Қазақтың төлқұжаты – Таңбалы тас

671
0
Бөлісу:

Елбасы таяуда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген еді. Сол айтылғандай, ата-бабаларымыздың ту тіккен қасиетті жері – Алаша ханнан бастап, Қазақ хандығының алғаш шаңырағын көтерген Керей мен Жәнібек хандардың қолтаңбасы қалған ғажайып жәдігер «Таңбалы тас» Бетпақдалада екенін баса айтқымыз келеді.

Бүкіл түркі әлемі Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған жазуларын ардақ тұтады. Бұлар – біздің есте жоқ ескі замандағы көктүрікке қатысты баға жетпес құнды тарихымыз. Енді одан берідегі қазақтың төл тарихы бедерленген Таңбалы тастың да құндылығы олардан бір елі кем емес. Өкінішке қарай, Таңбалы тастың тарихын әлі күнге дейін жөндеп таныта алмай келеміз.
Созақ сахарасының Сарыарқаға ұласар белі – Бетпақдаланың Нұра деген жерінде, Сарысу өзенінің бойында қазақтың сүйегін құраған рулардың таңбасы сақталынған тарихи жәдігер – Таңбалы тас әлі күнге дейін сақталған. Адам аяғы сирек басатын, оңай тауып бара алмайтын жерде. Бұл тасты алғаш 1840 жылы зерттеген ресейлік ғалым А.Шренк: «Таңбалы тастың» зор атаққа ие болуының себебі бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған жер» дейді.1895 жылы ақмолалық дәрігер Л.Кузнецов пен атбасарлық тілмәш Х.Бекхожин Бетпақдаланың қақ ортасына орналасқан осы Таңбалы тасқа келіп, тас бетiндегi жазулар мен ру-тайпа таңбаларының көшiрмесiн жасайды. Суретке түсіреді. Әлі күнге дейін сақталды делінгенмен, қазір тастың қалдығы ғана аман тұр. Кезінде бұл тас құламаған, сынбаған, тіп-тіке тұрыпты. Оны сол кезде академик Әлкей Марғұлан да көрген екен. Өкініштісі, Кеңес өкіметі кезінде уран кенін іздеген геологтар жарылыс жұмыстарын жүргізгенде, таңбалы тас ортасынан қақ бөлініп, жерге етпетінен құлап түскен. Жалпы, Таңбалы тастың көлденеңі – 3, ұзындығы 25 шақырым келеді. Өкінішке қарай, жарылыстың кесірінен тастар жан-жаққа шашылып кеткен. Динамитпен жарып жіберудің кесірінен қазір бірнеше бөлікке бөлініп кеткен таңбалы тастың бетіндегі қашалған елуге жуық ру таңбаларын құрастырып оқу мүмкін емес. Сондай бөлініп түскен сынық тастың бірінде ескі шағатай тілінде араб әрпімен маңызды мәтін жазылыпты: «Қара найман, Алшын, Арғын, Қара кесек, Қойсын, Табын, Молла Қаршыға Әмір. Құдайым құрмет қылайын алтауына». Әлкей Марғұлан жоғарыда аталған алты руды «Алты алаш» тайпалық одағымен байланыстырыпты.
Оның пікірінше, Қойсын (Үйсін) Ұлы жүз атынан, Кіші жүзден ірі ру Табын бүкіл алшын атынан, Орта жүз атынан Арғын, өзінің Қаракесек тобымен Алты Алаш елінің негізін құраған. Кейбір кейінгі жазбаларда бұл мәтін былайша беріліп жүр: «Қыпшақ, найман, алшын, арғын қаракесек, үйсін, табын, иллахи қар рәсиге һамиша хайа рахмет қыл сен алтауын». Мұның аудармасы: «О, Ием, үмітіңе жету үшін осы алтауына (қыпшақ, найман, алшын, арғын қаракесек, үйсін, табын) рахметіңді бере көр». Қалай болғанда да, Қазақ хандығының қаз басқан құпия тарихына, ту тіккен жеріне бұдан артық қандай тұжырым, қандай куә керек?
Қазақтың әулие ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Бетпақ шөлінде таңбалы Нұра деген жер бар еді. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы қазақтың таңбаларында талас болса, сол тасқа барып қарасады. Алаша ханның жарлығымен басылған таңба деседі» деген жазба қалдырыпты.
Академик Әлкей Марғұлан: «Бұл тасқа қазақтар әрқашан бас иiп, адамдар таңбасын түсiрiп, аттарын жазып жүрген. «Таңбалы тастың» ұлы атаққа ие болуының себебi бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бiр ел болып қосылған екен» дейдi.
Ғұлама ғалым, академик Қаныш Сәтбаев: «Қазақтың қазақ болған, ту тіккен жері осы таңбалы тас өңірі», – деп тұжырымдапты.
Тарихшы, академик Манаш Қозыбаев: «… үш жүз тайпалары өкілдері қол қойған «Таңбалы тас» шын мәніндегі қазақтың тұңғыш Конституциясы еді», – депті.
Таңбалы тастан бөлініп түскен қазандық тасқа кезінде силикат кірпіштен тұғыр жасалыпты. Сөйтіп, дөңгеленген таңбалы тасты ортасына орнатыпты. Тастың бетінде Ай бейнесі мен үш жүздің таңбасы бедерленген.
Созақта тұратын тарихшы, өлкетанушы, шежіре қарт Сүлеймен Тәбірізұлы осы Таңбалы тасты бірнеше жылдан бері зерттеп жүр. Алғаш сапарлап барғанда көргенін былайша жазады: «Сағана деп барғанымыз жардың қабағындағы жайпақ төбенің басындағы ақ силикат кірпіштен соғылған биіктігі 4 м, көлденең ені 3 м ескерткіш болып шықты. Ескерткіштің батыс жақ бетінде көлденеңі 1,3 м тігінен 1,1 м үлкен қазанның аузындай домалақ таңбалы тастың бір бөлшегі орнатылған екен. Тастың айналасын цементтеп бекіткен. Тастың бетінде оншақты ру таңбаларының белгісі байқалады. Ескерткіш тұғырдың іргесіне цемент плиталар төселген. Тұғыр орнатылған жерде ертеректе қорым болып, сол ойылып кетті ме, әлде жыртқыш аңдар қазып тастағандықтан ба, әйтеуір тұғыр оңтүстік шығыс жағына жамбастай қисайған екен».
«Созақ өңiрi» деп аталатын кітабында ақсақал былай дейді: «Аңыз деректерiнiң айтылуына қарағанда, Той деген жерде Майқы би бастаған қазақтың үш жүзiнiң игi жақсылары жиналып, ұлан-асыр думанды той жасап, Асқазан деген жерде қазан астырып, шүлен таратылады. Кейiн Нұраның Қаратұзына барып үш жүздiң таңбасын тасқа басып, бөлiп берген екен дейдi. Осыдан былай Нұраның Қаратұзын «Таңғалының тұзы», «Таңғалы Нұра», немесе «Таңғалы тас» деп атайтын болған».
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң профессоры Жамбыл Артықбаев: «Таңбалы тастың қадым замандардан берi халқымыздың саяси орталығы, ту тiккен жерi, тәуелсiздiгiнiң түп белгiсi екенiн көрсетедi. Бабаларымыз сонау есте жоқ ерте кезең Алаша хан заманынан бастап Таңбалы тасты қасиеттi қара шаңырақ санап, тәуелсiздiкке, еркiндiкке ұмтылған рухының белгiсiн таңбалар арқылы қалдырып отырғаны аңыз-шежiрелерде сайрап жатыр. Таңбалы тас бетiндегi 500-ден астам таңба – этникалық тарихымыздың ең жарқын деректерi деп бiлемiз. Бұл таңбалардың тасасында Еуразия халықтарының бiрнеше мың жылдық тарихының сұлбасы көрiнедi. Себебi, Бетпақдаладағы құз жартасқа таңба салу құрметiне даланың ең ежелгi, ең мықты тайпалары ғана рұқсат алған. Бұл ескерткiш – қазақтың ұлттық бiрлiгiнiң ең тамаша айғағы және тарихымыздың қайнар бұлағы. ХIХ ғасырдың соңында Ақмоланың екi қарапайым азаматының осыны терең түсiнбесе де, Таңбалы таста бiр ғажайып тарих бар екенiн сезiп, ол кезде қат фотоаппарат пен қалам-қағазын алып барып, ескерткiштi бiзге дерек етiп қалдырғанына таң қаламын», – дейді.
Қаламгер Қуаныш Мұқтай Таңбалы тас жайлы зерттеу мақаласында «Жезқазған энциклопедиялық анықтамасында» Бұлғақбаев Серік Құрматайұлының былай деп жазғанын келтіреді:
«Таңбалы тас қорығы (пантеон) Сарысу өзенінің төменгі жағында, Боқтықарын өзенінің оң жақ жағалауында, «Таңбалы жар» жерінде орналасқан. Таңбалы тас жайындағы тұңғыш мәліметтер XVIII – XIX ғ.ғ. Ресей саяхатшы-ғалымдары А.Шренк, казак офицері Д.Телятников, М.Иванин, Ю.Шмидт жазбаларында кездеседі. 1895 жылы Л.Кузнецов пен Х.Бекхожин тас бетіндегі 500-ге тарта таңбалардың көшірмесін жасады. 1934 жылы зерттеуші В.Селевин Таңбалы тасты суретке түсірген. 1941 жылы Академик Қ.Сәтбаев «Жезқазған ауданының тарихи ескерткіштері» атты мақаласында ескерткішке ғылыми анықтама береді.
1950 жылдары академик Ә.Марғұлан Орталық Қазақстанда барлау жұмыстарын жүргізіп, бірқатар ескерткіштерге ғылыми талдау жасайды. 1974 жылы археолог-ға­лымдар Кемел Ақышев пен Марал Хабдуллина, 1998 жылы этнограф ға­лым Ж.Артықбаев Таңбалы тастың маңы­з­дылығы жайында бірталай пікірлер айтты. Ескерткіште, Л.Кузнецовтың дерегіне сүйенсек, «500 таңба немесе мөр қашалған». Х.Бекхожин тастағы араб әрпімен жазылған жазуларды оқып, орысша аудармасын берді. Академик Қ.Сәтбаев «Жезқазған – Ұлытау перифериясында қазақ халқын құрған үш жүздің жері тоғысады» деп Ұлытаудың саяси орталық екенін атап өтсе, Ә.Марғұлан Таңбалы тастың тарихын оғыз, қыпшақ, Ақ Орда дәуірлерімен байланыстырады. Бетпақдаланың дәл ортасында орналасқан Таңбалы тас ескерткіші жайындағы ескі сөздерді шежірешілер М.Көпеев пен Н.Наушабайұлының жинақтарынан жолықтырамыз» .
Міне, көненің көзі – өмірдің өзі саналатын Таңбалы тастың қысқаша тарихы осындай. Қазба байлыққа қызыққан отаршы елдің өкілдері жарып жіберген Таңбалы тасты сақтай алмадық. Өкінішті. Одан да өкініштісі, қазақ қазақ болғалы алғаш рет ту тiккен, орда көтерген жерді тиісінше қадірлей алмай отырмыз. Ештен кеш жақсы. Әлі де болса Мәдениет және спорт министрлігі қолға алып, күтім жасамаса, қасиетті тастың қалдығын біреулер тағы да талқандап тастамасына кім кепіл? Қазақтың тарихына қазақтың ғана жаны ашиды…

Төреғали ТӘШЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*