақсатта ауқымды жұ­мыс­тар жүргізілуде, – дейді Жібек ауылының басқарушысы Қабылғазы Ұлықпан.
Оның айтуынша, ел үкіме­ті­нің шешіміне сәйкес, Жібек ауы­лының тұрғындары соңғы уа­қытта ұжымдасып жұмыс іс­теу тәсілдерін терең меңгере бастапты. Мысалы, осы ауылда тұратын 30 отбасы қолдарындағы жекеменшік малдарын бір ортаға қосып, оны біртұтас ба­ғып-күтуге кірісе бастаған екен. Мұндай әдістің тиімділігі өте зор екенін малшылардың алғашқы жетістіктері де айқын­дапты. Мысалы, жергілікті малшылар мал шаруашылығы өнімдерін бір ортаға жинап, оны арнайы аппарат арқылы қораптап, базарға алып шығуға жақсы мүмкіндік алыпты. Ең бастысы, жергілікті қазақтар халқымыздың мәні мен маңызы зор ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды да жас ұрпаққа берік насихаттап, мықты ұстанып келеді.
– Қазақстанмен көршілес Қытай елінде өмір сүріп жат­­қа­нымызға қарамастан, ежел­ден қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұрпақтан-ұр­паққа жалғастырып келеміз. Мы­салы, үйлену тойы кезінде ұл-қыздарымыз, келіндеріміз, тіпті үлкен жастағы қарияларымыз ұлттық киімдеріміз – шапан мен камзол, бөрік, т.б. мақтанышпен киіп шығады. Мұның өзі – біздің ұлттық салт-дәстүрлерімізге адал­дығымыздың белгісі. Мы­салы, ке­лін алғанда немесе қыз ұзат­қанда халқымыздың ежелгі дәс­түрі бойынша бет ашар, құ­­да­­лықтың сый-сияпаттары мен жөн-жоралғылары толық сақ­талады. Нәрестені қыр­қы­­нан шығару, бесікке салу, сүндетке отырғызу, сүндет той тәрізді той-томалағымыз үне­мі бо­лып тұрады. Мұндай той­ларда халқымыздың ежелден келе жатқан халық ән­дерін тамыл­жыта шырқап, ұлан-асыр қуа­ныш­қа бөленеміз. Бұған қоса, мұн­дағы исі мұсылман жұр­ты жыл айналып келетін ораза ке­зінде ауыз бекітіп, бес уақыт намазын қаза қылмайды.
Ораза айт, Құрбан айт­ты бүкіл ел болып атап өте­міз. Мұсылман ба­уыр­ла­ры­­­­мыздың барлығы Құр­бан­ айтта міндетті түрде құр­бан­ ша­лып, мәре-сәре болады. Тіп­ті ересектерді айтпағанның өзін­де, мектеп оқушыларының өзі барша мұсылман үшін ұлық күн – Құрбан айт күндері үй-үйді аралап, жарапазан айтады, – дейді Қабылғазы Ұлықпан.
Мұндағы қазақтардың ара­сында ежелден қалыптасқан та­­маша дәстүр әйелдер мен қыз-келіншектер алаша тоқып, сыр­мақ, киіз, кілем басып, ұлттық қолөнермен айналысатын кө­рінеді. Мектеп жасындағы ба­лалар осындағы мектептерде ал­дымен бастауыш сыныпта (алты сынып), одан соң орталау (тоғыз) сыныпта, содан кейін толық сыныпта (он бір жылдық сынып) оқып, білім алады екен. Мектептерде дәріс қазақ және қытай тілдерінде жүреді. Назар аударарлық жайт, қарапайым ғана малшылар ауылында туып-өсіп, бүгінде жергілікті билікте басқару саласына араласып жүр­ген басшылар да, ақын-жазушылар да аз емес көрінеді.
– Жібек ауылында өсіп-өн­ген Хасен Әубәкір – біздің ай­­маққа ғана емес, Қытайға та­ны­мал жазушы. Шыңжаң Жазушылар одағының мүшесі. Одан соң осы ауылдың тумасы Сәби Құмар – Шонжы ауданы халық құрылтайы төрағасының орынбасары. Сондай-ақ Жібек ауылынан шыққан Әділжан деген азаматымыз осындағы бір ау­данда әкімнің орынбасары қыз­метін атқарады. Мұнда жо­ға­ры білім аламын деген жастарға әрдайым жол ашық. Тіпті сту­дент-жастарға мемлекет тара­пы­нан зор көмек көрсетіледі. Мысалы, менің балам қазіргі күні қауіпсіздік саласы бойынша жоғары білім алуда. Үкімет оған ай сайын үш жарым мың юань көлемінде шәкіртақы төлейді. Бұл – жастарға жасалып отыр­­ған үлкен қамқорлық. Бұған қоса, мұндағы қазақтар Қазақстандағы ағайын-туыс­тарына жиі барып-келуде. Мұн­дай алыс-беріске ешқандай шектеу жоқ. Тағы бір айтарым, осыдан біраз жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2004-2008 жыл­­дары біздің осы Жібек ауы­лынан Қазақстанға 25 отбасы тұрғылықты тұру үшін көшіп барды. Олар Алматы облысының Тал­дықорған қаласы маңына, Жамбыл ауданының ор­­талығы Ұзынағаш ауылы жа­ғына, одан соң Алматы қала­сы­ның маңына қоныстанып, мамыражай өмір сүруде. Біз олармен хат-ха­бар алысып тұра­мыз, – дейді Қабылғазы Ұлықпан.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*