Ұстаздар марапатталды

367
0
Бөлісу:

Астанада Қазақ мемлекеттік заң университетінде «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасы мен «Қазақ тілі мен мәдениетін креативті оқыту» орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі: бүгіні мен болашағы» атты талдамалық дискурсы өтті.
Талдамалық пікір алмасудың негізгі мақсаты – қазақ тілін үйретуге тек ұстаз­­дардың, руханият саласы өкілде­рінің емес, заңгер, кәсіпкер мен өзге ұлт көзқарасымен қарап, олардың пікірлерін білу. Сонымен бірге, тіл үйретуде кәсіпкерлер мен ғалымдар арасындағы байланысты күшейту.
Дискурс қатысушылары Елбасы мақаласында көтерілген сананы жаң­ғырту үшін қатып қалған стереотип­терден арылу керектігін тілге тиек етті. Қазақ тілін көтеру үшін мәжбүрлеп оқытуды қойып, төте жолдарын қолға алған өнімдірек екенін баяндады. Сонымен қатар қатысушылар әлеу­меттік желіде қазақ тіліндегі подкастар мен вайнерлер көбеюі керектігіне де тоқталды.
Дискурс соңында «Қазақ тілін креативті оқытудың үздік тәсілдері» республикалық байқауының жеңім­паздары марапатталды. Байқау шарты бойынша I кезеңде қазақ тілін креативті оқыту бойынша 15-20 минуттық микродәріс үлгісін әзірлеп, онлайн түрде ұсыну. Оған 400 жұмыс келіп түскен. Екінші кезеңге 30 жұмыс өтіп, олар бас демеуші Ustudy компа­ния­сының қаржылай сыйақыларына ие болды.
Байқау туралы «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасы меңгерушісі Ұлан Еркінбай:
– Бүгінгі дискурс осы байқау негі­зінде өтіп жатыр. Биыл байқауды алғаш рет ұйымдастырдық. Бірінші кезең сырттай онлайн түрінде өтті де, арнайы комиссия шешімімен 100-ден 50 балл алған жұ­мыстар келесі кезеңге жіберілді. Мұнда 30 жұмыс авторы «Сандық технология және болашаққа көзқарас» тақырыбында көлемі 500 сөзден кем емес эссе жазды, – деді.
Оның айтуынша, эссенің негізгі шарты сандық технологияны меңгерген ұрпаққа қазақ тілі мен қазақ руханиятын үйрету жолдарын нақты көрсету бо­лыпты.
Байқау қорытындысы бойынша, бірінші орынды Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының оқыту­шысы Нағима Ақтаева иеленді. Екін­ші орын Шымкент қаласы әкімді­гі Әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығының қызметкері Мырзабай Омаровқа бұйырды. Үшінші дәрежелі дипломмен Шығыс Қазақстаннан қатысқан Мадина Дюсупова марапатталды.
«Қазақ тілі мен мәдениетін креа­тивті оқыту» орталығының директоры Күләш Шаймерденова байқаудың дәстүрлі түрде өтіп тұратынын жеткізді.
Айта кетейік, байқаудың ұйым­дастырылуына Ақпарат және ком­муникация министрлігіне қарасты Тілдерді дамыту басқармасы, Астана қаласы әкімшілігіне қарасты Тіл комитеті және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, Мемлекеттік тілді дамыту қоры қолдау білдірді.

 

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*