Ардагерлер – ел тірегі

1920
0
Бөлісу:

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қалықова «Ардагерлер ұйымы» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты жиналысқа қатысты. Жиынға сондай-ақ Ардагерлер орталық кеңесінің төрағасы Б.Ізмұхамбетов, еліміздің барлық өңірінің соғыс және еңбек ардагерлері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар, жұртшылық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де келді.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде ардагерлерге қамқорлық жасау, олардың тұрмыс деңгейін арттыру мем­лекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдығының бірі екенін атап өтті.
Мемлекеттік хатшы 2017 жылғы 1 шілдеден бастап Президенттің тапсырмасы бойынша зейнетақы 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға өсетінін айтты. Бұдан бөлек, негізгі зейнетақыны тағайындау жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылып, оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болмақ. Бұл шаралар 2018 жылы негізгі зейнетақы көлемін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік хатшы республикалық бірлестіктің Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі айрықша екенін еске салды.
Соңында Мемлекеттік хатшы ел Пре­зидентінің «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» мақаласында қойылған міндеттерді іске асыруға ардагерлер бел­сенді түрде атсалысатынына сенім білдірді.
Жиын барысында ардагерлер Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы көрсетіп келе жатқан қамқорлығы үшін алғыс айтты. Олар Қазақстанда салтанат құрған бейбітшілік, бірлік пен келісім үшін Мемлекет бас­шысының көреген әрі сындарлы саясатын бірауыздан қолдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Ардагерлер ұйымы 1987 жылғы 21 наурызда құрылған. Бірлестік құрамында 1 млн 845 мың соғыс және еңбек ардагері бар. «Халық Қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының 17 лауреаты, 2 Кеңес Одағының Батыры, 115 Социалистік Еңбек Ері ұйымның мақтанышы болып саналады.

Ершай ӘЗІРЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*