Қазақтың қайраткер қызы

52
0
Бөлісу:

Ұлттық мәдениет, әдебиет, ғылым тарихында көрнекті пе­дагог-оқымысты, журналист-кө­семсөзші, жазушы әрі аударма­шы Нәзипа Құлжанованың (1887 – 1934) қайраткерлік тұлғасы, озық та озат санаткерлік болмысы байтақ бір әлем.
Өрен ұйымдастырушы, ерен еңбеккер, ересен қабілетті Н.Құл­жа­нова ұлт ақыны Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Жазғытұры» атты өлеңдерін орыс тіліне тәржімалап бастырды («Сибирский студент», 1915. кн.3-4.стр. 82-83).
1920-1924 жылдарда музыка зерттеушілері А.Бимбоэс пен
А.За­таевич Нәзипа Құлжанованың орындауынан қазақ әндерін жазып алған.
Александр Затаевичтің «1000 песен киргизского народа» дейтін еңбегінде (Орынбор, 1925) ұлт мәдениеті мен өнерінің жалынды жаршысы Нәзипа Құлжанованың айтуынан «Ғайни-ай, сәулем», «Қыздардың зары» және «Жылқы­лы бай» әндерін жазып алғанын нотасымен көрсеткен. Сондай-ақ ол: «Нәзипа Құл­жанова – интеллектуалды қазақ қызы, оқу-ағарту ісінің үздік қайраткері» деп сипаттаған.
Нәзипа Сегізбайқызы (Сағыз­байқызы) Құлжанова 1903 жылы Қостанай орыс-қазақ гимназиясын аяқтап, 1903-1904 жылдарда Торғайдағы Қыздар училищесінде дәріс береді. Ерлі-зайыпты Ай мен Күндей Нұрғали мен Нәзипа Құл­жановтар 1903 жылдың шілдесінде 3 негізгі және 1 дайындық класы негізінде құрылған Семей мұғалім­дер семинариясында 1905-1919 жылдарда қызмет етті. Нақты айт­қанда, Нәзипаның жары Нұрғали Құлжанов 1905 жылдың 1 шілде­сінде қазақ тілінің оқытушысы болып қабылданды. Ерекше еңбегі еленіп, 1913 жылдың 25 қыркүйе­гінде Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің мүшелері болып қабылданды.
Семинария қуатты оқу орда­сына, білімпаздардың ордасына, көсемдер ұйымына айналды. Яғни, телегей білімнің, терең ойдың, рухани сұлулықтың қасиетті бесігіндей еді. Қазақ көшін түзу, ұлы жолға бастаушы көсемдер мен ұлт ісін, Алаш арын арлаушы шешендер тобындағы әйел за­тының шолпаны атанған Нәзипа Құлжановадан заманынан озып туған Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтар да­налық дариясынан сусындаған-ды.
Ұлт қызметкері Нәзипа Құлжа­нованың түпкі ойы, көкейкесті мақсаты – көркем әдебиет кештері, ойын-сауықтары арқылы білім-ғылым сәулесін жалпақ елге жет­кізу, ұлт әдебиетін ілгері бастыру, мұқтаж оқушыларға жәрдемдесу.
Әдебиеттанушы Қайым Мұха­метқановтың жазуынша, бірде Мұхтар Әуезов «Приказчиктер клубында» (кейін Луначарский атындағы театр) өздерінің тұңғыш қазақша ойын қойғандарын еске алып, әңгіме етеді. Ойынды ұйымдастырушы, қазақтан шыққан тұңғыш оқыған білімді әйелдердің бірі Нәзипа Құлжанова болғанын баяндайды. (Біздің Мұхтар. Алматы, «Жазушы». 1976).
Ұстаз, ағартушы, журналист, аудармашы, жазушы, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, қазақ әйелдері комитетінің тұңғыш ұйымдастырушысы Нәзипа Құл­жанова Алаштың даңқты қайрат­керлерінің арасында таңдаулы орынды иеленеді. Бұған айғақ ретінде «Еңбекші қазақ» газетінде (1923 жыл, №105) «Ғылым, әдебиет майданынан» дейтін хабарламада мынадай мәліметті жариялаған: «1922 жылы Халық ағарту комис­са­­риатының ғылым ордасы жа­нында «Қазақстан ғылым ордасы» ашылған. Мүшелері: Ахмет, Молдағали, Сәдуақас (Сәкен), Елдос, Нәзипа, Міржақып, Мырзаұлы Мұхтар».
XX ғасыр басында қазақ әйелдерінің ішінен шыққан Нәзипа Құлжанова Семейдегі оқытушылар семинариясында дәріс берген. Орыс география қоғамының Семей бөлімшесінде, 1920-1921 жылдарда Ақмола уездік комитетінде, «Еңбекші қазақ» газеті және «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарының редакцияларында жауапты қызметтер атқарған. Орыс, қазақ тілдерінде сөзге жүйрік болған, жосылта қалам сілтеген тегеурінді қаламгер. Мәселен, Семей қала­сында 1914 жылы 26 қаңтарда ұлы Абайға арналған әдеби-музыка­­-лық және этнографиялық кеште Нәзипа Құлжанова баяндамасын екі тілде жасап, жиналғандардың құлақ құрышын қандырады.
Өрі-қыры бірдей Нәзипа Құлжанова – республикада әйелдер қозғалысына ірі қозғау салған және көптеген ауылдық, губерниялық, уездік комитеттерде әйелдер бөлімін аштырған айтулы жан.
Нәзипа Құлжанова «Айқап», «Қазақ» секілді газет-журналдар беттерінде үздіксіз ой тербеп, қазақ әйелдерінің тағдырына қатты зейін аударған. «Қазақ әйелінің қазіргі тіршілігінің ең күшті тілегі – ана болып, бала өсіре білу һәм қазақ ел шаруасында мағыналы болу. Бұл міндеттерге жеткізетін тура жол – оқу, өнер, кәсіп…
Елді сәулелендіру жолында жасаған шараларының бірінде – әйелдің оқуы керек. Надан адам – жарым адам. Елдің анасы – әйел. Жарым әйел бүтін адам жасай ал­майды. Елді қатарға кіргізетін білімді, өнерлі, еркін әйел» деге­нінде қолына ту ұстаған қалпында жалынды ұран тастап тұрған қажырлы әйел тұл­ғасы елестемей ме? Оның қолынан «Мектептен бұрынғы тәрбие» (Орынбор. 1923), «Ана мен бала тәрбиесі» (Қызылорда, 1927) дейтін кітаптар шыққан.
Асылы, Нәзипа Құлжанова – ұлттық педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуына салмақты үлес қосқан салиқалы, зерделі зерттеуші.
Бұған «Мектептен бұрынғы тәрбие» туындысы толық дәлел. Баланы қалайша тәрбиелеп өсіруді, табиғи қалпын бұзбай, мінсіз баулуды, ортасының әсер-ықпа­лын, қалайша дұрыс, жатық сөйлеуін, көркем мінез, келісті әдет дарыту, икем-бейімін арттыру, баланың саулығы, сезім мүше­ле­рінің ақаусыз дамуы, жаратылыс дүниесін еркін қызықтауы, зейін-зердесінің тәрбиесі жан-жақты, терең, әсерлі баяндалады.
«Бала өнебойы еркін ұнатқан нәрселерін шұқылап отырып, бұрап сындырып, мүшелеп әбден танып, қайта салыстырып, соны өзі жасамақ болады һәм жасайды да. Бұл – баланың тағы бір артықша қасиеті, зерттеп, тану құмарлығы. Бұл – жан-жақтағы жайнаған дүниені танытып, өзі де жасауға кірісу үшін жаратылыстың көкіре­гіне әуелден құйған құ­марлығы.
Бұл қасиетін танымайтын надандар «Тиме!», «Сындырасың!», «Шықпа, жығыласың», «Таста, бүлдіресің», «Үстіңді былғайды», «Әрі жүр, басымды ауыртпа!» деп зарлауымен баланың алайын деп отырған қанша білімін тағы да тамырынан қияды.
«Бала ойнақшыған құлын-тайдай, желкілдеп еркін өскен қызғалдақ шөптей, кеңшілікті, ер­кіншілікті жақсы көреді. Жа­ра­тылыстың өз дүниесінде дала­ның кеңшілігінде, шалпылдап суына түсіп, жүгіріп, құспен бірге сайрап, көбелек қуып, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқамен бірге көкорай шалғын, тоғай арасында сайраңдап жүріп өссе, көңілі де, жан-тәні де бірдей тегіс өсіп, өркендемек. Біз қала баласын суық тастың ішіне қамап, жаратылыстың шыншыл, таза, ертегідей құлпырған әдемі дүниесінен айырып, тірідей көміп, сөндіреміз» деген лебіздерінде зор мағына бар екені даусыз.
«Мектеп жасына толмаған балаға тәрбие неге керек?» деп сұрақ қояды да, бұларға мынадай түйінді тұжырым жасайды.
«1. Мектеп жасына толмаған бала не үйренеді?
…Әрине, бала балабақшасыз да, мектепсіз де өсіп адам болады ғой.
Бірақ балабақшаның тәрбиесін көрмеген бала көп білімнен, көп жақсы әдеттерден құр қалады. Кейде сол білімдерге өмір бойы жете алмайды.
Мектепке дейін бала оқымайды деу – зор қате. Мектептен бұрын үйренген білімдері кейін мектепте оқып білгендерінен гөрі маңызды болады.
Мектептен бұрын баланың үйренетіні:
1. Қимыл мүшелерін дұрыс игере білу – жүру, жүгіру, қағып алу, өрмелеп жоғары шығу, секіру – осының бәріне ыңғайлануы.
2. Көру, есту, сезу, иіс білу – мұның бәрін түзу, анық әрі нәзік білу.
3. Сөйлеу – яғни, сөз бен сөзді байланыстырып, сөзін, өзінің ойын, талабын, көңіл сезімдерін басқаға жеткізу.
4. Ойлай білу – яғни, сырттан алып, ойға тоқыған заттарды са­лыс­тырып, ұқсастығы мен айыр­машылығын тауып, әр нәрсе туралы өзінің ойын айтып, бір пікір шығару.
5. Ойға тоқығанды және оған көзқарасын жарыққа шығару (ойынмен, суретпен, әңгімемен).
6. Өз еркін өзі билеуде бір мақ­сатқа жетпек болып және басқалар үшін өз тілегін тежей білу.
7. Таза, жинақы, шыншыл болу, жақсылыққа алғыс айта білу әрі әдепті болу.
8. Басқалармен бірігіп әрі аздап жеке де еңбек қыла білу. Мұнымен үйренетін өнер-білімнің бәрі түгелдене қойған жоқ. Балабақ­шасыз өзімен-өзі өсіп жетiлуі үшін баланың төңірегіндегі араласқан балалар, үлгі алатын үлкендер, тамақ, т.б. сол сияқты толық адам болуға қажет шарттар түгел болып тұру керек. Біздің мектеп жасына толмаған балаларымыздың қазіргі уақыттағы тұрмыс шарттары баланың өсіп ілгерілеуіне жайлы бола ма екен? Енді осы сауалға жауап берейік».
Нәзипа Құлжанова сындарлы пікірлерін, тұрлаулы тұжырым­дарын, түйінді қорытындыларын тамылжыған, өрнекті кестелі тілмен жеткізеді.
Ерлі-зайыпты Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар халықтың рухани дүниесіне өлшеусіз үлес косқаны мәлім. Мызғыған елді қозғап ояту үшін ірі мәслихаттар, яғни Абай, Ыбырай өнерпаздығына байланысты әдеби кештер ұйымдастырып, бір жағынан, әлеуметтің дүр сілкініп, шаң-тозаңнан арылуына жол ашса, екінші жағынан жиналған қара­жаттың бірсыпырасын Санкт-Петербор, Қазан, Том, Омбы қалаларында білімнен сусындап жүрген жеткіншектерге жәрдем беріп отырған. Сондықтан да «Бір керек жұмыс» деген мақаласында әдеби-музыкалық кештер немесе драмалық-сахналық ойындар ұйымдастыруды қозғайды. «Әрі қаржы жиналар еді, әрі әдебиетіміз өрге басар еді» деп қорытады.
Көзін қияға тігіп, құлашын кеңістікке жайған, пейілін кеңге, қырманын дөңге салған өзі отты, жаны жалынды қыран мінезді шынайы отаншыл, елшіл, мақ­саткер, білімдар, ой мен сөз зергері Нәзипа Құлжанованың «Маржан», «Есіл қыз-ай!» сияқты көркем әңгі­ме­лерімен қатар, ол В.Королен­коның «Күн тұтылғанда», М.Горь­кийдің «1905 жыл, январьдың 9-ы күні», А.Куприннің «Лапылдап жанған крейсер», А.Скиталецтің «Полевой сот» және Б.Лавреневтің «Қырық бірінші» дейтін повесін тәржімалады.
Бұл шығармаларда замана ахуалы, халықтың хал-жайы, кейіпкерлердің ішкі дүниесі, сөз саптасы, ойлау жүйесі, қоғамға, уақытқа көзқарасы, дәуір шын­дығы, ел тағдыры аса бір көркем­дікпен, суреткерлік зейін-шебер­лікпен, өнерпаздықпен тебіреністі сипатталған.
Түйіп айтқанда, аударма өнері ұлт әдебитінің өркендеуіне, ше­бер­лік сабақтарының гүлденіп терең­деуіне, жалпыхалықтық, адам­заттық, ұлттық идеалдардың бір-бір­лерімен жалғасып-сабақ­тасып, біртұтас құбылысқа, ортақ игілікке айналуына қызмет еткен саңлақ тұлға – Нәзипа Құлжа­нованың ой қисыны, сөз қолдануы және көркемдік мазмұнын қыран көрегендікпен, білгірлікпен ай­шықты бажайлап кестелеуі, өр­нектеп жеткізуі қызықтырады.
Қаламы аттай желген жазушы, аудармашы Н.Құлжанованың көңіл айнасы, ақыл таразысы, ой-санасы, көркемдік талғамы мейлінше таза, әділ, жоғары, парасатты, бекзат, сезімтал екендігін нақтылы дәлелдеп айқындайды.
Ұлт зиялысы Нәзипа Құлжано­ваның шығармашылық мұрасын жинақтау барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітап­ханасының сирек кітаптар мен журналдар қорына сүйендік.
Бір өкініштісі – кейбір бұрын-соңды ізденушілердің кінәсынан ба, әлде басқа себеппен бе, Нәзипа Құлжанованың материалдары жарияланған «Қызыл Қазақстан» (1923, №16.91-103 беттер), «Жаңа мектеп» (1927. №2.84-88 беттер) журналдары жыртылған.
Қорыта айтқанда, ұлт руха­ния­ты тарихындағы әйгілі қайраткер Нәзипа Құлжанованың ұстаздық, қоғамдық еңбегі, кесек ой-толға­ныстары заманнан заманға ауысқан сайын жаңғыра бермек, миуа-жемісін төге түспек.

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Пікір жазу


*