СӘУЛЕТ САЛТАНАТ ҚҰРҒАНДА

530
0
Бөлісу:

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасы өсуін тоқтатып, әлеуметтің барлық саласында тоқырау болғаны есімізде. Әсіресе, құрылыс нарығына оңай тимеді. Қала мен далада, ауыл мен ауданда, зауыт пен фабрикада, не керек адам аяғы басқан жердің бәрінде құрылыс тоқтады. Құрылысшылар күн көріспен базар жағаласа, архитекторлар шетел асып жатты. Іргетасы қаланып, кірпіші енді өріле бастаған ғимараттар «сақалды құрылысқа» айналды. Қала кейпінің өңі кетіп, қаңыраған ғимараттар қалыпты күйде қабылданды.
Жұрт барды сақтауға талпынған кез еді…
Дәл сол уақытта, айналдырған 25 жыл ішінде, біз Астанадай алып шаһарды тұрғызамыз деп ойламадық. Алматының кең көшелерінде жол айрықтары бірінен соң бірі ашылатынын сезбедік. Шымкент, Ақтау секілді облыс орталықтары жаңаша түлейтінін білмедік. Қытаймен шекаралас аймақта Нұркент қалашығы бой көтеретіні де үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Мұ­ның бәріне жету сондай қиын болып көрінетін.
Біз теледидардан Дубай мен Нью-Йорктің көкпен таласқан ғимараттарына сырттай сүйсініп қана отырамыз деп ойладық. Осын­дайда ойлағанымыздың орын­далмағанына қуанасың. Бү­гінде қазақ сахарасы әлемнің үздік архитекторларымен қа­тар, отандық сәулет өнері хас шеберлерінің ойдағысын орын­дайтын құт мекенге айналды. Кәсіби құрылысшылар сұраныс­қа ие. Сарыарқа төрінде ХХІ ға­сырдың ең сұлу шаһары – Астана, ертегідегідей ғажап шаһарға айналып, жыл санап емес, ай, тіпті күн санап өсіп келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тамаша идеясын жүзеге асы­руға Кисе Куросава, Норман Фос­тер бастаған заманауи архитек­торлар Ұлы далаға ат басын бұ­руда. Олардың қаламынан сы­зыл­ған эскиздер қағаз жүзінен емес, қала жүзінен көрініс тапты. Отандық архитекторлар да бай тарихымызды паш ететін, ұлттық нақыштағы әсем ғимараттар мен ескерткіштерді көз алдымызға алып келді. Ақмырза Рүстембеков, Сағындық Жанболатов, Шохан Матайбеков бастаған бір топ архитекторлар сіз бен біздің ойда жүрген бар арманымызды, сан қатпарлы қиялымыздағы бейнені қыруар еңбекпен жүзеге асырды.
Осы алмағайып 26 жыл ішінде Азиада мен Универсиадаға арналған әлемдік деңгейдегі спорт кешендері бой көтерді. «ЭКСПО – 2017» қалашығы құры­лыс технологиясының жа­ңа стандарттарымен салынды. Жалпы, бір мақаланың аясында тәуелсіздік жылдарында бой көтерген ғимараттар мен ескерт­кіш­терді ашып жазу мүмкін емес. Сондықтан елеулі деген ең үздіктерін, елдің алғысына бөленген архитекторлардың жұ­мысымен сіздерді таныстырамыз. Сонымен қатар болашақтың еншісінде тағы қандай құрылыстар жүргізіліп, нендей жобалар сы­зылып жатқанын тізбектейік.

Қолданысқа енген үздік ғимарттар мен оның архитекторлары:

Бас шаһарды әрбір қазақ­стандық өзіне тән талғаммен жақ­­сы көреді. Біріне ерке Есіл­дің баяу аққан ағысы ұнар, енді біріне көкпен таласқан ғимараттар тәуір көрінеді. Дегенмен Астана дегенде бәрі­міздің жадымызға ең алдымен «Бәйтерек» оралары сөзсіз. Бастапқыда елорда символына әлемнің ондаған архитекторынан қос-қостап көздің жауын алар неше түрлі нұсқалар келіп түскен. Бірақ та жергілікті климатты ескеріп, тамырын тереңнен тартатын тарихымызды бойына сіңірген, архитектор Ақмырза Рүстембековтың «Бәйтерегі» озып шықты. Алдымен нобайын келтіріп, кейін Елбасының ескертпелерін қосып әзірленген монумент аз ғана уақыттың ішінде Есілдің сол жағасынан бой көтерді.



Еуразияның кіндігінде, шапса – тұлпардың тұяғы тозған, ұшса – сұң­қардың қанаты талған кең-байтақ жа­зиралы далада Мәңгілік елді ұран еткен Ұлы да­ланың ұландары мекен етеді. Әлбетте, қазақтың асқақ абы­­ройын бұдан да асыл сөз­дермен биіктете аламыз. Алайда Астанадағы «Мәңгілік ел» триумфалды аркасы мұны сөзбен емес, сәулетімен жеткізіп тұр. Архитектор Сағындық Жанболатовтың төл туындысы, жас та болса жасампаз қазақ елінің бар рухын, болмыс-бітісін әрбір кірпішімен, құйылған қола мүсінімен айбарлап тұр.
Париждегі осы тектес арканы 3 жыл бойы құрылысын жүргізсе, бізде небәрі 3 айда көтерді. Гин­нестің рекордтар кітабының рекордын жа­ңар­тқан да біздің құрылысшы һәм ар­хитекторларымыздың еңбегі екені даусыз.



Сағындық Смайылұлының тағы бір таңқалдырар туындысы – таза қазақы үлгідегі «Әзірет сұл­тан» мешіті. 11 гектардан аса ау­маққа орналасқан мешіттің ішкі аумағы – 17700 шаршы метр. Бір мезгілде 10 мың мұсылман намаз оқи алады.


Шоқан Матайбеков – елге бел­гілі архитекторлардың бірі. 2005-2007 жылдар аралығында Аста­наның бас сәулетшісі болған. Министрлер үйінен бастап, «Шабыт» шығармашылық сарайына дейін он шақты ғи­мараттың ав­торы. Әсі­­­­­ресе, хай-тек сти­лін­дегі «Сол­түстік шұғыласы» тұрғын үй кешені оның өз саласының шебері екенін дәлелдейді. Ақша бұлтпен бас түйістіріп, мың бұралған 3 зәулім үйдің ең биігінде 44 қабат орналасқан.



Қазақтың үздік архитектор­ла­рының көшбасын Сұлтан Бай­ма­ғам­бетов бастаған десек артық айтпағанымыз. Өзі­нің 74 жылдық ғұ­мырын оңтүстік аста­наның көркеюіне жұм­саған Сұл­тан Қабиұлы «Ақ­сай», «Ор­бита», «Айнабұлақ» секілді ықшамаудандарды, Абылай хан мен Жамбылдың ескерткіштерін, Алматының орталық мешітін жүзеге асуына еңбек етті. Сондай-ақ Алатау бөктеріндегі әсем шаһардың әуе қақпасын тұрғызуға аянбай тер төкті.


Еліміздің батыс айма­ғында – Ақтау, Атырау, Орал және Ақтөбеде кең көлем­ді құрылыс жұ­мыстары жүргі­зілуде. Әсіресе, тұрғын үй сек­торы қарқын алған. Жа­қын арада Ақтөбеде француз және ағылшын кварталдары пайда болады. Одан бөлек, француздық Ibis қонақүй желісінің құрылысы жүргі­зіледі. Ақтауда Green Plaza тұрғын үй кешені әсемдігі мен асқақтығы тұр­ғысынан талайдың таңдайын қақтырды.

Елдің солтүстігі мен шығысында да таң-тамаша ғимараттар салынуда. Бурабай демалыс аймағында тұғырдан секіру кешені келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Семейде құрылысы басталғалы тұрған Абай арена Ертіс бойындағы ең сұлу кешен болатыны сөзсіз.



Құрылысы жүріп жатқан таңдаулы ғимарттар:

Бұл тізімді Астанада құрылысы жүріп жатқан «Абу Даби плаза» көпкешенді ғимараты бастап тұр. Биіктігі – 320 метр, бірақ та оның өзгеріп кету мүмкіндігін компания басшылары бірнеше мәрте ескерткен. 2010 жылы жос­пар бойынша оның биіктігі тіп­ті 388 метр болады деп айтқан. Қайткен күнде де ол Орталық Азиядағы ең биік ғимарат бо­латыны белгілі.


Астанада құрылысы аяқталуға шақ қалған әлеуметтік маңызы бар екі ғимарат жақын күндері елорда қонақтары мен тұрғындарының игілігіне беріледі. Оның бірін­шісі – Астана жаңа вокзалы. Ин­вес­тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің хабарлауы бойын­ша, құрылыс жұмыс­тары 15 мамыр күні толық аяқталады. Екін­­шісі – Астана әуе­жайының жаңа терми­налы. Ол да 15 ма­мыр күні толық аяқ­талады.


Елдің үшінші шаһары атанып жүрген Шымкент қаласында құ­ры­лыс қарқын алуда. Алдағы уа­қытта қаланың солтүстік батыс бөлігінде «Шымкент сити» шағын ауданы бой көтереді. жақында хай тек стиліндегі Forte bank кең­сесі құрылысын аяқтады. Оң­түс­тік Қазақстан облысы әкімі­нің баспасөз хат­шысы Бей­сенбай Тә­жібаевтың ай­туы бойынша, би­ыл 5 жолайрығының құ­рылысы бас­талады екен.

 

Асқар БЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*