Айтыс пен атыс

406
0
Бөлісу:

Достық – дүниедегі ең ұлы сезім. Достық ұлт пен ұлысқа, әйел мен ерге қарамайды. Бұл – тіл табысудың тамаша жолы, ойдың, көзқарастың бір арнаға тоғысуы. Сондықтан мамандығы да бөлек, қызметі де сәйкес емес, жастарының алшақтығына қарамастан да араларынан қыл өтпес дос болып жүрген азаматтарды көргенде, амалсыз қайран қаласың. Олардың арасында әдемі әзіл де, қазақы қағытпа да көп және бәрі де жарасымды. Бірін бірі қолдап, қорғап, қиналғанда қол ұшын беріп, мұң-шерін де тыңдайтын адамдардың арасындағы бақыт сыйлайтын байланыс адамның көңіл-күйін көтеріп, өмірін ұзартуға, денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді.

Амал қанша, өмірдің бәрі ай­на­дай әдемі емес. «Жақсы байқап сөй­лейді, жаман шайқап сөйл­ей­ді» демекші, адамдардың ара­сын­да да әртүрлі көзқарастағылары, «қара мысықтың құрбаны» бола­тындары баршылық. Нәти­же­сінде, достыққа сызат түсіп жа­тады. Айталық халық арасындағы қарапайым адамдар бірімен бірі ренжісіп немесе қайта табысып жатса, оны жалпы бұқараның білуі міндетті де емес. Өнер адам­дарының арасында да болып жататын дау-дамайдың ешкімге қажеті жоқ. Дегенмен олар жұрт­тың көз алдында жүргендіктен әр басқан қадамы аңдулы. Достықты бұзатын бір ауыз қаңқу сөз де болуы мүмкін.
Философ А.Шопенгауэр «Өмір­­лік данышпандықтың афо­ризмдері» еңбегінде: «Нағыз шы­найы достық адамдардың бір-бі­рімен терең, таза және адал қа­рым-қатынасын қажет етеді. Бұл дегеніміз – досыңыздың қай­ғысы мен қуанышына ортақтаса білу. Осының бәрі адамның таби­ғи өзімшілдік, өр көкіректік қа­сиет­терін жояды» депті.
Достық – өмірде еш нәрсемен бағаланбайтын құндылық. «Ал­тын берген – дос емес, ақыл бер­ген – дос» деген мақал да осын­дайдан шықса керек-ті. Мақал-мә­тел түгілі, достыққа арналған әде­мі әндер де жұрт арасында ай­тылып жүр. Осының бәрі дос­тық ұғымы күшейгенде ғана күш­ті, жарасымды бола түсетіні анық.
Бірде замандастары Әйтімбет ше­шеннен «достық нешеу?» деп сұрапты. Сонда Әйтімбет: «Дос­тық­тың екі түрі болады. Бірі – адал достық, екіншісі – амал дос­тық. Адал достық – өмірлік нұс­қа болады, амал достықтың өрі­сі қысқа болады», – депті.
«Дос – егіз, дұшпан – сегіз». Бұл мақалды өнер иелеріне қарата айтсақ, олар ренжи қоймас. Өйт­кені дау-дамай, өкпе-реніш со­лардың арасында жиі қайталанып жататын құбылыс. Әлемде ғалам­тор­дың пайда болуы салдарынан түрлі текетірестер тым дабырайып көрсетіледі. Жоқ жерден бәле із­де­гендер мен қызық қуғандар та­нымал тұлғалардың аузын баға­тын болды.
Жасыратыны жоқ, қазақ қа­лам­герлерінің арасында да бірін бірі сынап, мінейтіндер жеткі­лік­ті. Ақындар арасындағы тартыс­тың түрі бөлек. Жоқ жерден ілік із­дегендер біреудің өлеңіне тиіс­се, енді бірі өміріне тиіседі. Осы­лай­ша, жеме-жемге келгенде же­ке басына да ғайбат сөздер ай­татындар ұшырасады. Дәл осы мә­селе әлемдегі және орыс ақын­дарының арасында өте көп. Бірін бірі жекпе-жекке шақырып, тіпті атысуға дейін барған «батырлар­дың» біразы осындай сабырсыз­дық­тарымен тарих бетінде қалды. Михаил Лермонтов, Александр Пуш­кин секілді танымал тұлға­лар­дың артынан сан түрлі әңгіме ай­тылады. Анекдотқа айналып, аңыз бен ақиқатын айыра алмай қал­ған оқиғаларды санап тауыса ал­майсыз. 1915 жылы 16 наурызда «Бродячая собака» деп аталатын кафенің жабылуы туралы әңгіме әлі күнге орыс зиялылардың ор­та­сында айтылады екен. Онда Владимир Маяковскидің төбелес ұйымдастырғаны туралы дерек бар.
Мұндай оқиғалар достар ара­сында да қайталанып тұрған. Мы­салы, Сергей Есенин мен Ана­толий Мариенгоф өте жақын адам­дар болған (ақындар 1923 жы­лы ренжісіп қалғанға дейін сыр­лары да, жырлары да бір бол­ған). Оларды да бүлдірген бір ауыз сөз.
Бірде Есенин шаруа ақыны Иван Приблудныймен бірге сы­раханада ерегісіп қалады. Қыза-қыза келгенде ол ауыр стақанмен әріптесінің басына бір қойып, ау­руханадан бір-ақ шығарады. Есенин Приблудныйды шәкірті ретінде құрметтеген. Алайда олар­дың арасынан қара мысық­тың қалай жүгіріп өткені белгісіз.
Шаруа отбасында дүниеге кел­ген Иван Приблудный дарын­ды балалар оқитын мектеп-ин­тер­натта оқыған. Үш кластық бі­лі­мі болған. Казак әскерінде қыз­мет еткен. «Брюсовский инс­титутында» оқып жүріп Сергей Есе­нинмен танысады. Сергей өзі жек көретін Борис Пастернак се­кілді ақындардың өлеңін оқы­мауға кеңес береді. Кафедегі тө­бе­лес те дәл Пастернакқа қатысты шыққан.
«Красная новь» журналының ре­дакциясында болған ақындар арасындағы төбелесі туралы Ва­лен­тин Катаев те әдемі суреттеген. Осылайша, қанатының астына алған қаламгердің көңілін қал­дыр­ған Есениннің басқа да жат қылықтары баршылық.
Атақты Пушкиніңіз де жекпе-жек­те тиген оқтан көз жұмғаны ту­ралы әңгіме бар. 1837 жылы 10 ақ­панда Александр Сергеевич фра­нцуз офицерімен дуэльге шы­ғып, Жорж Дантестің тапан­ша­сы­нан шыққан оқтан жарақат­тана­ды. Махаббатпен байланысты бұл оқиға Пушкиннің өмірін қи­ды. Білетіндердің сөзіне қара­ған­да, Пушкин өмірінде 27 рет жек­пе-жекке шыққан. Алайда көп­ші­лігі болмай қалып, енді бірінде аман қалып, ақыры оққа ұшып тын­ды. Бұл туралы Адриан Вол­ков­тың «Соңғы оқ» деп аталатын картинасы да бар екен.
Мандельштам жазушы Сергей Бо­родинмен жау болған. Николай Чуковскидің айтуынша, Бородин Осип­ке 50 рубль қарыз береді. Алай­да Мандельштам оны уақы­тын­да қайтара қоймайды. Бо­родин Осиптің бөлмесіне барып, әйелі – Надежда Яковлевнадан ақшаны қайтаруды талап етеді. Сол кезде бөлмеге кірген Ман­дельш­там әзірше ақшасы жоқ­тығын құлаққағыс жасайды. Сол жерде төбелес басталады.
Осы оқиғадан соң Герцен үйін­де әдебиетшілерге арналған жол­дастық сот өткізіледі. Оған Алек­сей Толстой төрағалық жа­сайды. Сотта Мандельштам қа­рыз туралы жұмған аузын ашпай­ды. Есесіне, Бородиннің өз әйе­лін қалай сабағанын айтып, кінә артады. Бұл оқиға осымен бітер ме еді, бірде Мандельштам аузы­нан қағылып, 1934 жылы 14 ма­мыр­ға қараған түні қамауға алы­нады.
Жұдырық ала жүгіру Вла­ди­мир Маяковский мен Жак Израи­левичтің арасында да болған. Олар­дың араздығын туғызған ақ жау­лықты ару болыпты. Лиля Брик­тің айтуынша, Маяковский қыз­ғаныштың салдарынан кө­шеде кездейсоқ кездестірген Жакқа жұдырық ала жүгірген. Төбелестің жеңіл болмағаны соншалықты, екеуін де милиция қамауға алады. Тек Максим Го­рь­­кидің араласуымен абақ­тыдан босатылады.
Константин Бальмонт пен Пуш­кин Морозов та 1913 жылы 8 қа­рашада жаға жыртысқан. Пе­тербургке келген Бальмонт шарап ішіп, шалқып отырады. Оның ащы суды көтере алмайтындығын біраз адам білген. Бір стақаннан соң-ақ ол өзінің не істеп, не қой­ғанын білмей қалады екен.
Куәгерлердің сөзіне қара­ғанда, Морозов Бальмонттың жа­нына барып, өзінің атақ-даң­қын тізбелейді. Арадағы әрі-сәрі әңгімеден соң, Бальмонттың бе­ті­не шарап шашып жібереді.
Иосиф Бродский мен Ана­то­лий Найманның арасындағы дау-дамай да жұрт жүрегінде қал­ған. Осындай жағымсыз жайлар орыс әдебиетшілеріне ғана тән де­сек, қатты қателескеніміз. Әлем­де бар оқиғалар. Зұлымдық ой­ға келсе, ешкім достық пен туыс­тыққа қарамайды. Мұны қа­зіргі заман дәлелдеп, қастан­дық­тың қарыс қадам жерде де кез­десетіндігін мойындатқан.
Имам Әли (ғ.с): «Сабырлы адам­­мен дос бол, сенің де са­бы­рың көбейсін», – деген. Сабырлы адам қиыншылық түскен кезде, өз сабырлылығымен көп көмек­те­се алады екен. Сабырсыздар сор­дың өзі.
Сол сабыр пен достықты ба­ғаламау, көреалмаушылықтың кө­кірек көзін жабуы зиялылардың арасына да іріткі салады. Мұның бірі – арақ-шараптан туындаса, екін­шісі – шығармашылық келіс­пеушіліктерден туындайды. Жа­сыратын несі бар, қазақ ақындары мен жазушыларының арасында да «киллер» атанып, тік мінезімен талайды «тұншықтырған» аза­маттар болған. Бір қызығы, сол мінезді азаматтардың арасында қара қылды қақ жарғандары да кез­деседі. Шырылдаған шын­дықты айтатындардың жан сыр­ларының арасында жаны бар пі­кірлерді оқысаңыз, олардың қай­сыбір артық кеткен сөздерін де кешіре салуға болады.
Ертеректе ақындар мен жазу­шылардың жаман қылығы да, әрекеті де арақ-шарап ішкеннен кейін білініп қалатын. Кейінгі жыл­дары ащы суды ішетін қа­лам­герлерді табудың өзі қиын. Тек мінезбен байланысты әрекеттер қа­лды. Оның өзі адамның жан­дүниесіне тікелей қатысты. Осын­дайда өзгелерден ерек­ше­леніп тұратын Серік Ақсұңқар ағамыздың: «Егер адамның жан-дүниесі терең болмаса, одан ұлы адам, ұлы суреткер, тіпті ұлы қай­­раткер де шықпайды.» (Ромен Роллан) деген аталы сөзді шы­ғармашылық одақтардың маң­дайына іліп қою керек.» деген сөзі ойға оралады.
Қолына қалам ұстаған аза­маттардың арасында өзімен өзі күй кешіп жүргендері де бар. Еш­кімге тиіспейді, өзгелер туралы да ештеңе айтпайды. Өз жұмысын ғана біледі. Негізі, нағыз жақсы өмір осындай азаматтардікі.

 

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*