Рахат ЖАҚСЫБАЙ: Алымды да шалымды контент жасау – уақыт талабы

1832
0
Бөлісу:

Соңғы жылдары еліміздегі медиа нарықта жобаларды стратегиялық жоспарлаудың маңызы артып келеді. Себебі, жаңа технологиялардың дамуы мен халықаралық бәсекелестіктің артуы медиа нарықта да ұйымдастырушылық қызметін топтау және интеграциялау мақсатында жақсы әдістер іздеуді талап етіп отыр. Бұл тұрғыда шетелдік тәжірибенің қажеттілігін жоққа шығара алмаймыз. Осы орайда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, University College London оқу орнында жобалардың стратегиялық менеджменті мамандығы бойынша магистратурада білім алып жүрген журналист Рахат Жақсыбаймен британ медиасының дамуы хақында әңгімелескен едік.

– Ұлыбританиядағы білім жүйе­сінің артықшылығы мен кемшілігі қан­дай? Үйренеріміз не, жиренеріміз не?
– Ұлыбритания – білім сала­сындағы жетістіктерімен мақтана алатын ел. Себебі, бұл ел – білім беру ісіндегі менеджмент, білім тех­нологиялары мен ғылыми жаңа­лықтар бастауында тұрғандардың қатарында. Сонымен бірге, білім индустриясы мемлекетке қыруар ақша әкеліп жатқан алып бизнес. Жыл сайын әлемнің шартарапынан миллиондаған адам бакалавр, ма­гистратура, PhD, тіл курстары, маусымдық оқу курстарына білімді «сатып алуға» келеді. Екі-үш негізгі ерекшеліктеріне қысқаша тоқта­лайын. Біріншіден, оқу орындары­ның автономдығы. Оқу орнын басқарудағы дербестік – білім бағ­дарламасын құру, студенттерге қойылатын талаптарды анықтау және білімді бағалау критерийлерін белгілеуде академияға еркіндік береді. Бұл өз кезегінде әр оқу орны өз жолымен дамуы мен бірегей ерек­ше­лігінің қалыптасуына, та­лап­керлер үшін өзара бәсекелес­тікке, сапаны көтеруге талпынуға ықпал етеді. Тіпті бір жоғары оқу орнының екі мектебінде оқитын студенттің модуль саны, бағалау формасы, диссертация жазу мен қорғау процесі бір-біріне ұқсамауы мүмкін. Сондықтан британ жоғары оқу орнына түскісі келетін адам тек университет емес, факультет, мек­теп, мамандықтың бедел салмағына да қарауы тиіс. Екіншіден, оқу бағ­дар­ламасын уақыт ағымымен қатар дамыту. Мәселен, магистрлік бағ­дарламада қазір практикада орын алып жатқан құбылыстар мен үрдіс­терді теориялық тұрғыда түсіндіруге тырысады. Іс басында жүрген прак­тиктер аудиторияға арнайы келіп, өздерінің кәсібі, бизнесі, саласы жайлы сұхбаттар құрады. Бұл деге­ніңіз – студенттер өз саласы бойын­ша соңғы ашылған жаңалықтар мен бизнесте, ғылымда енді талқыға түсіп жатқан тың идеяларды алғаш біліп, соны талқылаушылар қата­рынан болады деген сөз. Үшіншіден, британ мектебінің бір ерекшелігі – студенттердің білім игеруінің өл­шемі ретінде – жазу қабілеті назарға алынады. Яғни, кім материалды тиісті дәрежеде меңгерсе, сол оны қағазға түсіре алады деген қағида. Көп жағдайда пәннің қорытынды нәтижесі эссе формасында бағала­нады. Айрықша назар салатын жайт – дайын мәтінді көшіре салуға бол­майды. Себебі, білім жүйесі пла­гиат­тыққа қатты қарайды. Барлық университеттерде студенттердің жазба жұмыстары оқытушылардың тексеруінен бөлек, арнайы мәтін ұқсастығын анықтайтын тексеріс жүйесіне салынады. «Копи-пастер­лігіңіз» бір анықталса, ескерту бе­рілер, бағаңызды төмендетер, қай­талана берсе, оқудан шығып қалу қаупі бар. Бұл – үйренетін көп дү­ниенің бір шоғыры.
Ұнамайтын бір тұсы деп тек оқу орындарына ғана емес, қоғамға тән дүние – лгбт қауымдастықтарының әсіре дәріптеліп, айрықша әспет­телуін айтар едім. Мәселен, бүкіл университеттер жыл сайын бір ай бойы олардың жалауларын бас ғи­мараттарына іліп, «толеранттылық» танытады. Студенттік басқару ұйым­дарының құрамында арнайы орын бөлінеді, сайланады, студент­тік шараларды басқаруға қатысады. Батыстың күнгейі мен көлеңкесінің бір көрінісі – осы.
– Жоба менеджменті деген қан­дай мамандық?
– Елімізде жоба менеджментіне деген қызығушылық артып келеді. Жақында ғана Бас прокурор Жақып Асановтың мемлекеттік органдарға жобалық менеджмент қағидаларын енгізу туралы сөзі – осының бір мы­салы. Оқып жатқан магистра­тура бағдарламасы «Жобалардың стратегиялық менеджменті» деп аталады. Қандай тәсілдер жобаның ғұмырын ұзақ етеді? Жобаның уақы­тында аяқталып, күтілген сапада, жоспарланған бюджетке сай тапсырылуы жеткілікті ме, әлде одан әрі қарай тағы бір талаптар болуы керек пе? Жоба қай уақытта сәтті деген баға алады? Оқып жатқан бағдарламаның ерекшелігі сол – біз қандай да бір жобалардың ұзақ мерзімді нәтижелеріне жетуге назар аударудамыз.
Британияда магистратура бағ­дарламасы – бір жыл. Аудитория­дағы лекция, семинарларымыз ал­ғашқы алты ай ішінде аяқталды. Осы уақыт аралығында университет профессорлары – оқытушыларымыз бар, әртүрлі саладан қонақ боп кел­ген лекторлар бар – жиыны қы­рықтан аса адаммен кездескен екенбіз. Бізде он міндетті модуль бол­ды, олардың сегізінен ассайн­мент, яғни сынақ тапсырасың. Сегіз пәннің жетеуінде бағалау формасы – эссе, біреуінде эссе және жазбаша емтихан қосындысы болды. Үшінші тоқсан – емтихандар уақыты. Оқу жылының соңғы үш айы – диссер­тация жазуға арналады. Диссер­та­ция тақырыбы мен ғылыми жетекші сәуір айының соңына дейін анық­талып қояды. Мұның бәрін анықтап айтып жатқаным, осы детальдар мамандыққа байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Шетелде оқимын десеңіз – университетті ғана таңдау жеткіліксіз, межелеген маман­дық­тың контентімен танысу, қандай форматта сынақ тапсыратыны­ңызды зерттеу де маңызды.
– Ұлыбританияның қалыптасқан журналистика мектебі бар ма? Қа­зақ­стандық журналистика мекте­бімен салыстырсақ, бұл тұрғыда мен­талитет пен салт-дәстүрдің ық­палы бола ма?
– Оқып жатқан мамандығым ті­келей медиа саласымен байла­нысты болмаса да, қызметім жур­налистикамен қатысты болған­дықтан, британ медиасын тұрақты оқып, өзгерістерін бағамдап оты­руға тырысамын. Қандай тенден­циялар жүруде? BBC корпорация­сының үшінші арнасы қаражатты үнемдеу мақсатында, тек онлайн таралымға көшкенін көреміз. Газет-журналдарының таралымы азайып кетті, сондықтан олар онлайн форматқа күш салуда. Онлайн нарыққа ену де оңай бол­май тұр, басылымға жарнама тар­тайын десе, өзара бәсекелес салалық жарна­малық сайттар да баршылық. Оған әлеу­меттік желі­лердің жаңалықтар қызметін қосуы, барлық жаңалықты топтастырған мобильдік қосымша­лардың көбеюі – медиа-нарықта «аман қалу» стратегиясын ұстануды талап етіп отыр. Мәселен, The Guardian басы­лымының сайтына өтсеңіз, әр материалдың астында «аптасына бір шыны кофенің құнына The Guardian болашағын сақтап қалуға көмектесе аласың. Біздің жур­на­листикаға айына 5 фунт ақша жұмсап, қолдап жібер» дейтін жү­гіртпе жолды көресіз. Мұн­да медиа-сала барынша ком­мер­циа­ли­зацияланған. Ерте ме, кеш пе, жасалған өнімнен табыс табуға талпыныс біздің БАҚ-қа да келеді. Дегенмен тілдік аудитория­ның рөлі үлкен. Сондықтан бірегей қазақша контент кең таралып, табыс әкелуі үшін кей жағдайларда халықаралық тілдерге аударылуы да қажет шығар. Сіз сұрап отырған халықтық мен­талитет өз әсерін ти­гіз­бей қой­май­ды. Негізі, өмір ағысы, түсініктер, құндылықтарға басымдық қоюлары өзгеше. Ортақ көріністер де бар. Айталық «сен­сация» қуғыш ба­сылымдарды ака­де­миктер, оқы­тушыларымыз ұната қоймайды, бірақ жалпы нарықта солар көбірек сұранысқа ие.
– Елімізде «газет-журналдар ерте ме, кеш пе электронды нұсқаға көшуі керек» деген пікірді ұстана­тын­дар аз емес. Британ елінде бұл пікір қалай қабылданады? БАҚ-тың электронды түрге көшуі қалай?
– Газет-журналдардың элек­трон­ды нұсқаға көшуінің басты себебі – контентті оқырманға жет­кізудегі шығындарды азайту. Алайда қағаз нұсқадан онлайн газетке айналу ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етеді дегенді білдір­мей­ді. Жоғарыда атағанымыздай, интер­нетте де бәсекелестер жетіп артылады. Табыс табу, жарнама тарту жұмыстары, маркетинг тәсіл­дері жүрмесе, электронды БАҚ-тың ғұмыры тым қысқа болуы да мүмкін. Бұл ретте батыстық басылым ме­неджерлері газет-журналдарының қағаз нұсқасын қалай «аман алып қалуда»? Бір әдіс – жарнама беру­шілерге ұсынылатын маркетингтік пакетте – баспа нұсқасы мен элек­трон­ды нұсқасы қосақталып жүреді. Яғни, жарнама берушіге «сіздің жар­намаңызды онлайн жариялай­мыз сондай-ақ мынандай тара­лымдағы газеттің бетінен де орын алады» деп қызықтырады. Қалай десек те, «үнемі байланыста» болу­ды қалап тұрған оқырман үшін жаңалықты мобильді құрылғысы­нан оқи салу оңай болып тұр. Сон­дықтан бұл жерде негізгі мәселе –басылымның өзін-өзі ақтауында. Рас, кейде, бұл «өзін-өзі ақтау» ұғымы ақшалай табыс табуды ғана білдірмеуі мүмкін. Мәселен, ак­ционерлер ұзақ мерзімді беделі үшін басылымның қағаз нұсқасы қала беруін қалайтын шығар. Нарық өзі анықтайды, ал редак­циялар соған сәйкес ыңғайланып, маңызды шешімді қабылдауы тиіс болады. Негізінде, мұндағы БАҚ-тар екеуін қатар алып, баспа түрінде де, онлайн формасында да ауди­ториясын сақтап қалуға жұмыс жасауда.
– Мультимедиялық журналис­тика қандай сипатқа ұласқан? Әлеу­меттік желілер қаншалықты журна­листикаға қызмет етеді?
– Қазіргінің радиосы тек аудио, телеарнасы тек бейнеконтент өн­дірмейді. Барлығы біте қайнасып, интеграцияланып жатыр. Радио­дағы сұхбатты live жанрында «кө­руге» болады, газеттің мақалаларын подкаст арқылы «тыңдауға», ал телеарнаның сюжеттерін мәтін түрінде сайттарынан «оқуға» бола­тын уақыт. Өткен жылдың соңында BBC World Service қызметінің шағын топқа арналған стратегиялық коммуникациялар тақырыбындағы семинар-курсына қатысқан едім. Сонда арнаның өкілдері баса айтқан екі дүние болды. Біріншіден, ВВС «әлем теледидар көруден толықтай онлайнға көшті» деген пікірмен келіспейді, дәлелдері – корпорация әлемдік аудиториясын жаңа нарықтарға шығуымен 100 миллионға арттырған. Екіншіден, алып медиакорпорация интернет­тің, әлеуметтік желінің рөлі арту тенденциясын жоққа шығармайды. Керісінше, бұл мүмкіндіктерді интернеттегі өз аудиториясын қа­лып­тастырып қолдануға тырысып бағуда. Мысалы, BBC, CNN арна­лары интернет аудитория ыңғайына фейсбукке арналған арнайы кон­тенттер әзірлеуді бастады. Онлайн аудитория кең талқылаған, сол ортаға көбірек түсінікті тақырыптар бойынша тікелей эфирлер ұйым­дастырып жатыр. Тиісінше, біздің БАҚ-қа, әсіресе, мемлекеттік ақ­парат құралдарына осы құралдарды тиімді қолдану талабы арта түспек. Әлеуметтік желі ақпаратты жылдам таратқанымен, оның шынайлы­ғына байланысты күмән бар ғой. Сондықтан журналистиканың бір міндеті – фактчекинг жасалған ақпаратты жариялап, оны әлеумет­тік желі көмегімен таргетті ауди­торияға барынша жылдам жеткізу болса керек. Ақпараттар тасқыны жой­қын, жаңалықтар тым қол­жетімді болған тұста, журналис­тиканың нейтрал хабар беруші болуы жеткіліксіз. Сол кезде сарап­тамасы және азаматтық ұстанымы көрініп тұратын контент қана сұра­нысқа ие болады. Ғылыми айна­лымда осындай да тұжырым бар.
– «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша шетелде білім алғысы ке­ле­тін жастарға айтар кеңесіңіз қан­дай?
– Шетелде білім алғысы келетін адам, меніңше, үш нәрсені айқын­дап алуы тиіс. Алдымен – ниеті. Бұл оқудағы түпкі мақсаты не, алатын білімді қайда, қалай қолданасың? Мысал ретінде айталық, ықылас қойғандағы мақсатың, өзіңе, отба­сыңа, жақындарыңа, бәлкім содан кейін барып, еліңе пайда әкеле ме? Екіншіден – анық мақсат. Қандай мамандық оқисыз? Неліктен осы сала? Қай елде? Қандай универ­ситетте? Неліктен бұл қала? Неге бұл оқу орны? Осы сұрақтарға жауап бар ма? Үшіншісі – әзірлік. Тілдік деңгейді көтеруді бастадыңыз ба? Қандай құжат жинап, қай уақытта тапсыру қажеттігін біліп ал­дыңыз ба? Сіз оқуға баратын елдің визалық ережелері мен ерек­шеліктері туралы оқып бастадыңыз ба? Шетелде білім алғысы келетін жастар деп екпін қойып айтамыз. Десе де, отыз жаста да, қырық жаста да, тіпті елуде де кеш емес. Ата-аналар балаларын мектеп бітіре сала бакалаврға аттандырып, жат орта, бөтен мәдениеттің қазанына салып жібергеннен гөрі, елде оқы­тып, жұмыс жасап, елдегі шынайы өмірді көруіне мүмкіндік бергені, со­дан кейін оқуға барғаны пай­далырақ болады. Себебі, ақыл тоқ­тат­қан, оң мен солын танып қалған, отбасын құрған адам бұл оқудағы мақсатын айқындап келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*