Сенат басшысы журналистерді құттықтады

1092
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының байқаушылар миссиясы өкілдерімен кездесті. Қ.Тоқаев Парламент Сенаты сайлауының мониторингіне қатысқаны үшін алғыс айта отырып, ТМД бақылаушылар миссиясының өкілетті және сайлау мони­торингінде мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.
Делегация басшысы, Ресей Федералдық жиналысының Федерация кеңесі төрағасы Ильяс Умаханов делегация құра­мында бес ел өкілдерінің болатынын, олар Астана, Қарағанды және Көкшетау қалаларындағы сайлау барысын бақылайтынын айтты. «Сенат депутаттарын сайлайтын бұл саяси сәттің ма­ңызы жоғары екенін біз жақсы түсінеміз» деді И.Умаханов.
Сенат төрағасы байқаушыларды ағымдағы сайлау нау­қанының ерекшеліктері жайынан хабардар етті. «Парламент Сенатының депутаттығына 89 үміткер ұсынылып, оның 38-і тіркелді» деді Қ.Тоқаев. Тараптар парламентаралық ынты­мақтастық туралы пікір алмасты. Сұхбаттасушылардың айтуын­ша, заңнамалық қызметтің тәжірибесімен жедел бөлісуге, ұлт­тық заңнаманы жақындату бойынша тиімді жұмысты ұйым­­дастыруға парламентаралық ынтымақтастық үлкен мүмкіндік береді.
– ТМД Парламентаралық ассамблеясы – біздің парла­ментшілер жіті назар аударып отырған өзара байланыстың маңызды құралы, ірі парламенттік орган, – деді Қ.Тоқаев.
Осы күні түс ауа Сенат басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарының беделді өкілдерімен кез­-десіп, салтанатты жиын өткізді және журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Спикер өз сөзінде Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру міндетін қойып отырғанын еске салды. Төраға «БАҚ қо­ғамдағы бірлік пен келісімді нығайтудың маңызды құралы болып табылатынын» және оларға шығармашылық жасам­паздықтың айрықша рөлі тиесілі екенін атап өтті.
Қ.Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Парла­мент қызметін ақпараттық қолдаудағы белсенді және жемісті еңбегі үшін «Сенат төрағасының алғысхатымен» марапаттады және бірқатар журналистерге Парламентаралық ассамблея кеңесінің «Баспасөз және ақпаратты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісін табыс етті.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*