Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Жеңіске бірлік жеткізді

1407
0
Бөлісу:

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, соғыс қаһармандарының рухына тағзым етті, монументке гүл шоғын қойды.

Елдің өткеніне шолу жасасақ, ХХ ғасырдың бірінші жартысында өз тарихында бұрын-соңды болмаған нәу­беттерді – кең ауқымды отаршылдықты, Қазан төңкерісін, одан кейінгі Азамат соғысын, талай дәуірден бері қапысыз қалыптасқан көшпелі қазақтың тіршілік қалыбын бұзған тәркілеу және ұжым­дас­тыруды, халқымыздың тең жартысын жалмаған екі бірдей ашаршылықты, кеңестің тоталитарлық қысымы мен қуғын-сүргінді бастан өткеріп, әбден еңсесі түскен қазақ халқының рухын дәл осы Ұлы Жеңіс көтерді. Ол ең асыл­да­рынан айырылып қалған ұлтымызға жаңа батырлар сыйлады.
Нәтижесінде, ер-азаматқа да, елге де сын болған бұл соғыстан қазақ қаншама қансырап шықса да, сол кезден бастап, азаттық аңсаған өршіл рухы мен елдік мұраты биіктей бастады. Біз осы үшін де Ұлы Жеңіске құрметпен қарауға тиіспіз.
Кеше ел Президентімен бірге, мону­мент жанына жиналған жұртшылық ІІ Дүниежүзілік соғыста опат болған жа­уынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ресми рәсімнен кейін Республи­калық үрмелі аспаптар оркестрі Қа­зақстан әнұранын орындады. Содан соң Қарулы Күштердің Жоғарғы бас қолбас­шысы мен Ұлы Отан соғысы ар­дагер­лерінің алдынан Құрмет қарауы­лының ротасы салтанатпен сап түзеп өтті.
Гүл шоқтарын қою рәсіміне соғыс ардагерлері, сондай-ақ Парламент палаталарының депутаттары, Пре­зи­дент Әкімшілігінің, Үкіметтің, ор­та­лық мем­лекеттік органдардың, елі­міз­дегі шетел­дік елшіліктердің өкіл­­дері, қоғам қай­раткерлері және қала тұрғындары қатысты. Алаңда соғыс уақытындағы әндер орын­далды.
«Отан қорғаушылар» монументіне іргелес орналасқан «Студенттер саяба­ғында» шатырлар қалашығы ұйым­дас­ты­рылған екен, онда 11 әскери палат­ка қойылған. Оларда соғыс ардагерлері мен тыл еңбек­керлеріне арналып, мерекелік дастархан жайы­лыпты.


Монумент алдындағы, «Мәңгілік от» жанындағы салтанатты шара аяқталған соң, Елбасы осы «Студент­тер» саяба­ғындағы шатырлар қала­шығына барды. Нұрсұлтан Назарбаев соғыс ардагер­леріне алғыс айтып, оларды мейраммен құттықтады.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөз сөйлеген Қазақ­стан Көшбасшысы отандас­тары­мыздың жауға қарсы күресте көрсет­кен ерлігі мен жанқиярлығын атап өтті.
– Соғыс ардагерлері біздің бақытты өмірімізге, тәуелсіздігімізге және ас­панымыздың ашық болуына жол ашты. Біз бүгін «Отан қорғау­шылар» мо­нументіне гүл шоғын қойып, хал­қы­мыздың майдандағы және тылдағы қа­һармандығы мен еңбегіне деген зор құр­метімізді білдіреміз, – деді Н.Н­азарбаев.
Мемлекет басшысы Екінші дүние­жүзілік соғыс адамзат тарихында онда­­ған миллион адамның өмірі қиыл­ған ең қанқұйлы соғыс болғанын айтты.
– Қаза тапқандардың қатарында қазақстандықтар да көп болды. Респуб­ликамыздың 6 миллион халқының 20 пайызы майданға аттанды. Олардың жартысы қайта оралған жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Жеңістің Қазақстан тәуел­сіздігі тарихындағы маңызды рөліне тоқталып, оған «ел халқының бірлігі, бауырластығы және досты­ғы» арқасында қол жеткізілгенін қадап айтты. Қазақстан үшін бұлар – қазір де басты құндылықтардың бірі.
– Біздің ардагерлерге деген құрме­тіміз олардың ұлы ерлігінен еш кем түс­пей, соған лайық болуға тиіс. Жеңіс­ке ең алдымен еліміздегі барлық халық­тың бірлігінің, бауырмал­дығының және достығының нәтиже­сінде қол жет­ті. Біз қазір де осы ұран­мен өмір сү­ріп келеміз, – деді Қа­зақстан Прези­денті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күнімен тағы да құттықтап, зор ден­саулық және бақ-береке тіледі.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*