«Тағзымның» тағдырлы кейіпкерлері

377
0
Бөлісу:

Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде «Тағзым» клубы аясында ғибратты еске алу кеші өтті. «Өлінің қамын тірі жер…» атты шығармашылық кеш өмірден ерте кеткен халқымыздың талантты, тағдырлы ақындары Нұрлан Мәукенұлы, Қайрат Әлімбек, Бейбіт Құсанбекке арналды. 

Небары 40 жастан енді ас­қанда құйрықты жұлдыздай ағып өте шыққан, тіршілігінде қыруар жұмыс атқарып өнерде өршіл жүйрік қалпымен, тума дарын ретінде ел есінде қалған азаматтарды ағайындары, курс­тас достары сондай-ақ зия­лы жұрт өкілдері емірене еске алды. Одақ тарапынан өткізілген шараны Төрағаның орынбасары, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Маралтай Райымбек ағаларына арнаған әдемі ес­телігімен ашып берді. Бұ­дан өзге, халыққа белгілі аза­мат­тар Ұлықбек Есдәулет,
Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Жақып, Темірғали Көпбаев, Аманғазы Кәріпжан, Құл-Керім Елемес, Қуат Қайранбай естеліктерімен бөлісіп, жүрек­жарды сөздерін айтты.
Т.Көпбаевтың әрі сағыныш, әрі қызықты естелігі жұрттың мұңлы қабағына күлкі үйірсе, Берікбол Ахметовтың ойлы әні, Нұрланның қыздары Гүлірең мен Гүлденнің қосыла айтқан «Әке» әні залдағы жанашыр жандардың жанарына жас үйірді. Қайрат ақынның қос немересі аталарының өлеңін оқып «орнында бар оңалар» деген даналықты сездірді. Кеш барысында сағынышқа толы әндер шырқалып, көп­тің көңіл пернесін басып отырды. Н.Мәукенұлы мен Қ.Әлімбектің жыр әлеміндегі дара сипаттары таңданыспен сөз болып, Б.Құсанбектің ақын, сазгер қасиеттерінен озық тележурналистік өнері баса көрсетілді. Халықтың жадында өшпестей сақталған «Өмір-өзен» секілді алтын қорға жазылған мыңнан артық хабары мақтанышпен ортаға салынды. Қай-қайсысының да өзінше ғажап болмысқа ие, көп қырлы қасиеттерге бай екенін баса айтты. «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген ұстанымға адал артындағы ел-жұрты марқұмдарды еске алып, шығармаларынан әсерлі композиция тамашалады. Кеш соңында ақындардың отбасына сөз беріліп, осындай игі істің бұдан былай да жалғасып, ұлтқа қызмет еткен боздақтарымызды ұмытпаудың қажет екені ай­тылды. «Бүгінгі ұрпаққа, жас буынға пайдалы үрдіс қашан да жасалып отырсын» деді кеш қонақтары.
А.ТҰМАР

Бөлісу:

Пікір жазу


*