Сауапты іс игілікке бөлейді

151
0
Бөлісу:

Табиғаттың ел еңсесін түсірген «тосын сыйлары» қабырғамызды қайыстырып қана қоймай, кей жағдайларды естіп, тосырқап қалдық. Біреудің қайғысына қашанда ортақтасқан қазақтың бүгінде нарыққа бейімделгені ме, жоқ әлде орта жолдан пайда тауып үйренгені ме? Ақтөбенің саяжайлы аудандарын су басыпты дегенді естіген бойда бірі тілеуін тілесе, енді бірі резеңке су етіктің бағасын шарықтатыпты. Асаршыл ағайынның да, адал сауданың да азайғанын көріп, налымасқа амал жоқ. 

«Жай күнде 4-5 мың теңгенің шама­сында тұратын су етікті 17 мыңға сатып жатыр» деген хабарды көзіміз шалды. Басы қайғыға батқан бауырына барын берудің орнына онысы несі? Асылы, біз қазақтықтан, адамдықтан, салтымыз бен дәстүрімізден алшақтап бара жатқанға ұқсаймыз. Өйткені біздің халық жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Бір отбасының халі мүшкіл екенін көрсе, дереу асар жасап, жылу жинаған. Ескірудің аз-ақ алдында тұрған ата-дәстүрлеріміз, соның ішінде көпшіліктің көмегімен жүзеге асатын түрлері жетерлік.

Мұсылманның амалы қандай болуы тиіс?
Ата-баба жолымен жүргеннің адасқаны болмайды. Бірақ уақыт арбасы алға жылжи берген сайын өткен күндер еле­­сі азаяды. Оған бүгіндегі жаһанданудың қо­сып отырған үл­кен үлесі бар. Өзге ел­дің қаңсығын таң­сық қылған сайын ата-тек­тен алыстай береміз. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақтың басынан нендей жағдай өт­педі? Езуіне қан қа­тып, талай мәрте етігімен су кешті. Небір нәу­бет за­манды бастан өткерді. Бірақ бір Аллаға сыйы­нып, Жарат­қанның жәр­демі­мен кеу­де­сін қайта тік­теп отырды. Сон­дай-ақ қайғыға ортақтасу, мұ­ңын бөлісуде де Алла Тағаланың разылығы үшін амал ететін. Рухани күйзелгенге дем, қорғансыз қалғанға қол ұшын берген. Ақиқи мұсылманның белгісі де осы емес пе?! Хадис шәріптерде былай делінеді: «Алла құзырындағы ең құнды амал – мұсылманның қарызын төлеу немесе қиыншылығына көмектесу арқылы оны қуанту», «Бір мұсылманның қиыншылығына көмектесіп, оны қуантқан адамды Алла Тағала қияметте ең қиын сәттерде қиыншылықтардан құтқарады» (Бұхари). Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей, сен де жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүліншілік ізденбе!» («Қасас» сүресі, 77-аят); «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да, бөлінбеңдер…» («Әли Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Кім адамдарға жақсылық жасаса, Алла соған мейірімін төгеді. Жер басып жүрген жандарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге рақымшылық жасайды», – деген еді.
Асар мен жылу бар.

Бірақ жеткіліксіз…
Түбегейлі тамырымен жойылып кеткен еш­теңе жоқ. Бірақ пай­да­күнемдік күн өт­кен сайын өршіп ба­ра­ды. Еліміздің бір­қа­тар аймақтарын су басқан сәтте жұды­рық­тай жұмылып, жылу жинағандарды да, асар жаса­ғандарды да көрдік. Мұқтаж жандардың қажетін өтеуге, бір жыртығын болсын жамауға сеп болар деп ақша аударғандар ертеңгі күнге үміт сыйлайды. Дүниенің өзі достықтың, адалдықтың, қайырымды істер мен ізгі амалдардың арқасында тұрғандай. Айтып келмейтін апаттың өзі – салқыны тиген кісі үшін де, жанындағы дос-жараны үшін де сынақ. Пейіл мен ниеттің тарылғаны көңілге қорқыныш ұялататыны содан.
Әлем ғалымдары түр­лі теориялар ойлап тап­қан. Соның бірі –­бу­меранг заңы. Яғ­ни, біреуге жасаған жақсылығыңыз болсын, жаманды­ғыңыз болсын өзіңізге оралады. Бәлкім, дәл сол күйде, бәлкім, бас­қа бір түрде. Бастысы, бұл – принцип. Ғалымдар «неге бұлай болады?» деген сауалдың ортақ жауабын әлі тапқан жоқ. Бірақ осындай сенім бары ғана барлығын бір ой мен ұстанымға тоғыстырып тұр. Құдайға сенетіндер бұл мәселеге бас қатырмайды. Себебі, бәрін реттеуші – бір Алла. Қазақта «Біреуге ор қазба, өзің түсесің», «Адамның күні – адаммен» деген секілді мақалдар бар. Айтса, қалт айтпайтын ата-бабамыздың даналығында шек бар ма? Бұл жерде бас­тысы – ниет. Өзгеге жамандық тіле­меген, жү­ре­гі таза, ойы ақ адамның бір бәсі қашанда артық.

Адал сауда туралы
Орнына еш нәрсе талап етпей, шын жанашырлықпен жасалған игі амалдар дінімізде де, тегімізде де құпталады. Екі дүниеде де ол үшін сый-құрмет бары анық. Біз көтеріп отырған мәселе – құнын негізсіз көтеру ше? «Нарық заманында қайырымдылық туралы сөз қозғаудың керегі жоқ» дейтіндер де табылады бүгінде. Өз кәсібін дөңгелетіп отырған саудагерге «етігіңді тегін тарат, түскен табысыңның мынанша бөлігін есепшотқа аудар» деп айту мүмкін емес. Дегенмен біреудің басына түскен қайғыны пайдаланып, көбірек ақша тапсам деген пасық ниет қайдан шыққан? Бізге бір Алла ризық-несібені аямай үйіп-төгіп берді. Адалынан мал тапсын, еңбек етсін, күнін көрсін деп саудамен айналысуды адал етті. Дегенмен оның да өз нормалары белгіленген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мүбәрак хадисінде: «Әділ саудагер қиямет күні сыншылдармен, шаһидтермен тіріледі», – деген.
Сауда жасаудың берекелі екендігі жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисі дәлел: «Саудамен айналысыңдар шын мәнінде, ырыстың оннан тоғызы саудада».

Сауда әдептері
Бірінші – cатқанда және сатып алғанда жеңілдік таныту. Сатушы сатып алушының жағдайына оның қажеттілігіне мән беру керек. Мүмкіндігінше қарызға беруге күнделікті қажетті заттарға жеңілдік жасауда бар күшін салуы міндетті. Сатып алушы да сатушының ақшаға мұқтаждығын пайдаланып, бағасын тым түсіруден ау­лақ болуы керек. Пай­ғам­барымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Сат­­­қанда және са­тып алғанда, қарызға бергенде және қарыз қайтарғанда жеңіл­дік танытқан адамға Алла да мейірімділік танытады», – деген.
Екінші – cаудадағы сыншылдық.Тауардың түрін, оның сапасын, кем-кетік тұстарын ашық баян етуі тиіс. Оны шамадан тыс асыра сипаттау ол – мұсылман саудагеріне жат қылық. Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде: «Әділ саудагер қиямет күні Алланың аршысының көлеңкесінде болады», – деген.
Үшінші – ант-cу ішу.Мұсылман саудагері өз тауарын сипаттағанда оны сатарда сөзі сенімді шығу үшін ант-су ішуден аулақ болуы лазым.

Жылу
Табиғи апаттың салдарынан зардап шеккендерге көмектесу салты – жылу жинау. Бақытсыздыққа ұшыраған отбасына қол ұшын беру мақсатында үй-мүлкі, малынан айырылғандарға ақшалай, малмен немесе заттай көмектеседі. Ата-жұртымыз ағайынының (тек туыстық байланысы барларына ғана емес, жалпы ауылдасының) басына түскен іске араласып, шешуді алдына міндет етіп алғанға да ұқсайды. Өйткені бірлік, татулық пен достық осындай кезде сынға салынады. Салы суға кеткен көршісімен бір тілім нанын бөліскен.

Асар

Асар – көпшіліктің қатысуымен орындалатын салт. Яғни, ауқымды да күрделі жұмыстарды бірлесіп атқару. Мәселен, арық қазу, үй тұрғызу, қора-қопсы салу секілді бірнеше адамның жұмылуы арқылы бітетін істер асар жасау арқылы аяқталатын. Асарға шақырылғандар еңбегі үшін ақы талап етпейді, үй иесі ет асып, дастарқан жаяды.

Үме

Еліміздің кей өңірлерінде «үме» деп аталатын салт бар. Бұл да – ұжымдасып еңбек етудің бір көрінісі. Бір отбасының қауқары жетпейтін жұмыстар үшін жасалған. Көбіне шөп шабу науқаны кезінде орындалады. Үлкен істі тындырып болған соң қыз-бозбала жиналып, ақыры шағын отырмаққа айналады екен.

Қарап отырсаңыз, бұрындары біздің психологиямызда «МЕН» деген сөз болмаған екен. Барлығы жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын. Біз атап көрсеткен ата-салттың ешбірінде ақылы қызмет жоқ. Әрі кетсе үй иесінің қазаны көтерілген. Жылу жинау дәстүрі болса, бүгінде мал-мүлкі суға кеткендерге берілетін көмектің нағыз өзі. Әлбетте, бір ғана саудагердің бағаны аспандатуынан ғаламдық мәселе туып отырған жоқ. Бірақ бара-бара қанға сіңген көпшілдік, бауырмалдық, одан қала берді адалдық жойылып кетпес пе екен? Біздің қауіп – осы. Күні ертең, тіпті бір сәттен соң не боларын болжай алмаймыз. Сол қайғы өз басыңызға түспесіне кім кепіл? Әрине, сіздің жауабыңыз да даяр – «Құдай сақтасын!». Жаратқанның сізді сақтауы үшін оның мақтаулы құлы болу керек. Барша отандастарымызға бір Алла өзі жар болғай!

 

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*