ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ

304
0
Бөлісу:
Нұр Отан логотип

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің сыртқы байланыс жөніндегі комиссиясының төрағасын қабылдады.

Хоанг Бинь Куан Астанаға қа­зақстандық даму жолы мен елдегі жетекші саяси бірлестіктің жұмыс тәжірибесін зерттеуге және жан-жақты әріптестікті нығайту үшін келген.
Мұхтар Құл-Мұхаммед шетел­дік қонаққа тәуелсіздік жылда­рында Қазақстанның толайым табыстарға қол жеткізгенін әңгіме­леп берді. Біздің республикамыз – ТМД елдерінің ішінде Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын басқарған бірінші және әлі күнге дейін жалғыз мемлекет. Біз БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің тұ­рақты емес мү­шесі болдық. Бос жатқан жерді гүлдендіріп, Еура­зияның нағыз жауһарына айналған астанамызды салдық.
«ЭКСПО – 2017» көрмесінің арқасында таяуда Астанамызға тағы да бүкіл әлемнің назары ауа­тын болады. Біз онда Вьетнамның өзін кеңінен таныстыратынына қуа­ныштымыз. Мемлекет басшы­сы­ның 2011 жылғы Ханойға барған сапарынан кейін Қазақстан – Вьетнам қарым-қатынастары жаңа серпін алды. Ең бастысы, сауда-экономикалық және мәдени-гу­манитарлық өзара ынтымақтастық партиялық байланысымызды нығайта түсуде», – деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Өз кезегінде Ханойдан келген мәртебелі қонақ еліміздің тәуелсіз­діктің 25 жылында жеткен жетіс­тіктеріне қайран қалып, айрықша әсер алғанын жеткізді.
«Қазақстан – посткеңестік кеңістіктегі ең қарқынды дамып келе жатқан ел. Соның арқасында барша қазақстандықтар Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаз саясаты мен «Нұр Отан» партиясын кеңінен қолдап отырғанын білеміз. Сон­дықтан Қазақстанмен тығыз қа­рым-қатынас орнатуға ұмтыла­мыз. Сонымен бірге, Вьетнам­ның «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің Астанада өтуін қол­дай­тынын ерекше атап өткім келеді. Біз зор қуанышпен оған белсене қатысатын боламыз», – деді Хоанг Бинь Куан.
Одан бөлек, кездесу барысында жетекші саяси бірлестіктердің ара­сындағы жемісті әріптестік Қазақ­стан мен Вьетнамның өзара қарым-қатынасына оң әсер ететіні айтылды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*