Қазақстан «сегіздік» қатарына енбек

372
0
Бөлісу:

Жақында Қазақстан әлемдегі «сегіздіктің» қатарына кіретін болды. Бұл туралы Елбасының қатысуымен өткен Астананың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері және «ЭКСПО – 2017» көрмесіне дайындық барысы талқыланған кеңесте мәлім болды. 
Мемлекет басшысы еліміз бен халқымыз үшін алдағы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің маңыз­­­ды­лы­ғын атап өтіп, шетел­дік қонақтар мен Қазақстанның барлық өңірі­нен келетін турис­тер­ді қабылдауға жан-жақты дайын­далу қажеттігіне назар аударды.
– Біз дайындықтың соңғы кезеңіне жеттік, ауқымды жұмыс атқарылды. Елорда екі мил­лион­дай адамды қарсы алуға дайын болуға тиіс. Инфра­құ­рылымды, қо­нақүйлерді, мәде­ниет ошақ­та­рын, қалалық қызмет көрсету ме­­ке­мелерін әзірлеп қою қажет, – деді Қазақстан Прези­денті.
Нұрсұлтан Назарбаев Аста­наның тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы, сондай-ақ әлемнің үздік қаласының біріне айналуға тиіс екенін атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы елорданы одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
– Қаланы басқарудың бар­лық саласында қазіргі заманғы цифр­лық технологияларды енгізу қажет. Үкімет Астананы цифрлық технологиялар енгізілетін негізгі алаңға айналдыруы керек. Менің тапсырмам бойынша, «ЭКСПО» аумағында IT-стартаптардың ха­лықаралық технопаркі ашылатын болады, – деді Елбасы.
Сондай-ақ Қазақстан Прези­денті қаланы Дубай, Гонконг, Сингапур қалаларының үлгісімен дамытуды және онда Еуразия кеңістігі ауқымындағы қаржылық және іскерлік хаб құруды тап­сырды.
– Бүгінде Астанада шетелдік 2700 компания жұмыс істейді. Олар қала экономикасына 3,2 миллиард доллар көлемінде инвестиция салды. Дегенмен бұл ретте қолда бар мүмкіндіктер то­лық пайдаланылмай отыр. Астана арнайы экономикалық аумағы­ның әлеуеті жеткіліксіз пайда­ланылуда. Елорданы одан әрі дамыту барысында урбанизация үрдісін ескеруге тиіспіз. 2030 жылға қарай қала тұрғындарының саны тағы 1 миллион адамға өсуі мүмкін. Бұл қала алдына үнемі жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ел-жұртты еңбекпен қам­тамасыз ету міндетін қояды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қаланың дайындығы мәселеле­ріне назар аударып, ұлттық ком­пания мен Үкімет алдындағы ба­сымдығы бар міндеттерді анық­тады.
– Нысандардың көпшілігінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге дайын. Сонымен бірге, Конгресс-орталық пен мейрам­хананың құрылыс жұмыстары әлі де жалғасуда. Олардың уақтылы тапсырылуын қамтамасыз ету керек. Қонақтар алғаш әуежай мен вокзалға келген сәттен бас­тап-ақ көргенін көңілге түйе бастайды. Барлық инфрақұры­лым толық дайын болуы қажет. Ал­маты, Қарағанды және Көк­шетау қалаларының да әуежай­лары резерв ретінде қонақтарды күтіп алуға дайын болуы керек, – деді Президент.
Н.Назарбаев автокөлікпен келетін туристерге жол бойында қызмет көрсету ісін ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет бас­шысы көрме өтетін күндері мә­дени-көпшілік және ерекше маңызы бар іс-шаралар ұйымдас­тыруға, ақпараттық жұмысқа, Астана қонақтары мен тұрғында­рының қауіпсіздігі мәселелеріне назар аударып, қонақтарды қарсы алуға волонтерлердің дайындық дәрежесі жөнінде сауал қойды.
– Енді көрмені мазмұндық жағынан толтыру мәселесіне ке­лейік. Қатысушы елдер экспо­зиция жобаларын әлі бекітіп бол­ған жоқ. Барлық шетелдік қатысушылардың өз павильон­дарын мазмұндық жағынан толтыру процесін тездетуді «Ас­тана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы мен Сыртқы істер министрлігіне тапсырамын. Қа­зақ­­станның павильонына да ерекше назар аударылады. Оған отандық 28 әзірлеме, соның ішінде жоғары оқу орындарының жобалары іріктеп алынды. Біздің экспонаттар жәдігерлердің ха­лықаралық экспонаттардан кем түспеуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Айтқандай, Қазақстан па­вильоны енді «Нұр әлем» деп аталатыны мәлім болды. Па­вильонды мазмұндық жағынан толтыру мәселесіне тоқталған энергетика министрі Қ.Бозым­баев Елбасыдан «ЭКСПО – 2017» көрмесінің салтанатты ашылуы күні «Токамак» материалтану реакторын телекөпір арқылы іске қосуды сұрады. Бұл бүкіл әлемді отынның қазба көздеріне қазіргі энергетикалық тәуелділіктен түпкілікті құтқарады деп күтіліп отырған термоядролық синтезді игеруге бағытталады. Бұл бірегей қондырғыны ғалымдарымыз Кур­чатовта құрастыруда. «ЭКСПО» көрмесінде оның демонстра­циялық макеті орналастырылады. Энергетика министрі «Токамак» іске қосылғаннан кейін Қазақстан дәл осындай заманауи қондыр­ғысы бар 7-8 елдің қатарына кіретінін мәлімдеді.
Кеңесте Астана әкімі Ә.Исе­кешев, «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» акционерлік қоғамы бас­қармасының төрағасы А.Есі­мов, Энергетика министрі Қ.Бо­зым­баев және Ішкі істер министрі Қ.Қасымов сөз сөйледі.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*