Жаңа заң қабылданды

1126
0
Бөлісу:

Ел Парламенті жауынгерлердің тамағына бөлінетін қаражатты арттыратын заң жобасын қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кешегі жалпы отырыстарында сенаторлар қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулерді құптады. 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Сенат бірден екі оқылымда мақұлдап, Елбасының қол қоюына жолдады.
– Әскери қызмет және әскери қызмет­шілер туралы заңына енгізілетін өзгерістер маңызды. Әскерилердің және оның отбасы мүшелерінің мәртебесі қоғам мен экономика дамуының деңгейіне сәйкес келуге тиісті. Заңның жаңа жобасында кіші офицерлік құрамның және келісімшарт бойынша жұмыс жасайтын әскерилердің мемлекет есебінен тамақтануын және түскі асын қамтамасыз ету ұсынылады. Бұған қоса, азық-түліктік паек құнын 1 005 теңгеден 1 225 теңгеге дейін кө­теру мәселесі пысықталуда, – деді сенаторлар алдында баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров.
Ол әскери қызметтің әлеуметтік қырлары осы заң арқылы қолданыстағы тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістерде көрініс табатынын жеткізді. Бұл әскери қызметшілерге және арнайы ме­моргандар қызметкерлеріне қатысты болады. «Атап айтқанда, қызметті өткеру кезінде және одан тыс уақытта қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлеріне қызметтік баспана ұсыну қарастырылуда. Бұл ретте өтемақы мөлшерін жаңа баспана құнына қарай есептеу ұсынылады» деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Жалпы, бұл заң жобасының мақсаты – құқықтық олқылықтарды, әртүрлі заң­намалық актілердің құқық нормалары ара­сындағы қайшылықтарды жою арқылы әс­кери қызмет және қорғаныс саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету. Атап айтқанда, түзетулер Қорғаныс министрлі­гінің, Қарулы Күштер Бас штабының, әскери басқару органдарының функцияларын нақтылайды және толықтырады. Материал­дық-техникалық қамтамасыз ету әскерлерін және аумақтық әскерлерді қосу есебінен Қарулы Күштердің жалпы құрамы кеңейтіліп отыр.
Азаматтарды келісімшарт бойынша әс­кери қызметке іріктеуге арналған сипат­тамалар белгіленген. Мәселен, келісімшарт бойынша әскери қызметке заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған соттылығы бар адам қабылданбайды, тізбесін уәкілетті органның басшысы бе­кітетін лауазымдарға орналасу үшін адамның психофизиологиялық немесе полиграфо­логиялық (яғни, халық арасында «жалғандық детекторы» аталатын құрал) зерттеуден өту міндеті бекітілді.
Жаңа заң бойынша енді аумақтық әскер­лер «дағдарысты жағдайларды шешумен» айналысады және төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға тартылады.
Сенат сондай-ақ Қазақстан мен Қыр­ғызстан үкіметтері арасындағы реадмиссия туралы Келісімді және оны іске асыру тәртібі туралы атқару Хаттамасын ратификациялады. Бұл құжаттар екі мемлекет арасындағы заң­сыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты жетілдіруге ықпал етеді.
Бұл күні Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол көлігі кәсіпорындарының, меке­мелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама да ратификацияланды. Нәтижесінде, енді мысалы, Астанадан Оралға сапарлаған жолда Ресей жерін басып өтетін біздің пойыздар, егер Ресей аумағында аялдамаса, ресейлік кеден және шекара қызметтері тарапынан тексерілмейді. Бұл екі ортадағы жолдың ұзақ­тығын он сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді екен.
Сенат депутаттары қолданыстағы заң­нама­ға өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мәселелері бойынша түзетулер енгізетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл жоба орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органға – Ауыл шаруашылығы министрлігіне басқа санаттағы жерді орман қоры жеріне ауыстыру қағидасын әзірлеу және бекіту бойынша құзырет береді.
Заң жобасы қабылданса, бұдан былай Қазақстанда «ұзақ мерзімді орман пайдалану тендерлеріне» тек Қазақстан азаматтары және шетелдіктердің үлесі жоқ заңды тұлғалар ғана жіберілетін болады.
Сонымен қатар заң жобасы балық ре­сурстарын және басқа да су жануарларын қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пай­далануды жүзеге асыру үшін «ихтио­логия­лық байқау» енгізуге, жануарлар әлемін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға «мамандандырылған ұйымдарды құруға» мүмкіндік береді.
Жалпы отырыста сенаторлар Консти­туция­лық кеңестің мүшесі Ұбайдолла Стам­құловтың өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық кеңестің мүшесі қызметіне Рахмет Мұқашевті тағайындау туралы ұсыныс жасады және палата канди­датураны қолдады.
Отырыс барысында сенаторлар өз сауал­да­рын жария етті. Арасында Д.Назарбаева, И.Адырбеков, М.Алтынбаев, Н.Әбіқаев,
М.Бақтиярұлы, Л.Қиынов бар бір топ сенатор Премьер Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, «Өсімдіктер әлемін қорғау туралы» заң қабылдаудың қажеттігі және емдік шөптерді қорғаудың кешенді шаралары туралы мәселе көтерді. Ә.Бектаев Кентау қаласының және қала маңындағы елді мекендердің экологиялық ахуалы туралы депутаттық сауал бағыттады.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*