Өмірі еңбекте сыналған

284
0
Бөлісу:

Әр күніміз жақсарып келе жатыр, әр күн қымбат бола түсті. Тіршіліктің ортақ екендігіне, мақсаттың мықтылығына көзіміз жетті.Жақсының жат еместігін уақыт айқын көрсетіп келеді. Осындай игіліктің бәрі қазақ жерінің қазынасына айналып барады. Оны жасап жатқан – ұлтымыздың маңдайына біткен ардақты азаматтары. Олардың қатарында Созақтан шыққан Созақбай да бар.
Кеңес өкіметі өмір сүрген жетпіс жылда тарихы да, табиғаты да бөлек алтын аймақты бірде-бір жергілікті азаматтың басқаруға қолы жетпеді. Сірескен сол тоңды Созақбай Әбдіқұлов бұзып, туған жерін түлетуге бар күшін жұмсады. Он жылда оңды өзгерістер жасады, дос сүйсінді, дұшпан күйінді.

Енді өткенге ой жіберіп көрейік. Бір кездері осы аймақты басқарған қоғам қайраткері Б.Сапарбаев өз естелігінде бы­лай дейді: «Оңтүстік Қазақстан об­лы­сына әкім болып тағайын­далған соң елдің ардагерлерін жинап, маңызды мәселелер жайлы ақылдастық. Жағдай өте күрделі және тым ауыр еді, же­кешелендіруде қателіктер кет­кен, экономикалық байланыс үзілген. Осы жолы айтылған ой-пікірлерді зерделеп, Созақ­бай Әбдіқұловты таңдап, ауданға жергілікті жерден шыққан тұң­ғыш бірінші басшы, яғни Созақ ауданының әкімі етіп тағайын­дадым. Оған қазірге дейін қуана­мын. Өйткені, жағдайды жақсы білетін және проблема­ларды саралап, одан шығу жолын табатын жаңа басшы ә дегеннен-ақ іскерлік танытты. Созақбай­дың осы бір қасиетінен туған еліне, жеріне және халқына зор сүйіспеншілігін анық байқап, намыс пен перзенттік жауапкер­шілігін пайымдадым. Тумысы­нан текті азамат, таза, адал жұ­мыс жасады. Елге сыйлы болды».
Бұл шындық, шынайы өмір. Кадрды қыранның көзіндей алыстан шалған байсалды бас­шының көрегендігінің арқа­сында осыған дейін мәселені шешуде талай қиындықты бас­тан өткізуге тура келді.Бір жиын­да Социалистік Еңбек Ері, көп жыл Созақ ауданында бас­шы қызметте болған К.Бөрға­зиев кадр жайлы әдемі әңгіме қозғаған еді. Ол осы ауданның тумасы Созақбайды аудан әкі­міне тағайындауға көңіл бөлу­ді сұраған болатын-ды. Себебі, елге жарық пен газ берілмей, 6-8 ай жалақы, зейнетақы, балалар­дың жәрдемақысы төленбей, халықтың өте қатты қиналып тұрған кезі. Ақырында 45 жаста­ғы жалын атып тұрған жігіт ағасының бағы жанды, жолы болды. Созақбай аудан әкімінің орынтағына отырған күннен бастап халықтың қабағы ашыл­ды, жүздеріне қан жүгірді, бойла­рына күш-қуат жиналды. Қуанды, тың еңбекке құлшы­нып, құлаш ұрды.
Келесі уақытта облысты бас­қару тұтқасын қолына ұста­ған тұста Б.Жылқышиевтың азамат Созақбай туралы жазған естелі­гінде: «Маған Созақбай кейде Созақ ауданы үшін туылған азамат секілді көрінеді. Бір шеті Бетпақдаламен шектесетін, бір қиырда жатқан ауданның әлеуметтік жағдайы оншалықты мәз болмайтын. Созақбай секіл­ді іскер басшының арқа­сында Созақ ауданы халқының бірте-бірте әлеуметтік жағдайы түзе­ліп, облыста алдыңғы қатарлы аудандардың біріне айналды» деген көңіл ризашылығы бар.
Созақбаймен жолығудың сәті түсті. Бір байқағаным әрі таң­ғалғаным, Созақбай аузын ашса аржағынан жүрегі көрініп тұратын елгезек, ақ көңіл және ақпейіл жан екен. С.Исаұлы кей­де өткенді есіне алып, ай­налаға көз қырын салғанда шын мәнінде игілікті шарамен айна­лысып, жұрт жүрегінде жүретін­дей құрметке ие болуды басты мақсат тұтатыны аңғарылды. Оның мәні неде? Күні кеше Қазақ хандығының Туын тіккен әйгілі Созақ болғанымен, бүгінгі Созақтың да жөні мүлде басқа. Сондықтан да болар, ел арасында «Қазақ пен Созақты бөліп алуға болмайды» деген тәмсіл бар. Сол Созақ пен қазақтың арасын ажы­ратпаған да, ұлтты қалжы­ратпаған да, Созақбай секілді азаматтар.
Созаққа Созақбай басшылық жасаған жылдардағы жылымық жыл өткен сайын жаңа қырынан көріне бастады. Мемлекеттік қызметші әрі ғалым азамат бүкіл ғұмырын қызметке арнап келеді десек, оның ішінде Созақ ауда­нына екі дүркін әкім болуымен де есте қалады. Ол ұлт пен ұрпақ үшін қыруар тірлік бітірді. Аймақ­та тамаша тарихтың бетін ашты. Әулие-әмбиелердің ме­кені болған алтын аймақ Со­зақ­бай Әбдіқұловтың күш-жіге­рімен адам танымастай өзгерді, өзекке нәр берді. Әкімнің арала­суымен Баба түкті Шашты Әзиз, Ысқақ баба кесенелері жаңар­тылды. Жаңа ғимарттар бой көтерді, елді мекендерге ауыз су құбыры тартылды, қысқасы – ел еңсесін тіктеді. Өз өрнегі бар өл­кеде әйгілі Шәді төре, Құлын­шақ, Сүгір, Ықылас, Жаппас, Құлжабай, Шәймерден сынды тектілер дүниеге келген. Өткенді еске салып, ұлыларды ұлықтаған, мерекелі жылдарын дүрілдетіп өткізген де осы Созақбай еді.
Табыстың көзін, мол ақша­ның өзін тапқан Созақбай Исаұлы жеке басының қамын күйттемей, бар білім-білігі мен ақыл-парасатын және мол тәжірибесі мен іскерлігін алға тарта білді, ең бастысы, мемлекет мүддесін бәрінен де жоғары қойды. Соның нәтижесінде Созақ – мемлекеттен қарыз алмай, аудан қатарына өткені былай тұрсын, тіпті облысқа донор бола білген бірден бір көшбасшы ауданға айналды.
Әлбетте, мұның бәрінің түп-төркінінде С.Әбдіқұловтың бойында елге, жерге және туған халқына сүйіспеншілігі мен қызметке деген зор жауап­кершілік жүгі жатқаны белгілі еді. Осы орайда айта кету керек, жоғары басшылық Созақбайға сенім білдірді. Созақбай да өз қарамағындағы талай-талай жөн білетін азаматтарға үлкен үміт артып, жауапты қызметтер жүктеді. Міне, сол ұйымшылдық пен іскерліктің жемісіндей Созақ өңірі қарыштап дамып, ел экономикасы артты. Мұның бәрін баршамен ортақ тіл таба білген Созақбайдай азаматтың қажырлы да іскер, ұйымшыл командасы атқарды.
Созақ ауданының Созақ ауылында дүниеге келген Созақ­байдың басына қонған бақыт құсы – өршіл талап пен адал еңбек. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, одан кейін Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық универси­тетін бітірген білімді жігіттің бағын ашқан – Созақ. Көңіл тояттарлық сеніммен қанат­танған қазақтың Созақбайы ерін­бегеннің еңбегі жанаты­нына, маңдай тердің жемісін беретініне, құрмет пен сый, атақ пен абырой жанығып жұмыс істегенге өзі келетініне сенді. Солай болды да. Арманы алда­мады. Үкілі үміті ақталды. Талай ортада мерейі өсіп мақталды. Атқарған қызметі есте сақталды.
Б.Жылқышиев облыс әкімі кезіндегі қызметі жайлы жазған естелігінде Созақбайдың қара­пайым, ары таза, адал адам болғанына көңіл ризашылығын білдіреді. «Ауданның әкімі болса да Созақбайдың отбасы қыз­меттік үйде тұрды. Елдің барлы­ғы мұндай үйлерді әлдеқашан жекешелендіріп алып қойған еді. Созақбай болса, «Мәңгілік әкім емеспін, менен кейінгі әкімдерге де үй керек емес пе?» деп өзінен бұрын өзгені ойлайтын адал­дығын, ел үшін жан жүрегімен қызмет ететін азамат екенін көрсетті» деп жазыпты.
Шын мәнінде, мұндай азаматтықты екінің бірі жасай бермейді, елден бұрын бас қамын ойлайды. Тіпті қызметтен кеткенде «Созақбайдың аудан әкімі болып тұра беруін» сұраушылар да көбейіпті.
Дербес зейнеткер С.Наурыз­баев 1963-1986 жылдары Шолақ­қорғандағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің дирек­торы қызметін атқарды. Созақбай осы мектепте оқып, 1970 жылы аяқтады. Директор­дың айтуынша, Созақбайдың мектептегі оқу үлгерімі, мінезі, өз ісіне деген тиянақтылығы мұғалімдерге оң әсер қалдырған. Ол оқуда озат болған, мектепте қоғамдық жұмыстарда белсен­ділік көрсетіп, ойлы да тұжы­рымды пікірлері болашағынан үлкен үміт күттірген екен.
Түркістан қаласының Құр­метті азаматы Т.Балкен Секеңнің қанағатшылдығы туралы әңгі­менің иін қандырып, көңіл сергітті. Бірде Шу бойында елмен кездесіп, мұң-мұқтаж­дарын тыңдап, күрмеуі қиын түйінді мәселені шешіп қайтуды мақсат еткен көрінеді. Оның осы жолда айтқан әңгімесі әлі есте сақталып жүр. «Бізбен бір авто­машинада келе жатқан аудандық мекемелердің бірін басқаратын жігіт Сәкеңнің қызметтік көлі­гінің ескілеу «Волга» екеніне көңілі толмай, оның тұрмысы­ның да қарапайым екеніне көңіл аударды. Басқалардың жағда­йымен салыстырды. Сәкеңнің жандүниесін ұғынған жанның бірімін деп жүргенім бекер екен. Оған осы жолы көзім жетті. Сәлден соң Сәкең асфальт жол жыландай тіліп келе жатқан құмның биік жалынан көз ал­маған күйі, мойын да бұрмастан әлгінің сөзіне жауап ретінде ақырын ғана:
– Елге не деймін? – деп үнсіз қалды.
– Міне, елге не деймін? – деген сөздің арғы жағында аза­маттықтың алып бейнесі қылаң береді» деген еді.
Лұқпан хакім «Жақсы адаммен бірге өткізген әрбір күнім – бір жылдық өмірім» де­ген екен. Созақбаймен бірге жүр­гендердің бәрі өмірлерін ұзарт­қандай сезінеді. Шын мәнінде, халық қамын ойлап тұратын азамат. Қазаққа да дәл осындай отаншыл адамдар керек. Керек болғанда да көп керек.
«Шаян мен Созақтағы ба­йырғы аңызда Созақтан қазақ­тың үш жүзі тараған» деген М.Әуе­зовтың сөзі жұртты ұйы­тып, елде тыныштық пен береке тасыды. 1457 жылы Жәнібек пен Керей хан Созақты аз уақыт аста­на етеді. Ғасырға жуық уа­қыт тарихымен тамсандырған әрі таңғалдырған Созақ жері мық­ты азаматтарымен, солар­дың қатарында мерейі үстем, жөні бөлек әкім болған, «Мәң­гілік қалатын – адал іс» деген Әй­теке бидің бір ауыз сөзін пір тұтқан Созақбаймен де мақта­нады.
Ғалым-агроном Созақбай облыстың ауыл шаруашылығына көп еңбек сіңірді. Өзге сала жұ­мыстарында өзін көрсете білді. 1997-1999 жылдары Созақ ауда­ны әкімінің бірінші орынбасары, 1999-2006 жылдары Созақ ауда­нының әкімі, 2006-2008 жыл­дары Оңтүстік Қазақстан облыс­тық Жер қатынастары басқар­масының бастығы, 2008-2010 жылдар аралығында Созақ ауданына екінші рет әкім болды. 2010 жылдың қараша айында облыстық Жер қатынастары басқармасының бастығы қыз­метіне қайта оралып, оны абыроймен атқарып келеді.
Өсіп-өнген, өнегелі отба­сынан шыққан Созақбайдың азаматтығы жоғары, бойын­дағы қасиеттері өзгелерге үлгі болар­лық, мейірімді де қайы­рымды жан. Ол «Құрмет» ор­денінің ие­гері, Созақ ауда­нының Құр­метті азаматы, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының атом саласында еңбек сіңірген қызметкері», «Қазақстан Рес­пуб­ликасының білім беру ісі­нің құрметті қызметкері» төс белгілерімен марапатталды. За­йыбы Әлима екеуі ұл-қызда­рын және неме­ре­лерін иман­дылыққа, жақсы жүріп-тұруға тәрбиелеп келеді.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» өресі биік, өрісі кең, өмірі еңбекте сыналған азаматқа толағай табыс тілейміз.

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Бөлісу:

Пікір жазу


*