ДАУЛАСУДЫҢ БІТІМІ – ТАТУЛАСУ

1280
0
Бөлісу:

Ел арасында «соттан келдім дегенше оттан келдім десеңші» деген сөз бар. Соттасып, дауласып ешкім де берекет таппаған. Ең дұрысы – бітіспес дауды бітімгершілікпен шешу. Қазіргі таңда еліміз істі сотқа жеткізбей шешетін медиация тәсілін жетілдіруге күш сала бастады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының XXV сессиясында да айтқан болатын. Осыған сәйкес ассамблеяның медиация кеңесі медиативтік технологияларды дамыту жөнінде жиын өткізді.
ҚХА Медиация кеңесі еліміздің прокурор, судья, адвокат, басқа да құқық қызметкерлерін медиация саласына оқытуды қолға алмақшы. Осыған байланысты алдымен осы салада тәжірибесі мол Испания мамандарын шақырып, күзде семинар-тренинг өткізбек.
Жиында екі елдің өкілдері бітім­гершілік заңдылықтарын жаң­ғырту, кадрларды дайындау, бірлескен бағдарламалар мен әдістемелер әзірлеу жөніндегі мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Отырысты ашқан Мәжіліс депутаты, ҚХА Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Әбдірайым азаматтардың құқын қорғау жағынан медиация тәсілдерінің маңызы үлкен екенін айта келіп, бұл соттың да жұмысын жеңілдетіп, оның сапасы мен тиімділігін арттыратынын атап өтті.
Судьялар одағы төрағасының орынбасары Жазбек Әбдиев еліміздегі медиация саласының даму жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, кез келген қоғамда үлкенді-кішілі даулардың болуы заңдылық. Бірақ оның бәрін тек сот арқылы шешу азаматтарға да, мемлекетке де тиімсіз. Сондықтан бұл жерде медиацияны қолданудан артық ұтымды шешім жоқ.
Елімізде медиацияны қолға алу жұмыстары 2010 жылдан бастап жүргізіле бастаса, 2011 жылы осыған байланысты арнайы заң қабылданған. Содан бері жұртшылық тартысты шешудің балама түрі – медиация тәсілдеріне жүгіне бастады. Егер дауласқан жақтар өзара ымыраға келіп, татуласып жатса, онда сот істі тоқтату туралы шешім қабылдауға құқы бар.
Медиация институттары, әсіресе, Еуропа елдерінде жақсы дамыған. Сол себепті ҚХА Медиация кеңесі Еуропалық одақтың және Еуропа кеңестің «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің сапасы мен тиімділігін арт­тыруда қазақстандық билікке қолдау көрсету» бірлескен жобасы шеңберінде испаниялық сарапшыларды шақырт­қан. Еуропа кеңесінің сарапшылары Ана Мариа Карраскоза Мигель және Хелена Солета Муноз ұзақ жылдар бойы медиациямен айналысып келе жатқан мамандар екен. Олар Испа­нияда медиация тәсілдерінің қанша­лықты дамығаны жөнінде әріптес­терімен бөлісті. Айталық, Қазақстанда медиатор болғысы келген құқық қызметкері үш сатыдан өтеді. Бірақ алғашқы – медиация туралы жалпы түсінік беретін сатыдан өткеннен кейін курсты жалғастырмай-ақ, медиатор болуға болады. Испанияда медиация көбіне отбасылық жанжалда, еңбек дауларында, қылмыстық-құқықтық салада қолданылады екен. «Жалпы, медиацияны істің кез келген сатысында жүргізуге болады. Бұл сала қатып қалған қағидаға бағынбайды. Ең бастысы, медиатор шешен ғана емес, дауласып жүрген тараптарды мәмілеге келтіре алатын шебер болуы қажет» дейді сарапшы Хелена Солета Муноз.
Мамандардың пікірінше, медиация туралы арнайы заңдық құжаттар қабыл­данғанына қарамастан көпшілік ме­диацияның пайдалы екенін әлі күнге жете түсінбей жүр. Кезінде халқымыз өзра туындаған дауларды шешу үшін би­лер мен шешендердің төрелігіне жү­гінген, олардың бір ауыз жөн сөзіне тоқ­таған. Бұл да – медиация. Демек, ол – сан жылдар бойы тиімділігін дәлел­де­ген тәсіл. Сондықтан медиация­ны жетілдіру қоғамға да тиімді. Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздің Жоғарғы сотымен бірлесіп, былтыр медиацияны дамыту жөнінде келісімге қол қойған болатын. Осы келісімшарт негізінде соттар кейбір дау-дамайды медиация жолымен шешуді тараптарға ұсынады. Бұл жоба арқылы мамандар медиация тәсі­лінің дау-дамайды шешуде қанша­лықты тиімді екенін анықтамақ. Соның қо­рытын­дысына сай күзге қарай елі­міздегі «Медиация туралы» заңға өз­гер­тулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*