Елбасы жаңа вокзалды аралады

1117
0
Бөлісу:

Астанада екінші темір жол вокзалы пайда болды. Кеше ел Президенті «Нұрлы жол» аталған жаңа темір жол вокзалы ке­шенін аралап көрді.
Мемлекет басшысына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Қ.Алпыспаев жолаушылар жүрдек пойыздары қозғалысын дамыту бағдарламасының іске асырылуы, сондай-ақ «Вокзал кешені құрылысын қамтитын Астана теміржол торабын дамыту» жо­ба­сының орындалу барысы туралы баяндады. «Астананың темір жол стансасы еліміздің барлық өңірлерін ең қысқа жол­дармен байланыстырды. Осының ар­қасында жүк және жолаушылар тасымалын үлкен кө­лемде қамтамасыз ететін ірі көліктік-ло­гис­тикалық хаб құрылды» деді ҚТЖ басшысы.
Қазақстан Президенті инфрақұрылым­дық нысанды аралап көру барысында ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөз сөйледі.
– Санаулы күндерден соң, «ЭКСПО – 2017» көрмесі ашылады. Осыған орай бүгін елорданың жаңа нысандарын аралап көрдім. Бұл жаңа құрылыстар – Астананың мақтанышы. Бүкіл Еуропа мен Азияны түгелге жуық қамтитын жаңа әуе бағдар­лары пайда болуда. Жаңа нысандар бас қаламыздың жаңа келбетін айшықтайды. «Нұрлы жол» вокзалы – бірегей нысан, посткеңестік кеңістікте мұндай вокзал жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Астанадан еліміздің барлық өңіріне жоғары жылдамдықпен жеткізетін «Тальго» пойыздарының жүре бастағанын «жақсы жаңалық» деп бағалады. Осы арқылы Қазақстанның барлық өңірлері өзара жүрдек пойыздармен байланыс­тырылуда. Бұл ретте Елбасы инфрақұ­рылым және көлік саласындағы дамуы­мыз­дың қарқын ала түскенін атап өтті.
– Осының барлығы мемлекетіміздің болашағы үшін жасалуда. Бұл жобалар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жү­зеге асырылды. Жаңа терминалды іске қосу арқасында әуежайдың жолау­шыларды өткізу мүмкіндігі жылына үш миллионнан сегіз миллион адамға дейін артады. «ЭКСПО – 2017» көрмесінің барлық қо­нақ­тары Астанаға осы жаңа нысандар ар­қы­лы келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Вокзал кешені – жалпы алаңы 126 мың шаршы метр болатын алты деңгейлі ғи­марат. Оған пойыздарды қабылдап-жө­нелтетін алты жол жалғасады. Бір қызығы, жолау­шыларды пойызға отырғызу мен түсіру мұнда вокзалдың үшінші қабаты арқылы жүргізіледі: сол қабатта перрон орналасқан. Нәтижесінде, жолаушылар үскірік аяз бен жауын-шашыннан қор­ғалады.
Вокзал жолаушылар ағынын, адамдар кезегін, қауіпсіздікті, билетті электрондық тәсілмен сату ісін басқару мен бақылаудың заманауи озық интеллектуалдық жүйе­ле­рімен жабдықталған. Ол болашақта тәу­лігіне 35 мың жолаушыға қызмет көр­сетпек. Әзірше өткізу қуаттылығы 24 мың адамды құрайтын көрінеді. Жаңа вокзал негізінен ақырғы стансасы Астана болып табылатын пойыз­дарды қабыл­дамақ.
«Қазақстан темір жолы» жаңа вокзал­дың алғашқы пойыздарды 1 маусымнан бастап қабылдауға кірісетінін, барлық бағыттар мен пойыздар кестесі бекітілгенін мәлімдеді. Жолаушылар жаңа вокзалдан отыратындарын билеттерді сатып алу кезінде ақпараттан­дырылатын көрінеді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*