ПРЕЗИДЕНТТІК ОРКЕСТР – БІРЕГЕЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҰЖЫМ

3126
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі – тікелей Мемлекет басшысына бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге кіретін және күзетілетін тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет шараларын жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік орган. Қызмет 2014 жылы 21 сәуірде құрылған, жақында өзінің 3 жылдығын атап өтті. Осы құрылымның құрамында музыкалық шығармашылық ұжым Президенттік оркестр бар. Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі – Қазақстанның протоколдық, мемлекеттік және өзге де салтанатты іс-шараларының музыкалық бөлігін қамтамасыз ететін жоғары дәрежедегі бірден-бір ресми музыкалық ұжым. Президенттік оркестрдің шығармашылық ұжымы әлемдік музыкалық мәдениеттің барлық жанрларын, фольклордан бастап классикалық, академиялық музыка және заманауи композиторлардың музыкаларын орындайды. Барлық іс-шараларда Президенттік оркестр музыкалық аспаптардың барлық түрін жоғары кәсіби деңгейде өте шебер меңгергендіктерімен ерекшеленеді. Еліміздің мәдени және музыкалық өміріне белсенді араласатын шығармашылық ұжым, біздің республикада ғана емес, халықаралық музыкалық ареналарда да Қазақстанның мәдениетін танытып жүр.


Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған сәттен бастап, қалыптасу және нығаю сияқты маңызды кезеңдерден өтті, нәти­жесінде, Президент Жарлығымен 2014 жылы 21 сәуірде Президент күзеті қызметі және республикалық ұлан бірігіп арнайы мемлекеттік орган – Мемлекеттік күзет қызметі (МКҚ) құрылды. Оған генерал-лейтенант Амантай Күреңбеков басшылық жасайды. Бүгінгі күні Мемлекеттік күзет қызметі – Тұңғыш Президент – ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың, еліміздің басқа жоғары лауазымды тұлғаларын және шетелдік делегациялар басшыларының, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар нысандар қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ететін кәсіби мемлекеттік орган. Сонымен қатар МКҚ құрамына кіретін Президент оркестрі мен Прези­денттік «Айбын» және «Батыр» полктерінің Құрмет қарауылы ротасы Мемлекет басшы­сының қатысуымен болатын ресми-прото­колдық шараларды жоғары деңгейде өткі­зеді. Бұл – Мемлекеттік күзет қызметі жұ­мы­сының жан-жақты екендігін көр­сетеді.
Президенттік оркестрдің тарихы тә­уелсіз мемлекетіміздің тарихымен астасып жатыр. Республикалық ұланның Прези­денттік оркестрі 1992 жылы «Респуб­ли­калық ұлан туралы» заң күші бар Қазақ­стан Президентінің Жарлығына сәйкес құрыл­ды. Бұл ұжым 1994 жылға дейін «үлгілі-көрсетімдік оркестр» деп аталды. 1997 жылы қазанда Президент оркестрі Алма­ты­дан жаңа астанамыз Ақмолаға қоныс аударды.
Оркестрдің алғашқы бастығы, Қа­зақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Алексей Кутунов, дирижер және Президент оркестрі бастығының орын­басары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері В.Скороход, Қа­зақстанға еңбек сіңірген мәдениет қай­раткері, бүгінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Аблаев, Қазақстанға белгілі артистер Айман Мұсаходжаева, Нұрлан Өнербай, Бекболат Тілеухан, Мұрат Чала­баев, Саиль Татубаев, Елмұра Жаңабер­генова және тағы басқа жоғары кәсіби музыканттар қалады. Қазіргі кезде оркестр құрамында Жанат Бақтай, Клара Түлен­баева, Ардақ Балажанова, Досымжан Таңатаров сияқты талантар, сондай-ақ алдыңғы буынның даңқты дәстүрлерін Оралхан Алтынбеков, Олжас Сүлейменов, Салтанат Дәулетханова, Гүлнұр Әділ­бекова, Асылхан Шалқаров сияқты жас артистер жалғастыруда.
2002 жылы наурыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент оркес­тріне келіп, оркестрдің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Қазіргі кезде конкурс негізінде жоғары білікті және кәсіби музыканттар мен солистерді жинаған Президент оркестрі – әлемдік музыка мәдениетінің бүкіл жанр­ларын, фольклорлық (халықтық) му­зыкадан бастап классикаға дейін, ака­де­миялық және заманауи эстрадалық ком­позиторлардың музыкаларын қам­титын бірегей шығармашылық ұжым.
Бүгінде Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің құрамында әр жанрдағы ұжымдар – үрмелі аспаптар оркестрі, «Биг-Бенд» джаз оркестрі, халықтық ансамбль, камералық музыка ансамблі, ән және эстрада, сондай-ақ би ансамбльдері бар. Мұндай әртүрлі жанрлық ұжымдар басқа елдердің осындай құры­лымдарында жоқ екенін айта кету керек.
Президенттік оркестр музыканттары Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Түркия, Австрия, Бельгия, Малайзия, Мысыр, Үндістан сияқты алыс шетелдердің және ТМД елдерінің сахналарында табысты өнер көрсетті. 1997 жылы Малайзия коро­лі­нің шақыруымен Президенттік оркестр Құрмет қарауылы ротасымен Малайзияның астанасы Куала-Лумпурде болды.


Оркестр 1998 жылы Мемлекет басшы­сының АҚШ-қа ресми сапары барысында америкалық Президенттік оркестрмен бірлескен қойылымдар көрсетті. 2013 жылы Бахрейн королінің арнайы шақы­руымен барған оркестр ұжымы оның резиденциясында концерт берді. 2005 жылы Президенттік оркестрдің солистері Лондонда өткен «Дала әуендері» дискісінің тұсаукесеріне қатысты. Ондағы 26 әуеннің 17-сі Президенттік оркестр ұжымының репертуарынан алынды.
2006 жылдан бері Президенттік ор­кестріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының түлегі, полковник Талғат Бердіғұлов басшылық жасайды. Талғат Бердіғұлов – Бүкілодақтық конкурстың лауреаты, алғашқы республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсының лауреаты. Үрмелі оркестрге арналған партитура­лардың авторы. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік гимні аранжировкасының авторы.
Ірі шығармашылық ұжымның бірі – Үрмелі аспаптар оркестрі. Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі ұжымының же­текшісі республикалық және халық­ара­лық конкурстардың лауреаты, П.Чай­ковский атындағы Мәскеу мемлекеттік кон­серваториясы жанындағы әскери-дирижерлік факультеттің түлегі, подпол­ковник Тілек Ерғалиев. Мәртебелі қонақтар ұшақтың сатысынан түсіп келе жатқанда республика туралы алғашқы түсінікті жылтыратып тазаланған ас­паптары бар, Президенттік фанфарды және әр мемлекеттерден келетін бас­шылардың елдерінің гимндерін тамаша орындайтын осы Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі. Оркестрде осылайша, халықаралық дәрежедегі кәсіби ұжым қалыптасты. Үрмелі аспаптар оркестрінің репертуары сан алуан. Оның концерттік репертуарында әлемнің барлық елдерінің гимндері, марштары, би-көңіл көтеру музыкасы, шетел композиторларының және Қазақстан композиторларының шығармалары бар.
2009 жылдан бастап жыл сайын Прези­денттік үрмелі оркестр президенттік «Айбын» полкінің Құрмет қарауылы рота­сымен бірге, Мәскеуде өтетін «Спасская башня» әскери-музыкалық фестивалінде арнайы шақырылған қонақ ретінде Қазақстан атынан өнер көрсетеді. Кең ауқымды фестивальде олар Ресей аста­насының бас алаңында өздерінің шебер­ліктерін көрсетеді. «Спасская башня» – бұл мемлекет басшыларының құрметті күзеті бөлімдерінің және әлемдік үздік әс­кери оркестрлердің парады. Жеңіс пара­ды­нан кейінгі бұл таңғажайып шараға Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінен көптеген әске­ри-музыкалық ұжымдар келіп қаты­сады.
Патриотизмді біз Отанымызға деген сүйіспеншілік қатынастарымен бай­ла­ныстырып көзімізге елестетеміз. «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп ұлы Абай айтпақшы, халық аспап­тарының орындауындағы саз-әуендерді естігенде туған жерге деген сүйіспеншілік адамды ерекше күйге бөлейді. Оркестрдің музыканттары адамға патриоттық рух беретін ұлттық әуендерді нақышына келтіріп орындауды жетік меңгерген. Мем­лекеттік күзет қызметінің Прези­денттік оркестрі Отан қорғаушылар образын қалыптастыруда және жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру ісіне белсене араласады. Еліміздің басты алаңдарында және шетелдерде өткізілетін Құрмет қара­уылы ротасы мен Президент оркес­трінің дәстүрлі плац-концерттерінің жұртты тәнті етуі – соның дәлелі.
1994 жылы Primavera ішекті аспаптар квартеті құрылды. 1995-1998 жылдарда оның көркемдік жетекшісі Қазақстанның халық артисi, кейіннен ЮНЕСКО-ның шешi­мiмен «Әлем артисi» құрметтi атағын алған, Мемлекеттiк сыйлықтың иегері Айман Мұсаходжаева болды. Әр жылдары квартетте – Баян Мұсаходжаева, Қайыржан Жолдыбаев, Аида Аюпова, Гүлнар Ахме­дина, Дәулет Шакиров, Сәуле Тұя­қова сияқты жоғары білікті музы­канттар жұмыс істеді. 2006 жылы каме­ралық музыка квартеті La PrimaVera Президенттік ка­мералық оркестрі болып қайта құрылды. Қазіргі кезде камералық музыка ансамблін республикалық және халықаралық кон­курстардың лауреаты Арман Мамырбаев басқарады. Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің ішіндегі каме­ралық оркестрдің дирижері – «Құрмет» орденінің кавалері, Йорск университетінің магистрі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Абзал Мұхитдинов. Камералық оркестрдің репертуарында қазақстандық, шетелдік классика шығар­малары мен әлем халқының музыкасы бар. Оркестр еліміздің протоколдық, дипло­матиялық, мемлекеттік және өзге де салтанатты іс-шараларының музыкалық бөлігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мемлекеттің мәдени өміріне белсенді қатысады, халықаралық музыкалық аренаға Қазақстанның атынан шығады. Оркестрдің өнеріне Мемлекет басшысы, сондай-ақ әр елден келген мәртебелі қонақтар бірнеше рет жоғары баға берді.
1997-2000 жылдары Президенттік оркестр құрамында танымал джазмен Александр Аблаевтың басшылығымен жаңадан «Биг-Бенд» атты джаз оркестрі жұмыс істеді. 2015 жылы «Биг-Бэнд» джаз оркестрі Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі, үрмелі және ұрмалы аспаптарда ойнайтын жастар арасындағы республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Сүйінбай Қазбаевтың жетекшілігімен қайтадан ашылды. «Биг-Бэнд» оркестрі – джаз және эстрадалық шығармаларды ойнайтын классикалық джаздық ұжым. Қазіргі кезде оркестрдің репертуарында әлемдік композициялар және отандық джаз музыкасы бар. Оның репертуарында джаз музыкасының майталмандары Джордж Гершвин, Глен Миллер, Стивен Гудманның туындылары және өздері шы­ға­рып Президенттік оркестр партитурасына ұсынған музыкалар бар.
1997 жылы құрылған халықтық ан­самблі домбыра музыкасының (шертпе, төкпе күйлер) барлық стилі мен бағытын, халықтық ән айту түрлерін, фольклорлық-этнографиялық аспаптарды (саз-сырнай, сыбызғы, жетіген, қыл-қобыз, шертер, домбыра) қамтиды. Ансамбльге рес­публикалық конкурстың лауреаты «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Рүстем Күлшебаев жетекшілік етеді. Оның құрамында көптеген ірі конкурстарда бірінші жүлделерді жеңіп алып лауреат атанған: дүлділ домбырашылар А.Ахма­диев, М.Малдыбаев, асқан шебер баяншы А.Ефременко бар. Халықтық ансамбль ұжымы өнерлерінің арқасында 2006 жылдың желтоқсанында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды. 2014 жылдан бері ансамбльдің жетекшісі Құрманғазы атындағы Алматы мем­лекеттік консерваториясының түлегі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, республикалық және халық­аралық кон­курстардың лауреаты Абылғазы Ахмадиев.
1997 жылы Мемлекеттік күзет қыз­меті Президенттік оркестрінің құра­мында Ботагөз Саринаның басшылығы­мен би ансамблі құрылды. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Шара Жиенқұлова атындағы республикалық конкурстың лауреаты, И.Моисеев атындағы Мәскеу халық билері училищесінің, Қырғыз ұлт­тық консер­ваториясының түлегі Талант­бек Шоруков. Бүгінгі күні оның репер­туарында әлем халықтарының әртүрлі жанрындағы билері бар. Би ансамблінің жетекші солисі танымал биші Шұғыла Сапарғалиқызы болды. Қазақстан Республикасының ресми делегациясының құрамында 2000 жылы би ансамблі Үндістанның астанасы Дели қаласында өнер көрсетіп, үлкен жетіс­тікпен оралды. Қазіргі уақытта би ансам­блінің репертуарындағы қазақ билерін
25 хореографиялық шығарма құрайды. Барлық би композициялары республика­лық конкурстың жеңімпазы Мадина Алиева-Шорукованың жетекшілігімен қойылды.
Биылғы жылы Қазақстан Республи­касының күзетілетін адамдары мен ны­сандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдардың құрылғанына 25 жыл толуына орай Президенттік оркестр Астана төрінде, еліміздің бас сахнасында үл­кен концерт қойды. Мерейтойлық концертке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, кеш соңында ҚР МКҚ құттықтау сөзін жеткізді.
Президенттік оркестрдің репертуа­ры­н­дағы ұлттық рух беретін әндерді тыңдау­шылар ыстық ықыласпен қабылдады. Мерекелік концерттің тақырыптық бағдар­ламасы да еліміздің тәуелсіздік тұғырына шыққан тарихи сәттер мен қазіргі таңда жеткен зор жетістері оркестрдің орында­уын­дағы әуендер­мен суреттелді. Концерт бары­сында орын­далатын шығармалардың көпші­лігі – музыкалық ұжымының автор­лық туындылары мен аранжировакалары. Мәселен, концертке арнайы жазылған «Ән шашу» әні ел Тәуелсіздігінің 25 жылды­ғына арналса, Мәңгілік ел туындысы Мем­лекет басшысының ұлттық идеясын жырлайды. Сондай-ақ кеш барысында тұсауы кесілетін шығармалар қатарында Президенттік оркестр музыканты Наталья Бейсенованың «Астана «ЭКСПО – 2017» симфониялық туындысы мен ел Прези­ден­тінің халыққа деген шексіз қызметіне және ел тыныштығын күзететін сарбаздарға арналған «Қалқан» деген әскери әні бар. Бұл ән «Қалқан» тобының жауынгерлік дәстүрін сипаттайды. Мемлекеттік күзет қызметінің «Елбасы – біреу, біз – оған тіреу!» ұраны офицерлер балладасының туындауына ұйытқы болды. Мерекелік кештің сахнасы «Нұр-Астана» атты солистер тобымен үш тілде орындалатын әуезді әнмен қорытындыланады.
Мемлекеттік күзет қызметінің Прези­денттік оркестрі – өзіндік стилі, жеке қолтаңбасы және келбеті бар, республи­каның мәдени және музыкалық өміріне белсене атсалысатын, сондай-ақ Қазақ­станды халықаралық музыкалық аренада танытатын үлкен сахнаға лайық шығар­машылық ұжым. Президенттік оркестр жоғары кәсіби шеберліктерін, музыкалық аспаптардың барлық түрлерін меңгергенін көрсете отырып, респуб­ликаның мәдени өміріне серпін беріп келеді.

 

Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*