Биыл 17 ауылшаруашылық кооперативі құрылады 

1263
0
Бөлісу:

Ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану бойынша шараларды жүзеге асыру аясында агроөнеркәсіп кешені өнім көлемін ұлғайту мақсатында Қостанай облысында 6 пилоттық ауылшаруашылық кооперативі (АӨК) құрылды. Бұл туралы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамның баспасөз қызметі хабарлады. 
Атап айтар болсақ, аймақтағы «Успеновка-Сүт» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі 2016 жылдың желтоқсан айында құрылып, 960 мал басы бар 320 жеке шаруашылықты біріктірді.
Жарыс Әнуарбек – ауыл тұрғыны. Өткен жылдың желтоқсан айында ол кооперативке қосылып, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алды. Несиелік қаржыға ірі қара мал басын сатып алды. Жарыс Әнуарбек басында көбісі кооперативтің не екенін түсінбегенін ашық айтты.
–Мен кооперативке мүше болып кірдім де, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдауи қорынан жылдық 6 пайызбен несие алдым. Мұндай шарт ешкімде жоқ! Менде бұрын жұмыс болмаған, өз малым да болған жоқ. Мемлекеттің көмегімен 7 сиыр сатып алдым. Сүтті кооперативке 100 теңгеден тапсырамыз, бұл өте жақсы баға. Кооператив 10 күнде бір рет ақшасын төлейді. Қазір басқа да ауылдастарым кооперативке қосыламыз деп жүр, – дейді Жарас Әнуарбек.
Бәкір Әлиев те – кооперативтің мүшесі. Сүт өндірісімен 10 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Кооперативке кіргеннен кейін Қор тарапынан несие алып, меншігіндегі 6 сиырға тағы 5 сиыр қосты. Қазір оның жеке шаруашылығында жалақы алатын сауыншы бар. Ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 1 миллион теңге несие алып, сауын сиыр санын көбейткен.
–Бұрын сүтті делдалдарға тапсыратынбыз, бір литріне 55 теңгеден беретін. Қазір кооператив 100 теңгеден қабылдайды. Қалаға барудың қажеті жоқ, сүт тасымалдайтын көлік өзі келіп, алып кетеді. Күніне әр сиырдан орта есеппен 10 литр сүт аламыз, 7 сиыр сауып жатырмыз. Есептей беріңіз – 1 тәулікте 7 мың теңге табыс түседі. Болашақта кооператив мал азығына көмектесетін болып жатыр, –дейді шаруашылығын дөңгелетіп отырған Бәкір шаруа.
Жалпы, «Ырыс» бағдарламасы бойынша Қор бүгінгі таңда жалпы сомасы 72,5 млн теңгеге 34 кооператив мүшесін қаржыландырып отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтар несиелік қаржыға 273 ірі қара мал басын сатып алды және кооператив сүт таситын көлік пен модульдық сүт қабылдау бекетін алды. «Успеновка-Сүт» АӨК басшысы Иван Червонюк тәулігіне өндіруші кәсіпорынға 9 тонна сүт жеткізіп отырғанын айтады.
–Несиелік қаражатқа модульдік сүт қабылдау бекеті мен сүт таситын көлік сатып алдық. Құрал-жабдықтарда сүтті зерттеу аппаратурасы да бар. Кооператив мүшелермен қатар, басқа да ауыл тұрғындары сүт тапсырады. Мемлекеттен инвестициялық шығындарға субсидия алуды жоспарлап отырмыз. Сүт үй жанындағы шаруашылықтағы сиырдан флягаларға, одан кейін сүт тасымалдайтын көлікке құйылады. Көлік өнімді қабылдау бекетіне апарады. Ол жерде сүттің үлгісін алады, сосын танкерге құяды. Өндіруші зауытқа тексерілген сүт салқындатылған түрде тапсырылады,-деді «Успеновка-Сүт» АӨК басшысы.
«Успеновка-Сүт» кооперативі мүшелерінен және ауыл тұрғындарынан сүтті 1 сәуірден бастап қабылдайды. Бүгінгі таңда кооператив зауытқа 140 тонна өнім тапсырды. «Милх» ЖШС директоры Сергей Блок кооперативпен жұмыс істеу өте тиімді екенін мәлімдеп отыр.
–Үйлерді аралап, сүт жинамаймыз. Бұл қызметті кооператив өзіне алды. Біз өнімнің тауарлы партиясын қабылдаймыз. Табиғи сүт ультрапастеризациядан өтіп, асептикалық қораптарға қапталады. Бұл сүтті ауа мен күн сәулесінен қорғайды және оның сақтау мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Табиғи өнімнен сүттің бірнеше түрі, айран, ірімшік, май жасаймыз. Балаларды қорғау күніне арнап, балмұздақ шығаруды жоспарлап отырмыз, –дейді «Милх» ЖШС директоры Сергей Блок.
Биыл Қостанай облысында 17 ауыл шаруашылық кооперативін құру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 1 млрд 827 млн теңге жұмсалмақ ниетте. 2016 жылы 6 пилоттық ауылшаруашылық кооперативі құрылып, іске кірісті. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қостанай облысы филиалының директоры Марат Салықбаев құрылған кооперативтердің 3-і – сүтті бағыттағы (Федоров, Мендіқара, Қостанай аудандары), 3-і – етті бағыттағы (Амангелді, Денисов, Сарыкөл аудандары) екенін айтады.
–Филиал тарапынан 181 кооператив мүшесі қаржыландырылды. Қаржы сүт өндіру үшін аналық мал басын сатып алуға, малды бордақылау мен ауылшаруашылық өнімін алу үшін мал басын сатып алуға бағытталды. Сатып алынған малдың жалпы саны – 2000-ға жуық. Қаржыландыру сомасы – 357 млн теңге. Одан бөлек, Қор кооперативтерге құрал-жабдықтар мен техника алуға 40,3 млн теңге көлемінде несие берді, –деп мәлімдеді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қостанай облысы филиалының директоры Марат Салықбаев.
«АЙҚЫННЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы – «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйымы болып табылады. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің банктік қарыз операцияларын жүзеге асыруға лицензиясы бар. Қордың негізгі міндеті – қаржылық қызметтер мен ресурстарға ауыл тұрғындарының қол жетімділігін арттыру.
Еркін ҚАЛДАН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*