Елорда төріндегі тарихи саммит

1112
0
Бөлісу:

Шанхай ынтымақтастық ұйымын қалыптастырған алты ел – Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кезінде жер бөлісіп, шекара белгілеу секілді кез келген мемлекет үшін тағдыршешті тарихи сынақтан абыроймен өте алды. Ырысты ынтымағы мен берік бірлігі арқасында қанды қырғындарға килікпей, қомақты жетістікке қол жеткізді. 15 жылдық белесті артта қалдырған бұл ұйым енді кемелдікке келіп, кеңеюде. Кеше Астана төріндегі Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихи саммиті өтті.


Тарихи құрылтай «сәлемдесу рәсі­мінен» басталды. Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының төрағасы Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайына жеке-жеке келген ШЫҰ-ға мүше мемле­кеттер басшыларын өзі қарсы алды. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың, Ресей Федера­циясының президенті Владимир Путиннің, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Елбасының қолын құшырлана қысқан сәтін әлемнің әр елінен келген жүздеген ақпарат құралда­рының өкілдері фото және бейнекамераға түсіріп, тарихи мезетті тіркеді. Іле барлық лидерлер бірлесе суретке түсті. Кәсіби фотоаппараттар жарқ-жұрқ етіп, жан-жақтан үздіксіз сыртылда­ғанда, жаң­бырдың дыбысын еске түсіреді екен.
Осыдан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары шағын құрамдағы кеңес отырысына кірді.
Жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынты­мақтастық ұйымының құрылу тарихын еске алды.
– Осындай сәттерде өткен тарих еске оралады. Бес мемлекет басшылары өз араларындағы шекаралық пробле­маларды шешіп, тиісті құжатқа қол қойғаннан кейін жан-жаққа тарай бастады. Мен және Қытай Халық Республикасының сол кездегі төрағасы Цзян Цзэминь екеуміз әңгімелесіп отырған едік. Мен оған ұсы­ныс айттым: келіңіздер, шекаралық құ­жаттарға қол қойғаннан кейін тарап кетпейік, оның орнына өзара экономи­калық ынты­мақтастығымызды жолға қоялық! Міне, осылай Шанхай ынтымақ­тастық ұйымы пайда болды. Біз оған осы отырған тұлғалар арасында Тәжікстан президенті Рахмон мырзамен оған куә бол­дық және сол тарихи оқиғаға қатыс­тық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Көшбасшысы содан бергі 16 жылдағы даму тарихында ШЫҰ халық­аралық тұрғыдан мойындалғанын, көп салалы өзара іс-қимылдың тиімді бас­қосуына айналғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті сондай-ақ осы Астана саммиті «ұйымның жаңа тарихына бастау болып отырғанына» тоқталды.
– Бұл отырыс алты тарапты форматта соңғы рет өтіп отыр. Бүгін біз Үндістан мен Пәкістанды қабылдау рәсімін аяқтап, оларға ШЫҰ-ның мүше мемлекеті мәр­тебесін беру жөніндегі шешімге қол қоя­мыз. Жаңа мүшелерді қабылдау ұйымның дамуына зор серпін беріп, оның халық­аралық беделінің артуына септігін тигі­зеді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысында геосаясаттағы кейінгі үрдістер мен әлем­дік экономикадағы негізгі трендтер ескеріліп отыратынын атап өтті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы Қазақ­стан, Ресей, Қытай, Қырғыз­стан және Тәжікстан тарапынан 1996 жыл­ғы Шекара ауданында әскери салада сенім шараларын нығайту туралы келі­сімге және 1997 жылғы Шекара ауданында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімдерге қол қойыл­ғаннан кейін қалыптасқан 2001 жылы «Шанхай бестігі» негізінде құрылған болатын (Өзбекстан кейін қосылды). Сол кезде бұл ұйым шекаралас елдердің арасында қақтығыс тууына жол бермеді, яғни өзінің тарихи миссиясын орындады.
Кейін оның қатарына өңірдегі өзге де мемлекеттер тартыла бастады. Қазіргі кезде ШЫҰ-ға Ауғанстан, Беларусь, Иран, Моңғолия – бақылаушы. Мұның сыртында Әзірбайжан, Армения, Камбоджа корольдігі, Непал, Түркия және Шри-Ланка – «ШЫҰ-ның диалог бойынша серіктестері».
Бұған дейін ұйым жанындағы бақы­лаушы мәртебесін иеленіп келген Пәкіс­тан мен Үндістан енді толыққанды мүше болды. Осылайша, ШЫҰ әлем тұрғын­дарының 40 пайызын немесе 3 мил­лиардқа жуығын қамтыған ірі ұйымға айналды.
Біле білсек, кезінде «Британдық Үндіс­тан» атты бір мемлекет ретінде өмір сүрген бұл екі елдің қазақ халқына да жат­тығы жоқ. Бұл жерде біз, әрине, Қазақ­стан халқының бірнеше ұрпағы үнді фильмдерін көріп өскенін айтып отырған жоқпыз. Басқаны айтпағанда, Қазақ хандығының құрылуын хаттап, кітабына жазып қал­дырған, сол арқылы қазіргі қазақтарға «өз мемлекетінің болғандығы» жөнінде аңызға емес, тарихи хаттамаға сүйене отырып, мақтанышпен мәлім­деуіне мүмкіндік берген тұлғалардың бірі – Мұхаммед Хайдар Дулати Моғолстанда басына қауіп төнгенде, Үндістанды паналаған, сонда кейін біраз уақыт бойы Кашмирді билеп тұрады. Ол осында қазақ үшін құнды еңбегі «Тарих-и Рашиди» жазуға кіріскен екен.
Тағы бір атап өтер жайт, жаңа тарихи белесіне шыққан Шанхай ынтымақтастық ұйымы қазір тек шекаралық не қауіпсіздік мәселелермен шектелмей, экономикалық және әлеуметтік салалардағы ықпалдас­тыққа да құлаш ұруда. Мәселен, Өзбек­станның қатысуынсыз, 2009 жылы ШЫҰ Жастар кеңесі, 2010 жылы ШЫҰ желілік университеті, ал 2014 жылы ШЫҰ Энер­гетикалық клубы құрылған.
Ұйымға мүше елдердің экономикалық ынтымақтастығы ШЫҰ Көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы бағдар­ламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы бірлескен іс-шаралар жоспары энергетика, көлік, коммуникациялар, қоршаған ортаны қорғау секілді салалар­дағы жобаларды қамтиды. 2006 жылы Банкаралық бірлестік және Іскерлік кеңес құрылымдары түңлігін жаңадан түрді.
Қалай болғанда, Шанхай ынтымақ­тастық ұйымының қазіргі кезеңдегі ең негізгі міндеттері ретінде «өңірдегі бейбіт­шілікті, тұрақтылықты және қауіпсіздікті сақтау, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту» белгіленген.
ШЫҰ-ға мүше елдер басшыларының шағын құрамдағы отырысы аяқталған соң, Тәуелсіздік сарайына бақылаушы елдер делегацияларының басшылары мен мәртебелі меймандар келіп жетті.
Атап айтсақ, олардың арасында Ауған­стан президенті Мохаммад Ашраф Гани, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Үндістан Пре­мьер-министрі Нарендра Моди, Пәкістан Премьер-министрі Мохаммад Наваз Шариф, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш бар. Оларды да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қарсы алып, жылы шырайлы сәлемдесті.
Осыдан кейін ШЫҰ құрылтайына қатысушы барлық биік лауазымды тұлғалар бірлесіп, кең форматта фото­суретке түсті. Тарихи саммиттегі бұл сурет, әрине, кейін тарихи жәдігерге айналары сөзсіз.
Артынша барлығы дөңгелек үстел басына алқалай жайғасты.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының ке­ңесінің кеңейтілген құрамдағы оты­рысының күн тәртібіне сәйкес, тараптар ұйымның қазіргі жағдайына және оны дамыту перспективасына қатысты мәселе­лерді талқылап, ұйым аясында ынты­мақтастықты ілгерілету жөніндегі бірлескен қадам жасау жайы, сондай-ақ халықаралық және өңірлік өзекті мәсе­лелер жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы басқосудың төрағасы ретінде отырысты ашып, Үн­дістан мен Пәкістанды Шанхай ынты­мақтастық ұйымының толық құқылы мүшесі етіп қабылдау рәсімінің аяқтал­ғанына назар аударып, саммиттің тарихи маңыздылығын атап өтті.
– Ұйымның құрамы алғаш рет кеңейіп отырғандықтан, біздің осы кездесуіміз тарихи шараға айналады десем, артық айтқандық емес. Бүгіннен бастап Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Респуб­ликасы Шанхай ынты­мақтастық ұйымы­ның толық құқылы мүшесі болды. Енді ұйымның жауапкер­шілік аясы 3 миллиард­тан астам тұрғыны бар аумақты қамтиды. Сонымен, ол «Шанхай сегіздігі» сияқты институ­цио­налдық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бүгінде біз ШЫҰ кеңістігіне ірге­лес кейбір аймақтарда жағдай ушығып, геосаяси шиеленістің өрши түскеніне куә болып отырмыз. Осы орайда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Ха­лықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл туралы мәлімдемесін қабыл­дауымыз дер кезінде жасалған қадам болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қол қоюға ұсы­нылған «Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ШЫҰ конвен­ция­сының» өзектілігіне назар аудартты.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті «Бейбіт миссия» атауымен өткізілген бірлескен антитеррорлық жаттығулардың ұйымға мүше мемлекеттердің тәжірибе жүзіндегі ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, биылғы сәуір айында Астана қаласында ұйымдасты­рылған «Есірткісіз әлем үшін» атты халықаралық акцияға қатысқаны үшін барлық тарапқа ризашылығын білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде ШЫҰ-ның халықаралық ұйымдармен және бірлестіктермен ынтымақтастықты ны­ғайту жөніндегі жұмысына жеке тоқталды.
– 2016 жылғы қарашада БҰҰ Бас ассамблеясы ШЫҰ-мен ынтымақтастық жөніндегі қарар қабылдады. Трансұлттық есірткі қылмысына қарсы күрес мәсе­лелері жөніндегі ШЫҰ – БҰҰ жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шарасының қорытындыларын бағалаймыз. Шанхай ұйымының Халық­аралық Қызыл Крест комитетімен қарым-қатынастарын рәсімдеудің болашағы зор. ШЫҰ-ның Еуразиялық экономикалық одақпен және Ислам ынтымақтастығы ұйымымен өзара іс-қимыл орнатуын да қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ұйым аясында экономикалық кооперацияны ілгерілету мәселесіне назар аударып, осы саладағы жаңа институционалдық мүмкіндіктерді атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2017-2018 жылдар­дағы туризм саласындағы ынты­мақтастығы бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыс жоспары аясындағы өзара іс-қимылдың белсенді болатынына назар аударды.
Қазақстан Президенті еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өңірлік және жаһандық қақ­тығыстарды шешуге бар күш-жігерін салуға ұмтылатынын мәлімдеді.
– Ауғанстан басшылығының ел ішіндегі саяси диалогты нығайту және оны тұрақты әрі орнықты дамушы мем­лекетке ай­налдыруды көздейтін ша­ралар жөніндегі қадамдарын қолдаймыз. Қазақстан Астана процесі басқосуында сирияаралық дағдарысты реттеу жө­ніндегі келіссөздер үдерісіне өз үлесін қо­суын жалғастыра бермек. Осы келіс­сөздерге мүдделі барлық тараптың қатысуын қамтамасыз ету маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау идеясын берік қолдайтынын атап өтіп, еліміз Солтүстік Кореядағы ядролық қа­руға қатысты проблеманы реттеу жөніндегі келіссөздерді тезірек қайта бастауды құптайтынын айтты.
Қазақстан Президенті «жасыл энер­гетиканы» дамыту бағытында елімізде ат­қарылып жатқан жұмыстарға да тоқ­талды.
– Бүгін барлығымыз «Болашақтың энергиясы» ұранымен дүниежүзілік «ЭКСПО – 2017» мамандандырылған көрмесінің ашылу рәсіміне қатысамыз. Бірнеше ай бойы бұл жерде экологиялық таза энергетика саласындағы ең озық технологиялар көрсетілетін болады. Аста­надағы «ЭКСПО» көрмесі нәтижелерінің ШЫҰ-ның барлық елдері және жалпы халықаралық қоғамдастық үшін пайдасы зор болады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы ұйымды дамытудың барлық басты бағыттары бойынша өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне мемлекеттер ортақ күш-жігер жұмсағанда ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Отырыста, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Пәкістан Ислам Респуб­ликасының Премьер-министрі Наваз Шариф, Ауғанстан Ислам Республи­касының президенті Ашраф Ғани, Бела­русь президенті Александр Лука­шенко, Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш, ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов, ШЫҰ Өңірлік антитеррорлық құрылымының атқарушы комитетінің директоры Евге­ний Сысоев, ТМД Атқа­рушы коми­тетінің төрағасы – атқарушы хатшы Сергей Лебедев, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің Азиядағы атқарушы директоры Гун Цзяньвэй, Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдас­тығының Бас хатшысы Ле Лыонг Минь, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Бас хатшысының орынбасары Аманжол Жанқұлиев сөз сөйледі.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев сауда-экономикалық ынтымақ­тастықтың тиімді дамуы өңірдегі тұрақ­тылық пен қауіпсіздіктің нығаюына ықпал ететіндігіне маңыз бере сөйледі.
– Өйткені халықтың әл-ауқаты жақсы болса, экономикалық мәселелері ше­шілсе, оның рухы биік болады, шетелдік идео­логиялардың экспансиясына пәр­менді тосқауыл бере алады, бейбе­ре­кетсіздіктерге жол бермеуге құмбыл тұрады. Сондықтан біз ШЫҰ аясындағы сауда-экономикалық ықпалдастықтың жандануын жақтаймыз. Демек, ШЫҰ Даму банкін құру мәселесін шешетін кез жетті. Бұл Даму банкінің штаб-пә­терін, бас кеңсесін Бішкекте орна­лас­тыруды ұсынамын. Сондай-ақ инфра­құрылым мәселелері шешілмей, ин­тег­­­рациялық процестер де алға баса ал­­май­тынын еске сала кеткім келеді. Енде­ше біз осы бағытта «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ұсынатын мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға тиіспіз, – деді А.Атам­баев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мир­зиеев ұйым қызметінің тиімділігін ары қарай арттырудың ең көкейтесті мәселе­леріне тоқтала кетуді жөн көргенін жеткізді.
– Біріншіден, бүгінде халықаралық террористік топтар және деструктивті күштер өз қызметінде ақпараттық техно­ло­гияларды барған сайын белсенді қолдануда. Оларды біздің жастарды «зомбиландыру» және жат идеология­ларын тарату үшін агрессивті түрде пайдаланады. Осыған байланысты ұйым­ның құрылтайшылық құжаттарына өзгерістер енгізуді және ШЫҰ өңірлік антитеррористік құры­лымына жаһандық ақпараттық кеңістікте туындайтын қауіп-қатерлерге мониторинг жүргізу жүйесін ұйымдастыру және оған қарсы іс-қимыл жасау бойынша құзырлар беруді ұсы­намын, – деді ол.
Екіншіден, Ш.Мирзиеевтің байла­мын­ша, «өскелең ұрпақтың әртүрлі тер­рористік және радикалды құры­лым­дардың қыз­метіне тартылуына жол бер­меу бойынша бірлескен нақты шара­ларды күшейту» ма­ңызды. «Біз жастарды рухани және адам­гершілік тәрбие беруге, ағартуға, олардың бойында білім мен кемелдікке ұмтылысты қалыптастыруға айрықша назар ауда­руымыз қажет деп санаймыз!» деді ол.
Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди Қазақстанды және Президент Н.Назарбаевты ШЫҰ-дағы төрағалықты табысты өткерумен және осы маңызды тарихи саммитті биік деңгейде ұйым­дастырумен құттықтады.
– Тек өңірлік қана емес, жаһандық тұрғыда ШЫҰ бейбітшілік пен қауіп­сіздіктің орталық ұстындарының бірі. Сол себепті де Үндістан оған толыққанды мүше болуға ұмтылды. Осы талабымызды қолдап, ұйымның кеңеюіне жол аш­қандары үшін үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Біздің ШЫҰ-ға мүше елдермен ынтымақтас­тығымыз білім беру, энергетика, ауыл шаруашылығы, қор­ғаныс, минералды ресурстар, қуатты­лықтарды арттыру, сауда, инвестиция салаларын қамтиды. Біздің толыққанды мүшелікке қабыл­дануымыз сөзсіз, ынтымақтасты­ғымыздың жаңа деңгейге шығуына ықпал етеді, – деді Үндістан басшысы.
Пәкістан Премьер-министрі Мохам­мад Наваз Шариф өз елінің мүше болуына келісімдерін бергені және қолдағаны үшін «Шанхай ынтымақтастығы ұйы­мының негізін қалаушы елдер» басшы­ларына алғысын айтты.
– Біз ұрпаққа мұра ретінде қақтығыс­тың емес, ынтымақтастықтың жемістерін қалдыруымыз керек. Келіңіздер, біздің елдерімізде барша адам бақытты, ба­қуатты өмір сүретін ортақ кеңістік құралық! – деп түсіндірді өз елінің ШЫҰ-ға кіруін Наваз Шариф мырза.
Өз сөзінде Қытай Халық Респуб­лика­сының Төрағасы Си Цзиньпин ұйымға төрағалық еткен Қазақстанның қызметіне және белсенді жұмысына жоғары баға берді:
– Қытай Қазақстанның ШЫҰ-дағы төрағалығын жоғары бағалайды. Қа­зақстан ұйымды дамытуға және жұ­мыс­тарын жетілдіруге орасан зор еңбек сіңір­ді және жетістікке жетті. Біз ШЫҰ төр­ағалық тізгінін ризашылықпен қа­былдаймыз және ұйымға мүше-мем­ле­кеттер басшыларының кезекті сам­митін 2018 жылдың маусымында ұйымдас­тыратын боламыз! – деді ол.
Си Цзиньпин ШЫҰ аясындағы ынты­мақтастықты өзге салаларда дамыту бо­йын­ша ҚХР-дың ұсыныстарын жеткізе кетті: «Қытай барлық әріптестерімен бірле­сіп, ШЫҰ университетінің табысты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге дайын. Сон­дай-ақ біз ШЫҰ елдері жастарының және оқушыларының жазғы лагерін өткі­зуді, өнер фестивалін, халықаралық кәсіби шеберлік байқауларын ұйым­дастыруды ұсынамыз. Мұның сыртында «Қытай-ШЫҰ: адами ресурстарды бір­лесе игеру жоспарын» жүзеге асыруы­мызға болады. Біз бұқаралық ақпарат құралдары саласын­да ынтымақтасу тетіктерін түзуді және ШЫҰ бірінші медиасаммитін өткізуді ұсынамыз».
Сөз соңында Си Цзиньпин Қытайдың ШЫҰ хатшылығына қосымша 10 мил­лион юань (шамамен 1,4 миллион доллар) қаражат бөлетінін мәлімдеді.
Ресей президенті Владимир Путин тарихи саммиттің Астанада өтуі кездейсоқ еместігін, өйткені Қазақстанның бас қала­сынан бітім мен келісім нұры тарай­тынын атап көрсетті. Оның айтуынша, алты жыл­дан бері сұрапыл соғыс жүрген Сириядағы атысты тоқтатудағы ілгері­леушілік Аста­надан бастау алды.
– Шанхай ынтымақтастығы ұйымы Таяу Шығыстағы өңірлік қақтығысты рет­теуге де бірлесе күш-жігер бағыттап жа­тыр. Атап өтер жайт, соңғы уақытта Сириядағы дағдарысты реттеуде көңілге үміт құярлық бетбұрыс пайда болды. Бұл – осы Астанада іске қосылған, Ресей, Түркия, Иран және Сириялық тараптар қатысатын ха­лық­аралық кезде­сумен тікелей байла­нысты. Бұл уағда­ластықтардың аса маңызды жетістігі – үкіметтік әскерлер мен қарулы оппозиция арасындағы атысты тоқтату болды. Сондай-ақ Сирияда қару түрлерін пай­далануға тыйым салынған, атыс үні естілмейтін қауіпсіздік аймақтары құ­ры­луда. Енді осы негізде әскери қимыл­дарды түпкілікті тоқтатудың нақты мүм­кіндігі пайда болды, – деп жоғары бағасын жет­кізді РФ президенті. Сөзін түйіндей келе, ол 2009 жылы жұмысын тоқтатқан «ШЫҰ-Ауғанстан» байланыс тобының қызметін қайта жандандыруды ұсынды.
Саммиттегі беделсөздерден кейін ресми құжаттарға қол қою рәсімі өткізілді. Жалпы саны 11-ді құрайтын бұл құжаттар алдында біраз уақыт бойы барлық тараптың пысықтаулары мен келісімінен өткен екен.
Сонымен, кеше Шанхай ынты­мақ­тас­тық ұйымына мүше мемлекеттер бас­шы­ларының Астана Декларациясы қабыл­данды.
Сондай-ақ «Экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі ШЫҰ конвенциясы», Үндістан Республикасын және Пәкістан Ислам Республикасын ШЫҰ мүшесі ретінде қабылдау рәсімін аяқтау және оларға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру жөніндегі ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңе­сінің екі шешімі, «Үндістан Респуб­ликасы мен Пәкістан Ислам Республи­касына ШЫҰ-ның мүше мемлекеті мәр­тебесінің берілуіне байланысты ШЫҰ мүше мемле­кеттерінің үлестік жарналары туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер бас­шылары кеңесінің шешімі», «Шанхай ынтымақ­тастық ұйымының өткен жылдағы қызметі жөніндегі ұйымның Бас хатшысының баяндамасын бекіту туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ше­шімі», «Өңірлік антитер­рорлық құрылы­мының 2016 жылғы қыз­меті жөніндегі ШЫҰ Өңірлік антитер­рорлық құрылым кеңесінің баяндамасын бекіту туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі» бекітілді.
Бұлар сыртында қол қойылған құ­жаттар қатарында «ШЫҰ мүше мемле­кеттерінің ШЫҰ Өңірлік антитерррорлық құрылым жанындағы тұрақты өкілі жөніндегі ережені бекіту туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі», «ШЫҰ мүше мемлекеттер бас­шылары кеңесі шешімдерінің күшін жою туралы ШЫҰ мүше мемлекеттер бас­шылары кеңесінің шешімі» бар.
Іс-шара регламентіне сәйкес, отырыс соңында Шанхай ынтымақтастығы ұйы­мының төрағалығы Қытай Халық Рес­публикасына өтті.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*