Жаттың насихатынан қорғалады

143
0
Бөлісу:

Діни экстремизмге бастар жат идеологияға тосқауыл қоюға қоғамдық ұйымдар кеңінен тартылады. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысқан «Әйелдер ұйымдарының жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы рөлі» атты республикалық конференцияда мәлім болды.

Іс-шараға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фия­лық сая-­сат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, орта­лық және жергілікті атқару­шы мемлекет­тік органдардың, үкіметтік емес және халық­аралық ұйымдардың, діни бірлестіктердің өкілдері, студент жастар мен сарапшылар қатысты.
Мемлекеттік хатшы Елбасының «Қа­зақ­станның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу жөнінде жұмыс жүргізу қажеттігі туралы міндеттер қойғанын және бұл жұмыстарға үкіметтік емес сектор мен діни бірлестіктерді белсенді атсалысуға шақырғанын атап өтті.
Бүгінде Қазақстандағы жастардың саны – 4 миллион. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметі бойынша, қазір жастардың 79,6 проценті діни көзқарасты жақтайды. Олардың арасындағы дінді бел­сенді ұстанушылар үлесі – 9,9%.
2013 жылдан бастап Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнін­дегі ұлттық комиссия Дін істері жөніндегі өкілетті органмен бірлесіп, еліміздің 10 өңірінде «Әйел және дін» атты жобаны жүзеге асырып келеді.
– Жаһанданып келе жатқан әлемде сын-қатерлер үдеп тұрған қазіргідей кезеңде зайырлы Қазақстанның басты міндеті – діни экстремизммен күрес саласындағы сындарлы әрі тиімді мемлекеттік саясат жүргізу, – деді Мемлекеттік хатшы.
Діндар адамдардың радикалдануына ықпал ететін негізгі ақпарат көзі интернет болып отыр. Биылғы бірінші тоқсанда қазақстандық интернет кеңістікте терроризм және экстремизм идеяларын тарату бағы­тын­дағы 100 мыңнан астам дерек анықталып, оларды жою шаралары жүргізілді. Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы арқасында былтырғы 6 ай ішінде экстремизм және терроризм нышаны бар 315 қылмыс тір­келген. 12 экстремистік актінің жолы ке­сіл­ді. Мемлекет тарапынан халықтың түрлі топтары арасында мақсатты түрде алдын алу жұ­мыс­тары жүйелі жүргізілуде. Дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылардың 32%-ы ар­наулы сауықтыру шараларымен қам­тылды.
Діни экстремизм мен терроризмге қарсы Қазақстан Республикасындағы іс-қимыл­дың 2013-2017 жылдарға арналған мемле­кет­тік бағдарламасының жүзеге асуы арқа­сында ел тұрғындарының шамамен 90%-ын қамтыған түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізіл­ді. Сәлафизм ағымының 70-ке жуық жетекшісі мен белсендісінің Қазақстан қоғамының құндылықтарына деген көзқарасындағы қателіктерді түзетіп, дәстүрлі түсінікке ора­луына жағдай жасалды. Шетелге өтіп кетіп, тер­рористермен бірге әскери іс-қимылдарға қатыспақ болған 91 қазақстандықтың жолы­на тосқауыл қо­йылды. Террористік және діни-экстремистік сипаты бар қылмысы үшін 123 адам сотталып, жазасын өтеуде.
Гүлшара Әбдіқалықова жастар мен әйелдердің бойында діни экстремистік ұйым­дардың насихатына қарсы тұратын берік иммунитет қалыптастыру қажеттігі қазіргі маңызды міндет болып саналатынын атап өтті.
Іс-шара соңында Мемлекеттік хатшы әйелдер мен жастар арасындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірқатар нақты міндеттерді белгілеп берді.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*