Рәпіл ЖОШЫБАЕВ, ­­­ «ЭКСПО – 2017» халықаралық ­­ мамандандырылған көрмесінің комиссары: Озық технологиялардың тартылыс алаңы

1798
0
Бөлісу:

– Рәпіл Сейітханұлы, Елбасы «ЭКСПО» көрмесіне қатысуға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды тартуды тапсырды. Осы жұмыс қалай жүзеге асуда?
– Сыртқы істер министрлігі «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК АҚ және еліміздің шетелдегі өкілдіктерімен бірлесе отырып, бірқатар үлкен шаралар атқар­ды. Олай дейтінім, қандай да бір шараға халықаралық қаты­су­­шы­­ларды тарту – бірнеше кезеңнен тұратын қиын үдеріс. Бұл – сіздер ойлағандай бір сағатта, яки бір күнде шешіле сала­­тын мәселе емес. Мәселен, халықаралық қатысушыларға Мемлекет басшысы мен Пре­мьер-министрдің атынан ұсыныс хат жолдау, оларға көр­менің мақсат-міндетін түсіндіру, жоба жоспарымен таныстыру, ресми келісімдерін рәсімдеу және тағы­­сын тағы толып жатқан құжат толтыру шаралары бар. Бұдан кейін көрме өткізетін павильондарын бел­гілеу, қатысушылардың тала­­бына сай шарт жасасу, Комис­сарын белгілеу, күнін бекіту және екіжақты келісімшартқа қол қою сын­ды жұмыстары тағы бар. Міне, осындай ірілі-кішілі қыруар жұмыстар атқарылып, бүгінде көрмеге қатысушы мемлекеттерді тарту бойынша жоспар толық орындалды. Бастапқы жоспарға сәйкес, 100 мемлекет пен 10 халық­­аралық ұйымдарды тарту көз­делсе, қазіргі уақытта 115 ел мен 22 дүниежүзілік ұйым көрмеге қатысатынын ресми мақұлдады.
– «ЭКСПО»-ға қатысушылар жасыл энергетика саласында қанд­ай жаңа технологиялар көрсе­ту­­ді жоспарлауда?
– Көр­менің тақырыбы – «Болашақ энергиясы». Қа­ты­су­шылармен байланыс орнату барысында аталмыш тақырыптың маңыздылығына сан мәрте көз жет­кіздік. «ЭКСПО – 2017» – жаңа технологиялардың тар­ты­лыс алаңы іспеттес. Мұнда біз тіпті елестетіп көрмеген тың жаңалықтар көрермен назарына ұсынылмақ. Бұл – жас таланттар мен ғалымдар үшін өз идеяларын ұсынып, мүмкіндіктерін сынап көруге болатын мекен.
Шараға қатысушы мемлекет­тер елордада өтетін көрменің тақырыбын жан-жақты ашуға тырысып бағуда және қайта қалпына келетін энергия көздері саласында өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын. Мәселен, көр­ші­лес Қытай интерактивті 3D технологияның көмегімен осы елдегі энергетика дамуының негізгі кезеңдерін көрсетеді. Сондай-ақ қытайлық ғалымдар ойлап тапқан тәжірибелік термоядролық реактор – «жасанды күннің» қалай жұмыс істейтінін ұсынбақ. Нанотехнологияны жасауда алдына жан салмай­тын Корея елі электрлі жабдық­та­у­дың ақылды желісін, отын­мен жүретін автокөліктер мен энергия сақтайтын жаңа құ­рыл­­ғыларын (ESS) көрсетуді жос­пар­лап отыр. Нидерланды өз елінің тарихы, алдыңғы қа­тар­лы технологиялары мен инно­ва­ция­ларын голографиялық шоу жасау арқылы ұсынбақ. Мұнда көрермен голограмма мен дыбыс эффектілерінің технологиялық байланысын тамашалай алады. Ағылшындар өз павильонында энергияны үнемдеу мен өндірістің тәсілін түбегейлі өзгертуге мүм­­кін­дік беретін «графен» деп аталатын болашақтың материа­лын ұсынса, неміс жұрты екі және төрт дөңгелекті заманауи электрокөліктер мен энергияны шығындаудан гөрі, өндіретін «ақылды үйлерді» көрсетеді. Швецария өз кезегінде жаңа технологиялардың көмегімен жасалған энергетикалық тұрғыда тәуел­сіз және экологиялық таза үй­лерін көпшілік назарына ұсын­­бақ. Румыния әлемдегі ең жылдам лазерін көрсетсе, тайландтықтардың көрмесінен ауыл шаруашылығындағы өндіріс­ке жарамсыз қалдықтарды қайта қалпына келтіру энергиясын тама­­шалай алады.


– Бұдан өзге, көрме аясында қандай халықаралық шаралар ұйымдастырылады?
– Көрермендерге энергетика саласындағы шетелдік тың технологиялық жаңалықтарды ұсынудан бөлек, халықаралық мәдени, ойын-сауық шаралары мен түрлі жобалар ұсынылады. Мәселен, әр күні қатысушы мем­лекеттер өздерінің Ұлттық күнін атап өтеді. Мұнда көрермен қауым әр елдің мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары, киімдері және аспаптарымен таныса алады.
9 маусым күні өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесінің сал­­та­натты ашылуы қарсаңында Шанхай ынтымақтастық ұйы­­мының жиыны өтетіні мә­лім. Көрмеге қатысушы мемле­кет­тер­дің басшыларынан бөлек, ШЫҰ арнайы қонақтары мен бақылаушылары келеді деп күтілуде. Көрме өтетін 93 күн­де ресми делегациядан өзге турис­тер­дің көптеп келуіне жағдай жа­сап жатырмыз. «ЭКСПО – 2017» ая­сында Энергетика және туризм министрлерінің қатысуымен түрлі халықаралық конференциялар өтеді. Көрменің жабылу салта­на­ты Ислам ынтымақтастық ұйы­мының бірінші саммитімен тұс­па-тұс келіп отыр.
Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі «Астана ЭКСПО – 2017» ҰҚ және Астана қала­сы әкімдігімен мәдениет және спорттық шаралардың күнтізбесін жасады. Сонымен, 3 айда елордада үш мыңнан астам түрлі шаралар өтеді деп жоспарлануда.
– Туристердің көптеп келуіне жағдай жасалуда дедіңіз. Осы орайда нақты қандай іс-шаралар жүзеге асырылды?
– Жалпы, 2 миллионға жуық көрермен келеді деп күті­­луде. Әлемдегі туристік ассо­циа­ция­лармен серіктестік орнату үшін 47 меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ шетелдік туристерді тарту мақсатында «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы ITB Berlin, (Германия), JATA (Жа­пония), PATA (Үндістан, Индонезия), COTTOM (Қытай), MITT (Ресей), ITE (Гонконг), WTM (Ұлыбритания) сынды компаниялар халықаралық көр­­мелерге қатысып, дүние­жү­­зілік туроператорларға «ЭКСПО»-ны жан-жақты та­ныс­­тыруда. Алдыңғы қатарлы мем­лекеттерде көрме жайында таныстырылым роуд-шоулар өт­кі­зілді. Нәтижесінде, шетелдік туроператорлармен 30 келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ «ЭКСПО керуен» жасақталды. Бұл – интерактивті мобильді павильон. Мұнда келу­ші­лерге жаңа технологиялық мүм­­кіндіктер арқылы Қазақстан, елі­міздің астанасы мен аймақтары жө­нінде және елордада өтетін «ЭКСПО» турасында толық мәлі­мет ұсынылды.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымы, Еуропалық Одақ, Біріккен Араб Әмірлігі, Малайзия, Сингапур Ре­с­публикасы мен Монако князь­дігінің азаматтары үшін 30 күн­ге дейін визасыз өту жүйесі кү­шіне енді. Мамыр айының соңынан бастап, Польша, Вен­грия, Фин­лян­дия, Қытай елдері Ас­та­на­ға ап­тасына 11 рейс болатын жаңа әуежолдарын ашуда. Еліміздің әуекомпанияларымен бірлесе отырып, Сиань, Киев, Ереван, Челя­бинск қалаларына жаңа рейс­тер ашылады.
Осы орайда «ЭКСПО – 2017» көрмесі «Нью-Йорк Таймс» басылымының нұсқасы бойынша биылғы жылы баруға болатын үздік жерлердің көрсеткішінде 52-орынға табан тіреді.
– Көрме аяқталғаннан кейін ондағы инфрақұрылым қандай мүддеге қолданылады?
– Көрмеден кейін инфра­құ­рылымдардың халықтың пайда­сына жарау қажеттігі турасында әу бастан жоспарланып келеді. Се­бебі, әлемдік тәжірибеде мұн­­дай құрылымдардың тиім­ді пайданылмай қалғаны ту­ра­лы мысалдар көп. Мем­­­ле­кет басшысының бас­та­ма­сымен «ЭКСПО – 2017» ин­фра­­құрылымының негізінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылады. Бұл орта­лық Лондон, Гонконг, Дубай және Сингапурдағы қаржы орта­лық­тарының тиімді тәжірибесіне негізделе отырып қызмет атқар­мақ. Бұл орталық шетелдік ин­вер­торларды белсенді тарту мақ­сатында посткеңестік кезеңдегі баламасыз жағдайлар жасайды. Орталықтың барлық жүйесі құқық қорғаудағы әділдік пен инвесторлар тарапынан елімізге деген сенім қалыптастыруға мүм­кіндік беретін ағылшындық құқық қағидаларына негізделмек.
Сонымен қатар БҰҰ-ның 70-Бас ассамблеясында Нұрсұлтан Әбішұлы елордада «ЭКСПО» инфрақұрылымы негізінде «БҰҰ қамқорлығындағы жасыл технология мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталығын» құру туралы ұсы­нысын білдірді. Бұл жоба дүние­жүзілік қоғамдастық пен БҰҰ тарапынан қолдауға ие болды және жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек Елбасы «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Үкі­метке көрменің бір нысаны не­гізінде IT стартаптардың халықаралық технопаркін құру туралы тапсырма берген болатын. Әлемдік жаңа технологиялар мен инвестор, кәсіпкер тартатын алаң жасау үшін осы технопаркті жасақтау да қолға алынады.
– Әңгімеңізге рақмет

Сұхбаттасқан
Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*