Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Елордамыз – бүкіл Азияның маржаны

1144
0
Бөлісу:

Есілдің қос жағалауындағы Астананың ескі және жаңа орталығы түйісер тұста орналасқан Қазақстандағы ең үлкен тутұғырда көк байрақты желбірету арқылы Астана күнін мерекелеу шараларын бастау дәстүрге айналғаны мәлім. Қалыптасқан жоралғы бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы «Атамекен» этно-мемориалды кешен алаңында мемлекеттік туды көтерудің салтанатты рәсіміне қатысты.
Бұл салтанатты іс-шараға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депу­таттары, Үкімет мүшелері, министрлер мен ведомство басшылары, Астана бас­шылығы, қала тұрғындары мен қонақ­тары – барлығы 5 мыңға жуық адам ша­қы­рылыпты.
Жұртшылыққа сөз арнаған Президент әрбір қазақстандық үшін мемлекеттік ту ерекше маңызға ие екенін айтып, еліміз тәуелсіздік жылдарында абыройлы даму жолынан өткеніне тоқталды.
– Біз елорда күні қарсаңында мемле­кеттік туымызды көтеру рәсімін дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. 25 жыл ішінде біз Қазақстанды бір тудың астына біріккен біртұтас ұлт ретінде қалыптастыра ал­дық, – деді Қазақстан Көшбасшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаһандық технологиялық дамудың алдың­ғы шебінен табылуға ұмтылатынын айтып, еліміздің экономика және спорт салала­рындағы жетістіктеріне ерекше тоқталды.
– Қазақстанның көк байрағы әлемнің көптеген ірі ареналарында ұлттық жеңі­сіміздің салтанатында желбірейді. Біз елімізге деген шынайы қуаныш пен мақ­таныш сезіміне толы сәттерге Алматыда өт­кен Қысқы Универсиада ойындары барысында куә болдық. Аспан түстес көк туы­мыздың астында Қазақстан бүкіл әлем­­ге танылды, – деді Мемлекет бас­шысы.
Елбасы Қазақстанның жаһандық үдерістерге белсенді атсалысып отыр­ға­нына назар аударып, еліміз халықаралық аренада бітімгершілік қызметті жалғас­тыра беретінін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев бірлік еліміздің одан әрі дамуының және алдымызға қой­ған барлық міндеттер мен бағдарла­малар­ды іске асырудың негізі екенін атап өтті.
Сонымен қатар Елбасы Астананың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөлі мен мәнінің жоғары екенін айтты.
Осы орайда Президент қазақстан­дық­тарды келе жатқан мерекемен – Аста­наның 19 жасқа толуымен құттық­тады.
– Астана – мүмкіндіктеріміздің, хал­қы­мыздың ұлылығы мен ауызбіршілігінің нышаны. Елордамыз – Орталық Азияның, бүкіл Азия құрлығының мар­жаны. Біз бас қаламызды сүйеміз, ал қонақтарымыз оған таңырқай қарайды. Астана күні – барша қазақстандықтарға ортақ мереке. Біз – бақытты ұрпақпыз! Себебі, ата-бабаларымыз көрген сұрапыл соғыстар мен ашаршылықтар зардаптары мен қиындықтарын бастан өткерген жоқ­пыз. Бүгінгі ұрпақ ата-баба­лары­мыздың, аға буынның арқасында осы күнге жетіп отыр. Біздің ендігі мақсаты­мыз – бірлік пен берекені сақтау. Біз әлемдегі бәсеке­лестікке төтеп беріп, тек жеңіске жетуіміз керек. Сонда алға қойған биік мұрат-мақ­саттарға жетіп, қабылдаған стратегиялық бағдарлама­ларды іске асыра аламыз, – деді Қазақ­стан көшбасшысы.
Жыл сайын Астана күні мерекесі қар­саңында, мемлекеттік туды биік тұғырына қондыру рәсімі аясында Отан шебін қор­ғауға кіріскен ұландардың үздіктеріне алғашқы әскери шендерін табыс ету де дәстүрге енген. Қазақтың көк туын Са­рыар­қаның самалына тер­белтіп, осы алып тутұғырға көтеру рәсімі алғаш рет 2009 жылы өткізілген екен. Сол кезден бері 108 түлекке әскери шен тапсырылыпты. Құ­зыр­лы органдардың дерегінше, ол аза­маттар қазіргі уақытта елдің әр өңірінде полиция құрылымдары мен әскери бекініс­терде өздерінің әскери қызметтерін атқаруда.
Биылғы салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жоғары әскери оқу орындарының 12 таңдаулы тү­легіне өз қолымен алғашқы офицер ше­нін тапсырды. Олар Қорғаныс ми­нистрлігіне қарасты Құрлық әскерлері Әскери инсти­тутын, Қорғаныс министр­лігінің Радио­электроника және байланыс әскери-инже­нерлік институтын, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Шекара акаде­миясын, Ішкі істер министрлігі акаде­миясын, Ішкі істер министрлігінің Ұлт­тық ұлан әскери институтын, Ішкі істер министрлігінің Көкшетау техникалық институтын бітіріп отыр.
«Жоғарғы Бас Қолбасшы мырза! Елдігіміздің айбыны – елордамыз Астана күнінде Сіздің қолыңыздан осынау әскери шенді салтанатты түрде алу мен үшін үлкен қуаныш. Офицер жұлдыз­шасы бізге ұлттық қауіпсіздікті сақтау, азаматтардың және олардың отбасыла­рының тыныш­тығын қорғау, Қазақстан офицерінің мәртебесін биіктете түсу бойынша үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы жолда тәуел­сіз Отанымызға, Қазақ­стан халқы мен оның Президентіне адал қызмет етуге ант етемін!» деді жас шекара­шылар атынан Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі академиясының түлегі, лейтенант Мадияр Добеков.
Осы салтанатты рәсімнен кейін Қа­зақ­стан Президенті тек әскери ғана емес, еліміздегі барлық жоғары оқу орынның түлектеріне қайырылып, «Отанымызға қызмет ету және қазіргі әлемдегі үдеріс­тер жағдайында ұлтымыздың мүддесін қорғау» парызын олардың қаперіне салды.
– Барлық оқу орынның түлектеріне тілейтінім – ақ жол! Біз, аға ұрпақ, мем­лекетті құрдық, оны бүкіл дүниежүзіне паш еттік. Сіздер енді Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, көк туы­мызды төрткүл дүниенің әр бұрышында жел­бірететін болыңыздар! – деді Н.Назарбаев.
Елбасы әскери жоғары оқу орын­да­рын бітірген курсанттардан енді офи­церлік міндетті мүлтіксіз орындау талап етілетінін нықтады.
Сөзін түйіндей келе, Қазақстан Пре­зиденті түлектерге әскерде, құқық қорғау органдарында, басқа да мемлекеттік құры­лымдарда жұмыс жасау барысында табыс­қа жетуіне, абырой мен бақыттың ең биік шыңына көтерілуге тілектестік білдірді.
Соңында Президент ту көтеру рәсі­мінен кейін елорда күні құр­ме­тіне ар­налған мерекелік іс-шаралар­дың бас­талатынын айтып, барша жұртты келе жатқан мейраммен құттықтады.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*