ЕМ АЛУ МЕН ДЕМАЛУ

623
0
Бөлісу:

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында 200-ден астам шипажай бар. Олардың жұмысын бірыңғай басқару жүйесіне көшіру, шипажайлық кешендерді дамытудың мемлекеттік стратегиясын әзірлеу, осы салаға инвестиция тарту – өзекті мәселелердің бірі. Бұл жөнінде ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы ұйымдастырған «Шипажай – 2017» халықаралық ғылыми-практикалық форумда талқыланды. Алқалы жиын Бурабай шипажайлық аумағында орналасқан Оқжетпес емдеу-сауықтыру кешенінде өтті.

ЖАНҒА – ШИПА, ДЕРТКЕ – ДАУА


Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы ши­пажай­лық саланы дамытуды ал­ғашқылардың бірі болып қолға алып, осы саладағы көптеген істерге бастамашы болып келе жа­тыр. Соның бір көрінісі – был­тырдан бері медициналық ор­та­лық «Шипажай» атты ха­лық­­аралық форумды өт­кізу­ді қолға алды. Оның басты мақ­саты – шипажайлық істі да­мы­ту, медициналық оңалту ісіне ұйым­дастыру-әдістемелік негіздерді енгізу және шипа­жай­лық салаға білікті кадрларды даярлау.
Алғашқы жиын былтыр Алатау бөктеріндегі «Алматы» шипажайында өткен еді. Биыл Бурабай өңірінде орналасқан Оқжетпес емдеу-сауықтыру ке­шенінде ұйымдастырылды. Оның өзіндік себебі бар. Көкшенiң бұл өңiрi демалысқа қолайлы мекен ғана емес, тарихи орын. Абылай орда тiккен жер. Сәкен сұлулығын жырлап өткен өлке. Бейнелi Оқжетпес, Жекебатыр таулары, көлдiң ортасындағы, ұзындығы 18 метрлiк Жұмбақ­тас –
туристердiң қызығушылығы мен таңданысын туғызған аңызға толы мекен. Осындай тамаша өлкеде орын тепкен Оқжетпес шипажайы биыл 50 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр. Осы уақыт ішінде аталмыш де­малыс орны айтарлықтай табыстарға жетті. 2006 жылы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сумен және климатпен емдеу федерациясы Бас ассамблеясының шешімімен «Әлемнің үздік шипажайы» атағы берілді. Содан кейін «Еуропалық сапа» марапатына ие болды.
«Шипажай – 2017» форумында Оқжетпестің қызмет көрсету сапа­сына жоғары баға берген Ресей Федерациясының Ұлттық шипажайлық қауымдастығының пре­зиденті, академик-ғалым Алек­­сандр Разумов шипажай ұжы­­­мына «Сапа сертификатын» та­бы­стап, алғысхатпен мара­пат­тады.

РАДОН СУЫ ЕНДІ БУРАБАЙДА ДА БАР

Оқжетпес емдеу-сауықтыру кешеніне келушілер мұнда әрі емделіп, әрі демалып қайтады. Шипажайда жүрек-қан тамыр­лары жүйесі, тыныс алу мүшелері, тірек-қимыл аппараты, ас қо­рыту жүйесі, эндокриндік және жүйке жүйесі аурулары мен уроло­гиялық, гинекологиялық сырқаттар бойынша емдік шаралар жүргізіледі.
«Шипайжай – 2017» форумы аясында Оқжетпесте радон қо­сылған минералды су көзі пай­далануға берілді. Мұндай шипалы су әлем бойынша бар болғаны 500 жерде бар екен. Енді радон суы Оқжетпесте де пайда болды.
Радон – өте қымбат тұратын инертті газ. Осы минерал қосылған су адам ағзасына өте пайдалы. Ол қан қысымын қалпына келтіруге, жүрек қан-тамырлары ауруын емдеуге, иммунитетті көтеруге таптырмас ем. Тіпті сүйек тініне кальцийдің сіңірілуін жақсартуға да көмектеседі.
Жалпы, Қазақстан Прези­ден­ті Іс басқармасы­ның медициналық орталығында 4 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Олардың ішінде профессорлар мен 500 дәрігер, 12 ғылым докторы мен 51 кандидат бар. Медициналық орталықтың шипажайлық ұйым­дарында жыл сайын 25 мыңнан астам адам демалып, қажетті ем-домын алып шығады.

ШИПАЖАЙЛЫҚ САЛА ҚАЙТСЕ ДАМИДЫ?

ҚР Президенті Іс басқар­масының медициналық орталығы қолға алған «Шипажай – 2017» халықаралық ғылыми-прак­тикалық форумы шипажайлық ісін дамытуға байланысты көп­теген келелі мәселелерді көтерді. Былтырғы алғашқы жиында бас қосқан мамандар еліміздегі оңалту ұйымдар мен шипажай­лық қызметті бір орталыққа біріктіру жөнінде бастама кө­теріп, соның нәтижесінде, Қа­зақстанның Ұлттық шипа­жай­лық ассоциациясы құрылған еді. Енді алдағы уақытта ши­па­жай­лық істерді зерттеумен айналысатын ғылыми институт ашу жоспарланып отыр.
ҚР Президенті Іс басқар­масының медициналық орталы­ғының басшысы, «Шипажай» форумын ұйымдастыру коми­тетінің төрағасы Валерий Бен­бериннің айтуынша, азамат­тардың денсау­лығын нығайтып, созылмалы сырқатпен ауырған жандардың жаны мен тәнін қалпын келтіруде шипажай­лық кешендердің көмегі көп. Бүгінде бұл сала сауық­тырудың ең тиімді әдісі ретінде әлемдік практикада кеңінен қолданылып келеді. Қазақстан да оңалту шараларына айрықша маңыз беріп отыр. Бұған бірден-бір себеп – медицина саласының қарқынды дамуы. Елімізде бұрын-соңды болмаған күрделі оталар жасалып жатыр. Соның есесіне денсаулықты қалпына келтіру, оңалту шараларына сұраныс күрт өскен. Айталық, жүрек, бауыр, буын ауыстырған жандар мұндай ауыр операциядан кейін ұзақ уақыт бойы оңалту шараларынан өтуі керек. Олар­ға тиісті деңгейдегі сапалы медициналық көмек көрсету үшін шипажайлық кешеннің материалдық-техникалық ба­за­сы мығым, мамандары білік­ті болуы тиіс. Сондықтан шипа­жайлық кешендерге кадрлар даярлау мәселесі өзекті тұр. Бұл түйткілді шешу үшін елімізде бірнеше институт ашу қажет. Онда дәрігерлермен қатар, шипажайлық кешендерді дұрыс басқара білетін менеджерлер де оқытылуы тиіс.
Жиында сөз сөйлеген Пре­зидент Іс басқармасының ап­па­рат басшысы Азамат Әмірғалиевтің айтуынша, ден­саулықты қорғау – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Соңғы жыл­да­ры денсаулықты қалпына кел­тіру саласына да маңыз беріліп отыр. Сондықтан шипажайлық кешендердің жұмысын тиісті деңгейге көтеру – уақыт талабы. «Қазақтың ұлан-ғайыр жері пайдалы табиғи ресурстарға бай. Осындай ен байлығымызды ұқсата біліп, емдік-сауықтыру ісіне кеңінен қолдануға мүмкіндік жасау керек» деді ол.
Еуразиялық медициналық қауым­дас­тық­тың вице-президенті Надежда Петухова шипажайлық салаға тың серпіліс пен жаңаша көзқарас қажет деп санайды. «Еліміздің медицинасы бүгінге дейін «Саламатты Қазақстан» бағ­дарламасы бойынша дамыды. Енді 2019 жылға дейін «Денсаулық» бағдарламасын қолға алдық. Бұл бағдарлама аясында азаматтардың денсаулығын нығайту, қалпына келтіру шараларына байланысты көптеген жайттар айтылған. Біз осы саланы ғылыммен қатар дамытуымыз керек. Шипажайлық кешендердің жұмысын тиімді үйлестіріп, ары қарай ілгерілету үшін ғылыми-зерт­теулер жүр­гізген жөн. Осы саланы табысты өркендетіп отырған елдердің ұзақ жылғы тәжірибесін зерделеуіміз қажет» дейді Н.Петухова.
Тәжірибе демекші, ха­лықаралық форумға Ресей, Германия, Венгрия, Бол­гария елдерінің сарапшылары қатысып, ойларын ортаға салды.
Айталық, Башқұртстан премьер-министрінің орын­басары Салават Сагитов өз ел­деріндегі медицинаның аяқ алысына тоқталды. Оның айтуынша, ұлтының болашағын ойлаған кез келген мемлекет әуелі денсаулық саласын түзеуге ден қояды. Башқұртстанның медицина саласында да қазір жақсы өзгерістер бар. Бүгінде бұл елде 4 миллионнан астам халық тұрады. Олардың орташа өмір сүру жасы 71-ге жеткен. Соңғы жылдары ана мен бала өлімі де азайып, демография саласы да көңіл көншітерлік жағдайға жетіпті. Салават Сагитов мырза Башқұртстанда шипажайлық ке­шен­­дер жекеменшікке берілме­ге­нін, бұл сала мемлекеттің есе­бі­­нен да­мып келе жатқанын айт­ты. «Ха­­лықаралық рейтинг бойын­­ша Ресейдің он шипажайы әлем­нің үздік шипажай қатарына енді. Солардың бесеуі біздің Баш­­құртстанның демалыс ор­ны екенін мақтанышпен айта аламын. Біз бұл саладағы тәжіри­бе­мізді сіздермен бөлісуге дайын­быз» деді ол.
Халықаралық конференция­ға қатысу­шылар шипажайлық ке­шен­дердің ин­вестициялық тар­тым­дылығын арттыру, бұл саланы жекеменшік капитал тарту арқылы дамыту сынды мәселелерді тал­қылай келе, шипажайлардың әлеуметтік-эко­номикалық да­муын ұзақмерзімге жобалау тетік­терін жетілдіру қажеттілігіне тоқталды. Бұл ұсынымдар түгел форумның қарарында айтылып, шипажайлық кешенді ары қарай дамыту жос­парына енгізілетін болды.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Бөлісу:

Пікір жазу


*