Қауіпсіз әлем құруға атсалысайық

1105
0
Бөлісу:

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XVI отырысы өтті. Төрткүл дүниенің әр атырабынан елордаға жиылған сан алуан конфессиялардың беделді өкілдері өзара келісімге келіп, жаһандық діни көшбасшылардың келесі VІ съезі өтетін күнді 2018 жылдың 10-11 қазанына белгіледі. 

Съезд Хатшылығының 16-жиынына Ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм, индуизм өкілдері, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың басшы­лары, оның ішінде БҰҰ Өркениеттер Альянсының директоры Метью Ходс, Дүниежүзілік бейбітшілік хабаршысы Кеңесінің Бас хатшысы Пичаи Товивич, Біріккен Араб Әмірліктері толеранттылық мәселелері жөніндегі министрінің кеңесшісі Рашид әл-Тунайджи және басқалар қатысты.
Жиынды ашқан Қасым-Жомарт Ке­мелұлы қатысушыларға дінаралық өзара түсіністікті нығайту жолындағы Қазақстан­ның игі бастамаларына белсенді түрде қолдау көрсетіп келе жатқандары үшін алғысын білдірді.
– Барлық қатысушылар атынан барша мұсылман қауымын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құт­тықтауға рұқсат етіңіздер. Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің съезі діни ли­дерлер мен мемлекет басшылары, ха­лықаралық ұйымдар, көрнекті саясат­керлер, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар секілді мүдделі тараптардың диалогы үшін бірегей тұғырнама ұсынады. Бұл формат әлемде татулық пен келісім орнату мақ­сатында мемлекеттер, халықтар және діндер арасындағы конструктивті ын­ты­мақтастықты қамтамасыз етеді және со­ның тиімді тәсілдерін айқындайды, – деді Сенат басшысы.
Қ.Тоқаев Украина мен Сириядағы жағдай алып державалар арасындағы геосаяси тай­та­лас сақталып отырғанын аңғартқанын айтты.
– Олардың арасындағы бірауызды­лықтың жоқтығы ғаламшардың әр бөлігінде лаң сал­ған терроризмге қарсы күреске еш көмектес­пейді. Сондай-ақ Солтүстік Кореяның ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы келісімді бұзатын әрекеттері адам­затты ядролық апатқа соқтыру қатерін туындатады. Біз ксенофобияға, дін және ұлтына қарай кемсітушілікке септесетін, әрі әлемдік тәртіпті шайып кетуі мүмкін по­пулистік толқындардың артып бара жат­қанына куә болудамыз. Адамзат өркениетінің жетістіктерін күйретуі ықтимал жаһандық экономикалық, әлеуметтік және эко­логиялық сын-қатерлер де біздің болашағымызға қауіп төндіреді. Адам­гершілік құндылықтардың құлдырауы да төтенше қауіпті болып табы­лады, себебі ол халықтардың рухани ұстын­дарына нұқсан келтіреді, – деді спикер.
Оның байламынша, халықаралық қоғамдастық бас біріктірсе ғана сын-қатер­лердің бәрімен пәрменді күресе алады: «Осы үшін біз сындарлы диа­ло­гымызды жалғас­ты­руға, өзара ымыраға келуге ұмтылуға тиіспіз».
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелден келген сан алуан діни конфес­сиялар өкілдерін биыл Елбасының бас­тамасымен елімізде өткізілген, саяси жүйені ары қарай демократияландыруға бағытталған конс­титуциялық реформаның мән-жайымен таныстырды.
– Бұл ретте ішкі тұрақтылық факторы ретінде ұлтаралық және дінаралық келісім мәселелеріне баса мән берілуде. Конс­титуциялық реформа нәтижесінде аталған норма Ата заңда бекітілді. Заманның өзі алдан тартып отырған көптеген сын-қа­терлерге жауапты өткен жылы Дүниежүзілік антиядролық саммитте Президент Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінен табуға болады. Құжатта бейбіт тетіктер негізінде дағ­дарысты және қақты­ғысты жағдайларды жоюдың сарабдал ал­горитмі ұсынылған. Ол сондай-ақ соғыстарды тұтандыратын себептерді жоюға, қауіпсіз­діктің жаппай қамтитын әрі шынайы түрде әрекет ететін ережелерін түзуге шақырады. Манифест БҰҰ-ның ресми құжаты мәр­тебесін иеленді. Оны алдағы алтыншы съезге қатысушы діни және саяси жетекшілердің талқылауы бізді қауіпсіз және әділетті әлем құрудағы аңсарлы мақсаттарға жақындата түсер еді! – деп ұсынды Қ.Тоқаев.
Хатшылықтағы Ислам өкілі, Египет Араб республикасындағы әл-Азхардың – ең бір ірі және байырғы мұсылман ұйымы­ның Жо­ғарғы имамының сыртқы бай­ланыстар жөніндегі кеңесшісі Абделрахман Мұса «дінаралық диалогты нығайту бағытындағы Қазақстан Көш­басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ жылғы күш-жігері мен қосқан зор үлесін» жоғары бағалады.
– Египеттегі мұсылмандар мен хрис­тиандардың өзара түсіністік пен тату тіршілік етуі қағидатын нығайту мақ­сатында, өткен жылғы 17 қазандағы конференцияда әл-Азхардың бұдан былай «азшылықтар» терминін пайдаланбайтыны жария етілді. Өйткені бұл ұғым алауыздық, бөле-жарылу­шылық, кемсітушілік құбылыстарын қоректендіреді, – деген
А.Мұса беделді Ислам ұйымының жаһан­дағы барлық саяси және діни жетекшілерге дәл осындай қадамға шақырған үндеумен қайырылғанын ха­барлады. Абделрахман Мұсаның айтуынша, қоғамдағы қандай да бір үлесіне қарамастан, барлық дін өкілдері тең болғаны жөн.

Ватикандағы Қасиетті Престолдың дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесінің Исламмен байланыс бөлімі­нің меңгерушісі Халед Акаше де лаң­кес­тік шабуылдан қорғансыз қара­па­йым халықпен және әлемдегі соғыс өртіне оранған ошақтардағы тұрғын­дармен ынтымақтастығы ретінде Рим папасы Францисктің оққағар жилет киюден бас тартқанын хабарлады.
– Египетке сапары кезінде ол сондай-ақ оқ теспейтін көлікпен жүруден де бас тартты және қарапайым автокөлікті пайдаланды. Сонымен бірге, адамзаттың қауіпсіздігі – қазіргі заманғы ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Әлемнің қазір тынышы кеткен, онда ешкім өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Ендеше, келесі жылғы 6-съездге «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбының таңдалуы маңызды әрі өзекті. Әрине, қауіпсіздік шаралары өте маңызды. Бірақ қауіп­сіз­дік онымен шектелмейді. Әлем қауіпсіз болуы үшін адамдардың көзқарасы, қарым-қатынасы соған лайық болуға тиіс. Өз лидерлері, дінбасылары және уағызшылары арқы­лы діндер дүниені қауіпсіз етуге маңызды үлес қоса алады, – деді Халед Акаше.
Ватикан өкілі қандай да бір діннің лаңкестік не заңсыз көші-қон пробле­маларымен байланыстырылуы­на және тиісінше, діннің өзі «проблема» ретінде қарастырылуына қарсы екенін жеткіз­ді. Мұндай үдерістер, әсіресе, попу­листер­­дің күш салуымен, әлемде белең алып тұрғаны жасырын емес.
Үнді мәдениеті орталығының директоры Кала Дхананджей Ачария бейбітшілік пен бітім нұрын таратқан Астана бірер уақыттан соң, «ЭКСПО» аясында жүзден астам тәуелсіз мемле­кеттің басын бір шаңырақ астында біріктіретініне назар аудартты. Оның аясында Үндістанның да аса ірі павильоны қанат жаймақ екен.


– Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде барша діни лидерлер үшін де басымдық болып саналатын қауіпсіз, әділетті және әл-ауқатты әлем құрудың нақты жолын көрсетіп берді. Діни жетекшілердің көбі­нің арманы да – сондай әлем. Бұл құжат тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүниежүзі тұрғындарының бақуатты өміріне арналған. Сондықтан барлық діни лидерлер манифесттің және аталған арманның жүзеге асуына күш салулары қажет. Қазақстан Көшбасшысы қойған міндеттерді шешуде бәріміз қол ұстаса қимылдайық, – деп үндеу тастады Ачария ханым.
Франция митрополиті Эммануил Адамакиста діни лидерлердің сұхбаттас­тығын ұзақ жылдар бойы белсенді қолдап келе жатқаны үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
– Лаңкестерде, адамзатқа қарсы бағыт­тал­ған қаскөйлік жасаушыларда ешқандай сенім жоқ. Олар адамзаттың болашағына да сенбейді. Демек, олардың өз қылмыс­тарын дін үшін жасамайтынын түсінетін кез жетті. Осыдан бірнеше апта бұрын біздің шіркеудің өкілі ресми түрде ислам­ның терроризмге қатысы жоқтығын мәлім­д­еді. Өйткені терроризм – кез келген дін үшін жат, бөтен. Дін атын жамылып қыл­мыс жасаудың өзі – дінге қарсы қылмыс жасағанмен бірдей, – деп түйді Франция митрополиті. Одан кейін өзге де тілек білдірген қатысушылар сөз алды.
Съезд Хатшылығының осы отыры­сында келесі жылғы Әлемдік және дәстүр­лі діндер жетекшілері съезіне да­йындық барысы туралы мәселелер қарал­ды. Сондай-ақ жиын аясында Қазақ­­станның БҰҰ-ның Қауіпсіздік ке­­ңесін­­дегі уақытша мүшелігі кезіндегі басы­м­дықтарының тұсаукесері де ұйым­дас­ты­рылды.
Сенат төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Қ.Тоқаев Елбасының бастама­сымен шақырылатын діни форумның мақсат-міндеттерін іске асыруға, халықтар арасындағы достық пен бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар көрнекті шетелдік және отандық дін өкілдеріне «Шапағат» медалін және Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнал­ған мерекелік медалін табыс етті. Бұл тұлғалардың барлығы ел Президенті жар­лы­­ғымен марапатталып отыр.
Алдағы жылы, съезд аясында діни көшбасшылар мен жаһандық белді қайраткерлерге дінаралық диалогқа қос­қан үлесі үшін «Астана» халықаралық сый­­лығын және Әлемдік және дәстүрлі дін­­дер көшбасшылары съезінің Құрмет меда­лін салтанатты түрде тапсыру көзделуде.
Осы күні Съезд Хатшылығының XVI отырысына қатысушы шетелдік діни кон­фес­сия өкілдері үшін «Пирамида» қасын­дағы Ұлттық мұражайға экскурсия ұйым­дастырылды. Сондай-ақ олар мәдени бағдар­лама аясында қазірдің өзінде жасақталып үлгерген «ЭКСПО – 2017» ха­лық­аралық көрмесі павильондарын аралады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*