Басшыларға жеке жауапкершілік жүктеледі

1135
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Кеңеске Президент Әкімші­лігі­нің басшысы Әділбек Жақсы­беков, Президенттің көмекшісі – Қа­уіп­сіздік кеңесінің хатшысы Влади­мир Жұмақанов, Бас прокурор Жақып Асанов, Мемлекеттік күзет қызметі­нің бастығы Амантай Күрең­беков, Қорғаныс министрі Сәкен Жасұза­қов, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директо­ры Ғабит Бай­жанов, Астана қала­сының әкімі Әсет Исекешев, «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Ахметжан Есімов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш қатысты.
Басқосуда «ЭКСПО – 2017» ха­лықаралық көрмесін өткізудің жалпы тәртібі және оны өткізу кезінде елорда тұр­ғындары мен қонақта­рының қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы алдағы іс-шараны дайындау және оны сапалы өткізу үшін ауқымды жұмыстар атқа­рылғанын атап өтті.
– Біз көңіл толқытарлық сәтке – көрменің ашылуына таяп қалдық. Қазақстанның астанасына келетін қонақтар саны көп болады. Бүгінде «ЭКСПО – 2017» көрмесіне 1,2 мил­лион билет сатылған екен. Бұл – біз күткендегіден әлдеқайда көп, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі жағдайдың тұрақсыз екенін ескере отырып, көрмені өткізу кезінде қо­нақтар мен ел азаматтарының қауіп­сіздігін Астанада ғана емес, барлық өңірімізде де жоғары деңгейде қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Бұл үшін әр басшыға жеке жауапкершілік жүктеледі.
Мемлекет басшысы кеңес қоры­тындысы бойынша бірқатар тап­сырма берді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*