Жаһандық ынтымақтастық жандана береді

1093
0
Бөлісу:

Елордада «Жаңа энергия – жаңа экономика» тақырыбын арқау еткен Х Астана экономикалық форумының пленарлық отырысына Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жаһандық жаңа бастамаларын жария етті. Елбасы АЭФ-тің мерейтойлық форумы бүкіл Еуразиялық кеңістік үшін тарихи бетбұрыс кезеңінде өткізіліп отырғанын айтты. 

Қазақстан Президенті заманауи әлемнің теңдессіз жылдамдықпен өзгеруіне, сондай-ақ экономика­лық өсім табиғатын және өмір салты­мызды түбегейлі өзгерткен жаңа ашылымдар мен ғылыми-техни­калық шешімдер дәуірінің туғанына назар аудартты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жа­һан­дық экономикалық саясат қор­шаған ортаның ластануының шекті дең­гейге жетуі және жаһандық энер­гия тұтынудағы теңсіздіктің ар­­туы сияқты бүгінгі сын-тегеу­рін­дерге то­лық жауап бере алмайты­нын айтты. Қазақстан Президенті эко­­но­микалық өсімнің қордала­нып қалған сын-тегеуріндерді көбейт­пей, қайта оларды шешуге септігін тигізуі маңызды екенін атап өтті.
– Әлемдік қоғамдастық жаңа экономикалық модельге кезең-кезеңмен көшу қажет. Ол таза энер­гетикаға, күш-жігерді жұмыл­дыруға және бүкіл әлемнің мүддесін ескеретін ұжымдық жауапкер­шілікке негізделуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Үшінші жаңғыруы аясында елімізде ау­қымды жұмыс басталғаны және энергетика саласын жаңғыртуға байланысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтты.
– 10 жыл бұрын біз ТМД елдері арасынан бірінші болып Эколо­гиялық кодексті қабылдадық. 2012 жылы «Энергия үнемдеу және энер­гия тиімділігін арттыру туралы» заң күшіне енді. Сол жылы еліміз «ЭКСПО – 2017» ха­лықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Қазір біз соның аумағында тұрмыз. Көрменің тақырыбы – «Болашақ­тың энергиясы» деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев болашақта Жер шарының эколо­гия­лық тұрғыдан таза болуы үшін яд­ролық қарусыз әлем тұжырым­да­ма­сының маңызды екенін атап өтті.
– Қазақстан – ядролық қару­сыз әлем құру жолындағы күресте көш­басшы. Біз – ядролық сынақ полигонын жойған және қуатты ядролық зымыран ар­се­налынан ерікті түрде бас тарт­қан ең алғашқы әрі бірден-бір ел­міз. Біз бұл жұмысты жалғасты­ра­мыз және баршаңызды осы кү­рес­те бізді қолдауға шақырамыз. Сол арқылы біз жаһандық ынты­мақ­тас­тық пен бейбітшілік ісіне адал екенімізді тағы бір мәрте дәлел­дей аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қазақстан Прези­денті Астананы халықаралық қаржы орталығына айналдыру жөнінде батыл шешім қабылдап, жүзеге асыруда. «Қазақ елінің 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы да жаһандық қоғамдастықта жақсы танымал» деген ол Қазақстанның дамыған 30 ел қатарына қосылуына бек сенетінін жеткізді.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*