Абыройы асқақ азамат

296
0
Бөлісу:

1973 жылдың ақпан айында қазақтың С.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүріп, «Лениншіл жас» (қазіргі Жас алаш) газетіне жұмысқа орналасқанмын. Ол кезде бұл газет республикадағы ең беделді басылымдардың бірі болатын. Қуанышымда шек болмай, бар күш-жігеріммен еңбек етіп, ұжымның ойынан шығуға тырыстым. 

Сол жылдың қыркүйек айын­­да бас редактор Сейдах­мет Бер­ді­құловтың кабинетіне кіріп: «Іссапармен туған жеріме ба­рып, күріш ору науқаны туралы ма­­териалдар жазып келейін», – деп өтініш айттым. Ол кісі ұсы­нысымды қабыл алып, хатшы қызына бұйрық бергізді. Сонымен, қыркүйек айының ортасында алғаш рет іссапармен туған ауылыма бардым.
Ағайын-туыспен кездесіп, мауқымды басқан соң, мектепте бір­ге оқыған әріптес досым, әрі ақындығымен ел-жұртқа та­ныла бастаған Келдібаймен хабарластым. Ол да менің жұмыс сапарымен келгеніме қуанып, тезірек кездескісі келетінін білдірді. Мен де көптен бері көрмеген до­сым­мен жүздесуге асықтым. Көп кешікпей, уағ­даласқан жерде кез­десіп, мәре-сәре болдық та қалдық.
– Танысып қой, Шынтас деген дәрігер, аудандық ауруха­на­да жұмыс істейді, – деп таныстырды жанындағы жігітті Келдібай досым.
– Қайырбек, осы ауыл­дың түлегімін, – деп Шынтасқа қолым­ды ұсындым.
Міне, алғашқы таныс­тығымыз осылай басталған еді.
Алғашқы кездескен сәттен-ақ Шынтас маған қатты ұнап қал­ды. Ұзын бойлы, талдырмаш келген жігіттің өнбойынан та­за­­лық пен тәртіп, іскерлік қа­бі­­летті аңғарғандай болдым. Жас та болса сөзге пысық, жас­­тықтан гөрі, ақыл-парасаты толысқан жігіт ретінде таныдым. Үшеуміз ұзақ әңгімелестік. Бір-бірімізді қимаймыз. Әсіресе, Шынтастың сабырлы да сал­мақты әңгімелері еріксіз тың­датпай қоймайды. Оның менен екі-үш жас кішілігі болса да тең дәрежеде сөйлесіп, ой тереңдігі мен азаматтық ұстанымының мық­­ты екеніне көз жеткіздім. Ту­ған же­рім­­нен осындай дос тауып қайт­­қаныма қатты қуа­­нып, газет тапсырмасын ойда­ғыдай орындап, бір аптаның ішінде Шынтаспен екі-үш рет кездесіп, Алматыға қайтқаным әлі есімде.
Бұл күндері ойлап отыр­сам, Шынтас екеуміздің за­ман ағымында бірге келе жат­қанымызға қырық бес жылдың жүзі болыпты.
Әрине, бұл уақыт тарих үшін қас-қағым сәт болуы мүмкін. Адам өмірінде еске алатын елеулі кезеңдері мол жылдар екені сөзсіз. Осы уақыт ішінде Шынтас екеуміз жиі-жиі хабар­ла­сып, қазіргі кезеңге дейін бай­­ланысымызды үзгеніміз жоқ. Оның әрбір табыстарына қуанып, Күләш екеуміз тілеуқор болып жүрдік. Алматыға келсе, біздің үйге соқпай кетпейді. Оның жүріп өткен өмір жолы да өзінше өрнекті. Тереңөзек аудандық Ден­­саулық сақтау бөлімінде тап­жылмай қырық бес жыл жұ­мыс істеу кез келген жанның маң­да­йына бұйырмаған екені белгілі.
1972 жылы Ақтөбе ме­дици­налық институтын біті­ріп, Терең­өзек аудандық ауру­ханасына Хи­рур­гия бөлімінің меңгерушісі бол­са, 1978 жылы аурухананың Емдеу жөніндегі орынбасары қызметіне кө­теріледі. Осы қызметте таба­ны күректей отыз жеті жыл жұ­­мыс іс­теп, аудан халқының ден­сау­лы­ғын жақсартуда қаншама ең­бек етті десеңізші. Дәрігерлік қыз­метімен қатар, қоғамдық жұ­мыстарды мүлтіксіз атқарып жүр­генін есептесеңіз, халыққа ең­бек ету үшін жаралған жанның қаншама күш-қайрат, ерік-жігер, ақыл-парасат жұм­­сағанын болжау оңай шаруа емес. Ондай есептегіш құрал қоғам қаншалықты дамыса да өмірге әлі келген емес. Оны адам­ның, яғни дәрі­гер­­дің немесе емделушінің өзі ғана біледі. Шын­тас­тың күндіз-түні еткен еңбегінің нәтижесі ескерілмей қалған жоқ. Ол «Сырдария ауданының құрметті азаматы» , «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Қазақстан Республикасы Президенті «Алғысхатының» иесі, «Жо­ға­рғы санаттағы хирург», «Қа­­­зақстанның денсаулық сала­сындағы сіңірген еңбегі үшін» және бұрынғы «СССР-дің ден­саулық саласының озаты» төсбелгісімен ма­рапатталған. Оған аудандық «Нұр Отан» партиясының бюро мүшесі екендігін қоссақ, азаматтың кел­беті айқындала түскендей. Осы­­ның бәрін ойымызда жұп­тасақ, бір адамның лайықты абыройға бөленуі – халық денсаулығы жо­лын­да соншалықты мол еке­нін аң­­ғ­ару қиын емес. Мұндай же­­тістікке халқына шын пе­йі­л­мен берілген Шынтас сияқты білгір хирург, абыройлы азамат, табанды күрескер ғана жетуі мүмкін.
Шынтас Ізетовтің бү­кіл ғұ­мы­­­рындағы жеткен же­тіс­тік­те­рі­не өзінің азамат­тық бол­мы­сы әсер етсе, екінші жа­ғы­нан оның өмірлік жары Құралайдың да қосқан үлесі зор. Құралайды алғаш көргенімде оның нәзік те сұлу бейнесі көз алдыма еліктің лағын елестеткендей болып еді. Екі жастың бір-бірімен үйлесім тауып, болашақ өмірге бір көзқараспен қарауға бел буғандары қуантқан еді. Ауылға барған сайын Шынтас досымның «Құралайдың шәйін ішіп кетсейші» де­ген сөзін жерге тастамай, ұлттық тағамдарға толы ақ дастарқанынан дәм татқанша асы­ғатынмын. Құралайдың бір сау­­сағын бүгіп, сызылып шәй құй­­­ғаны қандай жарасымды. Көп­­теген келіндер үлгі алуға ла­йықты Құралайдың бол­мысы қазақы салт-дәстүрдің өнегесі деп айтсақ әбден орынды. Аудан орталығынан салынған әдемі де аумақты жер үйге кірген бойда көз тоқтайды. Сыртына сәйкес үйдің іші де ерекше сәнді, әрбір зат өз ор­нын тапқандай үйлесіммен ор­­­на­ласқан. Жалпы, үйдің іш­кі сұлу­лығы, ажары мен көр­кі әйелдің ақыл-ойына бай­ланысты екенін өмір­ден кө­ріп жүрміз. Шынтастың сүй­­­ген жары Құралайды сый­лап, құрметтеуі де ешкімге ұқ­самай­тын ыстық ықыластың белгісіндей. Қашан көрсең де «біздің Құралай» деп отырғаны. Осындай отбасындағы жара­сымды қарым-қатынас пен әдемі мінез-құлықтың арқасында екеуі өмірге төрт ұл, екі қыз әкеліп, оларды қатарынан кем қылмай өсіріп, өмір ағымына сай тәрбиелеп, қанаттандырды. Қазір олардан тоғыз немере көріп, жан шуағына бөленіп отыр. Ерлі-зайыптылар үшін бұдан артық қандай бақыт бар десеңші.
Шынтас – аудандағы өне­гелі отбасының бірі. Жұмыс­тан сәл қолы қалт етсе, үй тірлігіне араласып, тыным тап­пай­тындығы. Өз алдына отау тігіп кеткен ұл-қыздарының хал-жағдайын біліп тұру да осы Шынтастың міндеті. Бір сөзбен айтсақ, осындай қамқор атаға бала да, немере де, ағайын-туыс та дән риза. Өйткені олар жақсы болса, Құралай екеуінің де көңіл-күйі ойдағыдай деген сөз.
Ауданда дәрігер Шынтасты білмейтін бірде-бір адам жоқ де­сем, еш қателеспеспін. Неге десеңіз – өз ісінің біл­гі­рі, науқас жандардың жанашыры. Сенің сыр­қа­тыңды дөп басып айтқанда таң қаласың. Ота жасаса да Алла қолдап, білімі мен білгірлігін көрсетіп, сәтті жа­сау­ға тырысады. Қиналған қаншама адам Шынтастың шипалы қолы тигеннен ке­йін өмірге қайта келгендей се­зін­гендігін көргенде олардың жүрекжарды алғысын естігенде өзінің бақытты екенін сезініп, бір марқайып қалатыны бар. Бұл Шынтас секілді азаматтың бір-ақ рет қайталанатын өмірге босқа келмегенін, кішкентай да болса жаны ауырған жандарға қол ұшын беріп, көмектескенін, сөйтіп, халық махаббатына бө­­ленгендігінің белгісі.
Дәрігерлік жұмысқа кіріс­кен алғашқы күннен бастап-ақ Шынтас өз ісіне аса жауап­кер­ші­лікпен қарап, сырқат жанның тез арада айығып кетуіне барлық жағдай жасауға тырысады. Оның өз мамандығының ше­бе­рі атанып, халық аузында көбірек аталуының негізгі себебі де – осы. Ол туралы та­лай мәрте аудандық, об­лыс­тық, республикалық га­зет-журналдарда өз ісінің біл­гірі, айтулы дәрігер ретінде журналистердің назарына ілігіп, сұхбаттар жүргізіліп, материалдар жазылған. Сонау 1974 жылдары «Лениншіл жас» газетінде мен де Шынтас туралы «Жасыл жапырақтар» атты новелла жазған болатынмын. Шынтасты қалай мақтасаң да жарасатын, соған лайықты аза­мат ретінде бағалаймын. Гиппократ антына адал дәрігер­лер­дің бәрі де Шынтастай болса ғой деп армандаймын.
Шынтас – өмірден өз ор­нын ойып тұрып алған аза­мат­тың бірі. Оның жан-жа­ғы­на жалтақтамайтын тура­­шыл бол­мысымен көп жағдайларда биік тұратыны рас. Өйткені ол өз ісіне, ақыл-ойына, адам­­­дармен болатын қарым-қатынасқа сенімді. Ойы озық, көріп-түйгені мол, мұндай азаматтар қашан да қадірлі, қашан да өз ортасына сүйкімді. Алғашқы танысқан күннен бастап арамызда қыл өтпестей берік достық қалып­тасқанына қуаныштымын және өзінің текті тұқымның ұрпағы еке­­нін дәлелдеп келе жатқанына мақтанамын.
Ғұмырың ұзақ, денсау­лы­ғың мықты, өмірің бере­келі де мерекелі болып, ұрпағыңның қызығын көріп, Құ­ра­лай екеуің қол ұстасып, қы­зық­қа тоймай әдемі де әсерлі күн­­дерді бастарыңнан өткізе бе­ріңдер, – досым Шынтас.

Қайырбек АСАНОВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын

Бөлісу:

Пікір жазу


*