«Өте құпия» барлаушы

479
0
Бөлісу:

Әбдіғани Байғариннің есімі кеңестік барлау қызметінің тарихына ертеректе жазылған. Қазақстан сыртқы барлауының қалыптасуы да оның есімімен тығыз байланысты. Көрнекті барлаушы, қазақ халқының даңқты ұлы Ә.Байғарин туралы Қазақстан Республикасы сыртқы барлау қызметінің ардагерлері жазған естеліктер негізінде «Память сердца» атты кітап жарыққа шықты. Қызмет сатысы бойынша Ә.Байғарин Қазақ ССР МҚК Бірінші басқармасы бастығына дейін жетіп, полковник әскери шенін алған. Ә.Байғарин мемлекеттік қауіпсіздік органдарында 40 жылдан астам, оның 21 жылын сыртқы барлау бағыты бойынша қызмет атқарды. Ол МҚК барлау қызметінің аяққа тұруында орасан зор жеке үлесін қосып, тікелей осы бағытты 15 жыл басқарды. 1960-1961 жылдары ҚХР-да вице-консул, одан кейін 1979-1982 жылдары МХР ҚҚБ (МОБ МНР) жанындағы КСРО МҚК өкілінің орынбасары ретінде Монғолияда табысты жұмыс істеді.
Өткен ғасырдың 60-шы жыл­дары Әбдіғани Байғарин арнайы барлау тапсырмасын орындау үшін Иранға іссапармен барды. Ол кезде Иран Ислам Республикасының Шахиншахы Риза Пехлеви өзі­нің КСРО-ға қатысты достық қатынасын күрт өзгертіп, АҚШ-қа қарай бет бұрған. Нәтижесінде КСРО-ға, жалпы социалистік лагерьге «бүйректері бұратын» барлық ұйымдар астыртын жұмыс режиміне көшкен бола­тын. Ирандағы осындай ішкі саяси ахуал, жүргізілген қатаң репрессиялардың нәтижесінде агентуралық желілердің жойы­луына себеп болды, ал аман қалғандары кеңестік барлаумен байланыстарын кілт үзуіне тура келді. Алайда экономикалық жағын ойлаған Шахиншах КСРО-ға бағытталған саясатын жұмсартуға және достық қаты­­настар мен іскерлік байла­ныстарын қайтадан орнатуға мәж­бүр болды. Осындай қадамдардың бірі Тегеранда ұйымдастырылған Халықаралық өндіріс көрмесі болды. Ирандағы саяси ахуалды және Тегеранда өткізілген шараны барлау қызметі ұтымды пайдаланды.
Сол кезде Алматы ауыр маши­на жасау зауытының (ААМЗ) кей­бір экспонанттары орын алған Тегеран қаласында Халықаралық машина жасау көрмесі ұйым­дас­тырылған болатын. Басқа жұмыскерлер ішінде Әбдіғани Байғарин да арнайы тапсырмамен ААМЗ жабдықтарына қызмет көрсететін техник ретінде Иран еліне баратын болып шешілді. Ол осы мақсатта сандық басқару станоктармен жұмыс үшін арнайы курстан өтті. Көзге түсе бермейтін қарапайым техник ретінде шет елге барған Ә.Байғарин астыртын негізде агентуралық желімен жұмысты ойдағыдай ұйымдастыра білді.
Арнайы тапсырмамен барған Ә.Байғарин өзінің барлық арсе­на­лын, бұрынғы шетелдегі бар­­­лау тәжірибесін пайдалана оты­рып, ертеректе агентуралық қатынаста болып, репрессиядан аман қалғандармен байланыс орнатты. Ирандағы агентуралық желімен жұмысты жаңғыртты. Бұл тек қана Ә.Байғариннің ғана емес, мемлекет үшін де нағыз барлау табысы болды. Осы еңбегі үшін ол жауынгерлік орденмен марапатталды.
Ресей Сыртқы барлау қыз­метінің отставкадағы гене­рал-лейтенанты Болатбек Қошқар­бек­ұлы Жетпісбаев «Память сердце» кіта­бындағы Әбдіғани туралы естелігінде ол кісінің еңбегіне, адамгершілігіне былай деп баға береді: «Біздің танысуымыз 1966 жылдың наурыз айында болды. Ф.Дзержинский атындағы КСРО МК жанындағы МҚК Жоғары мектебінің түлегі ретінде сол кезде Ә.Байғарин басқарған Алматы қаласындағы ҚазССР МК жанындағы МҚК 1-бөліміне жолдама бойынша келген едім. Осы бөлімге келген уақытта әріп­тес­терімнің назары мен жылы ықыластарын байқадым, әр күн сайын олардың практикалық көмектерін және қандай да болмасын жұмыс пен тұрмыстық сұрақтар бойынша қолдауларын сездім. Бөлім қызметі мен оның нақты нәтижелері Мәскеудегі басшылықтың жоғары бағасын алды. Әрі қарай 1-бөлім ҚазССР МҚК Бірінші басқармасына өсіп, оны да Ә.Байғарин жемісті басқарды. Бүгінгі Қазақстан барлауының табысты қызметі мен құрылуындағы Ә.Байғариннің қосқан үлесі мен рөліне баға беру қиын. Менің ойымша, Ә.Байғарин кәсіби-барлаушы және білікті басшы ретінде, сон­­дай-ақ оның адамдарға бағыт­талған нағыз мейірімді қатынасы мен Отанға деген шексіз махаб­баты Қазақстан, ҰҚК және «Сыр­бар» тарихында орын алады. Қазақ­станның барлаушылар ұр­пағы республикадағы сыртқы барлау қызметінің құрылуының басында тұрған Әбдіғани Ахмет­қалиұлы Байғаринді мәңгі есте­рінде сақтайды және әрқашан үлгі тұтады».
Әбдіғани Байғариннің бұдан басқа да «өте құпия» деген грифпен ұзақ жылдар архивте сақталған еңбектері бар. Өткен ғасырдың 60-жылдары барлау бағыты бойын­ша Ә.Байғарин тарапынан ке­ңес-қытай шекарасындағы ах­уал­дың ушығуына байланысты ақ­парат алынып, аталған материал Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаевқа баян­далуының арқасында КСРО мен ҚХР арасындағы ірі масш­табты қақтығыстың алды алынды.
1961 жылы Әбдіғани Байға­рин вице-консул ретінде Шың­­жаңға жіберілді. Әрине, дипло­ма­тиялық қызмет Әбдіғани Ахмет­қалиұлының шынайы қызметін бүркемелеу үшін қажет болды, ал негізгі жұмысы басқа еді. Үлкен балалары Бекболат пен Марат әжелерінің қолында қалды да, зайыбы Татьяна кіші ұлымен бірге еріп барды. Қытайдың Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданында осы кездерде үлкен толқулар болады деп күтілген болатын. Шекарадағы қарулы қақтығыстар жиі қайталанатын болды. Даманскнің жаңғырығы әлі басылмаған, алда әлі Жа­ла­ң­а­шкөл оқиғасы болатын кез. Екі ірі держава – КСРО мен Қытай ядролық соғыстың та­бал­дырығында тұрды. Қытай ше­­ка­­расына тым жақын орна­лас­қан Алматы халқы, шұғыл түрде жертөлелерден бомбадан қор­ғаныс объектілерін ж­а­сап жатқан әскерилердің қарбаластарына аса мән бере қойған жоқ, күнделікті күйбең тіршіліктерін жасап, алаңсыз тыныш өмір сүріп жатты. Бұл кезде жүздеген шақырым жерде ғана тұрған шекараға қы­тайдан босқан халық келіп тіреліп тұрған. Құдай сақтап, бом­ба жарылған жоқ, білікті дипломаттар мен арнаулы қызмет­тің барлаушылары бейбіт келісімге келудің жолын тапты. Қытайдан келген соң Әбдіғани Байғарин жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.
«…Оның басшылық таланты­ның, өзінің көзқарастары мен позициясын әртүрлі сатыларда қорғай білуінің арқасында қазақ­стан­­дық қауіпсіздік қызметі­нің бірінші желісі жұмысында нақты перспективалар ашылды, көп ұзамай, КСРО МҚК Бірінші бас басқармасының аумақтық құрылымдар жүйесіндегі ірі бар­лау орталығына айналды. Ол басқарып тұрғанда барлау бас­қар­масының беделі әрдайым жоғары болды. Басшылар Әбдіғани Байғариннің пікірімен әрқашан санасты, оның барлық ұсыныстары мұқият зерттелді, әдетте, сол ұсыныстар бойынша оң шешімдер қабылданды…» деп есіне алады Қазақ КСР МҚК-нің және Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің құрметті ардагері, генерал-майор Жүкен Марденов.
Жүкен ағаның айтуынша, Байғарин қызметтік сатымен оп-оңай көтеріле салған жоқ, оның өміржолында біраз қиындықтар да болған. Сексенінші жылдардың басында Мәскеудегі орталық оны белгісіз себептермен Бірінші басқарма бастығы қызметінен босатып, Моңғолияға жіберген. Орталықтағылардың көпшілігі бұған қарсы болған екен, оны «жер аударуға» бәлендей себеп те болмаған. Әбдіғани Байғарин кеткеннен кейін Қазақстанның барлау қызметіндегі тірнектеп жинаған тәжірибе біртіндеп сөне бастаған. Алайда Байғариннің қызметі уақытша төмендегенімен, қызметкерлер арасындағы абыро­йын жоғалтқан жоқ.
– Ол барлау жұмысы өте қиын саналатын оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыттар бойын­ша ұйымдастырды. Оның ерен еңбектері бірнеше үкіметтік на­г­ра­­далармен еленді. Оны жұмысты өте жақсы ұйымдастыра білу қабілеті, ақкөңіл, тазалығы, адам­гершілігі, сыпайылығы және адал­­дық қасиеттері үшін көпшілік сыйлап, бағалады. Біз Әбекені, құрметтеп осы­лай атайтын едік, әлі күнге де­йін еске аламыз. Ол, тіпті отс­тавкада болғанда елдің іс­теріне қатысы барлығын көр­сетіп, жауапкершілік сезі­мін жоғалтқан емес, бізбен үне­мі байланыс жасап, жас қыз­мет­керлер алдында өзінің бай жұмыс тәжірибесімен, білімімен бөлісті, – дейді «Барлау» қызметінің бұрынғы басшысы, генерал-майор Өміртай Бітімов.
Ә.Байғарин 2000 жылы 20 қарашада 73 жасында қайтыс болды. Әбдіғани Ахметқалиұлы өзінің ішкі эмоциясын жұмыс барысында сездіре бермегенмен, көптеген дүниелердің жүрегін сыздатқаны белгілі. Ауыр инсульт алып, өмірден ерте кетуіне де себеп болған осындай соққылар болуы керек. 2000 жылы 12 та­мыз­да Баренц теңізінде Ресей Федерациясының «Курск» атом сүңгуір қайығы апатқа ұшы­­­рап, теңіз түбінде қалды. Бұл оқыс оқиға Байғариннің отбасына үл­кен трагедия әкелді. Опат болған сүңгуір қайық эки­па­жы­­ның құрамында Әбдіғани Ах­мет­қалиұлының немере бауыры 3-рангалық капитан Марат Байға­рин болды.
Ресейдің Солтүстік флотын­дағы 7-дивизиясына қарасты электромеханикалық қызметтің бұрынғы бастығы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1-дәрежелі капитан Виктор Бурсук өзінің естелігінде былай деп жазады: «Мұрат Байғарин «Курскіде» стапельден түскен кезден бастап болды. Жоғары білікті кәсіби маман. Мінезі педант, барлық нұсқаулықты нақты дәлдікпен орындады, сондықтан апатқа БЧ-3 кінәлі емес екендігіне сенімдімін. Ол теңізге аға лейтенант Иванов-Павловқа көмек көрсетіп, демеу үшін шықты, өйткені ол өзі торпе­да атудан үнемі «өте жақсы» деген баға алатын. 3-дәрежелі капитан Мұрат Байғарин сол жолы «Курс­кіде» болмауы керек еді, ол 2000 жыл­дың жазында әскери-теңіз академиясына оқуға түсіп, керек құжаттарын жинап, отбасын Пи­тер­ге алып кету үшін Видяевоға кел­ген. «Курск» теңізде үш күн ғана жүретін болған. Ондағы мін­деті тек торпеда ату ғана еді. Тәжірибелі торпедист Мұрат Бай­ғарин қолбасшылықтың сөзін жерге тастай алмады, теңізге шы­ғы­п кетті».
Бұл қаралы оқиғаға Әбдіғани Ахметқалиұлы қатты қайғырды, осы жағдайдан кейін арада үш ай өткенде өмірден озды.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*