Ғажап құбылыс

370
0
Бөлісу:

Бүгін біз Камалдың бейнесін ес­те қалған естеліктерден елестетіп отырмыз.
Камал екеуміздің туып-өскен жеріміз – қазақтың бағына біткен, үш жүздің басын бір ту астында біріктірген, қасиетті мекен – Ұлы­таудың төсі. Камалдың әкесі ауыл мұғалімі болған, репрессиялық қу­да­лау­ға ұшырап, ерте дүние салды. Камал ол кезде он бірде, атасының асырауында қалды. Балғын балалық шақтың қызығын бірінші сыныптан бастап бірге көрдік. Жоғары оқу орнына да қатар түсіп, әрқашан бір-бірімізден көз жазбадық.
Мектеп қабырғасында жүріп сұм соғыстың сұрапыл жылдарының ауыртпалығы мен одан соңғы тар заманның қиыншылықтарын кө­­ріп өстік. Ол уақыт біз үшін ру­хани дүниеміздің қалыптасқан, ма­ңызды кезең болатын. Ел тағ­ды­­рына байланысты сұрақтар Камалды ертеден толғандырды, алғашқы мақалалары мектепте жүріп-ақ аудандық, облыстық, республикалық газеттердің беттерін­де жарық көрді.
Кеңес заманында шыққан те­­­гің жайлы айтудың жөні бола бер­мейтін, оны зерттеу мүмкін болмады, барлық дерек ауызба-ауыз беріліп отыратын. Болыс болған әйгілі бабасы Бабырдың Яссауи кесенесінің қасында жерленгенін естіп Камал қуанған болатын. Отан соғысының жаужүрек тілшісі, атақты жазушы Баубек Бұлқышев көкесін әрдайым пір тұтты. Бұлқышев есі­мі­мен аталған сыйлықпен бүгінде жас дарындар марапатталады. Еке­уі жиі хат алысып, хабарласып тұр­ды. Баубектің айтқан кеңесі мен өсиет­тері Камалдың еңбек жолына бата болды.
Көзқарастарының қалып­та­суы­на себепші болғандардың бірі – жұбайы Нәдләнің ағасы, Әнуарбек Шманов, білімдарлығы зор осы жанның идеялық қағидалары пар­тия­­­лық ұстанымдарға сәйкес келе бермейтін.
Камал Смайылов жайында сөз қозғау – қызығы басым, күрделі іс, себебі, ол – ХХ ғасырдың ортасынан бастап отандық тарихта орын алған өзекті оқиғалардың қайнаған орта­сында жүріп, қоғамдық және мемлекеттік қызметтің ауқымды шеңберінде жарты ғасырдай еңбек еткен, қоғамда есімі танымал тұлға.
Республикалық газеттің мен­­шік­ті тілшісі мен түрлі үш жур­нал­дың бас редакторлығынан – Орталық комсомол комитетінің хатшылығына, екі бөлек министр­лік­ті басқарудан – Орталық партия коми­тетінің бөлім меңгерушілігіне, Журналистер одағының төрағалы­ғы­нан – Жоғарғы кеңестің депу­тат­тығына, қатардағы мұғалімнен – Өнер академиясының про­фес­сор­лығына, нақты тәжірибеден – жал­пы теориялық ғылыми талдауға дейінгі жолды жүріп өтті.
Қазақ университетін үздік дипломмен аяқтап, қызметін «Ле­нин­­­шіл жастың» (кейінгі «Жас Алаш») меншікті тілшісі ретінде бас­тап, өзін тамаша публицист ретінде таныта білді. Бір ғана «Қыз намысы» атты мақаласы Орталық комсомол комитетінің арнайы қау­лы қабылдауына себепші болып, есімін елге танытты. Алғашқы ғы­лы­ми-көпшілік «Білім және еңбек» журналының редакторлығы кезінде ұлы тұлғалар Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланның еңбектерін жариялап қоймай, өздерін редак­ция­­лық кеңестің мүшелігіне тартқан еді.
Орталық комсомол комите­тін­де­гі хатшылық қызметі тұсында Өз­бек­әлі Жәнібековтың өзімен үзеңгілес-әріптес болып, осы та­ма­ша жанның сол кезеңдегі барлық айрықша бастауына белсенді көмек көрсеткен еді.
Киностудия директорлығы, Мемлекеттік Кино төрағасы орын­басарлығы қызметтерінде «Қа­зақ­фильмнің» шатыры астында көр­кемдік кеңестің мүшелері ре­тінде Ш.Айманов, Ә.Нұрпейісов, О.Сүлейменов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Мұха­меджанов, Ә.Марғұлан, Ә.Әлімжанов, Ә.Тарази, С.Мұрат­бек­овты шақырып, отандық мәде­­ниет аспанында Р.Бағланова, Б.Төле­­­генова, Е.Серкебаев, Ә.Мәмбетов, А.Әшімов сияқты өнер жұлдыздарын жарқырата алды. Қазақ киносын бүкіл одақтың көрермендеріне танымал еткен, классикалық туындыларға айналған: «Транссібір экспрессі», «Тақиялы періште», «Қыз Жібек», «Қилы ке­зең», «Атаманның ақыры», «Шоқ пен Шер», «Нан дәмі» фильмдерінің жарыққа шығуына ықпал етті.
Өзінің бүкілодақтық кино мен теледидар форумдарында сөйлеген жалынды сөздерімен Қазақстанға тағылған «шеткері мекен» айдарын жоя алды. 1975 жылы Алматыда оның ынтасымен кеңестік және әлем­­дік жұлдыздарды жинаған Ха­лық­­аралық кинофестиваль өткізілді.
Ол әрдайым қалыптасқан жағ­­дайдың құрсауынан шығатын жол­ды таба білді. Мысалға, Ғабит Мүсіреповтің 1940 жылы жазы­лып, ұмыт қалған «Қыз Жібек» сце­на­рийіне жан бітіріп, жоспардан тыс өндіріске енгізіп, қосымша қар­жы­л­андыруды одақтық бюджет бөлінісі кезінде іске асыруы – ғажап іс. Оның зор ынтасымен кейіннен халықаралық сыйлыққа ие болған «Шоқ пен Шердің» сценарийі «Қыр­­ғызфильмнен» қайтарылып алын­ды. Шәкен Аймановтың қойы­лы­мындағы «Атаманның ақы­ры» фильмін экранға шығаруда ора­сан қиындықтардан өтті. «Қилы за­ман» фильмін жарыққа шығаруда қар­жылық шиеленістерді шешу жауапкершілігін мойнына алды. Үміт оты өшіп, қиналыс басқан тұс­та да ұлттық анимациялық муль­тип­ли­кациялық фильмге жол бере алды. Осы бастаудан соң 200-ден артық мультфильм экранға шыққан еді.
Мемлекеттік телерадиодағы қызметіне келген кезінде теледидар са­ласы арманшылдық кезеңді ба­сы­нан кешіруде болатын, оған ісі­не шексіз берілген, жігермен ал­ға бастайтын жетекші қажет еді. Партиялық-мемлекеттік тә­­жіри­беден өткен, бұрын Мемле­кет­тік киноны басқарған, белгі­лі журналист жаңа орынды бөтен­сі­мей, бірден қызу басқару ісіне кі­рісті. Мәскеу теледидарының көлең­кесінде қалған қазақ теле­дида­­рының көңілсіз хабарлары Смайы­­ловтың келуімен жанданып, кө­рер­менді қызықтыратын жаңа, әсерлі кейіпке көшті.
Ол Кеңес Одағының біртұтастық ұстанымдарына сай Қазақстанның көп ұлттылығы өнерде бейнеленуі тиіс деп санады. Өзі құрған «Ай­тыс», «Терме» секілді ұлттық бағ­дар­ламалардың шеңберінен асып, түрлі мәдениеттің өзара сұхбатын құрды. Соңынан «Азия даусы» халықаралық фестивалі мен шат-шадыман «Тамаша» бағдарламасына ұласқан «Медеу жұлдыздары», «Ал­ма­ты қонақтарды қарсы алады» ха­бар­ларының ынта берушісі мен ұйымдастырушысы болды.
Арыңа ақау түсірмей табысты болу – ауыр міндет, бүгінгі күнге жат, «ескірген» ұғым. Камалдың ерекшелігі, қымбат жандарын әрдайым көңіл сарайының төрінде ұстап, қадірлейтін немесе әрдайым өзінің жүрегіндегі жақсылықты баршаға таратқысы келіп тұратын.
Үнемі өзі мен өзгенің бойын­дағы жақсылықты ұштап, қара­па­йым жанға дарындылық сезім сыйлайтын қасиеті бар еді. Үл­кен теледидар саласында көп есім­ге жолдама берді, мысалға, Ғә­­ділбек Шалахметов кезінде ин­женер болған, кейіннен «Мир» теле­компаниясының президенті Ер­лан Бекхожин, осы компанияның тележүргізушісі, әйгілі «Азия даусы» фестивалінің продюсері Мұрат Ерғалиев, осы бағдарламаның басты продюсері Александр Пономарев – Смайыловты өздерінің қадірменді ұстазы санайды.
Камал сол заманның кино­сы, те­ледидары мен журналис­ти­ка­сын­­дағы барлық шығармашыл үр­діс­тің ұйытқысы, ынта берушісі, ұйым­дастырушысы болғандығы сөзсіз.
1986-88 жылдары Камал
Сма­йы­­лов Орталық партия ко­ми­­те­тін­де мәдениет бөлімінің мең­ге­ру­ші­сі қыз­метін атқарды, бұл кезеңде өзі құрылысына қатысып, жасам­паз­ды­ғына қоғам зиялысы, мәдениет қайраткері, ХХ ғасыр аяғының ше­жі­реші-жазушы ретінде үлес қосқан Қазақстан елі түбегейлі өзгерістердің алдында тұрған болатын.
Ол партияның қолындағы сойыл соғар болмады, сол кезеңдегі барлық нағыз мәдениет қызметкерлері сияқ­ты белгілі тәртіпті ұстанғанмен, әде­мі сөзді жалау етіп, жеке мақсатты көздейтін пиғылдан аулақ болды.
Өзін партияның «адал қызмет­кері» санады, бірақ «партия» ұғы­мы­на ол елді, халықты, оның тари­хын, сан ұрпақ ерлік көрсетіп, шай­қас­тар­да қорғаған елдің болашағын жатқызды.
Камал Смайылов партиялық-кеңестік биліктегі әріптестерімен бір мектептен өткеніне қарамастан, оларға ұқсамайтын. Оның күн сәу­ле­сіндей шуақты, қарсы келгенді қарусыз жайрататын жылы жүзі, адамдарды түрлі деңгейге бөлмей, бірдей қарапайым қабылдауы – мәселелердің түйінін жеңіл де тез шешуіне көмектесетін. Отырған ортасын өзіне бірден баурап алып, жылы шыраймен шүйіркелесе кете­тін мінезінен ешуақытта танбайтын.
Қашан да қалың қауым орта­сын­да, кабинетінің адам кірген сайын кеңи түсетін қасиеті бар болып көрі­не­тін. Ол отаншылдық рухқа толы көп­теген республикалық, белгілі ресейлік басылымдардың рухани ортасында өмір сүрді.
Қоршаған ортасы да оның тұл­ғасына қызығушылық танытты. Олар әрқайсының өзіндік ерекше­лі­гі бар, мәдениеттік, идеологиялық және эстетикалық ұстанымдары жағы­нан біріне-бірі сәйкес келмей­тін, кейде қайшы келіп жататын түрлі ағым өкілдері болатын.
Сан салаға бағытталған, жан- жақты қызметінде туындайтын қай­шы­лықтар мен таластарда жүйелі ойы мен табиғатының зерделігі әділ шешім қабылдауына көмектесті.
Қызметі мен өміріне тән бір бағытқа жұмыла кірісетін, керіс­­тен алшақ, жатық қимылы басы­лым­дары мен кітаптарынан анық байқалады: «Өмірді өзімен өл­ше­сек», «ХХI ғасырға саяхат», «Ғасыр қыр­қасында», «Оянған ойлар», «Жиырма жеті жолданбаған хат», «Елім саған айтам, Елбасы сен де тыңда», «Жеті қыр, бір сыр» және т.б. Оның қаламының ұшынан 230 мә­селелі очерктер мен мақалалар, 15 кітап шыққанын айту жеткілікті.
Қоғамның жолыққан күрделі мәселелері жайлы алғашқылардың бірі болып біліп, ортаға салған ойы замандастарының көңілінен шығып жататын. Мақалалары мен кітаптары арқылы оқырманды тарихқа қа­тыс­ты етіп, қоғамдағы маңызды үр­­діс­­терге тартып, Қазақстанның жуырдағы болашағына сапар шек­кізіп, толғануына себепші бо­ла­­тын. Мысалға, ядролық поли­­гон, Байқоңырдағы ғарыш және Сарышағандағы зымыран ай­­лақтары жайында үнемі аса алаң­дау­шы­лықпен жазды, қырық жылдан артық ядролық жарылыстан зардап шеккен халыққа лайықты өтемақы төленіп, Байқоңырдың елге бет бұруы қажеттігі жайында айтты («Қиғаш кітап», 2000 ж.).
Оның өзектілігіне баға жетпес публицистикасын Б.Сердалин дис­сертациялық тақырып етіп алды. Камал Смайыловтың өзі де журналистігімен қоса, кино сала­сындағы ғылыми зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізіп, осы салада елуден астам мақала жазған еді.
Жаңа заман жаңаша ой­лау­­ды талап етеді. Өзінің басы­лым­­дарында ол еліміздің күйі, құн­д­ы­лықтарымыздың келбеті, бүгіннің бейнесі жайында байыпты, жа­ңа­ға жала жаппай, жаңарған Қазақ­стандағы жүріп жатқан үрдіс­тер­ге баға бере сөз қозғады. Ол біз­дің өмір сүріп отырған өзгерістер дәуі­рі­нің оң белгілері басым екендігін түсіне білді.
Өтпелі кезеңнің қиындықтарын жеңу жайында жазылған «1996 жылғы тәуелсіздік туралы ой­лар» басылымы хақында Рес­пуб­­лика Президенті жылы пікір біл­­­дірді. Бұл оның өз әре­кетін қо­ғамның мүддесіне сәйкес ұс­тап, жоғары жауапкершілікпен қарай­тын­ды­ғы­ның белгісін таныт­қан еді.
Ол сан алуан тақырып пен бағытқа қалам тартып, бір соқпаққа түспеді. Камалдың еркіндігі – түрлі топтың қаржылық мүдделері мен ақпараттық соғыстардан алшақ тұруында еді, кейбір журналистер секілді адамның абыройын төгуден алшақ болатын.
Журналистика, кино мен теле­дидардағы қызметі арқылы сан алу­ан тағдырмен танысып, түрлі мінез-құлыққа қанықты. («Жеті қыр мен бір сыр», 2000 ж.). Адамның жан дүниесінің құрдымға құлдырауы мен қырандай самғауының құпиясын зерттеді. «Адамды білсең, Камалдай біл» дер едім.
Бойындағы ұстаздық қасие­тін Жүргенов атындағы өнер ака­де­мия­сында ұштап, ұрпаққа тәлім-тәр­бие­сін беруден жалық­па­ды. Берген білімі мен өзіне тән білікті, шапшаң сөйлейтін сөзі тыңдарман қауым үшін өсиетпен тең болатын.
Жайсаң жан отбасылық өмі­­рінде де жайдары болды. Жұба­йы Нәдлә – Абай атындағы педа­го­ги­­калық университеттің құрметті про­фес­со­ры. Ұлы Сәлім мен қызы Зайра жо­ғ­ары оқу орындарын үздік бітіріп, кә­сіпкерлік істе табысты еңбек ету­де. Қатаң тағдырдың қасіреті ай­на­лып өтпеді, дипломаттық жолды таң­да­ған ұлы Нұрлан өмірден мезгілсіз озды.
Атасы ретінде немерелері Нә­зи­ко, Нариман мен Әсияны шексіз қам­қорлығы мен мейіріміне бөледі, олар үшін атасының атақты­лы­ғы маңызды емес еді, жанындай жақ­сы көретін аталары­ның жұм­сақ ала­қа­ны­нан артық нәрсе болмай­тын.
Жеке көлік пен саяжай ізде­мей, барына қанағат етті. Барымен ба­зарлы болды, сахна төрін бер­мей­тін эстрада әншісі емес, зер­делі жазушы-журналистің жаны әрдайым қарапайымдылықты қалады. Камал Смайыловтың өмірі мен ісі – құрметке қатар лайықты, табиғат пен қоғамның үндескен ғажап құбылысы.
Жаңа уақыт лебі жаңа есімдерді ала келеді. Бірақ тарихтың асау толқынына Камал Смайылов секілді тарландардың есімдері ғана төтеп береді. Ол көпшілік үшін қайталанбас, шыңы биік тұлға ретінде қала бермек.

Камал Смайылов – қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында маңызды ұмтылыс жасай алған сирек публицист-жазушылардың бірі.
Камалдың бар ғұмыры белгі-бе­дерлі оқиғаларға толы болды, солардың ортасында жүріп өрелі, әсем шығармашылық өмірбаяны қалыптасты. Ол уақытпен бірге жасап, әрдайым жаңа қырынан табылып, өзінің ұшқыр ойларының ұшқынымен өрнектеп, тайға таңба басқандай етіп жазатын мақа­­ласымен таң қалдыратын. Жазу­шылық ар-ұятына нүктедей қылау түсірмей, талғампаз оқырман­ның көңіліне төрледі.

Төрегелді ШАРМАНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*