«Қазақтуризм» ұйымы құрылады

841
0
Бөлісу:

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев­тың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасының жобасы қаралды. Сондай-ақ транзит, логистика және жол бойындағы сервисті дамыту мәселелері де талқыға салынды.
Бірінші мәселе бойынша баяндаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тұжырымдама жобасы Мем­лекет басшысының «Бес институционалдық реформаны іске асырудың 100 нақты қа­дамы» Ұлт жоспарының 86-қадамын жүзеге асыру аясында әзірленгенін атап өтті. Тұ­жы­рымдаманы екі кезең бойынша – 2018-2020 жылдары және 2021-2023 жылдары іске асыру көзделген.
Ол бойынша Қазақстанда алты өңірлік мәдени-туристік кластер құру жоспарлануда және олар «Астана – Еуразия жүрегі», «Ал­маты – Қазақстанның еркін мәдени айма­ғы», «Алтай інжу маржаны», «Ұлы Жібек жолын жандандыру», «Каспий қақпасы», «Табиғат пен көшпелі мәдениеттің біртұ­тастығы» деп аталады.
Өңірлердің ерекшеліктерін ескере оты­рып, туризмнің «киелі жерлерге саяхаттау», сондай-ақ «кемпингті», «гастрономиялық», «аңшылық», «этнографиялық», «әлеуметтік» секілді жаңа бағыттары дамытылатын бо­лады. Министр жағымды имидж қалып­тас­тыру және маркетинг жұмыстарын жүргізу үшін «Қазақтуризм» ұйымы құрылатынын жария етті.
Үкімет отырысына Дүниежүзілік турис­-тік ұйымның бас хатшысы Талеб Рифаи қа­ты­сып, Қазақстанның туристік саласын да­мыту бойынша ұсынымдар берді. Т.Рифаи мырзаның бағалауынша, Қазақстанда «ту­ристік саласы дамыған елге» айналуға жақсы әлеует бар. Ол үшін «виза саясатын жетіл­ді­руді», «туристік саладағы заңнаманы ырық­тандыруды жалғастыру» және «елдік брендті ілгерілету» шараларын қолдану қажет.
Өңірлерде туризмді дамыту бойынша қа­былданып жатқан шаралар туралы Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысы және Алматы қаласының әкімдері Даниял Ахметов, Жансейіт Түймебаев, Қы­рымбек Көшербаев және Бауыржан Байбек баяндама жасады.
Талқылауды қорытындылаған Үкімет бас­шысы Б.Сағынтаев жауапты тұлғаларға Дүниежүзілік туристік ұйымның ұсы­ным­дарын ескере отырып, Қазақстанның ту­ристік саласын одан әрі дамыту бойынша шара­ларды қабылдауды тапсырды.
Премьердің айтуынша, Үкімет турис­тер­-ге Қазақстанға келуге жағдайларды ба­рын­-ша жеңілдету үшін визалық-көші-қон сая­сатын ырықтандыру мен әуе қатынастарын дамыту бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда елге визасыз кіре алатын елдердің тізімі 63 мемлекетке дейін ұлғай­тыл­ды. Мұның сыртында Қытай Халық Рес­публикасының азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режим және Астана әуежайында «ашық аспан» режимі қолданылуда. Сондай-ақ, көші-қон полициясында шетелдіктерді тіркеу, электронды визаларды енгізу, әуе қатынастарын әртараптандыру мәселелерін шешу қажет.
Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Мәдениет және спорт министрлігі отандық туристік өнімдер маркетингінің тиімді моделін әзірлеуде. Сонымен қатар бұл жеке брендті құру мен еліміздің туристік әлеуетін халықаралық аренада ілгерілету арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Үкімет мәселелерді қарау қорытындысы бойынша туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдады.
Екінші мәселе бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қа­зақстанның транзит, көлік-логистика әле­уетін және жол бойы сервисін дамыту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Министрдің мәлі­ме­тінше, елімізде соңғы 5 жылда республика­лық маңызы бар 4,2 мың шақырым авто­мобиль жолы, оның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,3 мың шақырымы салынып, жөнделген.
– Теміржол желілерінің ұзындығы 1 854 шақырымға ұлғайды. «Арқалық – Шұбаркөл» және «Жезқазған – Бейнеу» учаскелері пай­да­лануға берілді. Бұл Қазақстанның шығы­сынан батысына, әрі қарай «Өзен – Болашақ» теміржол желісі арқылы Парсы шығанағы елдеріне тікелей шығуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. «Боржақты – Ерсай» тар­мағы пайдалануға берілді және «Алматы – Шу» учаскесінің бірінші кезеңін салу аяқ­талды, – деді Ж.Қасымбек.
Құрық портындағы паром кешенінің темір жолдарын салу аяқталды. Қытаймен шекарада «Қорғас – Шығыс қақпасы» ар­найы экономикалық аймағының құрғақ портының инфрақұрылымы толық қа­лып­тастырылыпты.
Еліміздегі жұмыс істеп тұрған 18 әуежай­дың 15-інде жөндеу жүргізілді және 11 жолау­шылар терминалы салынды.
2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Логистика тиімділігі индексі» рейтингісінде «Инфра­құрылым сапасы» көрсеткіші бойынша 106-дан бірден 65-орынға жоғарылап, өз позициясын едәуір жақсартты. Инвести­циялар және даму министрінің дерегі бо­йынша көлік-логистика саласын дамыту, оның ішінде жобалық басқару аясындағы шаралар бұл көрсеткішті де алда жақсартуға мүмкіндік береді.
Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, 2016 жылы ЖІӨ құрылымындағы көлік саласының үлесі шамамен 7,8%-ды құрады, бұл ретте нақты көлем индексі 103,8% болды. Жүк транзитінің басым бөлігі автокөлік пен теміржол көлігіне тиесілі.
Контейнерлік тасымалдардың көлемін ұлғайту бойынша шаралар қабылдануда, оларды ҚХР – Еуропалық одақ – ҚХР бағытында да ұлғайту көзделген. 2016 жылы жалпы Қазақстан аумағында транзитпен 245 мың контейнер тасымалданды, бұл 2015 жыл­мен салыстырғанда 35,3 мың кон­тей­нерге немесе 14%-ға жоғары көрсеткіш. Биылғы жылдың 5 айында контейнерлік тасымалдар көлемі 119 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент, жүк көліктерінің сыйымдылығын өлшеудің шартты бірлігі) құрады, бұл 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 34%-ға жоғары көрсеткіш.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тран­зиттік дәлізінің іске қосылуы автокөлік та­сымалы саласындағы көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз етті. 2016 жылы 1,4 млн тонна жүк тасымалданды, бұл 2015 жылмен са­лыс­тырғанда 11,6%-ға жоғары. Биылғы жыл­дың 5 айында бір миллионнан астам тонна жүк тасымалданды, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп көр­сеткіш. Қытай (жалпы үлестің 55,3%) мен Өзбекстаннан (26,2%) Еуразиялық Одақ ел­деріне тасымалданатын жүктер – негізгі ба­ғыттар.
Биылғы жылдың соңына дейін әуе та­сымалының әлеуетін дамыту мақсатында 600 мың транзиттік әуе жолаушысын тасы­малдау, ал 2020 жылға қарай аталған көр­сеткішті жылына 1,6 миллион адамға дейін жеткізу көзделген екен.
Премьер-министрдің бірінші орын­ба­сары Асқар Мамин Қытайдан Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік контейнер тасымалдарын ұлғайту мәселесі туралы тү­сі­нік беріп өтті. «2020 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы жерүсті көлігімен жүргі­зі­летін транзиттік контейнерлік тасымалдар үлесі транзиттік ағымның 80%-ын құрайтын болады. Бұл жақсы қарқын!» деді бірінші вице-премьер.
Үкімет отырысында «ҚТЖ» ұлттық ком­па­ниясының басқарма төрағасы Қ.Алпыс­баев пен «Қазавтожол» АҚ басқарма төрағасы Е.Қизатовтың контейнерлік жүк тасы­мал­дары мен жол бойы сервистерін дамыту ту­ралы баяндамалары тыңдалды. Өңірлердің транзиттік әлеуетін арттыру жұмыстары ту­ралы Қызылорда мен Ақтөбе облыс­тары­­-ның әкімдері Қырымбек Көшербаев пен Бердібек Сапарбаев баяндады.
Талқылауды түйіндеген Бақытжан Сағынтаев транзиттік тасымалдар көлемі­нің тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолдануды тапсырды. Премьер Инвестициялар және даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге ЕАЭО, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы шетелдік серіктестермен Қа­зақ­стан арқылы транзиттік тасымалдарды арттыру бойынша жұмыс жүргізуді жүктеді.
Бұдан өзге, Инвестициялар және даму министрлігіне жүктердің қозғалысын ақпа­раттық сүйемелдеу мәселесін пысықтау және негізгі транзиттік дәліздердегі жол сервисі нысандарын ұлттық стандарттарға сәйкес келтіру туралы тапсырма берілді. «ҚТЖ» ұлт­тық компаниясы контейнерлік тасымалдар көлемін арттыру бойынша жұмысты жан­дандыруға және ел ішінде, сондай-ақ шет ел­де көлік-логистика орталықтары желісін уақытылы құруды қамтамасыз етуге мін­деттелді.
Үкімет отырысында сондай-ақ, Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзге­ріс­тер енгізу туралы» заң жобасы бекітілді. Әділет министрі Марат Бекетаевтың түсін­діруінше, түзетулер заңнаманы ізгілендіруге бағытталған және әкімшілік құқық бұзу­шылықты жазалау шараларын жеңілдететін нормалардан тұрады. Заң жобасы бойынша БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, сондай-ақ өңірлік семинарлар мен қоғамдық тыңдаулар кезінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Жоба енді Мәжіліске енгізіледі.

Ерік Ерденов

Бөлісу:

Пікір жазу


*