Global dialogue қазақша сөйледі

143
0
Бөлісу:

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтану кафедрасында Global dialogue электронды журналының кезекті саны таныстырылды. Президенттің рухани жаңғыру бастамасымен үндескен журнал мемлекеттік тілде жарық көріп келе жатқанына үш жылға жуық уақыт болды. 

Global dialogue журна­лын халықаралық әлеумет­танушылар қауымдастығы (ISA) шығарады. Редакторы – заманамыздың әйгілі әлеу­меттанушылардың бі­рі Майкл Буравой. Басы­лым әлемнің 17 тілінде жа­рық көреді де, әзірге Ха­­лық­аралық әлеумет­тану­шы­лар қауымдастығының сайтына орналастырылады. Журналдың басты мақсаты – қоғамдық (бұқаралық) әлеу­­меттануды дамыту, яғни қоғамның сан ал­уан саласындағы әлеу­мет­­­тік, әлеуметтік-эконо­ми­­калық, әлеуметтік-рухани түйткілдерге ғылыми-әлеуметтанулық тал­­­даудың нәтижелері мен қорытындыларын, мүмкін­ді­гінше әлеуметтанушы-сарапшылардың тұжырым­да­рын, өзекті пікірталастарды, оқи­­ғаларға әртүрлі көзқарас­тарды көпшілікке жеткізу.
Қазақша «Жаһандық диалог» деген атаумен шыға бастаған журналдың ана тіліміздегі нұсқасы 2015 жылдан бері Еуразия ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасы про­фессорлық-оқытушылық құрамының еңбегі нәтижесінде жарық көріп келеді. Қазақ тіліне аудару бастамасын ұсынған – әлеуметтанушы ғалым, профессор Айгүл Забирова.

Журналды ана тілімізде шығаруда көзделген мақсат – әлеуметтану ғылымының қазақ тіліндегі контенті кеңістігінің сандық және сапалық мазмұнын арттыру, қазақ оқырманын әлем елдеріндегі өзгерістерге әлеуметтанушылар тұрғысынан қарауға үйрету. Қазақ әлеуметтануының  ғылыми-категориялық аппараты қалыптасуындағы қиындықтарға қарамастан журналдың шығуына белсенді атсалысып жүрген топта әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, доцент Баян Смағамбет, әлеуметтанудан философия докторы (PhD)  Әділ Родионов, магистрлар Алмаш Тілеспаева, Ғани Мадиярбековтар бар.

«Бірнеше күн бұрын   редакциялық топ журналдың осы жылғы алғашқы шығарылымын таныстырды. Таныстыру барысында мамандар мен әлеуметтанушы студенттер журналда көтерілген мәселелердің қазақстандық қоғамға да қатыстылығы мен өзектілігі мәселесін көтерді және басылымның әлеуметтану ғылымын ана тілінде игерудегі орнына баға берді. Редакциялық топ қазақ тіліне тәржімалау жұмысындағы түйткілдермен бөлістік.Жалпы, журналды қазақ  тіліне  тәржімалау ғылыми-категориялық аппараттағы  бірізділікті қалыптастырады деген ойдамын. Бұл журналдың қазақ қоғамы үшін берері  мол. Осы тұста  осынау  халықаралық басылымды  отандық ғылыми айналымға енгізуге атсалысқан  маман, Назарбаев университетінде ғылыми қызметкер болған, әлеуметтанудан философия докторы, марқұм Дәуренбек Күлейменовтің  еңбегін ерекше атап өткім келеді.Ол жас та болса көп еңбек сіңіріп кеткен еді »,-деді әлеуметтану ғылымдарының кандидаты,  доцент Баян Жүзікбай қызы.

Журналды қазақстандық қауымға ұсынушы топ кәсіби бағыттағы мәтіндердің аудармасымен айналысатын жастарға қамқорлық  ісін де жүйеге келтіруді қолға ала бастады. Бір сөзбен айтқанда  «Global dialogue»   журналы жас әлеуметтанушылардың  төрткүл  дүниеге ашылар қақпасына айналған жайы бар.

 

А.ІЗГІЛІК

Бөлісу:

Пікір жазу


*