Елге жақын ерлер көп

63
0
Бөлісу:

Қайрат Терекбаев деген азамат бар Астанада. Әскери қызметкер. Полковник. Болды. Одан әрі оның тұстастары мен жерлестеріне басқа мәліметтер көп бармайды. Қысқасы, дәйекті деректер жете бермейді.

Өз басым осы Қайрат туралы көп білетін сияқты едім. Ойланып қарасам, дым білмейтін секілдімін.
«Көп білетін секілдімін» дей­ті­нім, осы азаматпен таныстығы­мыз сонау астананың Астана болу та­ри­хынан бастау алады.
«Дым білмейтін секілдімін» дей­тінім, аузыма бірден сөз түспей, сол бір кездерді салғастырып, алыс­ты жақындатып, жақынды қол­мен ұстағандей етіп айту керек­тігінен болар.
Жалпы, қазақта «аға дос», «іні дос» деген ұғымдар бар. Қайрат мен үшін іні дос шығар. Арамызды бір мүшел бөліп тұрса да, дос­ты­ғы­мыз жиырма жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Сонау Ақ­молаға көшіп келгеннен бері бір-бірімізден ажыраған емеспіз. Қыз­меттес болдық. Көрші болдық. Қа­зір байқап отырсам, Қайраттың көп­шіліктен артық қасиеттері ба­сым екен.
«Қызметтес болдық» деп жа­тыр­мын. Жалпы, әскери қызмет­те­гілер туралы пікір әр жерде әр­түрлі.
Біреулер үшін айтқанға жүре­тін, айдағанға көнетін, тек бас­тық­тарының әмірімен күнелтетін құл­темір-робот. Біреулер үшін Ота­нын қорғайтын әмбебап сар­баз. Бұл екі тұжырымда да олардың өз пікірі, өз ойы, өз ұсынысы жоқ, таңертең тұра салып, сонау алты шақырымға «марш-бросок» жасап, қайта келіп, тиісті сабағын оқып, це­менттен тастай етіп құйып тас­таған алаңшада әскери қадам басып жүруді үйренуге көшетін, белгілі бір мезгілде тамағын ішіп, жа­тарға дейін жауынгерлік дайын­дықтан өтетін, сосын «ұйқыға» деген әмірді естігенше тағаты тау­сылып, аяғынан құлауға жақын сол сарбаз, олардың қасында ерінбей-жалықпай барын үйретіп өзі де, қабағы да қату жүретін сардарлар. «Қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып», мұздай темір құрсанған сұсты жандар елестейді көз алдыңа. Тілі де орысша, жүрегі де орыс, жа­ны мен бүкіл ой-санасы сол­түс­тік көршілерге ұқсап тұратын се­кіл­ді көрінеді. Шынында да, солай ма?
Тәуелсіздік алғанға дейін со­лай болса, болған шығар. Қазір бәрі 360 градусқа өзгеріп кетті ғой. Қо­ғам да, адам да, өмір де. Әскер ту­ра­лы көзқарас та тура осылай өз­гер­гені анық.
Қайратпен өмір туралы, әлгі қо­ғам туралы көп әңгімелесеміз. Ке­зінде әлемді жеке-дара билеу үшін тірескен екі лагерьді де көр­ген, екі ғасырды да тел емген адам­дардың айтары да, еске алатындары да, тіпті салыстырып, салғастыра­тын­дары да аз емес қой. Сондайда біздің сардарлардың өресі көрінеді, білігі байқалады.
Саясатқа келе қалсаң, сали­қа­лы да сабырлы. Пікірі орнықты. Асы­ғып, аптығып, сарнай жөне­ле­тіндердің қатарынан емес. Ойын бәріне жан-жақты саралап, сал­мақ­тап барып айтады. Бастықтың әмі­рімен, бұйрығымен сөйлемейді. Ішкі жүрек әмірімен, сезім бұйры­ғымен ғана саралайды ойын. Сон­дықтан ба, осы азаматпен саясат туралы әңгімелескің келіп тұрады. Сая­сатты «жезөкше», «кім көрін­ген­­нің ойыны» дейтіндердің пікірі да­лада қалады. Саясаттың өмі­рі­міздің құрамдас бір бөлігі екен­ді­гіне риясыз сенесің. Былайша айт­­қанда, «саясатпен сен шұғыл­дан­басаң, саясат сенімен шұғыл­да­нады» деген ұғымның шындық еке­ніне еріксіз сенесің. Әрине, оның еріккеннің ермегі бола ал­май­тынына да көз жеткізесің, ерік­сіз.
Әсіресе, Қайрат мырзамен тарих туралы әңгімелесуге ынтаң ауады да тұрады. Бұл тақырыпқа кел­генде ол «суда жүзген балық се­кілді», еркін, мәжбүрсіз, аға жө­не­леді. «Аға жөнеледі» дегенде, екеуа­ра әңгімеде ғана. Біреудің ал­дында саясат, тарих жөнінде ше­шіліп, сарнап отырғанын көр­меп­пін. Қашан да ұстамды. Кіммен қай кезде қалай сөйлесуді біледі. Ор­таны ол таңдамайды, орта оны таңдайтын сияқты көрінеді маған. Қай ортада болса да, сөздің салма­ғын сезінеді.
Тарих дедік қой әлгінде. Тарих­ты терең білетіні, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін (бұрынғы ҚазПИ) тарих маман­ды­ғы бойынша үздік белгімен бітір­ген. Атақты тарих маманы, тарих ғы­лымдарының докторы, про­фес­сор Жанұзақ Қасымбаевтың шә­кір­ті. Жеке шәкірті. Сол адам тани білетін, шәкіртінің бейімділігін се­зе­тін көзі қарақты, білікті ма­ман­­ның ұсынысымен универ­си­тет­те қалып, аспирантураға түскен. 90 пайыз дайын тұрған диссер­тация­лық жұмысты қорғауға мүм­кіндік болмады, себебі, профессор Ж.Қасымбаев оның басқа жұмысқа ауысуына байланысты іштей өк­пелі еді. Бір жылдай ренжіп жүрді. Кейін «ал кандидаттығыңды қор­ға» деген кезде ол Астанаға көшуге мәжбүр болды. Ол кезде солай еді ғой. Бұл күштік құрылымдардың құқығы мықты еді. Алам дегенін алып, салам дегенін салатын қуат­қа ие болатын. Неге осы оқу ор­нында қалып, тағдырын ғылыммен ұштастырмағаны туралы сұрағыма күле жауап береді: «Тағдырдың жазғаны осы шығар. Бірақ бұл өмі­ріме ешқандай өкпем жоқ. Осы қыз­метте жүріп өстім, өркендедім, өмірдің мәнін, тірліктің сәнін са­налы түрде түсіндім».
Бүгінде ерікпеген кез келген адам тарихтың қойнауына «еніп» кете береді ғой. Өзіміз де соның бірі­міз. «Тауық сойса да қасапшы сой­сын» деген нақылды біле тұ­рып, тарихқа қалам тербеуді тоқ­та­тар емеспіз. Әсіресе, журналис­тер.
Біздің алдымыздағы мықты буын да солай етті. Әсіресе, ақтаң­дақ кезеңдерде. Қаламының желі бар көкелерім батыр бабаларын жалт еткізіп жарыққа шығарып жат­са, мейманасы асқан кейбіреу­лер өз ата-бабасын батыр етуге ты­рысты. Батырлар көбейді. Қазақ онсыз да батыр халық, мынадай ұлан-ғайыр жерін жан-жақтан ан­талаған талай жаудан қорғап кел­ген бабаларымызды батыр де­мей не дейміз енді?! Бірақ жалған ба­тырлар көбейді. Аты бар, заты жоқ аталарымыз батыр болып шығып жатты. Оған кім кінәлі? «Кінәлі та­рих­шылар, – деймін Қайратқа. – Іске солар араласса, бұлай бол­мас еді».
Бүгінде дәстүрлі БАҚ-ты бы­лай қойып, интернет-басылым­дар­да да тарих әңгіме өзегіне ай­налд­ы. Басқаны былай қойып, бір Шыңғыс хан туралы неше түрлі әң­гімелер өрбіді. Тіпті талай кітап жазылды. Жанын салып жүргендер тағы да тарихшылар емес. Жур­на­листер, жазушылар. «Осы тарихшы дегендер бар ма өзі? – деймін Қай­ратқа. – Болса, тарихты бөлшек­теп алып әйтеуір бір тақырып бойын­ша қорғап шыққандар шығар. Әйт­песе, мынадай талқылаулар, ай­тыс-тартыстар туындап жатқан кезде шын тарихшы басын орап алып қалай үнсіз жатады?».
Қайрат мұндайда «Журналист есік­тен кіріп, терезеден шығуы мүм­кін, ал тарихшы есіктен кіріп, есік­тен шығады» дейді. Мықты бол­саң түсініп ал. Өте дұрыс пікір. Са­налы азамат осылай деуге тиіс.
Бірді айтып, екіншіге кетіп қа­лып жатырмын. Әлгінде «артық қа­сиеттері» деп қалдым. Сөзімді осы азаматтың адамға жақсылық жасауға деген талпынысынан бас­тайыншы. Өзінде жоқ болса да бі­реуге болса деп тұратын бір кере­мет қасиеті бар. Біреу бірнәрсе сұ­рай қалса, «жоқ» демей, болса қал­тасынан, болмаса өзгелерден сұраса да алып беруге тырысады. Мұн­дай сәтін бірнеше рет байқап, еск­ерткенім де бар. «Дүреке, ол қы­сылғаннан сұрап тұр ғой, таппа­са қайтеді?» деп өзі қиналғандай болғанын талай көргенмін.
Білгенін өз жұмысын ысырып тас­тап үйретуге тырысады.
Мен Астанаға 40-тан асқанда кел­дім. Аз жас емес, бұған дейін ком­пьютермен жұмыс істеп көр­меген жанмын. Бір жерде бірнеше адам отырамыз. Мен жазып отыр­ған компьютердегі жазу жиі «жо­ғалып» кетеді, қайда кеткенін кім білсін? Анаған-мынаған айтып ме­зі қылған болуым мүмкін, «қа­не­ки, ары тұрыңыз, не жоғалды?» деп орныма отыра салып, бәрін лезде «тауып» берді. Компьютеріме «жау тие» қалса, Қайратқа қарай қоя­мын, сол арада «жөндеп» бере­ді. Үйрендік қой. «Абайлаңыз, ха­кер болып кететін түріңіз бар» деп күліп жүрді кейініректе. Мен де ұстата қоймайтын «мықтыға» ай­нал­дым. Осы Қайрекеңнің арқа­сында, әрине.
«Менде емес, сенде болсын» дей­тін аз азаматтың бірі. Өзін қойып, өзгенің қамын ойлап жүре­ді, ондайда. «Сіз үйдің кезегінде жоқ сияқтысыз, бастығыңызға кіріп, біліп алсаңызшы» деді бірде. Жақында үй бөледі деп жатқан. Үй алатыныма сенімді секілді едім, сондықтан ба «е, қойшы» деп қо­лымды бір сілтеп отыра беріппін. Тағы да ескертті. Бастыққа кіріп, тек­сертсем, шынында да «ұмыт» қалыппын. Үй алдық. Екеуміз көр­ші болдық, тату-тәтті өмір кешіп, үй-ішімізбен араласа бастадық. Содан бері де он жылға жуықтап қалыпты. Бір «ішшай» демеппіз. Сөзімді көтереді.
Сөзге шебер, нағыз ұста. Отыр­ған жерінің гүлі. Кез келген жерде қонақтан асабаға айналып шыға келетіні бар. Қайрат бар жерде сөз тіз­гінін өзгенің өз қолына ала қой­май­тыны сондықтан шығар.
Бірде біреу жиналысқа барып, әбден жалыққан адамның күйіне тү­сіп, «осы жиналыс деген бәле бол­­ды, күнде жиналыс, күнде жи­на­лыс, қашан жұмыс істейміз осы?» деп күрсініп қалды. Қайрат ол ауыз жиғанша: «Қызықсың осы, сен­дер жиналысқа келіп, ара-ара­сында жұмыс істейсіңдер ғой, онда тұрған не бар?» деп жұртты ду күл­дір­гені бар. Ел арасында «Қайрат айтыпты» деген мұндай сөздер көп.
Қайраттың ең өнегелі тірлігі – дәстүршілдігінде. Қалада жүрсе де, үлкен мекемеде, үлкен лауазым­ды қызмет атқарып жүрсе де салт-сана, әдет-ғұрыпты ұмытпайды. Ұл-қыздарын ағайыннан ажырат­пай, үш жұртымен де байланысын үзбейді. Оның қайсысына барса да жеңіл мәшинесіне бүкіл отбасын салып алып аралатып шығады. Біз, қалалықтар, алыста жүрміз деп ағайын­нан ажырап қалып жата­мыз. Ұл-қыздарымыз мал-жанды хайуанаттар бағынан көргеніне мәз. Қайрат бұл тұрғыда бізден көш ілгері. Бізде дәл қазір топы­ра­ғынан ажырап, маужырап жүрген ағайындар көп. Солар Қайрекеңнің осы өнегесінен үлгі алса, қандай ға­нибет болар еді?! Өзім де солар­дың қатарындамын, ағайыннан алыстап, тамырдан үзілуге шақ қал­ғанда Қайраттың осы қылы­ғына бас ұрып, еліммен жақын­дасып, топырағыма табан тірей бас­тадым. Бала-шағам да ағайын­ның барлығына, нағашыларының өздерін сағынатынына көз жеткізе бастады.
Өзінің жеткен жетістіктерін ұстаз­дары Бейбіт ағайы, Бейсекүл, Күләш, Алшакүл және Райша апайларымен байланыстырады. «Ұс­тазы мықтынның – ұстамы мық­ты» деген – осы. «Бәріне өзім жет­тім» десе, қайтер едіңіз? Қазір көп­шілік солай айтуға құмар ғой.
Айта берсе, сөз көп. Қалғаны әлі айтыла, әлі жазыла жатар.
Қайрат секілді топырақтан ажы­рамайтын, ағайыннан алшақ кет­пейтін азаматтар көбейе түссін де­гім келеді.

Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*