ЕЛБАСЫМЕН БОЛҒАН ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

622
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, еліміздің мәдени-гуманитарлық саласымен қатар, қоғамдық-саяси саладағы кең ауқымды мәселелерін қозғады. Белгілі жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков және Смағұл Елубаев қатысқан басқосуда латын әліпбиіне көшу, демографиялық ахуал, көші-қон саясаты, үш тілде білім беру жүйесін енгізу және тағы басқа мәселелер қамтылды. Тәуелсіздік жылдарында іске асырылған ірі шығармашылық жобалардың маңызды тұстары талқыланды. Осы орайда, кездесуге қатысқан қаламгерлердің пікірін білген едік. 

Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Туған жерге туыңды тік

– Кездесу өте жоғары дәре­жеде өтті. Елбасы бізді жы­лы шыраймен, өзінің бауыр­ларындай қарсы алды. Кез­десу алдында үшеуіміз бір-бірімізді қайталамайтындай пікір айтамыз деп келіскенбіз. Негізгі үш мәселе: бірегейлік, туған жерге туыңды тік және ла­тынға көшу жайында сөз қоз­ғадым. Бірегейлік дегенде бір атадан тараған үш бауыр, үш ел, үш ауыл екенімізді айттым. Арыс бабамыздың ұрпағымыз. Бір ақсақалдан тараған басқа ешқандай мемлекет жоқ дедім. «Туған жерге туыңды тік» деген сөз жүрегімізде жүрген нәрсеге дөп басты. Адамның өнебойын шымырлататын нәрсе. Туған жерін жақсы көрмейтін адам жоқ. Оның ескерткішін, та­рихын білу керек. Соған әкім­дердің өз дәрежесінде көңіл бөлмейтінін айттым.
Әбілхан ағаны мысал еттім. Оларға Жаркенттің кез келген жерінен көше бере салып, міндетіміз атқарылды деуге бола ма?! Дәнеш ағамызға анау бір қиыр шеттен, Әбілхан ағамызға мына қиыр шеттен көше берілді. Осы жердің тумасы, туған жері екенін көрсететін бір ниет жоқ. Кіре берісте екі көше айқасып жату керек дедім. Бір көше Әбілхан ағаныкі, екінші оған айқасқан Дәнеш ағанікі болуы керек. Сонда ғана қазақтың біртуар ұлдары, Жаркенттің ғана емес, Қазақстанның мақ­танышы екенін жұртшылық түсінеді. Бұл үлкен проблемалық мә­селе емес. Тек көшелердің орны ауысуы керек. Келесі алаңдататын мәселе – тарихи ескерткіштерді қорғау. Біздің ауданда бірде-бір ескерткіште «мемлекеттің қорғауында» деген тақта жазылмаған. Міне, содан әркім білгенін істейді. Тіпті Орбұлақтың басындағы жартасқа біреу өзінің атын жазып кетіпті. Жыл сайын әкімдер есеп берген кезде, облыстағы ақын-жазушылардан ар­найы комиссия құрса, мен Орбұлаққа барды ма, Аңы­рақайды, Райымбектің шай­қас­қан жерін көрді ме деп бәрін сұрар едім. Тіпті жай басшы ретінде көріп тәу етуге тиіс екенін айтармын. Содан келесі жылы бұл мәселе шешілер еді. Сонымен бірге, латынға көшу жайы айтылды. Латын қарпіне көшу дегеніміз – әріптерді өзгерту емес. Қаншама жыл қазақ тілі орыс тілінің ережесіне бағынып келді. Өз тіліміз өз табиғатында дамымады. Бұған көшу үшін біздің тіліміздің табиғатына негізделген емле жасау қажет. Үндестік заңын негізге ала отырып әуелі емле жасалуы тиіс. Содан кейін латын әліпбиіне көшуге болады. Елбасы бұл мәселенің барлығын мұқият тыңдап отырды. Әңгіме Шыңғыс ханға ойысып кетті. Ойымыздағының бәрін айттық. Мемлекет басшысы сөзімізді тоқтатқан да, қаққан да жоқ. Сөзінің аяғында «Мен де пікір­леріңді емін-еркін айтсын де­д­ім, өзім де бір марқайып қал­дым» деді. Біз бұған қуандық. Ен­дігі мәселе – көтерілген мәсе­лелерді дұрыс жүзеге асыру керек.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

Көкейдегі мәселелерді қозғадық

– Елбасының зиялы қауым өкілдерімен өткізген кездесуі көңілімнен шықты. Көпшілігін «неге осы үш жазушыны таң­­да­ды?» деген сауал маза­лай­ды екен. Бексұлтан Нұр­жекеев Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығында Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Смағұл Елубаевтың Америкада романы шықты. Мен болсам, Еуропаға жол аштым. Біздің таңдалу себебіміз – осы.
Кездесуде латын қарпі, көші-қон мәселесі сөз болды. Одан қалса, қазақтың демографиялық ахуалы бүгінде мүшкіл болып тұрғаны рас.Тілге байланысты әңгіме айтылған жерде оралман­дар мәселесі көтеріледі. Бұ­рын­дары жақсырақ еді. Қазір Қазақстанда төрт жыл тұруы керек. Содан кейін барып аза­маттық ала алады. Осыдан барып «олар осы уақыт аралығында қайда тұрады, мал қорада түней ме?» деген сауал туындайды. Енді осы мәселені реттейтін болады. Латын алфвитіне ауыс­тыруға қатысты қазақ мектептері әліпбиге өтіп, орыс мектептер өтпей қалатын түрі бар. Орыс мектептеріндегі оқу­шылардың 70-80 пайызы – қазақ балалар. Сонда олар кириллицамен оқып, қазақ мектептеріндегілер латынға ауыса ма? Осыдан болашақта бір-біріне қарама-қайшы екі тарап пайда болады. Тіпті арада конфликт те туындап кетуі мүм­кін. Мұны қалай қыламыз? Сондықтан менің ұсынысым – ақыры рухани жаңғыруға бағыт алған екенбіз, Қазақстандағы барлық мектептерді түгел ла­тынға өткізу керек. Сол кезде ғана тепе-теңдік орнайды. Ел­басы да бұл ойымызды құптап отыр. 2018 жылдан бастап оқулықтар жазыла бастайды. Оны кім жазады? Комиссия мүшелерінің тізімінде тілге, әдебиет пен мәдениетке қатысы бар адамдар болуы керек.
Жазушылардың арасында әртүрлі қарым-қатынастар бар. Келешектің әдебиетін кім шығарады? Ол шығармаларды кім таңдайды? Бұл да –үлкен, күрделі мәселе. Одан кейін тарих, дін жайлы көп айтылды. Теледидардан көрсетілмей қалған тұстар да болды. Жалпы алғанда, айтылмай, көкейде қалып қойған мәселе жоқ деп ойлаймын. Өйткені Президент «жалтақтамай, жасқанбай айтыңыздар. Сыртта естіген нәрселердің басын ашу керек» деді. Көкейде жүрген көп түйт­кілді ортаға салдық. Елбасы да «жылы-жылы сөйлесіп, кө­кей­дегі мәселелерді қозғап мар­қайып қалдым» деп лебізін білдірді.

Смағұл ЕЛУБАЕВ, жазушы:

Үміт пен күдікті қатар айтуға тура келді

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына сүйене отырып, елдің, зиялы қауымның ара­сын­да айтылып жүрген әң­гі­ме­лерді ашық айтуға ты­рыс­­тық. Халықтың атынан ша­қырылғаннан кейін үміт пен күдікті қатар айтуға тура келді.
Әдебиет пен кино сала­сына соңғы жылдары жасал­ған Елбасы қолдауының арқа­сында ел еңсесін көтеріп қал­ды. «Қазақ хандығы» ки­но жобасы мен «Қа­зақ елі» телесериалының жұрт­қа қалдырған әсері керемет бол­ды. Мемлекет басшысының ма­қаласында «әдебиет пен мә­дениетті шетелде наси­хат­тауға мемлекеттік қамқор­лық болады» деп атап өтті. Бұл – зиялы қауымның 25 жылдан бері сұрап келген өтініші еді. Ен­дігі кезекте, әдебиеттің «ал­тын уақыты» саналатын ХХ ға­сырдағы туындыларды алты тіл­ге аудару басталып кететін болса, біз әлем алдындағы халықтың рухани дидарын көр­сетер едік. Бірде АҚШ-тың «Әлем әдебиеті» деген анық­тамасын оқып көрдім. Сон­да «Кеңес әдебиеті» деп орыс­тың классикалық шы­ғар­малары туралы жазылған- да, «Қазақ әдебиеті» турасында бірде-бір сөз жоқ. Бұл тек Аме­рикада емес, көптеген да­мыған мемлекеттерде бар құбылыс. Қа­зақтың әдебиеті хақында бір­де-бір мәлімет білмеген мем­лекет, халық турасында қай­дан білмек? Сондықтан да мә­дениет пен руханиятқа, әде­биетке мем­лекеттік қам­қор­лық жасау, қолдау көрсету – үлкен бас­тама. Сол үшін Елба­сыға алғыс айттық. Бұл – бір.
Үміт пен күдік тудырып отырған мәселе – үштілділік. Мектепте үш тілді оқытуды бас­тап кетті. Баласының үш тіл білуін ешбір ата-ана кем­­шілік деп есептемейді. Мә­селе, үштілділікте емес. Тек мем­лекеттік тілдің жағдайы қа­лай болмақ? Осы ретте, жал­пы үштілдікке ешкімнің қар­сы­лығы жоқ екенін, бірақ не­гізгі пәндер мемлекеттік тіл­де оқытылып, білім бағдар­ла­маларының ба­сым бөлігі осы бағытта жасалса деген идея айттым.
Кешегі көрерменге ұсы­­нылған кездесудің те­лен­ұс­қасына сыймай қалған та­ғы бір мәселе бар. Бүгінгі қо­ғам­да, әсіресе, жастардың ара­сын­да суицид, жезөкшелік, гомо­сексуализм, баласын туып, тас­­тап кету, нашақорлыққа тәуел­ділік сынды түрлі бұған дейін ұлы қазақ даласында бол­маған қылмыстың түрлері көбейіп кетті. Бұл – тоқсаныншы жыл­дары батыс жұртына қақ­­паны ашқан тұсымызда бас­талды. Ең алдымен, сауда-сат­тық, кө­гіл­дір экран, ғаламтор жә­не тағы басқа жолдар ар­қы­­лы бізге қарай батыстың бы­­лық­тары ағылды. Сөйтіп, жас буын өкілдері батыстың озы­ғынан бұрын тозығын қа­былдап жіберді. Нәтижесінде, жаңағы аталған қылмыстар өрши түсті. Бұл – Елбасы мақа­ласындағы «Революциялық емес, эволюциялық дамуы» ат­ты бағытында айтылған ли­­берализмнің батыстағы тұйық­­қа тірелуінен болған құ­бы­­лыс. Сонда батыстың да, шы­­ғыс­тың да ізімен жүру қауіп­ті еке­ні, біздің ұлтқа тән жолмен жү­руі­міз керектігін айттым. Бұл ойым – Президент мақаласындағы «Прагматизмге» келеді.

 

 А.НҰРМҰХАН, А.ИСЛӘМБЕК, Ж.АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*