Медиа форум басталды

1348
0
Бөлісу:

Ақпарат құралдарының өкілдері қазіргі заманның ең өзекті мәселелерін шетелдік және отандық көрнекті саясаткерлермен, танымал сарапшылармен бірге отырып, емін-еркін талқылайтын халықаралық пікірталас алаңы – Еуразиялық Медиа Форумына биыл 15 жыл толды.
XIV Еуразиялық Медиа Форумының басты жиынына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға арналған құттықтау сөзін оқып берді. Елбасы «Еуразиялық Медиа­ Форум он бес жылдық қызметі барысында журналистер қоғамдастығының өзекті мәселелері ғана емес, сондай-ақ кең ау­қымды жаһандық проблемалар да тал­қыланатын басқосуға айналып, лайықты беделге ие болғанын» атап өтті.
– Әлем драмалық өзгерістерді бастан өткеріп жатқан қазіргі заман жағдайында осындай диалог алаңдарына деген сұраныс артып келеді. Жаһандық контексте тек басқа көзқарастарға құрметпен қарайтын ашық диалог қана миллиондаған адам­дардың көкейкесті проблемаларын шешу үшін қажетті жаһандық сенімді қалпына келтірудің бағдары. Бұқаралық ақпарат құралдары осы процестің көш­басшысына айналуға тиіс және өзінің күш-жігерін жаңа кедергілерді тұрғызуға емес, керісінше, халықтар мен елдерді біріктіруге шоғыр­ландыруы керек. Әлем жаңа ақпараттық ортаны қалыптастыру дәуіріне аяқ басты. Демек, ол дәуір серік­тестік пен білім ал­масу­ды ынта­ландыруы үшін қолымыз­дан келгеннің барлығын жасауға тиіспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев ЕАМФ қа­­тысу­­­шыларына Үндеуінде.
Сонымен қатар Қазақстан Көшбасшы­сы «алдағы әлеуметтік және технологиялық өзгерістерге дайындық орнықты дамудың айқындаушы факторы болып отырғанын» атап көрсетті.
«Осыған байланысты Медиа Форумның күн тәртібіне технологиялық құрылымды өзгертудің басты бағыты ретінде «жасыл эко­номика» мәселелерінің енгізілуі сим­вол­дық мәнге ие. Себебі, бұл Астанада өтіп жатқан EXPO – 2017 көрмесінің тақыры­бымен үндеседі» деп түйді Н.Назарбаев.
Айтқандай, биыл Форум EXPO – 2017 аясында ұйымдастырылып, жаһандық көрме жанындағы Конгресс-орталықта өткізілді. ЕАМФ жыл сайын әлемнің 60-тан астам мемлекетінен 600-ге тарта БАҚ өкілдерін, cаясаткерлерін, сарапшыларды жинайды.
Биыл ЕАМФ күн тәртібіне «Жаңа әлемдік тәртіп: қабырға тұрғызамыз ба, әлде көпір саламыз ба?», «Болашақтың энергиясы»: «жасыл экономиканың қуаты», «Азия «экономикалық кереметінің» құпиясы», «Сирия дағдарысы: соғыс өрті сөне ме?», «Сандық революция» тақырып­тары шығарылып, жан-жақты талқыланды.


Осы Медиа Форумның идеялық шабыт­тандырушысы, ЕАМФ ұйымдастыру ко­митетінің төрайымы, Сенат депутаты Дариға Назарбаева өз сөзінде әлемнің қазіргі даму барысын, адамзаттың аяқ алысын бағамдай кетті.
– Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың бұрын-соңды болмаған даму қарқыны тарихи қалыптасқан көптеген құндылықтар мен стереотиптерге жаңаша қарауға мәжбүрлеп отыр. Олар қазіргі заманғы адамның ақыл-ойын қалыптастырады, шекараларды жояды, әлемді анағұрлым айқын, «мөлдір», соны­мен бірге, осал ете түседі. Цифрлық революция мен жаппай ақпараттануға не ере келеді? Адамдардың өмірі қалай өзгереді? Бұл ұлы жетістіктер адамзатқа игілік әкеле ме, әлде зұлымдық болып жабыса ма? – деп ортаға өзекті сауалдар тастады Дариға Нұрсұлтанқызы.
Ол «жаңа, үйлесімді әлемді тар дү­ние­танымда, теріс қалып-шаблондармен және пессимизмде құру мүмкін еместігіне» назар аудартты.
– Біз тарихи өкпе-кек пен өткендегі қайғылы оқиғалар прогреспен бірге, сенімді түрде алға қарай басуына еш кедергі келтіре алмайтын мықты адамдардың жаңа буынын тәрбиелеуіміз керек. Жаңа дәуір жаңа тұлғаларға зәру! Ол тұлғалар өткен­нің – ең жақсылары мен озықтарын – ата-бабаның рухани мұрасын және мәдениетін өздерімен бірге алып жүріп, жаңа жетіс­тіктерге жетулері қажет, – деген Дариға Назарбаева Форумға қатысу­шылардың барлығын заманауи адамның санасын жаңғырту туралы ойласуға шақырды.
Ол биылғы Медиа Форумды өткізу күнін әдейі өзгерткендерін жеткізді. Ондағы мақсат – қатысушыларға EXPO – 2017 аясында «Болашақ энергиясы» сала­сындағы әлемдегі қызықты жетістіктермен танысуға мүмкіндік беру болыпты.
«Біздің ел үшін осындай үлкен шараны өткізу – мақтаныш. Сондай-ақ бұл ұлттық экономиканың барлық саласының да­муының катализаторы болады деп сенеміз» деген Д.Назарбаева қуанышымыз­ды бөлісуге келгендері үшін шетелдік қо­нақтарға алғысын жеткізді.
Биылғы Еуразиялық Медиа Форумына Түркияның бұрынғы президенті Абдолла Гүл, Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Баррозу, АҚШ-тың БҰҰ-дағы бұрынғы елшісі, АҚШ-тың бұрынғы энергетика министрі Билл Ричардсон, Израиль Премьер-министрі әкім­шілігінің бұрынғы басшысы, келіс­сөздер бойынша бас маман Гилад Шер, әлемнің ең жас көшбасшыларының бірі Параг Ханна, Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра Пачаури секілді маңызды меймандар келіпті. Сондай-ақ Қазақстанның және шетелдердің өзге де танымал саяси және қоғам қайраткерлері, сарапшылар, әлемдік жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Соның ішінде Үндістаннан келген қонақ Раджендра Пачаури адамзат ойланбаса, жаһандық апатқа жолығуы мүмкіндігін білдірді. Ғалымның бұлайша алаңдауына АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың климатқа қатысты Париж келісімінен шығу туралы мәлім­демесі себеп болған көрінеді.
– «Жасыл экономика климаттың өз­ге­руі­не ықпал етпейді» деген кесір тұ­жырым­мен келіспеймін. Бұл – ғалымдардың зерт­теуі­не мүлдем қайшы. Әлем жаң­ғыратын энергетикаға неғұрлым ертерек көшсе, болашағы да соғұрлым жақсы болады. Климаттың өзгеруіне адамның кері ықпалы бүгінде дәлелденген жайт. Кейбір елдердің көшбасшылары, атап айтсақ, Америка пре­з­иденті климаттың өзгеруі деген шындыққа жанаспайтын дәйексіз, бекер тұжырым деп айтып жүр. Бұл шы­нында ақылға қонымсыз қателік. Егер келешегі жарқын болсын десе, адамзат бұл қате жолға баспауы, мұн­дай байлам­дарды қабылдамауы қажет! – деді Нобель сыйлығының лауреаты.
Оның айтуынша, ғасыр басынан бері мұхиттың орташа деңгейі көтерілді. Тиісін­ше, жағалауда отырған елдерге, әсіресе, арал-мемлекеттерге теңіздер ас­тын­да қалу қаупі төнуде. Осыған байла­ныс­ты мысалы, жақында ресейлік бір белгілі тұлға техно­логияға жүйрік, ақыл-ойы ке­мел жапон халқына, құтылуы үшін Ресей өз аумағын ұсынуы керек деген идеясын жария еткені мәлім. Ондай шетін мәселе туын­дамай, төтенше әрекеттерге бару қа­жет­­тілігі тумауы үшін жаһан жұрт­шылығы эко­логияға достық пейілдегі «жасыл тех­но­ло­­­гияларға» неғұрлым жедел ауысқаны жөн.
Медиа Форум аясындағы осындай қы­зықты талқылаулар мен қызу пікірта­ластар кеш қарайғанша жалғасты.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*