Корея түбегіндегі қызықтар

1576
0
Бөлісу:

«Мыңжылдық тарихымызда ешбір елмен жауласпаған халықпыз» деп өздерінің артықшылықтарын әйгілеуден танбайтын кәрістер «ЭКСПО –2017» көрмесіне де көркемдікпен ұғылатын дүниелерін ұлықтай келді. Сыртқы келбеті айнамен көмкерілген Корея павильоны алыстан-ақ менмұндалайды. Оның жанына жақындағанда кәріс жұртының еңбексүйгіш, музыкаға, философияға деген құштарлықтары өз тұңғиығына біржола алып кетеді.

Халықаралық көрме кезінде Оңтүстік Ко­рея павильоны 250-ге жуық іс-шара өт­кі­зеді. Бұл қатысушы елдер арасындағы ең көп ме­рекелік көңіл күй сыйлайтын жалғыз ел. Па­вильон алдында қаз-қатар тізілген кәрістің сұлу қыздары өткен-кеткен жұртқа қазақша сә­лемдесіп, қалыңды сұрайды. «Тілге құр­мет­тің – елге құрмет екенін» дәлелдеп тұрған са­наулы павильондардың біріне осыдан кейін бас сұқпай көр.
Оңтүстік Корея алғаш рет 1970 жылы Оса­ка қаласында өткен «ЭКСПО» көрмесіне қа­тысқан екен. Одан кейін өздерінің Теджон и Йосу қаласында екі рет ірі халықаралық фо­рум өткізіп тәжірибе жинаған. Елорда тө­рін­де өтіп жатқан көрме санақ бойынша ха­лықаралық көрмелерге 19-рет қатысуы.
Корея павильоны туралы айтар болсақ, ау­м­ағы жағынан «ЭКСПО» қалашығындағы ең үлкен Германия, Жапония, Ресей елдері­мен иық тіресіп тұр. 1804 шаршы метрді алып жатқан нысан қос қабаттан тұрады. Бірінші қабатында көрме залы орналасса, жоғары қа­батында көрушілерді Корея елінің түрлі қызықтары күтеді.

«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ…»
Жалпы, кәрістер «жасыл» технологияның да­муы жағынан әлемде көш бастап тұр. Оң­түстік Кореяның павильоны «Болашақтың энер­гиясы. Ақылды өмір» деп аталады. Аты ай­тып тұрғандай, көрме залына қойылған ба­ламалы энергия саласындағы соңғы тех­но­логиялар мен ақылды шешімдер таңдай қақ­тырады.
Екінші бөлімде көрсетілген анимациялық шоудың астарынан да ақылдылықтың ны­шаны аңғарылады. Ұшаққа мінген қазақтың ба­ласы жер әлемді шарлап келеді. Жай келе жат­қан жоқ, ұшақтан аққан дизельді отын жер-көкті ластап, өтіп кеткен жолындағы жай­қалған орман мен айдын көлдерді қурата-суал­та жайпап келеді. Кенет бір жерге кел­генде ұшақтың майы бітіп, тоқтауға мәжбүр бо­лады. Әдеттегідей айналасынан сұйық отын іздеуге кіріскенде, тасадан шыққан кә­ріс қызы бос ыдысын алып қояды. Қа­зақ­тың ба­ласы оны қуалай жүгіреді. Анимациялық шоу болса да, өз байлығымызды бағаламай, тіпті еліміздегі негізгі энергия әлі күнге дейін мұ­най, көмір, сырттан әкелінетін газ бен мазут­ке тәуелділігімізді бетімізге «басып», ашы­ғын айтып тұрғандай көрінді бізге. Шоу­дың шешімі де кәрістердің көрегендігімен түйін­делген: кәріс қыз біздің ұлды өз еліне сая­хат жасатып, қазақ баласы көрмеген жаңа тех­нологиямен таныстырады. Табиғатты құт­қарудағы жаңа баламалы қуат көздерінің өзек­тілігін көрсетіп, таңдай қақтыртады. Оң­түстіккореялық танымал суретші Ким Джонг Ги осылайша, өз туындысы арқылы мақ­сатына жеткен. Бұл мақсаттың біздің «ма­замызды қашырғаны» да рас.

Сутегімен жүретін «Хюндай»
Жақсыны көрмекке. Дамыған техноло­гия­ларын паш етуге келген бұл елдің елең ет­кі­зер жаңалықтары шынында да көп екен. Күн­шығыс елінің инноваторлары «ЭКСПО» қо­нақтарын бұл жолы энергетикалық орман­мен таңғалдырды. «Біздің көрмеде жаңа энер­гия көздеріне саяхат жасай аласыздар. Сон­дай-ақ біз күн, жел энергетикасы саласында соң­ғы үлгіде жасалған жобаларымызды алып кел­дік. Мұнда энергия көздерін тиімді сақтау тех­нологиясы мен сандық технологиялар да бар. Олардың кейбір элементтері Астананың «Хайвил» тұрғын үй кешенінде қолданысқа енген. Павильонға келушілер әлемге танымал Hyundai маркалы автоконцерннің сутегі отынымен жүретін жаңа көлігімен таныса алады» деп одан әрі қызықтырды Оңтүстік Корея павильоны директорының орынбасары Ким Джунг-Хун.
Айтса айтқандай, соңғы залдағы энерге­тикалық орманға кіргеніміз сол, қолымызға бір-бір планшеттен ұстатты. 40-қа жуық келу­ші үш тілде көрсетілген мәзір бойынша бола­шақ энергия көздеріне арналған арнайы ойындар ойнады. Планшетте көрсетілген тап­сырмаларды орындау арқылы, яғни, үлкен зал­дың ішіне жасырылған бейнелерді план­шетке дәл түсіре отырып ойынның келесі ке­зеңіне жолдама аласыз. Үлкені де, кішісі де қолдарына бір-бір планшет ұстап, үлкен залды кезіп жүргенін көргенде баламалы энер­гияны қолданысқа енгізудің өзектілігін түсінесіз. Біреулер болашақтың энергиясын оң жақтан іздесе, бірі солға қарап, енді бірі жоғары жақтан іздеп жүр. Бұл әлем елдерінің күн, су, жел секілді баламалы қуат көздеріне ұмтылысын білдіріп тұрғандай. Соңында бұл залда Астанаға арнайы теңіз жолымен әкелін­ген салмағы бір жарым тонналық сутектік автомобиль мен күн батареясымен жұмыс істейтін және ғаламшарды айналып ұша алатын алып ұшақтың макетіне куә болдық.

Мәдениеттің мәйегі
Екінші қабатқа көтерілгенде Корея мәде­ниетімен жақынырақ таныстық. «Халлю» мә­дениет орталығында дәстүрлі кәріс тағам­дарының иісі мұрын жарады. Жалпақ жұртқа жарнамасы кеңінен жайылған кәріс косме­ти­касы да қыз-келіншектердің үлкен қызығу­шылығын тудыруда. Корей шеберлерінің қолынан шыққан көркемөнер туындылары да сатылымға қойылған.
Кезінде Кореяның танымал кинолары отан­дық телеарналарды жаулап алғаны жа­сырын емес. Көрмеде виртуалды болса да кә­ріс сериалдарынан үзінді көріп, өзіңді поп-му­зыкасының концертінде отырғандай се­зі­не­сің.
«Оңтүстік Корея павильоны энергия са­ла­­сын­дағы ең соңғы технологиялар мен кәріс мә­дениетін кеңінен таныстырды. Біз қо­­лы­мыз­дан келгенше түрлі контент қалып­тас­­тыру­ға тырыстық. Халықаралық па­вильондар ішінде танымал болғанымызды мақтанышпен айта аламыз. Оңтүстік Корея ТМД аумағында ұйымдастырылған көрмеге алғаш рет қаты­сып отыр. Бұл қадамымыз орталық Азия ел­дерімен арадағы қатынасты жақындатады деп сенемін» деді Корея пави­льо­нының бас­қару­шысы Бён Йон Соп мырза.
Айта кетейік, 18 шілде күні «Сарыарқа» ве­лотрегінде еліміздің және кәріс поп жұл­дыз­дарының қатысуымен K-Culture кеші бола­ды. Ұйымдастырушылар павильонға келу­шілерге осы кештің билеттерін алдын ала те­гін таратуда.

Мира АЙМАХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*