Жоғарғы палата парламенттік маусымын жапты

838
0
Бөлісу:

Сенаттың кешегі сессияжабар жалпы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев пар­ламенттік сессияның қорытындыларын шы­ғарды. Спикер аяқталған парламенттік мау­сымдағы қабылданған заңдардың қоғам үшін тарихи маңыздылығын ерекше атап өтті. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы ұсынған саяси реформалардың құқықтық негізін қалайтын «Қазақстан Конс­титуциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның қабылдануының маңыздылығына да тоқталды.
– Президент өкілеттіктерінің бірқатары билік тармақтарына беріліп, Парламент атқарушы органдардың қызметін ба­қы­лау­да жаңа өкілеттіктерге ие болды. Үкіметтің Парламент алдындағы жауап­кершілігі күшейтілді, – деді Сенат басшысы.
Төраға сондай-ақ Елбасының «Қа­зақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді «Парламенттің күн тәртібіндегі негізгі бағыт» деп атады.
Қ.Тоқаев осы сессияда Парламент палаталары 84 заң жобасын жан-жақты талқылап қабылдағанын, 10 заң жобасына Сенат төл түзетулер енгізгенін хабарлады. Бұдан бөлек сенаторлар Үкімет пен әр деңгейдегі атқарушы органдарға 70-тен астам депутаттық сауал жолдаған екен. Төраға Сенаттағы «Өңір» тобының белсенді жұмысын да атап өтті.
– Бұл сессияда қабылданған заңдардың және маңызды мемлекеттік бағдар­ламалардың орындалу барысын, қоғамда қызу талқылауға түскен өзекті мәселелерді терең зерделеу мақсатында 5 рет парла­менттік тыңдау өткіздік. Олардың қоры­тындысы бойынша орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді, – деді спикер.
Ол Парламенттің былтыр ел Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығы Декларациясын қабылдағанына ерекше назар аударды. Сондай-ақ жоғары палатаның қоғамдық-саяси саладағы, парламенттік диплома­тиядағы қызметіне тоқталды.
Осыдан кейін күн тәртібі бойынша сенаторлар Еуразиялық одақ аясында Қырғызстанға техникалық және қаржылай көмек көрсетуді қарастыратын бір топ келісімді ратификациялады.
Заңнамаға енгізілетін «электр энер­гетикасы мәселелері бойынша» түзетулер бірден екі оқылымда қаралып, қабылданды. Елбасының қол қоюына жіберілетін бұл заң жобасы – электр энергиясын тұтыну­шылардың құқықтарын қорғауға және энергетикалық кәсіпорындар көрсететін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың түсіндіруінше, бұл заң «иесіз» деп танылған электр желілерін энергия беруші ұйымдарға беруді қарас­тырады және сол желілерді қабылдап ал­ғаны үшін ұйымдарды сол мүлікке қатысты корпоративтік табыс салығынан және мүлік салығынан біржолға босатады. Бұдан бөлек аукциондық сауда-саттықты енгізу арқылы жаңартылатын энергия көз­дерін пайдалану саласына инвестициялар тарту тетігін жетілдіру көзделеді. Заң біліктілік талаптарын енгізу арқылы қуат өндіруші компанияларды ірілендіруді көздейді.
Сенаторлар осы күні Есеп комитетінің мүшесі А.Горяиновтың «отставкаға жіберу» жөніндегі өз өтінішін қанағаттандырды. Оның орнына Есеп комитетінің мүшесі болып сенатор Р.Ахметов тағайындалды.
Жалпы отырыс соңында Сенаттың бір топ депутаттарына марапаттар тапсы­рылды. ТМД парламентаралық ассамблея мен оның органдарының қызметіне белсене қатысқан сенаторлар Қ.Айтаханов пен С.Еңсегеновке «Содружество» ордені табыс етілді. Парламентаралық ассамблея­ның «Парламенттік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медалімен И.Адыр­беков, С.Жақсыбеков және Л.Пол­тора­батько марапатталды. Осы және өткен шақыры­лымның бірқатар депутаттары пар­ламентаралық ассамблеяның «ТМД ПАА 25 жыл» мерейтойлық медалімен жә­не «ТМД ПАА 25 жыл» Құрмет белгісімен марапатталды.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*