Жас дирижер – бас дирижер

929
0
Бөлісу:

Қанат Омаров – Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері. 2015 жылдан Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының сахнасында дирижерлік өнерді дәріптеп, заманға сай ізденіс жасап, ары қарай дамытуға еңбектеніп жүрген жас маман.

Қанаттың жас та болса, бас бо­лып, жауапты міндет атқарып жүр­гені­не көп уақыт бола қойған жоқ. Де­генмен оркестрге қатысты ой­лары мен болашақ жоспарлары көңіл­ге қонарлық.
Ол – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Қазақстанның халық артисі, профессор, отыз жылға жуық Мем­лекеттік академиялық симфония­лық оркестрдің бас дирижері болған Төлепберген Әбдірашевтың сы­ныбында оқыған. Өкінішке қарай, 3-курста білім алып жүрген уақытта бі­регей маэстро өмірден өтіп, ары қарай «Камерата Казахстан» мем­лекеттік камералық оркестрінің дирижері Павел Тарасевичтен дәріс алады. Сол жылы өзінің студент­тер­ден және жас музыканттардан құрал­ған камералық оркестрін жа­сақтап, үлкенді-кішілі сахналарда өнер көрсетті.
– Дирижер ретіндегі алғашқы қа­дамым осы ұжымнан басталды, үлкен тәжірибе жинақтадым. Орын­даушылардың барлығы му­зы­каға құштар достарым мен та­ныс­тарым болатын. Ешкімге қаражат тө­леген жоқпын, әрқайсысы өз ерік­терімен, жастық жалынымен жұмыс істеді. Қазақстан және шетел композиторларының шығармалары ойналды. Консерваторияның бас­шылығы, ұстаздарымыз репетиция жасау үшін зал беріп, афиша шы­ғаруға, ноталар алуға көмектесті. Сол сәттері бізді демеген, қолдаған жа­нашырларымыздың барлығына мың алғыс айтамын.
Бір жылдан кейін консер­ва­то­рия ректоры Жәния Әубәкірова оқу орнының студенттік симфониялық оркестрін басқаруға жұмысқа ша­қыр­ды. Сөйтіп, оркестріміз тарады, бірақ ондағы қыз-жігіттердің бар­лығы қазір беделді бірлестіктерде еңбек етіп жүр.
Консерватория бітіргеннен кейін білімді магистратурада жал­ғас­тырып, Мемлекеттік ака­де­мия­лық симфониялық оркестрдің сол кездегі көркемдік жетекшісі және бас дирижері Ваг Папяннан дәріс ал­дым, – дейді Қанат Омаров.
Кейіпкеріміз үшін 2012 жылдың жа­зы үлкен мақсаттарға жол ашты. Жас талант Жапония мемлекетінің Саппоро қаласында өткен Тынық мұ­хиты аймағы музыкалық фес­тива­ліне қатысуға өтініш жібереді. Әлемнің түкпір-түкпірінен ниет та­нытқандардың ішінен тек АҚШ, Гер­мания, Жапония және Қа­зақ­ста­ннан төрт адам шақырту алады. Со­лардың ішінде Қанат Омаров та бар. Вена симфониялық оркестрінің бас дирижері, Тынық мұхиты ай­мағы музы­ка­лық фестива­лі­нің му­зы­калық же­текшісі, Нью-Йорк Мет­ропо­ли­тен опера театрының бас дирижері және Швей­цариядағы Цюрих театрының музыкалық жетекшісі, италиялық дирижер Фа­био Луизидің шеберлік дәріс­те­ріне қатысып, біліктілігін арттырып қайтты. Арада бір ай уақыт өткенде Фабио Луизи Қа­натты Цюрих опера театрына тә­жірибеден өтуге және ас­систенті болуға шақырады. 2013-2015 жылы сол сахнада тәжірибе жи­­нақтап, әлемге әйгілі дири­жер­лер­дің асси­стенті ретінде көрермен ықы­ласына бөленді.
Кейін Фабио Луизидің тағы да ұсы­нысымен Италияға сапар ше­геді. Дирижердің ассистенті ретінде Метрополитен опера театрында да білім кеңістігін кеңейтті. 27 жа­сында Жамбыл атындағы Қазақ мем­лекеттік филармониясының сол кездегі директоры Ақан Әбдуә­лі­нің бұйрығымен Мемлекеттік ака­демиялық симфониялық ор­кестрінде дирижердің міндетін ат­қарушы, көп ұзамай, көркемдік же­текшісі және бас дирижері болып тағайындалды.
– Мемлекеттік академиялық сим­фониялық оркестрде отыз-қы­рық жылдық тәжірибесі бар му­зыканттар жұмыс істейді. Ал­ғашқы жылы Фабио Луизидің шақыруы­мен Метрополитен опера театрына, Цюрих опера театрына барып-келіп жүрдім. Осы маусымнан бастап, түбегейлі жұмысқа ден қойып, або­номент құрастыру, концерт бағдар­ламасын жүйелеу, көрермен тарту мәселесіне көп көңіл бөліп жа­тыр­мын. Шығармашылық ұжымның репертуары өте бай. Сол репертуар­д­ы сақтай отырып, қазіргі таңда жаңа шығармалар қосу үстіндеміз. Бізде туындылары әлі де ойнал­ма­ған композиторлар көп, – дейді Қа­нат Омаров.
Бас дирижер шет мем­ле­кет­тер­дің оркестрлерінде «композитор-резидент» деген арнайы штат барын айтады. Әзірге еліміздегі бірде-бір ор­кестрде кездеспейтін осы жүйені фи­лармония қабырғасында ен­гізуді ойлап жүргенін жеткізді. Бұл жоспарды жүзеге асыру оңай емес, дегенмен арман болып қалмай­ты­нына да сенгісі келеді.
– Бұл штат еліміздегі компо­зи­торлар үшін өте тиімді болады. Осы қыз­метті енгізу арқылы біз олардың шығармашылық тұрғыда өсуіне мүмкіндік береміз. Ізденуіне жағдай жасап, ынталандырамыз. Себебі, олар мақсатты түрде жұмыс істейтін бо­лады. Жазған дүниелерін жазу үсте­ліндегі тартпаға немесе папкаға са­лып қойып, жинап отырмайды. Мы­салға, филармонияның сұра­нысына сәйкес, симфониялық ор­кестрге, халық аспаптары оркест­рі­не, үрлемелі аспаптарға, жеке со­лис­терге, балаларға арналған ертегі қойылымдарына лайықтап жазса, репертуарға қаншама жаңа туынды қосылар еді. Бір композитормен қоян-қолтық жұмыс істеп әрі жан-жақты қырын ашып, халыққа на­си­хаттап, таныстырып отырамыз. Екі маусым жұмыс істеп, кейін басқа ком­­позитормен алмастырып отыру­­­ға болады. Құдайға шүкір, біз­де тәжірибесі мол композиторлар мен жаңадан консерватория бі­тірген жастар жеткілікті. Жас ком­­позиторлардың ары қарай дамуына оң ықпал етер едік. Олардың по­тен­циалын пайдалану үшін мотивация беріп, сұраныс жасап, көмектесіп, яғни, біз өз міндетімізді дұрыс ат­қаруға тиіспіз. Бұл штатты жүзеге асы­ратын бірден-бір мекеме – фи­лармония. Нәтижесі табысты бо­ла­ды, қазақ музыкасының қазынасын, толтыруға күш салады. Сондықтан осы мақсатымды іске асыруға ты­рысамын және жай ғана арман бо­лып қалмайтынына сенемін, – дей­ді ол.
Carnegie Hall (Нью-Йорк), Kennedy Center (Вашингтон), Kitara Hall (Саппоро), сондай-ақ Ма­риинс­­кий театры (Санкт-Петер­бор), Мәскеу мемлекеттік кон­сер­ваториясының үлкен залында өнер көрсетіп жүрген Қанаттың айтуын­ша, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің деңгейі өте жоғары. Бұл ұжымның негізін Халық артисі Фуат Мансұров қа­лап, Тимур Мыңбаев, Төлепберген Әбдірашев, Шамғон Қажығалиев, Ренат Салауатовтар өз қолтаңбасын айшықтап қалдырған. Жас дирижер осыған дейін қалыптасқан деңгейді түсіріп алмай, ары қарай лайықты жалғастыруды өзінің қасиетті бо­рышы санайды. Қазіргі сәтте шы­ғармашылық ұжым «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында өтетін кон­церт­терге қызу дайындық үстінде. Ха­лықаралық шарадағы алғашқы концертте дүниежүзіне танымал вео­лончелист Энрико Диндо өнер көр­сетеді.
– Ол Даниэль Гатти, Пааво Яр­ви, Риккардо Шайи, Альдо Чек­като, Жанандреа Нозеда, Валерий Гер­гиев, Риккардо Мути, Мстислав Рост­ропович сияқты әйгілі ди­ри­жерлермен жұмыс істеген. Чех ком­позиторы Антон Дворжактың вио­ленчельге арналған концертін орын­даймыз. Бұл – виолончельге арналған шығармалардың ішіндегі ең күрделі туындылардың бірі.
Италиялық пианист Андреа Луккезинимен де бір сахнаға шығу сә­ті түсіп тұр.
Атақты музыкантпен Бетховен­нің фортепианоға арналған 3-5 концертін ұсынбақ. Қыркүйек айын­да филармония қызметкері, халықаралық байқаулардың лау­реаты, пианист Гүлжан Үзен­баева­мен концерт қоямыз. Тыңдарман әлемдік музыканың шедеврлері Рах­­маниновтың «Рапсодия на тему Па­ганини» шығармасын, Чай­ковс­кий­дің 4-5 симфониясын тыңдай алады.
Отандық композиторлардың му­зыкасы да бағдарламада бар. Атап айтсақ, Е.Брусиловскийдің «Дудар-ай» симфониялық поэмасы. Тілес Қажығалиевтың және қазіргі ке­зең композиторларының да туын­­­дысын орындаймыз. Заманауи шығармадан Нико Мьюлидің сап­ронаға, скрипкаға арналған шы­ғар­масын ойнаймыз. Скрипка, вио­лон­чель, фортепианомен трио тарту етіледі.
Оркестр маусым айында Ер­болат Ахмедияровтың дирижер­лігімен Швейцарияға гастрольдік сапармен барып, камералық құрам бес қалада бес концерт қояды. Жақын­да Үндістанға барып, әйгілі скрипкашы Лакшиминараян Суб­раманиаммен концерт бердік. Өзі­нің жеке стилі бар, «үнділік По­га­нини» атанған орындаушы. The Amaravati Global Music and Dance Festival-іне қатыстық. Ама­равати де­ген қалада аймақтың премьер-ми­нистрінің қолдауымен бірінші рет өтті. Шаһарды дамыту және мә­дени байланыстар орнату мақ­сатында ұйымдастырылыпты.
Бұдан бөлек, бүгінгі таңда мау­сымдық концерттеріміз де жал­ға­сып жатыр.
Абонементтік жоспарға 12 кон­церт кіреді. Ол екіге бөлінеді. Бірін­ші бөлім бітті, екінші бөлім алда жүзеге асады. 28 сәуірде Алматыға әлем­ге әйгілі израильдік дирижер, Бер­лин симфониялық оркестрінің бас дирижері Лиор Шамбадал ке­леді. Мәртебелі мейманның дири­жерлігімен бірінші бөлімде оркестр мен жеке солист, халықаралық және республикалық конкурс­тар­дың лауреаты, скрипкашы Ғалия Бисенғалиеваның орындауында Моцарттың оркестр мен скрипкаға арналған №4 концертін тамашалай аласыздар.
Екінші бөлімде Қазақстанда көп ойнала бермейтін Антон Брук­нер­дің де №4 симфониясының пре­мьерасы болады.
19 мамырда дүниежүзінің сах­наларында сирек көрініс таба­тын Сергей Рахманиновтың дипломдық жұмысы және маңызды туын­ды­ларының бірі «Алеко» операсының да тұсаукесеріне шақырамыз. 2 мау­сымда ресейлік дирижер Александр Поляничкоға тізгін ұстатып отыр­мыз. Фортепианода ойнайтын со­листіміз – Гүлнар Құрамбаева. Бағ­­­­дарламада Е.Брусиловскийдің «Шашу» шығармасы, С.Рах­ма­ни­новтың «Остров мертвых» сим­фо­ния­лық поэмасы, сондай-ақ Сезар Франктың d-moll симфониясы қамтылды.
Алдағы уақытта өнердегі ұста­зым Фабио Луизиді филар­мония сах­насында өнер көрсетуге ша­қыр­сам деген мақсатым бар, – дейді ди­рижер жоспарларымен бөлісе оты­рып.
Қанат болашақта филармония қабырғасында КСРО халық артисі, профессор, қазіргі замандық музы­ка­ның негізін қалаушы Ғазиза Жұ­ба­нова атындағы бір фестиваль ұйымдастыруды да көздеп жүрген кө­рінеді.
– Ол кісі композитор, білікті бас­шы, оқытушы ретінде қандай құ­рметке болса да лайық. Мәскеуде білім алды, атақты компо­зи­тор­лардың көзін көрді, тәжірибесін үй­ренді. Қуат Шілдебаев, Ақтоты Райымқұлова, Бейбіт Дәлденбаев сияқты композиторлар легін тәр­биелеп шығарды. Қалай айтсақ та, ол кісінің қазақ өнері мен мәдение­тінде алар орны ерекше. Фестиваль аясында жас композиторларға ар­налған конкурс өткізілсе деймін. Өйт­кені біздің елімізде дарынды жас композиторлар өсіп келеді, сол бай­қауда үздік шыққан шығарманы сим­фониялық оркестрде ойнауға бо­лады, – дейді Қанат Омаров.

Түйін:

Қанат оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметіне шақырту алғанда біраз ойланыпты. Дегенмен «тәжірибем жоқ деп тартынып отыруға болмайды. Тәжірибе уақыт өте келе жиналады, ешкім бесаспап болып тумайды. Кез келген маман қателеседі, сабақ алады, үйренеді. Бастысы, музыканы шексіз сүю керек және ұжымдағы музыканттарды құрметтей білу қажет. Маған ұжымым өте ұнайды, егер ұнамаса, алдыма осындай биік мақсаттар қоймас едім» дейді ағынан жарылып.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*