Бастысы – нақты шешім қабылдау

1012
0
Бөлісу:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Парламент Сенатының отырысы өтті. Сенаторлар Үкіметтің және Республикалық есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептерін қарады.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, 2016 жылы бюджет түсімдері 100,2 пайызға орындалып, 7 триллион 760 миллиард теңгені құрады, шығыстар 8 триллион 501 миллиард теңге, немесе 98,3 пайызға шықты. Бюджет тапшылығы 741 миллиард теңгені құрады немесе Ішкі жалпы өнімнің 1,6 пайызы болды.
Республикалық есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков 2016 жылғы респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі Үкіметтің есебі туралы мекеменің қорытын­дысымен таныстырды.
Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов 2016 жылғы ақша-несие саясатын іске асыру қорытындылары туралы депутаттарды хабардар етті. Негізгі қаржы құжатын талқылау барысында қызу пікірталас өрістеді. Сенаторлар осы сала бойынша ескертулерді, ұсыныстар мен өзекті мәселелерді ортаға салды.
Сенатор С.Біләлов ауыл шаруашылығының дамуына алаңдаушылық білдірді. Депутат жыл сайын қаржы бөлінсе де аграрлық салада оң көріністер байқалмай отырғанын тілге тиек етті. Сауалдарға жауап бере келіп, премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов парламентшілерге агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жаңа бағдарламаны көрсетуге әзірлігін айтқанда Сенат төрағасының сынына ілікті.
– Жаңа министр қабылдаған әрбір мем­лекеттік бағдарлама – игі тілектердің бағдар­ламасы. 2020 жылы тағы бір бағдарлама туындауы мүмкін. Оның жақсылығы да жан-жақты жеткізіп айтылатын болады. 60 мың тонна етті экспортқа шығару жөніндегі жоспар солай бол­ды. Парламентте оның мүмкін еместігі айтылған болатын. Бағдарламаны біз де жаза аламыз. Ол қиын емес. Бастысы, пәрменді іс-әрекет, нақты шешім қабылдау керек, – деді Қ.Тоқаев.
Сенатор Г.Ким Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының бірыңғай статистикасын енгізуге министрдің назарын аударды. Бұл мәселе Елбасының Қытай басшысымен екіжақты кездесуінде экономи­калық ынтымақтастықты өрістетуді талқылау аясында көтерілген болатын. Мәселенің маңыздылығын Сенат басшысы да атап өтті.
– Жоғары деңгейдегі келіссөздерде Мем­лекет басшысының статистикадағы қай­шылықтарды айтуының өзі – халықаралық деңгейдегі ірі жайт. Қазір сіз әдістемелік қайшылықтар мәселесін бірінші орынға қойып отырсыз. Мен болсам, контрабанда мен көлеңкелі экономика мәселелерін бірінші орынға қояр едім. Бұл жерде ақиқат толыққанды айтылуы керек, – деді төраға Қаржы министрі Б.Сұлтановқа.
Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Ершов қосымша баяндамасында сенаторлардың бірқатар сын-ескертпелерін жария етті. Ол жалпы сомасы 36 миллиард теңге игерілмеген қаржының өткен жылғы көрсет­кіштерден едәуір артық екенін атап өтті. Бюджет үдерістеріндегі көптеген тәртіп бұзушылықтарға назар аударылды. «Есеп комитеті жүргізген аудиторлық шаралардың нәтижесінде тексеріл­ген соманың 46 пайызында түрлі тәртіп бұзу­шылықтар бар екені анықталды» деп атап өтті С.Ершов.
Одан басқа, сенатор республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті қарау барысында мемлекеттік органдардың орындау тәртібіне көңіл толмаушылығын білдірді. «Мұндай жағдайлар есептерді шынайы қарау үдерістеріне кедергі болуымен қатар, мемлекеттік органдардың келбетіне көлеңке түсіреді» деді сенатор.
Отырыста Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы еуразиялық экономикалық интегра­ция жағдайында экономикалық ынтымақ­тастықты дамыту туралы келісім ратифика­цияланды.
Келісімге сәйкес, Қазақстан тарапы Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциялану процесіне жәрдемдесу мақсатында Қырғыз тарапына 100 млн АҚШ долларына балама көмек көрсетеді.
Көмек Қырғыз тарапына Қырғыз Респуб­ликасының Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы жөніндегі «Жол карталарында» көзделген
іс-шараларды іске асыруға, атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ кедендік шекарасының қырғыз учаскесіндегі кедендік инфрақұрылымды жақсартуға, Қырғыз Респуб­ликасының санитария, ветеринария, фито­санитария жүйелерін Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес келтіруге беріледі.
Бұл ретте, көмек үкіметаралық жекелеген хаттамаларға сәйкес кезең-кезеңмен ақшалай қаражат, оқыту бойынша көрсетілетін қызмет, тауарлар түрінде берілетін болады. Ұсынылатын көмектің орынды және тиімді жұмсалуын бақылау мақсатында Қазақстан – Қырғыз Үкіметаралық кеңесі аясында екіжақты бірлескен Тексеру комиссиясы құрылады.
Палата «Прокуратура туралы» заңды қабылдады.
Құжат заңнаманы еліміз Конституциясының жаңартылған 83-бабына сәйкестендіруге, сондай-ақ прокуратура органдарының қызметін жетілдіруге бағытталған. Заңға сәйкес, прокуратура қызметі Қазақстан Республи­касы­ның аумағында заңда белгіленген шекте және нысандарда заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды; сотта мемлекеттің мүддесін білдіруді; мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын болады.
Заң жобасында жоғары қадағалаудың шегі мен нысандары айқындалып, негізгі бағыттары нақтыланды. Құжатта прокурордың өкілет­тіктері, оның жауапкершілігі нақты жазылып, прокуратураның міндеттері анықталды. Сондай-ақ тексерілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері белгіленіп, прокурорлардың тексерістер тағайындауы үшін негіздер және прокурорлардың талап қоюмен сотқа жүгіну негіздері азайтылды.
Мемлекет мүдделерін сотта білдіру мен қылмыстық қудалау функциялары, сондай-ақ прокуратура қызметінің мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыруды, арнайы есепке алуды жүргізуді, прокуратура органдары жүйесіндегі бірыңғай мемлекеттік кадр саясатын іске асыруды және басқа да ережелер қамтылған өзге де бағыттары жеке тарауға шығарылды.
Прокуратура органдарының бірыңғай жүйесі, Бас прокурордың өкілеттіктері, Бас прокуратураның, облыс, аудан прокуратура­ларының және оларға теңестірілген проку­ратуралардың қызмет аясы айқындалды.
Палата денсаулық сақтау саласына қатысты заңнаманы екі оқылымда қарап, қабылдады.
Заң жобасымен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар мен аударымдардың мөлшерлемелерін қайта қарау, олар үшін Қорға мемлекеттен жарналар түсетін адамдардың, сондай-ақ қорға жарналарды төлеушілердің тізбесін кеңейту көзделеді.
Заңмен, сондай-ақ 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қорды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде (ТМККК) бірыңғай төлеуші ретінде белгілеу; cапалы дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды сатып алу және төлеу, олармен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай тиімді тәсілдерді қамтамасыз ету үшін сатып алу және дәрілік қамсыздандыруға шығыстарды төлеу жөніндегі құзыреттерді қор мен жергілікті өкілді органдар арасында бөлу ұсынылады.
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың оған сәйкес ТМККК алуға құқығы болатын ережелерді енгізу ұсынылды.
МӘМС жүйесінің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгілеуге, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер қоюға, банктік шоттардағы қордың активтеріне тыйым салуға жол берілмейді.
МӘМС жүйесін ендіре отырып, әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсетудің тетіктері реттелген.
МӘМС жүйесін ендіру әлеуметтік әділет­тілік, денсаулық үшін бірлескен жауапкершілік, тұрғындарды жаппай қамту және қолжетімділікті, сапа мен денсаулық сақтау қызметтерін көр­се­тудің экономикалық тиімділігін арттыру жолы­мен медициналық көмектің сапасын жоғарылату қағидаттарын сақтай отырып, әлеуметтік бағдарланған ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің орнықтылығына және серпінді дамуына, сондай-ақ денсаулығындағы күрделі пробле­малардың салдарынан тұрғындардың қаржылық қауіп-қатерін төмендетуге ықпал етеді.
Заң ережелерін іске асыру – тұрғындардың жекелеген санаттарының қорға жарна төлеуге арналған шығыстарына алып келеді. МӘМС жүйесіне аударымдардың мөлшерлемелерін төмендету – жұмыс берушілердің жүктемесін төмендетуге жәрдемдеседі.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды.
Заң жобасымен «Салық және бюджетке тө­ленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске цифрларды не әріптік белгілерді үйлестіре отырып мемлекеттік тіркеу белгілерін бергені үшін мемлекеттік баж мөлшерлемелерін ұлғайту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.
Бұдан басқа әскери полиция қызметкер­лерінің жол жүрісін реттеу жөніндегі құзіретіне қатысты бөлігінде жол жүрісі туралы заңға өз­ге­ріс­тер мен толықтырулар енгізіледі. Құжат сена­тор­­лардың түзетулерімен Мәжіліске қай­тарылды.
Сенат отырысы барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Сенатор Жабал Ерғалиев Ш.Уәлиханов атындағы Көк­шетау мемлекеттік университеті жанынан театр, би ұжымдарының, халық аспаптар оркестрінің педагог жетекшілері мен мәдени демалыс ұйым­дастырушы мамандықтары бойынша жоғары білімді кадрлар даярлау бөлімдерін ашу мәселесін Асхат Күзеков жоғары оқу орын­да­ры­ның қызметін жетілдіру туралы мәселе көтерді.

Дайындаған Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*