Президентке деген құрмет

1033
0
Бөлісу:

Меират ОМАРОВ, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Ішкі саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы:
– Биыл Астана қаласына дүниежүзі қауымының назары ауды. Өйткені, елор­дамызда Сирия бойынша Астаналық үдеріс, EXPО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі, Астана экономикалық форумы, сондай-ақ Еуразиялық Медиа форумы сынды айтулы іс-шаралар өткізілді. Нә­тижесінде, бірқатар мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдардың көшбасшылары, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен мыңдаған турис Қазақ елінің бай мәдениеті, өлшеусіз тарихы және кең пейілді халқымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Астана халықаралық әуежайына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру – Тұңғыш Президентіміздің дамудың даңғыл жолына түскен заманауи мемлекеттің қа­лып­тасуы мен дамуына сіңірген елеулі еңбегін халық болып мойындағанымыздың бел­гісі. Бұл ел тұрғындарының ұлт Көшбас­шысына көрсеткен ерекше құрметі деп білемін.
Бұған қоса елордамыздағы халықаралық әуежай – елімізге алғаш есігін ашқан негізгі транзиттік торап. Мұнда Қазақстанның көлік-логистикалық жүйесін дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» инфрақұрылым стратегиясының негізгі авторы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы екенін атап өткеніміз жөн.
Әуежай – адами өркениеттің символы екенін ескерсек, әлемдік тәжірибеде мем­лекеттің дамуына сүбелі үлес қосқан көш­басшылардың есімімен аталған әуежайлар жетерлік. Мәселен, Нью-Йорктағы Кеннеди, Париждегі Шарль де Голль, Ыстамбұлдағы Ататүрік, Ұлан-батордағы Шыңғысхан және тағы басқалары.
Мұндай дүниежүзілік тәжірибелерден бөлек, Астанадағы әуежайға Мемлекет бас­шысының есімін беру – Тәуелсіз Қа­зақстан­ның қалыптасуы мен қарқынды да­муына, ел тұрғындарының бірлік пен ынтымақта бейбіт ғұмыр кешуіне қосқан өлшеусіз үлесін рас­тайтын тарихи негіз деп білемін.

Ләззат НҰРҚАТОВА, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы:
– Елордадағы Астана халықаралық әуежайы – Қазақстанды сыртқы әлеммен байланыстырушы және республиканың түкпір-түкпіріндегі өңірлерді жалғаушы еліміздің негізгі әуе қақпасы.
І Петр Санкт-Петерборды салу арқылы Еуропа елдеріне жол ашса, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жас қала – Астананы аз уақыт ішінде гүлдендіру арқылы барша дүниежүзіне есігін айқара ашты. Сол себепті де, Астана әуежайына Елбасының есімін беру – бір жағынан әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттер мен ұлттардың арасында лайықты орын алуға бағыт алған қазақ хал­қының ұмтылысының бейнесі іспеттес десек, екінші тұсынан Тұңғыш Президентіміз – ұлт Көшбасшысының Тәуелсіз Қа­зақстанды қарқынды дамытудағы сындарлы саясаты мен «Бірегей болашақ ұлтын» қалыптастыруға қосқан өлшеусіз үлесіне көрсеткен ел тұрғындарының құрметі деп есептеймін.

Князь МИРЗОЕВ, «Барбанг» Қазақстан күрдтер қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің мүшесі:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін Астана халықаралық әуежайына беру – дәл уақытында қабылданған шешім.
Бұдан былай елорда қонақтарын Мемлекет басшысы атындағы әуежай қарсы алатыны қуантады.
Жас қала – Астананың өркендеу және даму жолында Елбасының еңбегі орасан зор. Еуразия жүрегі саналатын елордамыз күн сайын қарыштап дамып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналуда.
Тәуелсіз ел болғалы барлық қол жеткізген жетістіктеріміз бен игі бастамалар Нұрсұлтан Назарбаев есімімен байланысты әрі Ел­ба­сының қажырлы еңбегі екені сөзсіз. Еліміздің 18 миллоннан астам халқын бір шаңырақ астында бірлікте басын қосқан ерек­ше институт Қазақстан халқы ассамблеясының атқарып жатқан жұмыстарын айрықша атап өткім келеді.
Астанада барша әлемге Ұлы дала елін танытатын халықаралық EXPO – 2017 көр­месінің өткізілуі де – Мемлекет басшысының еңбегі. Сондықтан шетел президенттерін, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қо­нақтарды қарсы алатын әуежай тәуелсіз Қазақстанның дамуына өлшеусіз еңбегі сіңген азамат есімімен аталуы заңдылық.
Халықаралық әуежайға еліне елеулі қызмет еткен азаматтардың есімін беру әлемдік тәжірибеде бар дүние. Мәселен, Франция, АҚШ сынды мемлекеттерде Шарль Де Голь, Джон Кеннеди деп аталатын әуежайлар бар. Түркия да ел басқарып, өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан тарихи тұлғаларын құрметтейді. Оның айқын көрінісі ретінде Ыстамбұлдағы ірі әуе қақпасының Мұстафа Кемал Ататүрік деп аталуын айтуға болады.Рональд Рейган атындағы Вашингтон әуежайы, Бакудегі Гейдар Алиев және тағы да басқа белгілі қайраткерлер есімі берілген нысандарды сөз етуге болады.
Абилфас ХАМЕДОВ,  Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары:
– Бүгінде Астана әуежайы – Халықаралық азаматтық авиация қауымдастығының категориясына ие, заманауи әуежай. Мұнда ұшақтардың кез келген түрі шектеусіз қабылданады.
Елорда әуежайының атауын ауыстырып, Елбасының есімін беру туралы шешімге қосыламын. Бұл – дер кезінде қолға алынған, өзекті шешім. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің дамуы жолында сіңірген еңбегі зор. Осыны ескере келе бұл шешімді әділ деуге әбден болады. Елбасы көп ұлты бар, Қазақстан атты мемлекет құра алды.
Елорда күні қарсаңында Астана әуежайының атын ауыстырғаны – еліміздің барлық тұрғындарына жасалған жақсы сый іспеттес. Өйткені Мемлекет басшысының Қазақстанның құрылуы мен дамуы жолындағы рөлі айрықша.

Ершат АСМАТОВ,  «Уйғур авази» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:
– Барша әлем Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты көреген әрі сарабдал саясаткер ретінде мойындайды. Елбасы ерекше құрмет пен алғысқа лайық жан. Нұрсұлтан Назарбаев есімімен саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім және Қазақстан халқы бірлігі ұғымдары астасып жатады.
Елордамыздың бас сәулетшісі – Мемлекет басшысы. Елбасының тың идеялары мен ұсыныстары арқылы Астана ажарланып, Батыс пен Шығыс мәдениетін байла­ныстырушы көпірге айналды.
Елорданың көптеген ғимараттары мен ескерткіштері де Елбасының баста­масымен өмірге келді. Бұл ғимараттардың басым бөлігі Астананың мақтанышы мен басты ны­сандарына айналды. Еуропа мен Азияның қақ ортасында орналасқан елордамыз – Еуразия жүрегі ретінде елге танылды.
Бүгінде Астана еліміздің ең көрікті қаласы ғана емес – саяси, экономикалық, мәдени әрі рухани орталығы.
Президентіміздің есімі брендке айналды. «Қазақстан» және «Назарбаев» егіз ұғымдар болды.
Азаматтық авиация халықаралық қауымдастығының категориясы бар Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Астана әуежайы әуе кемесінің барлық түрлерін қабылдайды.
Әуежай халықаралық жоғары стан­дарттарға сай салынған. Сондықтан Мемлекет басшысының есімін әуежайға беру – халықтың Елбасыға деген алғысы мен құрметінің белгісі.

Исмаил ТИЛОВ, Алматы облысындағы «Балқария» мәдени орталығының төрағасы:
– Біз, Жетісуда тұратын балқарлар, Астана қаласының халықаралық әуежайына Елба­сымыздың есімін бергеніне қуаныш­тымыз.
Бұл – өте орынды шешім. Әрі тек қа­зақстандықтардың емес, алыс-жақын достарымыз бен туыстарымыз үшін де айтулы жағдай.
Ата-бабаларымыз тағдырдың жазуымен қазақ жеріне қоныс тепкен. Қазақ елінің қонақжайлылығы мен бауырмалдығын ешқашан ұмытпаймыз. Сол қасиеттерінің арқасында балқарлар қиын-қыстау кезеңде аман қалып, тамырын жаюға мүмкіндік алды. Баршамыз үшін Қазақстан Отанымызға айналды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы – дана әрі көреген саясаткер. Президентіміздің дара жолы – оның өз ісіне деген үлкен ынтасының, Отан мен барша адамзатқа деген қалтқысыз қызметінің көрінісі. Олай дейтін себебіміз, ядролық мәселелер – бүгінде ғаламның барлық тұрғындарына қатысты ортақ проблема. Алдағы уақытта Қазақстан әлі талай ірі жетістіктерге жететініне сенімдімін.
Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, толағай табыс, берекелі іс тілеймін! Еліміз үшін, Жер шарында тыныштық пен береке орнату жолында қызмет етейік!

Мойсей ГОЛЬДБЕРГ, Ұлы Отан соғысының ардагері, журналист, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:
– Нұрсұлтан Әбішұлы біздің мемлекетіміздің аяғынан тұрып, қарқынды дамуы үшін көп еңбек сіңірді. Сондықтан Астана әуежайын Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай деп өзгерту туралы ұсынысты ұлт Көшбасшысының тәуелсіз Қазақстанды қайта құру жолындағы ерен еңбегіне бүкіл қазақстандықтардың көрсеткен зор құрметінің белгісі деп білемін.
Бұл жалғыз біздің елде ғана емес, өзгелерде де бар тәжірибе. Франция, Германия, Әзір­байжан, Түркия және басқа мемлекеттердің әуежайы сарабдал саясаткерлерінің есімін иеленген. Біздің Елбасымыз да осындай сый-құрметке әбден лайық!

Вилен МОЛОТОВ -ЛУЧАНСКИЙ, Қарағанды еврей мәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:
– Халықаралық әуежайдың Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталуы – құптарлық шешім. Өйткені Астана – Елбасының төл перзенті іспеттес. Шын мәнінде Пре­зидентіміз жаңа Астанамен бірге егемен еліміздің негізін қалады. Барлық көше-алаңдарда, көрікті орындар мен тұрғын үйлерде еркіндіктің лебі еседі. Халықтың ежелгі ой-арманының орын­далғанының куәсі болып жүрміз.
Әуежай – жасампаз қаламыздың бас қақпасы. Жерге қонған әрбір азаматты құшақ жайып қарсы алатын тұғырлы төріміз. Келіп-кетушілердің барлығы Отанымыздың оттан ыстық мейірімін сезініп аттанады. Қазақстан халқының ақ жүрегінен шыққан достық сезіміне бөленеді.
Балаларымыз бен немерелеріміздің, өмірімізді жалғастырар кейінгі ұрпағымыздың жолы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдан әрдайым сәтті басталсын деп тілеймін!

Бөлісу:

Пікір жазу


*