Ташкентті «талқандай» аламыз ба?

553
0
Бөлісу:

Алдағы күндері өтетін ең маңызды жарыстардың бірі – боксшылардың Азия чемпионаты. Бастапқыда бұл бәсеке Моңғолияның астанасы – Ұланбатырда ұйымдастырылады деп айтылған еді. Алайда бізге белгісіз себептермен АИБА басшылығы ақпан айының бел ортасында өткен конгрессте оны Ташкентке ауыстырды. 30 сәуір мен 7 мамыр аралығында Өзбекстанның бас шаһарында өтетін айтулы жарыстың бір ерекшелігі, осы жекпе-жектер барысында биыл Германияның Гамбург қаласында жалауы желбірейтін әлем чемпионатының жолдамалары сарапқа салынады.

Ташкенттегі доданың қар­саңын­да Азия чемпионатының та­ри­хына қысқаша шолу жасауды жөн көріп отырмыз. 1963 жылы тұң­ғыш рет айтулы жарыстың тұ­сауы кесілген болатын. Алғаш 16 бі­ріншілікке Қазақстан құрамасы қа­тысқан жоқ. Сол себепті де оған тоқ­талудың қажеті жоқ деп ой­лай­мыз. Бір айта кетерлігі, сол бә­секелердің командалық есе­бінде 11 мәрте Оңтүстік Ко­рея құрамасы көш бас­таса, Жапония мен Тай­ланд екі және Иран бір реттен топ жарды.
Сары құрлықтың бас­ты жарысында Қа­зақстан құрамасы ал­ғаш рет 1994 жы­лы бой көрсетті. Теһ­­ранда жерлес­те­ріміз 5 рет жеңіс тұ­ғы­рының ең биік са­­тысына көтерілді. Азияның өзге ал­пауыт­­­тарын орын­да­ры­нан ығыстырған жуан жұдырықты жігіт­теріміз жалпы есепте бас жүлдені олжалады.
1995 жылы Ташкенттегі көр­сеткішіміз одан да керемет болды. Даңқты бапкер Әбді­са­лан Нұрмаханов жетекшілік еткен ко­манда 6 рет әнұранымызды шыр­қат­ты. Осы жарыстардың екеуінде де өзге мемлекеттің боксшылары біздің өрендерге қарсылық көрсетіп жарытпады.
1997 жылы Куала-Лумпурде Тай­ланд құрамасы топ жарды. Екін­ші орында – Өзбекстан. Одан кейінгі сатыларға Иран мен Қа­зақ­стан жайғасты.
1999 жылы Ташкент және 2002 жы­лы Серембан қалаларында ұйым­дастырылған бәсекелерде Өз­бекстанның шоқтығы биік болды. Көр­ші елде жерлестеріміз екінші орын­ға тұрақтаса, Малайзияда қа­лың топтың арасында қалып қой­дық.
2004 жылы Пуэрто-Прин­цес­сада Қазақстанның боксшылары қайта үздік деп танылды. Отандас­тары­мыз 3 алтын, 1 күміс және 3 қо­ланы иемденді. Екінші және үшін­ші орындарда – Қазақстан мен Оңтүстік Корея.
2005 жылы Хошминде қоржы­нында 2 алтын, 1 күміс және 3 қола­сы бар Қазақстан екінші орынды ие­ленсе, ойда-жоқта Пәкістан ал­дымызды орап кетті. Олар 3 алтын мен 1 күміске қол жеткізді. Үшінші орын­да – Филиппин (2 алтын+0 кү­міс+1 қола).
2007 жылы Ұланбатырда отан­дастарымыз үшінші орынға сырғып түс­ті. Біз 3 алтын, 1 күміс және 2 қо­ланы олжаладық. Алғашқы екі орын­ды Өзбекстан (3+2+2) мен Моң­ғолия (3+2+0) еншіледі. 2009 жы­лы Чжухайда қазақстандықтар (2+0+3) қайта сол межеден көрінді. Ал­дымызда – Қытай (3+3+2) мен Өз­бекстан (2+3+0). 2011 жылы Инч­хонда үздік үштікті Қытай (2+3+1), Қазақстан (2+2+1) және Оңтүстік Корея (2+1+1) құрады.
Соңғы екі Азия чемпионаты Қазақстан құрамасының айқын басымдығымен аяқталды. 2013 жы­лы Амманда жерлестеріміз 7 алтын және 1 күміс медальмен жеке-дара көш бастаса, екінші және үшінші са­тыларға жайғасқан Үндістан (1+2+1) мен Өзбекстан (1+2+1) біз­ден көп қалып қойды.
2015 жылы Бангкокта Қазақ елі­нің әнұраны 5 мәрте шырқалды. Қор­жынымызда тағы 1 күміс пен 1 қола бар. Өзбекстанның жеті өрені фи­налға шыққанымен, солардың тек екеуі ғана алтын тұғырға көте­ріл­се, біреуі үшінші орынды ием­денді. Үшінші орында – Тай­ланд (2+0+0).
Міне, Азия чемпионат­тары­ның та­рихына зер салсақ, осындай мә­ліметтерге қанық боламыз. Осы орай­да рекордтық көрсеткіш Оң­түстік Корея құрамасына тиесілі еке­нін жоғарыда айттық. Олар 11 рет алдарына жан салмады. Бірақ бұл көшке Қазақстан қосылғаннан кейін айтулы елдің оғландары ко­мандалық есепте бірде-бір рет топ жарған емес. Қазақстанның өр мінезді ұлдары 5 жарыста қарсылас шы­датпаса, Өзбекстанның өкілдері үш мәрте алдарына жан салмады. Жа­пония, Қытай, Тайландтың тү­лектері екі рет теңдессіз деп та­ныл­са, Иран мен Пәкістанның өрендері бір реттен дара шықты. Байыптап қарасаңыздар, Азия сынды алып құрлықтың бар-жоғы 8 мемлекеттің боксшыларының ғана жалпы есеп­­те көш бастауға күш-жігер­лері жеткенін аңғару қиын емес.
Ең басты, соңғы екі дү­­бір­лі додада Қазақ­стан­­ның был­ғары қолғап шеберлері қар­сы келгендерін қо­ға­­дай жапырып, Азия­­ның алды екенін тай­ға таңба басқан­дай етіп дәлел­деді. Енді сол тұғыр­дан тө­мен­демеу қа­жет. Өз­­­бек­станның бас шаһа­рында өте­тін жа­рыста біздің басты қар­­сы­лас­та­рымыз ринг қо­жайын­дары бо­­лары даусыз. Өз елін­­де өте­тін жа­рыста «ала ша­панды» ағайын­дары­мыз жеңісті уысы­мыз­ға ұстата қоймай­тыны ай­дан анық. Әр салмақ дә­ре­жесі бойынша ымыра­сыз бәсекелестіктің орын алаты­ны анық. Әсіресе, өзбектер мен қазақ­тар арасындағы ай­қаста «өліспей бе­ріспейміз» деген қағида басты мақ­сат болмақ. Олай болса, «ұлы майданға» қазақтың қайсар ұлдары да «бес қаруын асынып» бару­ға тиіс. Өзбектер де қол қусы­рып отырған жоқ. Олар­дың да дә­мелері зор. Бі­рақ біз өз оғ­лан­ды­ры­мызға сенеміз. Осы жолы Ташкентті «талқандап» қайт­сақ, онда бокс әлеміндегі Азия­ның алпауыты – Қазақстан еке­ніне ешкімнің де күмәні қалмай­тыны анық. Алға, жігіттер! Алға, Қа­зақ­стан!

Азия чемпионы атанған Қазақстанның боксшылары:
1994 жыл, Теһран (Иран): Болат Жұмаділов (48 келі), Болат Ниязымбетов (63,5 келі), Нұржан Сманов (67 келі), Қанатбек Шағатаев (71 келі) және Аркадий Топаев (75 келі).
1995 жыл, Ташкент (Өзбекстан): Болат Жұмаділов (48 келі), Бектас Әбубәкіров (54 келі), Бақтияр Тілегенов (57 келі), Болат Ниязымбетов (63,5 келі), Ермахан Ыбырайымов (71 келі) және Василий Жиров (81 келі).
1997 жыл, Куала-Лумпур (Малайзия): Нұржан Сманов (67 келі) пен Самат Мұсатаев (91 келі).
1999 жыл, Ташкент (Өзбекстан): Нұржан Кәрімжанов (60 келі) пен Ермахан Ыбырайымов (71 келі).
2001 жыл, Серембан (Малайзия): ешкім алтын алмады.
2003 жыл, Пуэрто-Принцесса (Филиппин): Галиб Жафаров (57 келі), Геннадий Головкин (75 келі) және Бейбіт Шүменов (81 келі).
2005 жыл, Хошимин (Вьетнам): Бақыт Сәрсекбаев (69 келі) пен Ердос Жаңабергенов (81 келі).
2007 жыл, Ұланбатыр (Моңғолия): Мират Сәрсенбаев (51 келі), Серік Сәпиев (64 келі) және Бақыт Сәрсекбаев (69 келі).
2009 жыл, Жухай (Қытай): Серік Сәпиев (64 келі) пен Василий Левит (91 келі).
2011 жыл, Инчхон (Оңтүстік Корея): Айдар Әмірзақов (60 келі) пен Досжан Оспанов (+91 келі).
2013 жыл, Амман (Иордания): Теміртас Жүсіпов (49 келі), Берік Әбдірахманов (60 келі), Мерей Ақшалов (64 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Антон Пинчук (91 келі) және Иван Дычко (+91 келі).
2015 жыл, Бангкок (Тайланд): Олжас Сәттібаев (52 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Иван Дычко (+91 келі).


Бір жарыста ең көп бас жүлде қай елдің өрендеріне бұйырды

Азия чемпионатының рекордтық көрсеткіші Оңтүстік Корея құрамасына тиесілі. 1965 жылы Сеулде және 1987 жылы Кувейтте өткен әлем чемпионаттарында аталмыш мемлекеттің өрендері 8 алтыннан олжалады.
Оңтүстік Кореяның оғландарына тағы 7 рет бас жүлдені қоржынға салған екен. Бұл көрсеткішке олар 1982 жылы Сеулде, 1987 жылы Бангкокта және 1989 жылы Бейжіңде өткен бәсекелерде қол жеткізді.
1999 жылы Ташкентте өткен Азия біріншілігінде Өзбекстанның өкілдері 7 рет топ жарса, 2013 жылы Амманда Қазақстанның былғары қолғап шеберлері де дәл сондай нәтиже көрсетті.
Бір ғана жарыс барысында алты реттен өз елінің әнұранын шырқатқандар қатарында Оңтүстік Корея (1983 және 1992 жылдары), Жапония (1975 жылы), Тайланд (1991 жылы), Қазақстан (1995 жылы) құрамалары бар.


Деректер
2002 жылы Малайзияда өткен Азия біріншілігінде Өзбекстанның туы астында өнер көрсеткен қандасымыз Бақыт Сәрсекбаев 63,5 келі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанды. Осы жарыстың шешуші тұсында ол пәкістандық Асқар Әли Шах пен кореялық Мун –Хун Шинге шаң қаптырды.
2007 жылы Ұланбатырда ұйымдастырылған Азия чемпионатында 69 келі салмақта Қытайдың намысын қорғаған Қанат Ислам қола медальді мойнына ілді. Ширек финалда өзбекстандық Базарбек Юнусовтан басым түскен қазақ жігіті жартылай финалда ринг қожайыны Монгонсодж Нандин-Эрденге есе жіберді.
Есімдері жоғарыда аталған қос қандасымыз уақыт оза Атажұртына оралды. Қазақстанның азаматтығын алғаннан кейін Бақыт Сәрсекбаев Бейжің Олимпиадасы мен Азия ойындарының жеңімпазы, Азияның екі дүркін чемпионы атанды. Қанат бұл күндері кәсіпқой рингтің шоқ жұлдыздарының біріне айналды. Осы күнге дейін 23 жекпе-жек өткізген ол барлығында жеңіске жетіп, 19 қарсыласын есінен тандырды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*