Үкімет пен Есеп комитетінің есептері бекітілді

888
0
Бөлісу:

Мәжіліс пен Сенат депутаттары өздерінің бірлескен отырысында Үкімет пен Есеп комитетінің 2016 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті. Бірлескен жиынға Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин төрағалық етті.

Үкіметтің есебі бойынша Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. Оның айтуынша, 2016 жылға арналған бюджеттің атқарылуы жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерлікті ынталандыру арқылы экономиканы жандандыруға бағытталған. Нәтижесінде, экономиканың өсуі былтыр 1%-ды құрады. Ол көлік саласында көрсетілетін қызметтер көлемінің өсуі, ауыл шаруашылығында, құрылыста, оның ішінде тұрғын үй құрылысында өнім шығарудың ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіліпті.
– Бюджеттің кірістері 7,7 триллион теңгеге жетті. Бұл 2015 жылдың көр­сеткіштерінен 1,5 триллион теңгеге көп. Оның 30% трансферттер үлесіне келеді. Бюджеттің кірістерінің әлі де болса Ұлттық қордан тартылатын трансферттер мен әлемдік шикізат нарығындағы жағдайдың өзгеруіне тәуелділігі туралы депутаттардың сын-ескертпелері орынды. Сондықтан экономиканың өсуі мен әрі қарай дамуы үшін біраз шаралар жоспарланып отыр, – деді министр.
Бұл жоспар нәтижелі болуы үшін Үкімет бизнеске қолайлы жағдай жасап, салық түсімдерінің жоғары қайтарылымын сақтап қалуға ниетті.
– «Кіріс кірмей, шығыс шықпайды» деген мәтел бар. Бұл ретте жұмысымыз салықтық түсімдерді ұлғайту мен бизнеске әкімшілік қысымдарды азайту аясында өтеді. Мәселен, биыл салықтық тек­серулерді біз 37,5%-ға қысқартамыз. Бұдан басқа жаңа Салық кодексі жобасында осы тексерулерге себеп бо­латын негізде­мелердің 56% алынып тасталады. Яғни, қазіргі 32 норманың 14-і ғана қалады. Жалпы, салықтық тек­серулерде горизон­тальды мониторинг енгізіледі. Ол сенім, ашықтық және өзара тиімді принциптері бойынша қол­данылады. Салықтық әкімшілендірудегі қызметтерді одан әрі ақпараттандыру да осы жұмысқа оң ықпалын тигізеді деді Б.Сұлтанов.
Ол Үкіметтің тиімсіз салықтық преференциялардың санын қысқартуды пысықтап жатқанын жеткізді. «Осы жеңілдіктерді бизнес көбінесе салық төлудің мөлшерін азайту үшін ғана қол­данылады. Осыған байланысты қосылған құн, корпоративтік табыс салықтары және жергілікті салықтар бойынша қол­да­ныстағы жеңілдіктер қайтадан қаралады. Бұдан басқа, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне гуманизация аясында тиісті өзгерістер енгізілу қарас­тырылуда. Оның ең бастылары – әкімшілік айыппұлдың көлемін қысқарту мен жазалаудың орнына ескерту институтын кеңінен қолдану болады» деді Қаржы министрі.
Оның мәліметінше, өткен жылы бюджеттік шығыстар 98,3%-ға игерілді. «Бүкіл шығыстардың жартысынан астамы, яғни 4 триллион теңгесі әлеуметтік салаға жіберілді. 4 миллион 980 мың адамға бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы төленді. Бюджет қаражатының игерілуін қадағалауда жаңа механизм – камералдық бақылау енгізілді. 2016 жылы мемлекеттік сатып алуда 13,7 миллиард теңгеге заң бұзушылықтар анықталды. Оны тексеру объектілері дер кезінде өздері түзетті. Бұзушылықтарды төмендету үшін бюджеттің атқарылуы кезінде превен­тивтік алдын алу шараларды қолдануды күшейтеміз!» деп уәде етті Министр.
Ол бюджет қаржысын игермеушілікпен күрес жүріп жатқанын мәлім етті. Осы мақсатта қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізілген. Біріншіден, бюджет процесіндегі әкімшілік кедергілер азайтылыпты. «Яғни, бюджет қаражатын игеру үшін меморгандардың бюджеттік бағдарламаның шеңберінде қаражатты қайта бөлу дербестіктері кеңейеді. Бұл ретте әкімшілер мен жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі де күшей­тілетін болады» деді Бақыт Сұлта­нов.
Екіншіден, мемлекеттік органның игере алмайтыны анықталса, ол бюджет қаражаты соны қажет ететін өзге ме­морганға Үкімет шешімімен-ақ қайта бөлінетін болады. Үшіншіден, квазимем­лекеттік сектордың шоттарында жатқан қаражаттарды қолдануды тәртіпке келтіру қолға алыныпты. Бұл түйін «қалдықтарды бюджет кірісіне қайтару немесе осы субъектілердің басқа ин­вес­тициялық жобаларын қаржыландыруға рұқсат беру арқылы шешімін табуда» екен. Сондай-ақ Қаржы министрлігі жоспарлау кезінде қаржы-экономикалық негіздемеде көрсетілген соманың бәрін бірден бермей, енді тек кезең-кезеңімен қарастырып отырады.
Төртіншіден, бюджеттік инвестиция­лық жобаларды іске асыруға жеке инвесторларды тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жос­парлау рәсімдері оңтайландырылады. «Осы шаралар нәтижесінде қаражаттың нақты экономикаға тез жетуіне жағдай жасалады» деп сендірді Б.Сұлтанов.
Өз кезегінде Есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков Үкіметтің салық және кеден заңнамаларын жетілдіруі қа­жеттігіне назар аудартты. Оның ай­туынша, «бюджеттік шығындарды басқарудан» «республикалық және жер­гілікті деңгейлерде түпкілікті нәти­желерге қол жеткізу процесін басқаруға» көшу керек.
– Қабылданатын шешімдердің сабақтастығы жоқ. Бағдарламалық құ­жаттарды іске асыру шарттарына өзгерістер жиі енгізіледі. Бұлар елдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтиже­лерін тө­мендетеді. Жекелеген нәтижелер көрсет­кіштеріне қол жеткізбеу орын алуда. Бұл бюджеттік бағдарламалар әкім­шілерінің, жергілікті атқарушы орган­дардың жауап­тылығының төмендеуіне әкеп соғуда, – деген Н.Әбдібеков мемор­гандарға өз жұмыс қорытындыларына сыни көзбен қарап, қателермен жұмыс істеуге кеңес берді.
Биылдан бастап Есеп комитеті негізгі шығыстар бойынша республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалауды жүргізетін болады.
Бірлескен отырыста Мәжіліс атынан Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі С.Құсайынов, ал Сенат атынан Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі С.Ершов қосымша баяндама жасады.
Жиын соңында сөз сөйлеген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев депутаттық корпусқа бірлескен жұмыс үшін алғыс айтты және одан әрі ынтымақтаса жұмыс жасауға тілек білдірді.
«Сіздер қойған сұрақтар мен айтқан ұсыныстар экономиканың барлық салаларын қамтиды, сын-ескертпеле­ріңіздің бәрі орынды. Біз оларды мұқият зерделеп, ары қарайғы жұмыс барысында ескереміз. Үкіметтің алдында Президенттің Астана экономикалық форумының пленарлық отырысы кезінде қойған қосымша тапсырмаларын орындау міндеті тұр. Біз биылғы жылды 4 пайыздық экономикалық өсіммен тәмамдауымыз қажет!» деген Премьер осы бағытта де­путаттармен бірлесіп, бірқатар шараларды қабылдайтындарын айтты.
Осы күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов «Қазақстан­дағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жыл сайынғы жолдауын жария етті. Оны тыңдаған парламентшілер Конституциялық кеңес жолдауын назарға алуға шешім қабылдады.
Жиында сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасы жүргізген конституциялық реформаға байланысты Парламент регламентіне өзгерістер енгізілуі қажеттігін, осыған орай Сенат және Мәжіліс депутаттарынан регламент жөніндегі бірлескен комиссия құрылатыны жөнінде хабардар етті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*