Жаңа жоба мақұлданды

1129
0
Бөлісу:

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жайы, орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жоюға даярлық мәселелері қаралды. Сондай-ақ ақпарат құралдарына қатысты жаңа заң жобасы мақұлданды. 

Үкімет отырысының күн тәртібіне шығарылған негізгі мәселелерді қарамас бұрын, Премьер Бақытжан Сағынтаев Жам­был облысының бас­шылығына қайырылып, сол өңірдегі төтенше жағдай салдарынан қайтыс болған отбасыларға барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. «Қаланың үздік­сіз тіршілік әрекетін қамтамасыз ету, әсіресе, жарық беру және газбен қамту желілері бойынша барлық шара­ларды қолдану қажет. Бірінші кезекте, қайтыс болғандардың отба­сыларына барлық қажетті көмек көрсетілуі тиіс» деп жүктеді Үкімет жетекшісі.
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев 30 мамырдағы таңертеңгі жағдай бойынша апатты қызметтер ендігі электрмен қамтуды 100% қал­пына келтір­генін, қалада құлаған ағаш­тар мен қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. 29 мамырда облыста қатты дауыл соғып, кесірінен Таразда үш адам қаза тапты.
К.Көкірекбаев желдің жылдамдығы се­кундына 30 метрге дейін жеткенін мәлімдеді. Дүлей дауыл ағаштарды құлатып, олар газ құбырлары мен электр желілерін үзген, Тараз қаласы­ның бір бөлігі жарықсыз қалған. Облыс әкімі өңірде өзінің бірінші орынбасары басқаратын комиссия құрылып, ол апат себептерін зерттеуге және зардап шек­кендерге көмек көрсетуге кіріс­кенін айтты. Үкімет басшысы облыс әкіміне жүр­гізіліп жатқан жұмыстар мен олардың қоры­тындылары туралы өзін ұдайы ақ­параттандырып отыруды тапсырды.
Кезектен тыс қаралған тағы бір мәселе – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты болды. Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қаражаттары Әзірбайжанның Халықара­лық банкінің облигациясына инвести­цияланған БЖЗҚ салымшыларының мүдделерін қорғау бойынша қажетті шараларды қабылдап, аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Өз сөзінде Үкімет жетекшісі «Зей­нетақымен қамсыздандыру туралы» заңына сәйкес, БЖЗҚ акционерлік қоғамының мен­шік иесі – ел Үкіметі болып табыла­тынын, тиісінше, қа­зақстандықтардың міндетті зейнетақы жарналарының сақта­луына сол кепілдік беретінін қадап айтты. Демек, Үкімет «Қазақстан азаматта­рының зейнетақы активтерін сақтауға тікелей мүдделі». Бұл ретте Әзірбайжанға салын­ған салымды қайтару мәселесіне байланысты Үкіметтің арнайы өкіл­дерді тағайындағаны мәлім болды.
Өз кезегінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2014 жылдың қазан айында БЖЗҚ активтерінің 250 миллион доллары 10 жылға және 8,25% пайыздық сыйақы ставкасымен Әзірбайжан Халықаралық банкінің (ӘХБ) қ­а­рыздық бағалы қағаздарына салын­ғанын еске түсірді. Министрдің айтуынша, бұл банк дәрменсіздікке ұшырағанша, Қазақ­стан сыйақы алып та үлгеріпті. «2014 жылдан бастап бүгінге дейін БЖЗҚ одан сыйақы ретінде 15 миллиард теңге көлеміндегі қаражат алды. Бұл инвестицияланған сома­ның үштен бір бөлігіне жуық» деді Б.Сұл­танов. Оның айтуынша, сол кездегі айырбас бағамы бойынша 250 миллион доллар шамамен 45 миллиард теңгені құраған.
Қаржы министрі 23 мамырда Әзірбайжан тарапы БЖЗҚ-ның 250 миллиондық салымын қайта құры­лымдап, қайтарудың үш жолын ұсын­ғанын еске салды: біріншісі – ол соманы Әзірбайжанның мемлекеттік құнды қағаздары түріндегі 200 миллион доллар қарызға айырбастау. Бұл жағдайда ол соманы өтеу мерзімі 12 жылға ұзайды және сыйақы ставкасы 5,125% болады. Екінші нұсқасы да ол соманы Әзірбайжанның мем­лекеттік құнды қағаздарына айырбастауды қарастырады, бұл ретте қарыз сомасы 250 миллион долларды құрайды және өтеу мер­зімі 15 жылға дейін кетеді, сыйақы мөл­шер­лемесі – небары 3,5%. Үшінші нұсқасы – әл­гі салымды ӘХБ-ның төл обли­га­ция­ла­ры­ның 250 млн доллар тұратын жаңа шығары­лымына айырбастауды көздейді. Оның өтеу мерзімі – 7 жыл, ставкасы – тек 3,5%.
– Ұсынылған варианттарды зерде­лей келе, Үкімет пен Ұлттық банк өкілдерінен тұратын жұмыс тобы, әрине, БЖЗҚ үшін мейлінше аз шығын кел­тіретін нұсқаны жүзеге асыруға бар күшін салады, – деді Бақыт Сұлтанов. Шілде айының ортасында Әзірбайжан Халықаралық банкі кредитор­ларының жиыны өтпек, сонда олардың үштен екісі әзірбай­жандық тарап ұсынған әлгі үш нұсқа бойынша ӘХБ қарыз­дарын қайта құрылымдауды қолдап, дауыс берсе, реструктуризациялау бойынша нақты қадам­дар бастау алмақ. «Әзірбайжан жағы­ның мәлім­деуінше, бұл жұмыс биылғы жылдың күзінде аяқталуы ықтимал» деді Қаржы министрі.
Осыдан кейін күн тәртібіндегі мә­селелерді қарауға кіріскен Үкімет мүшелері, әкімдермен және сала өкіл­дерімен бірге агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) дамыту мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысын талқыға салды. Ауыл шаруа­шылығы министрінің бірінші орынбасары ҚАйтуғанов оның аясында егіс науқаны және егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде баяндады.
– Бүгінде көктемгі дала жұмыстары 87%-ға аяқталды. Көктемнің кеш келуіне қарамастан, қарқын өткен жылғы деңгейде, ал жекелеген өңірлер бойынша 2016 жылмен салыстырғанда жоғары. Биыл сұранысқа ие дақылдар егісіне арналған алқаптар 932 мың гектарға ұлғайды. Атап айтқанда, дәнді дақылдар – 100 мың гектарға, азық-жем да­қыл­дары – 582 мың гектарға, дәнді-фураж­дық дақылдар – 235 мың гектарға, жүгері – 8 мың гектарға, қант қызылша­сының алқабы – 7 мың гектарға өсті, – деді ол.
Қазір АШМ тауар өндірушілерді сапалы тұқымды пайдалануға міндет­тейтін заңна­малық норманы енгізу мүмкіндігін қарас­тыруда екен. Ол бойынша бұл талапты бұзған шаруалар әкімшілік жауап­кершілікке тартылуы мүмкін.
Мал шаруашылығы саласында субси­диялау механизмі өзгертілді, бұл субсидия алушылар санын арттыруға мүмкіндік береді. Егер бұрын бордақы­лаушылар 400 және одан жоғары басқа ғана субсидия алса, қазір 100 бастан бастап ала алады. Осылайша, субсидия алушылар саны 3 есеге өсті (522-ден 1475 шаруашылыққа дейін), тиісінше сиыр етінің өндірісі де 40%-ға артатын болады – 31,5 мың тоннадан 43,8 мың тоннаға дейін.
Қ.Айтуғанов сыртқы нарықтарға ет сату мәселелеріне де тоқталды. Қытай нарығы қазақ­стан­дық балық пен балық өнімдері, асылтұқымды жылқы, сон­дай-ақ бал шаруашылығы өнімі үшін ашылыпты. Мау­сым айында мұз­датылған қой еті бойынша хатта­маға қол қою жоспарлануда Шың еліне тауарлы жылқыларды да жеткізу шарттары келісілуде. Иранға тоңа­зытылған қой еті мен тірі қойларды әкелуге ветеринариялық сер­тифи­кат­тардың жобалары келісілді. Бірік­кен Араб Әмірліктеріне ірі және ұсақ қара малды, тауық жұ­мыртқасын әкелуге ветери­нариялық сертификаттарға қол қойылды. Бұдан басқа Израиль және Сауд Арабия­сы­ның ветеринариялық қызметте­рімен жа­нуарлардан алына­тын қазақстандық өнімнің экспортын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жиын барысында «ҚазАгро» холдингінің төрағасы Н.Мәлелов, «Родина» агрофир­масының басшысы И.Сауэр мен «Хан­шайым» кәсіпор­нының басшысы С.Ертаев, сондай-ақ Ақмола, Батыс Қазақстан, Алма­ты, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыс­­тарының әкімдерінің АӨК дамыту мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы баянда­малары тың­далды.
Талқылауды қорыта келе, Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігіне өңдеу кәсіпорын­дарының қуат­тылық­тарын толық жүктеуге ауыл шаруашы­лығы кооперативтерін бел­сенді тарту бойынша тетіктерді әзір­леуді тапсырды.
Кеше Үкіметте өрт қауіпсіздігін қамтама­сыз ету мәселелері де қаралды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жыл сайын елімізде 4 мыңға дейін орман және дала өрттері тіркелетінін баяндады. Өрт ауданы 100 мың га дейін, оның ішінде ормандарда 4 мың га дейін жетеді. Өрт келтірген залал шамамен 230 млн теңгені құрайды.
«Биыл орман қоры аумағында 67 өрт шығу жағдайы тіркелген. Өрттердің аумағы өткен жылғы көрсеткіштерден 7 есе артық. Мұның сыртында 1015 дала өрті тіркелген, бұл да өткен жыл­ғыдан жоғары» деді Қ.Қасымов.
Осы күні сондай-ақ Үкімет мүше­лері «Кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуни­кациялар мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл құжаттың БАҚ, телерадио хабар тарату, ақпараттандыру және байланыс саласындағы қоғамдық қарым-қатынас­тарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағыттал­ғанын айтты. Заң жобасында 250-ге жуық түзетулер бар және ол 4 кодекс пен 12 заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізуді қарастырады.
– Заң жобасында атап айтқанда, дау-дамайларды сотқа дейін шешу процедурасын жетілдіру жолымен ақпаратты теріске шығаруға құқықты іске асыру мәселелері бойынша нормалар қарастырылған. Сонымен қатар субтитрді және сурдоаудар­маны кеңінен қолдану арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолже­тімділігі қамтамасыз етіледі. Тағы бір жа­ңалық – БАҚ-та азаматтардың рұқсатынсыз олардың суретін қолдануға арналған та­лаптар тізбесі бекітіледі, – деді Д.Абаев.
Заң жобасына ұсақ заңбұзу­шылықтар бойынша БАҚ қызметін тоқтату немесе таралымды тәркілеу сияқты әкімшілік жаза қолдануды алып тастайтын ізгі нормалар енгі­зілген. Мемлекет пен БАҚ-тың өзара әрекеттестігін жетілдіру мақсатында «ресми хабар» ұғымын енгізу, БАҚ-тың жазбаша және ауызша сұраулары бойынша ақпарат ұсыну процесін реттеу жоспарлануда.
Бұдан бөлек отандық телевизия нары­ғын одан әрі дамытуға қатысты өзгерістер енгізу көзделуде. Онда отандық өндірістегі телеөнімдердің міндетті көлемін реттейтін заңнамалық нормаларды қайта қарау қамтылған. Енді бұл жоба Парламентке енгізіледі.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*