Инвестицияны қыз балаға саламыз

429
0
Бөлісу:

Адам ұрпағымен мәнді, ұрпағымен сәнді! Бабаларымыз да бала тәрбиесіне ерекше назар аударған. Сол себепті болар, «баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» деп тәпсірлеген. Оның ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалап, артына өшпес із, өлмес мұра қалдырды.

«Бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және тәрбиелеу – ата-ана­ның табиғи құқығы әрі парызы» де­лінген Ата заңымызда. «Балам­ның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» дейтін де қазақ моралі. «Өзімді алсаң ал, баламды ал­ма» деп басын қатерге байлайтын да қазақ. Не себепті? Өйткені көз қуанышы – ұрпағының амандығы бәрінен қымбат.
Дана Абай: «Адам ата-анадан ту­ғанда есті болмайды: естіп, кө­ріп, ұстап, татып білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Ес­тілердің айтқан сөздерін ескеріп жүр­ген кісі өзі де есті болады» де­ген екен.
Баланың ата-ана алдындағы ұлы парызы – мейіріммен, жақ­сы­лықпен өтеледі. Біз мұны неге ай­тып отырмыз? Қазақ ұрпаққа құй­ған мейірімнің, жақсылықтың есе­бі болмайды деп ойлайтын. Бі­рақ бүгінгі қоғамда баланы қандай принциппен тәрбиелеген абзал?
Белгілі публицист Шархан Қа­зы­ғұлдың мына жазбасы бәрімізге ой салды: «Үкіметтің болашақ ұр­пақ­қа инвестициясы «остаточный» принциппен жасалады. Сондықтан да «Өз күніңді өзің көр» деген прин­цип қатал да болса, қажет прин­цип. Өмірдің ащы шындығы осы принциптен басқа жолдың ба­қытқа бастамайтынын білдіріп-ақ тұр. Олай болса, ақылды ата-ана­ның баласының ішіп-жегені мен кигенінен бөлек, белгілі бір ма­ман болып қалыптасуы үшін құя­тын инвестициясы «жеткілікті» принциппен жасалуы шарт. Қазақ осы принципті жақсы толыққанды түсінетіні қуантады. Шынында да, қа­зақ іштен шыққан шұбар жы­ла­нынан ешнәрсе аямаған. Бұл – ұлттың плюсі.
Дей тұра, минусіміз де бар. Ен­ді соны түзесек деймін. «Дарын мен талант – Құдайдан» деп қазақ бе­керден-бекер айтқан жоқ. Кез келген адам дарынды болып туады. Соны әрбір ата-ана сезе білуі тиіс. Бауыр етін Алла Тағала неге бейім қылып жаратты? Көбіміз осы жер­ден қателесіп жататынымыз – жасырын емес. Баламыздың басым по­тенциалын дұрыс таба білу – оның бағын ашудың ең бірінші шар­ты. Осы шартты тайға таңба бас­қандай дөп бассақ, онда бала­сынан барын аямайтын қазақтың бағы жанатын күн жақындай түсер еді.
Дегенмен ата-ананың ұлан-ғайыр инвестициясының күлі көк­ке ұшып кететін кездер де аз болып жатқан жоқ. Бала ержетіп, дары­нын одан әрі дамытып, өз саласын­да үздік нәтижеге жетуі оңай емес. Есі бар жігітті алған жары қолдап отыр­маса, дүниенің бәрі босқа кет­ті дей бер! О басынан есі жоқ ер­кекті жұмақта ұстай алмадың деп әйел­ді жазғыра алмайсың. «Есі бар жі­гітті ез қылатын да – әйел. Есі бар еркекті екі есе ер қылатын да – әйел» деп ешкімнен қорықпай, қа­дап айтуға болатын шығар. Осы жер­де әлгі қазақтың мақалын то­лық мәтінде айту парыз: «Дарын мен талант – Құдайдан, ердің бабы – жұбайдан». Иә, ақылды жар – атасы мен енесінің ісін жалғас­тыру­шы. Мұны ғылыми тілде «тиім­ді эстафета» деп атар едім» деп­ті.
Сонымен, «тиімді эстафета» қа­лай жүзеге асырылуы тиіс? Бала­ны қандай принциппен өсірген дұрыс? «Өз күніңді өзің көр» десек, қа­талдық болмас па екен? Бұған әлеуметтанушы мамандар не дей­ді?
Әлеуметтанушы Рамазан Са­лық­жанов: «Жалпы, кез келген іс-әрекетте, тіршілікте, өмір жо­лында шектен тыс шығып, оңды-солды кетіп қалуға болмайды. Бала тәр­биесінде «өз күніңді өзің көр» принципі – бір шеті ғана. Келесі бір шетінде балаға деген толық қамқорлық жатыр. «Өз күніңді өзің көр» деп білім алғаннан кейін, үй­лі-жайлы болғаннан кейін айтуға болады. Демек, кәсібі бар, өзінің отбасына өзі жауапты, өз күнін өзі көреді. Менің ойымша, ол кезеңге дейін балаға айрықша қамқорлық болуы шарт. Қамқорлық – өмірге үйретумен, оңды-солды танумен, өз үлгің мен тәрбиенің далаға шы­ғуы керек. Баланың белі бесіктен шық­пай жатып, өз бетімен жіберу – қатыгездік, жауыздық болады» дей­ді.
Жазушы Заря Жұманова бұл мәселені былай топшылайды. «Бая­ғыда өмірден өткен дала да­ныш­пандарының бірі, (қате­лес­песем, Төле би бабамыз болса ке­рек): «Бақыт – ұзатылатын қыз, бай­­лық – алақанда еритін мұз, бала – артыңда қалатын із» де­ген екен. Кез келген адам артында қалар ізінің анық, түзу болуын ар­мандайды ғой. Қазіргі кезде біз­дің қазақта он бесінде «баспын» дей­тіндерден гөрі, отызында «жас­пын» дейтіндер саны басымдау сияқты.
Меніңше, оның бірнеше се­беп­тері бар. Біріншіден, бала мек­теп бітірер-бітірместен, шамамыз жет­сін-жетпесін тыраштанып, жо­ғары оқу орнында оқытуға ты­ры­самыз. «Жұрттан кейін қалма­сын» деген жалған намыстың же­те­гімен. Одан соң қарызданып-қау­ғаланып, магистратураға сүй­релейміз. Оны бітіріп шық­қа­ны­мен, бірден көңілден шығар қыз­метке орналасып, уыс толатындай ақша тауып кетсе жақсы… Қос-қос дипломды қалтаға салғанымен, құр сенделіп жүрген жастарымыз қан­шама. Бұдан бірнеше жыл бұ­рын кездескен он бес-он алты жас ша­масындағы еврей баласы ойыма оралып отыр. Біз жалға алған үлкен ғимарат ішінде жиырма шақты мекеме бар еді. Редакциядағы ком­пьютеріміз анда-санда істен шық­са, сол жасөспірім келіп жөндеп кететін. Күнде бұзылып жатқан компьютер жоқ, жұмысқа айына-жылына бір келсе де, ай сайын тұрақты түрде, 100 доллар айлық ала­тын. (Ондай аз ақшаға біздің қа­зақ жастары жұмыс істемес еді…) Сөйтсек, ол сол ғимараттағы бүкіл ме­кемелердің бәрімен де келі­сім-шартқа отырып, әрқайсы­сынан 100 доллардан айлық алып жүр екен. Сонда оның бар бітірген оқуы – қысқа мерзімді компьютер жөндеушілер курсы ғана еді. Қос-қос жоғары дипломы бар ешбір мекеменің басшысының айлығы оның алған ақшасына жетпейтін…
Екіншіден, балаларды жастай еңбекке баули алмаған өзіміз кінәлі­міз. Баяғы заманда ешқандай университет, колледж бітірмеген қазақтың балалары «ұяда не көрсе соны ілетін». Яғни, жастайынан мал­сақ боп өскен ұл балалар ат құ­ла­ғында ойнап, төрт түлік малдың жай-күйін біліп шығатын. Жас қыздар етті тұздап, сүрлеп, қазы айналдырып, қой, ешкі, сиыр сауып, құрт, қаймақ, май, ірімшік жа­сап, жүн түтіп, ұршық иіріп, өр­мек тоқып, киіз басып, киіз үйге қа­жетті дүниенің бәрін өздері жа­сап, кесте, шілтер тоқып, қыстық-жаздық бар киімдерін өздері тіге алатын… Қазір қаланың қыздары шет тілдерін біледі, көлік жүргізе-ді, спортпен айналысады. Бірақ ер­­теңгі отбасылық өмірге еш икемсіз. Жігіттер де – ақсаусақ, бір түзу ше­ге қаға алмайды. Содан соң ажы­расқандар саны көбеюде… Қа­сірет пе, қасірет?!» дейді.
Әлеуметтанушы ғалым Баян Смағамбет балалардың болашағы туралы ой туындағанда бәрінен бұрын назар аударатын мәселе – «жалпы, ата-ана болу құндылық па, құндылық болса, қанша баланы бір отбасы асырап, баға алады?» деген сұраққа жауап беру керек де­генді айтады. «Жақын арада жүр­гізілген онлайн әлеуметтік сұрау «ата-ана болу» қазақ­стан­дықтар­дың негізгі құндылықтары қатары­нан түспегенін көрсетеді. Дегенмен «ата және ана болу» жөніндегі түсінік өзгеріске ұшырағанын бай­қаймыз. Біріншіден, ол «кешеуіл­деді», яғни, азаматтар отбасын құрып, балалы болуға асықпайды. Бұл – бір жағынан, естияр ата-ана қатары көбейгенін көрсететін құптарлық құбылыс. Екіншіден, ер мен әйелдің отбасындағы жауап­кершілігінде, оның ішінде бала тәрбиесінде әйелдің белсенділігі арта түсті. Бұл ер-азаматтардың жауап­кершілік жүгін әйелдерге көбірек артып отырғанын бай­қа­тады. Әйелдердің еңбегіне сұра­ныс нарықтың мәртебелі сек­то­рын­да жоғары емес. Егер әйел от­басында жалғыз асыраушы болған жағдайда бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу­ге және оның мектептен тыс қо­сымша білім алуына мүм­кіндік туғыза алмайды.
Адамның кез келген кәсіпті игеруі мен табысты болуының шар­­ты – оның толық және ын­тымақты отбасында тәрбиеленуі. Сонымен қатар ата-ананың балаға бағыт беруде ақпараттарды зер­делей алуының маңызы зор. Өкі­нішке қарай, ата-аналардың басым бөлігі қосымша білім беру (спорт, музыка, қолөнер және т.б. үйір­мелер) мүмкіндіктерін пайдалан­бай отыр. Қосымша білім меке­мелеріндегі сан алуан үйірмелер мен топтар, спорттық секциялар баланың кәсіби бағытталуына, адамдармен қарым-қатынас жа­сауына, өз бойында тәртіп пен жауап­кершілік сияқты қасиеттерді қалыптастыруға көмектеседі. Мемлекеттік қосымша білім беру ме­кемелерінің қызметі аса қымбат емес екенінен көп ата-аналар тіпті хабардар емес. Соңғы жылдары мектептен тыс уақытта балалармен жұмыс жасайтын жекеменшік ор­талықтар саны артты. Салыс­тыр­малы түрде бұл мекемелердегі баға да қолжетімді. Әрине, материалдық жағдай мүмкіндік берсе, ата-ана баласының болашағына салатын капиталын өсіре алады.
«Ата-ана болудың» әлеуметтік мазмұнының бір қырын, яғни аза­маттардың өз балаларының жы­ны­сына байланысты тәрбиедегі ұста­нымдарын анықтауға тырыс­қа­нымызда, ата-аналардың басым көп­шілігі ұл балаға көбірек үміт ар­тады деген болжамымыз рас­тал­­ды. Ол дәстүрлі қазақ отбасына тән патриархаттық, патрилиния­лық­пен байланысты, яғни қазақ отба­сы­ларының басым бөлігі әлі де өзі­­нің дәстүрлі сипатын сақтап отыр. Ұл балаға қарағанда қыз ба­лаға кө­бірек инвестиция салуға бай­ла­нысты жасалған болжам да растал­ды. Бұл заманауи отбасының эга­литарлық сипатының басым­дығы және бала саны аз отбасы­лардың көбеюі, әйелдердің әлеу­меттік-эко­номикалық статусы-ның өзге­руі­мен байланысты.
Зерттеу барысында «Қай ба­лаңыздың болашағынан көбірек үміт күтесіз?» деген сұраққа рес­пон­денттердің 55% – ұл баладан күтетінін, 26% – қыз баладан және 19% екі баламнан да үміт күтемін деп ­жауап берген. Бұл көрсеткіштен қазақ отбасыларында сақталған дәстүрлі, яғни қазақи көзқарастың басымдығын көруге болады. «Ұлыңыз­дың азамат болып қалып­тасуы үшін қолданып жүрген нақты әдістеріңізбен бөліссеңіз» де­ген өтінішке ең көп берілген жауап «тәрбие мен білім беру» бол­ды. Дегенмен респонденттер нақ­ты әрекеттер мен қадамдарды сипаттап бере алмады. Бұл жерде нені байқаймыз? Шешілуі тиіс шиеленісті немесе конфликтіні кө­ресіз. Бір жағынан, ұлға көбірек үміт артамыз, бірақ инвестицияны қыз балаға саламыз. Осы нәтиже қауымдастықтың қоғам өзгеріс­тері­не бейімделуінің аралық әдіс­тері мен тәсілдерін көрсетеді, яғни қоғам болашақ ер-азаматтың, әке­нің табысты болуы оның табиғи кү­шіне және жігеріне ғана бай­ланысты емес, оның бала жасынан қалыптасуына, ата-ана күш қай­ратын салған интеллектуалдық әлеуетіне байланысты екеніне бір­тіндеп көшіп келеді» дейді Баян Сма­ғамбет.

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*