Қауіпсіз әлемге ядросыз қадам

1448
0
Бөлісу:

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем елдері мен басшылары арасында араағайындық һәм бітімгерлік қызмет атқарып жүрген ірі саяси қайраткер екенін тарихшылар мен сарапшылар мойындайды. Осынау сауапты да ізгі дипломатиялық қызмет­тің ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары, яғни, 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылған сәттен бастау алғанын біреу білсе, біреу білмес. Тек қана өткен ғасырдың өзінде зұлматы бойынша бір-бірінен қалыспайтын екі бірдей Дүниежүзілік соғыс пен жүздеген өңірлік қарулы қақтығыстарды басынан кешірген адамзат үшін бейбітшілік пен қауіпсіздіктің қаншалықты қастерлі ұғымға айналғанын, тыныштықтың қадірлі екенін түсіну қымбатқа түсті.

Соңғы бір ғасырдың ішінде екі жа­һан­дық соғыс, аштық пен саяси қуғын-сүргін, қудалау мен ядролық сынақтардың зар­дабын басынан кешірген қазақ халқы бей­біт өмірдің мәнін іштей һәм гендік деңгейде түйсінеді. Бұл арада Елбасы Н. Назарбаев­тың бүкіл адамзатқа XXI ғасыр мани­фесі­мен үндеу жасауға қақысы бар еді. Адам баласы да болашақ ұрпақ алдын­дағы жауап­кершілігін түсіне отырып, қазақ басшысының бұл үндеуін қолдай кетті. Осылайша, Қазақ елінен түлеп ұшқан ма­ни­фест БҰҰ-ның ресми құжатына айна­лып, адамзат баласын ойландырған, қару­лануға емес – қарусыздануға, тартысуға емес – татуласуға жол ашатын бастамаға ұласты.

Құдай мен адамзат алдындағы жауапкершілік
– Барша адамзат XXI ғасырға жаһан­дық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елес­тің сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Әрі бұл қатер – жа­һан­дық соғыс! Жер өркениеті, ғалым­дардың есебі бойынша, 15 мыңнан астам соғысты, яғни, әр жыл сайын 3 соғысты басынан өткерген. Оларда жүздеген мил­лион адам қаза тауып, жер бетінен қала­-лар мен елдер жоғалған, мәдениеттер мен өркениеттер жойылған, – дейді Мемлекет басшысы «Әлем. XXI ғасыр» атты мани­фесінде. Бүгінде экстремизм мен терро­ризмнің, сондай-ақ сепаратизмнің жер-жерден төбе көрсетіп, әлем қауіпсіздігіне нұқсан келтіре отырып, жер-жаһанға та­ралуы – әлемде идеологиялық соғыстың да жүріп жатқанын аңғартып тұрғандай. Ақ­па­раттық-идеологиялық соғыстар адам­затты шатастырғаны соншалықты, тіпті кейбір елдердің басшылары шептің қай жағына тұрарын да білмейді. Қазақстан әу бастан-ақ мызғымас жолды таңдады. КСРО құлап, жаңа мемлекеттердің негізі қаланып жатқан тұста Елбасына әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімді қабылдау да оңайға соқпады. Өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезінде бұл тақырыпқа байланысты көптеген кездесулер мен қоғамдық оты­рыстар болды. Сол заманда тіпті мемле­кеттік басылымдардың көбі «ядролық арсеналды сақтап қалсақ, басқаларға сес көрсетеміз, соғыстан аман боламыз» де­гендей сарапшылардың пікірлерін беріп, қолдап жатты. Бірақ заман тым қатты өз­герді. Бейбітшілікті сес көрсету ар­қылы емес, қарусыздану арқылы ғана сақ­тауға болатынын Мемлекет басшысы жақ­сы тү­сінді.
Президент сол жылдардағы толға­ныстар мен тебіреністерді «Бейбітшілік кіндігі» атты кітабында жақсы жеткізген еді. Тарихқа жүгінсек, 1991 жылдың бас кезінде Қазақстан территориясында құр­лықаралық баллистикалық ракеталар мен ауыр бомбылайтын ядролық зарядтар саны 1216 еді?! Тіпті еліміздің қарулы арсе­налы­ның қатарында Гиннестің Рекордтар кі­табы­на енгізілген «Р-36М УТТХ» атты құрлықаралық баллистикалық ракета бар еді?! Қазіргі заманғы ғылымда «Батыс» ұғымы болмаса да, кеңестік заманда АҚШ пен Еуропадағы капиталистік елдердің бәрін «Батыс» деп ұғынған КСРО бас­шы­лары уысында адамзатты әп-сәтте жойып жіберетін қаруды ұстап отырғанын әрі мұның Құдай мен адамзат алдында қандай жауапты іс екенін сезіне алмады. АҚШ пен КСРО арасындағы 60-жылдардағы қыр­ғиқабақ соғыс оңтайлы шешілсе де, адам­заттың бойына қорқыныш пен үрей ұялатты, көңіліне қаяу түсірді, санасын мазасыздықпен торлады. Сол КСРО-дан Қазақстанға мұраға қалған «өлім раке­та­лары» саны жағынан кейбір Еуропа ел­деріндегі қару санын үш орайтын. Мем­лекет басшысы өзінің тарихи еңбектерін­де дәйекті мысалдар келтіреді. Мәселен, 1995 жылғы зерттеулер бойынша, яғни, Қазақстанның территориясынан бүкіл ядро­­лық қару шығарылған заманда Ұлы­британияда 264-тен 296-ға дейін атом қа­руы мен баллистикалық ракеталар бол­ған. Францияда 80 килотоннан 1 мегатонға дейін жететін 512 ядролық заряд болған. Қытайда 200 килотоннан 5 мегатонға дейін жететін 284 атом бомбасы болған екен. Бұл туралы Елбасы өз еңбегінде:
– Осылайша, басқа да ядролық дер­жавалармен салыстырғанда, Қазақстанның территориясында қырып-жоюға бағыт­талған өте ірі ядролық арсенал орын алды. Қазақстанға тиесілі ядролық қарудың жалпы қуаты бұрынғы Кеңес Одағы қар­сыластарының стратегиялық маңызы бар нысандарын толықтай жоқ етуге жеткілікті әлеуеті болды, – деп еске алады.
Елбасының өз заманынан бұрын тың идеялар айтып, оларды жүзеге асыра ала­тындай қабілет-қарымының жоғарылығын тек отандық ғана емес, шетелдік ғалымдар да растайды. Мәселен, Ресей ғалымы Олег Кузнецов бір сөзінде:
– Нұрсұлтан Назарбаев – жаңа тың ой-пікірлерді ұсына алатын адам. Ең таң­ға­ларлығы, бұл идеялар өз заманы үшін дәс­түрлі емес, тіпті олар алғашқы кезде кей­бір адамдарды дүр сілкіндіреді. Бірақ кейін бәрі де оның қаншалықты дұрыс айт­қан­дығын түсінеді. Қазақстан Президентінің идеялары болашақты болжайтын күшке ие, қашанда айтылған нәрсесі орындалады. Еуразиялық кеңістік түгілі, күллі әлемде идеялары осыншама күшке идея көш­бас­шылар некен-саяқ, – деп жоғары бағалаған еді. Расында, қолында төртінші әлемдік ядролық қаруы бола тұра, одан өз еркімен бас тарту идеясын, әсіресе, ядролық дер­жаваға айналуды армандап жүрген, тота­литарлық ой-көзқарастағы шетелдік бас­шылар бірден түсіне алмады. Бірақ уақыт өте мұның салиқалы да байыпты шешім болғанын ұғынды.
Президент өз манифесінде айт­қа­нын­дай, ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Әрине, өткен ғасырдың екінші жартысын­да ядролық қауіпсіздік жөніндегі табысты келіссөздердің нәтижесінде, АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналдары айтар­лық­тай қысқарып, бес ядролық держава атом қаруын сынау мораторийін жариялады. Бірақ Елбасының болжамы бойынша, адамзат жаңа қатердің алдында тұр.
– Ажал себетін қару мен оны дайын­дау технологиялары ірі державалардың қо­сарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың террор­шы­лардың қолына түсуі – уақыт өте келе әб­ден болуы мүмкін нәрсе.
Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқым­ды террорлық агрессияға айналып үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбы­лыс болып отыр, – деп өкінеді Мемлекет басшысы.
Тарих парақтарын ақтарсақ, 26 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигоны­ның жабылуы – әлі күнге дейін әлемдік тә­жірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға болып тұр. Неге басқа мемлекеттер Қазақстан үлгісімен жүрмейді? Оларға қан­­дай кепілдіктер қажет? Мемлекеттер түгілі, қарапайым азаматтар қарулануға неге құштар?
Мұның да жауабын Мемлекет бас­шы­-сы өз манифесінде былай берген еді:
– Милитаризм адамдардың санасы мен мінез-құлқына тереңдей еніп кеткен. Халықтың қолында қазір 1 миллиардтан астам атыс қаруы болса, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады. Әскери қауіп бүкіләлемдік ауқымдағы қа­сіретке айналуы әбден мүмкін. Осындай өліммен аяқталатын қатердің белгілері анық байқалады. Халықаралық қаты­нас­тарда жанжалдастық тәуекелдері күшейе түсіп отыр. Әскери қақтығыстардың гео­графиясы өткен екі әлемдік соғыстың – Еуропаның шығысындағы, Африканың солтүстігіндегі, Таяу Шығыстағы соғыстың іс-қимылдарының тарихи шегін қамтуда.
Адамзаттың санасын өзгерту үшін не істеу керек? Президенттің ойынша, XXI ға­сырда адамзатқа өзін-өзі демили­тари­за­циялау жағына қарай батыл қадам жасау қажет. Олай болмаған жағдайда, ғалам­шары­мыз радиоактивті материалдардың үйіндісіне айналады. Мұнда тіршілік белгісі де қал­майды. Ең бастысы, «XXI ғасыр: Соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қа­былдануы керек. Бұл да – Қазақстанның тың бастамасы. Әлем көшбасшылары мен халықаралық ұйым басшылары бұл идея­ларды толықтай қолдап отыр. Бірақ бұл бағытта адамзатқа шынымен де батыл қадам қажет.

Қазақстанның араағайындық қызметін жоғары бағалайды
Президент қашанда «көршіңе қиын болса, саған да жақсы болмайды» деген сөзді жоғары мінберлерден жиі айтады. Күні кеше Ресей мен Украина, Ресей мен Грузия, Ресей мен Түркия арасында дүр­дараздық туындап, мемлекет басшылары өзара дауласып, аймақтық қауіпсіздікке қатер төніп тұрған тұста Мемлекет бас­шысы араағайындық қызметін абыроймен атқарып шықты. Украина мен Грузия жағ­дайында ресми Ақ Орда «тәуелсіз мем­ле­кеттердің территориялық тұтастығын» қолдайтындарын жеткізді. Бауырлас түрік елімен Ресей арасында аспаннан атып түсірілген әскери ұшақ бойынша үлкен дау-дамай туындаған кезде Елбасы екі елді татуластыру үшін барын салды. Келіссөздер нәтижелі аяқталып, екі мемлекет тату­ласқан соң, бүкіл түрік баспасөзі мұндағы қазақ басшысының бітімгерлік һәм араағайындық қызметін жоғары бағалап, мақтауларын жаудырды. Түркия президенті Реджеп Тайип Эрдоған да қазақ басшысын «менің бауырым, түркі әлемінің ақсақалы» деп жоғары бағалайды.
Сирия мәселелерін шешуге бағытталған Астана процесі де – әлем бойынша мойын­далған, күрделі мәселені алға жылжытқан диалог алаңы болып тұр. Әрине, бұл арада «өз елімізде мәселелер жетерлік, айдала­да­ғы соғысты қайтеміз?» деп сын пікірлер білдірген сарапшылар да табылды. Бірақ экстремизм мен терроризм қаупі шекара­ларды бұзып, кезінде үлкен өркениеттің ошағы болған мемлекетті қайғы-қасіретке душар етіп отыр. Бүгінде Сириядағы қа­рулы қақтығыстарға әлемнің түкпір-түк­піріндегі елдердің азаматтары, тіпті Еуропа мемлекеттері мен Қазақстанның өкілдері де қатысып отыр. Шекараны жасырын өтіп, «мұсылман бауырларға» қол ұшын созамыз» дегендердің 90 пайызы өкініп, біраз бөлігі жер құшса, біраз бөлігі амал­сыздан қарулы қақтығыстардың ортасында қалып отыр. Қашып құтылғандары ол жақ­та ешқандай да «киелі соғыстың» жүріп жатпағандығын айтады. Сирия басшысы Башар Асадтың әскеріне қарсы шабуылдап, ақшаға құнығып, жалданып жүргендердің арасында бұл дағдарысқа қатысы жоқ ел азаматтарының көптігі таңғалдырады. Са­рап­шылардың ойынша, Астана процесі диалогқа Сирия оппозициясының өкіл­дерін де тарта алды. Бұл күрделі мәселенің шешілуіне әлі де үміт бар. 6 жылға ұласқан соғыстан жергілікті халық та, бейбіт күні өз азаматтарынан айырылып отырған әлем елдері де әбден шаршаған. Сондықтан бұл жерде де батыл қадамдардың қажеттігі анық.
Ең өкініштісі, адамзат соғыстар мен қарулы қақтығыстардың түптің түбінде адам баласына, ең бастысы, қоршаған орта мен экологияға қаншалықты зиян тигізіп отырғанын еш түсінбейді. Атам заманнан: «Бір тал кессең, он тал ек» деген ұстанымда болған қазақ халқы табиғатпен үндесе өмір сүргенді ұнатады. Бір жағынан, бүгінде әлем назарын «жасыл экономика» мен қауіпсіз болашақтың бағыт-бағдарын көрсетуді мақсат тұтқан Expo – 2017 көр­месі баурап жатса, екінші жағынан қарулы қақтығыстарда қолданылатын зымыран­дар мен әртүрлі қару түрлері тек соғысу аймақ­тарын ғана емес, жалпы Жер пла­не­тасын үлкен экологиялық апаттың алдына апара жатыр. Күннің қызуына тек дәстүрлі энергия көздерін шамадан тыс пайдалану ғана емес, сондай-ақ әрқилы қару түрлерін сынақтан өткізумен, қару кезеніп, соғысу да кері әсерін тигізуде.
Эколог ғалымдардың пайымынша, 1939-1945 жылдар арасында миллиондаған адамның жанын қиған ең қанды соғыс көптеген елдерге адам шығынын ғана әке­ліп қоймай, үлкен экологиялық апаттың басын ашты. Әрине, ол тұста адамдар қор­шаған ортаға залал тигізуді мақсатты түрде жүзеге асырған жоқ, бірақ жаппай қару­лану, қарсылас жақтан көбірек шығын болсын деп, сол замандағы ғылым жетіс­тігімен ойлап табылған атом бомбаларын пайдалану табиғатты апаттық жағдайға жеткізді. Соғыстың, қарулы қақтығыс­тардың экологиялық зардабы көп жерлерде айтыла бермейді. Бірақ Семейде жүргі­зілген сынақтар болсын, Хирасимо, Нага­саки қалаларына лақтырылған бомбалар болсын, тек жергілікті табиғатқа ғана емес, жалпы Жер планетасының улануына әкеп соқты. Ресейлік ғалымдардың ойынша, 1962–1975 жылдар аралығындағы Үнді­қытай соғысында қоршаған ортаға келті­рілген залал толассыз еді. Ну-орманды то­ғай­ларда тығылып соғысқан жергілікті тұрғындарды қолға түсіру үшін америкалық әскерилер табиғи ортаға кері әсер етіп, адамның қалыпты өмір сүру ортасын бұ­затын заманауи қарулар ойлап тапқан көрінеді. Соның салдарынан пестицидтік өнімдер қосылған химиялық қару түрлері кеңінен қолданылып, жер қыртысы мен адам денсаулығына үлкен залал тиген.


1977 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы Қор­шаған ортаға әсер ететін әскери және басқа да қару түрлерін қолдануға тыйым салатын конвенцияны қабылдады. Бірақ сарап­шылардың айтуынша, кейбір қару түрлері ұзақмерзімді уақытта залалын тигізген соң, қай соғыста қандай қарулардың сынағы жүріп жатқанын анықтау әрі дәлелдеу өте қиын. Жылдар өткен соң, жер қыртысына сіңген зиянды бөлшектер мен адам дене­сіне ауа, су арқылы енген залалды заттар кері әсерін тигізеді. Ғасыр індетіне айнал­ған қатерлі ісік те кейбір қару түрлерін қолданған соң, айтарлықтай уақыттан кейін адам баласына сор болып жабысады. Бұл да – соғыстың үлкен бір залалы.
Жер-жерде экожүйенің бұзылуы түптеп келгенде бүкіл адамзаттың қайғы-қасі­ретіне айналуы мүмкін. Бұл жерде де Ел­басы тың бастамамен шықты. БҰҰ сам­миттерінде Мемлекет басшысы Арал те­ңізінің құрғауы ондаған миллион тонна шаң-тозаң мен улы тұзды аспанға көтеріп, бүкіл әлемнің экологиясына кері әсер етіп отырғанын жеткізді. Тіпті бұл тұздардың Антарктида мұздықтарына дейін жетіп, оның еруіне әсер етіп отырғанын ескерткен еді. Семей полигоны орналасқан аймақ та адамзатты ойландыруы керек. Оның зала­лы тек Орталық Азия аймағын ғана емес, бүкіл Жер планетасындағы елдерді тол­ғандыруы тиіс. Бұл тұста Елбасы әскери шығындарды азайтып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қаражат көлемін ұлғайту қажет деген пікірде.
– Тағы да тұрақты даму мақсат­тарына арналған арнайы қорға әрбір мем­лекет жыл сайын қорғаныс саласына бөлі­нетін қаржының 1 пайызын аударып тұруы қа­жет деген ұсынысымды қайталаймын, – деген еді Елбасы 2015 жылы Нью-Йоркте өткен БҰҰ саммитінде. Бұл да – барша адамзат қолдауы тиіс ұсыныс. Бүгінде адамзат алдында «Тірі қаламыз ба, қал­маймыз ба?» деген сауал тұр. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың өзі «Мұздықтардың еруінің кесірінен осын­шама ғаламат табиғат көрінісін менің қыздарым мен немерелерімнің көре ал­майтыны өкінішті-ақ» деп айтқан еді. Шынында да адамзаттың басты өкініші – соғыстар мен экология болуы мүмкін.
Айтулы тарихи құжатқа арқа сүйесек, осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын көрнекті ғалымдар Альберт Энштейн мен Бертран Рассел «қатал, қатерлі және қа­шып құтыла алмайтын сұрақ: біз адам баласын жоюға тиіспіз бе, әлде адамзат соғыстан бас тарта ма?» деген манифест жариялаған болатын. 60 жылдан кейін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев адам­затқа өз манифесін ұсынды. «XXI ғасыр: Соғыссыз Ғасыр» бағ­дарламасын дайын­дайық деді! Өз мани­фесінде Елбасы бүкіл адам баласына мы­надай байыпты ой айтты:
– Біз – мемлекет басшылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершілік арқалап отырмыз. Көп­теген тар жол, тайғақ кешуден өткен адам, саясаткер ретінде, Семей ядролық поли­гонын жабу туралы күрделі шешім қабыл­даған мемлекет қайраткері ретінде мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды талаппен қайырылып отыр­мын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатері­нен мүлде арылту үшін қолымыздан кел­геннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ.
Адамзат үшін бұдан асқан үндеу жоқ! Түсінген адам мұндай үндеуден тек дұрыс ой түйіп, жаппай қарусыздануды идеоло­гияға айналдырып, химиялық, биоло­гия­лық, басқа да ғылым жетістігінің қару­ларынан бас тартып, бейбіт өмір сүруді қалар еді. Елбасы айтпақшы, соғыста жең­гендер мен жеңілгендер болмайды, бәрі жеңіледі. Басқа да мемлекет басшылары мен халықаралық ұйым өкілдеріне мұны түсіну үшін не кедергі?!


Көптеген тар жол, тайғақ кешуден өткен адам, саясаткер ретінде, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды талаппен қайырылып отырмын. Адамзатты
ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта
бұдан көкейкесті міндет жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев


Әр адам өз халқын мақтан тұтуы – қалыпты құбылыс. Бірақ тұтас бір халықтың өз перзентіне сүйсінуі тарихта жиі кездесе бермейді. Дегенмен бүгінгінің қазағы перзентін һәм Президентін мақтан тұтып, қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен ретінде тағдырын Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына сеніп тапсырды. Өйткені соқтықпалы, соқпақсыз бұл ғаламда алаш баласын Елбасының ұшпаққа шығарарына бұқараның көзі әлдеқашан жеткен.

Ұлы даланы сонау есте жоқ ерте за­ман­дардан бері мекен етіп келе жатқан жұрттың әргі-бергі тарихында халықтың арман-тіле­гін, аңсарын арқалап, атқа қонған арда ұлдар аз болмаса керек. Сол баһадүрлердің ісін жалғастыру, жаңа заманда жаңа мемлекет құру, көрші-қолаңды ғана емес, күллі дүниені аузына қарату бүгінге дейін ешкімнің қолы­нан келе қоймаған іс еді. Рас, көне дәуірде қызыл тілден бұрын алдаспан, ақылдан бұрын ат тұяғы сөйлейтін. Сол заманның талабы мен дәстүрі солай еді. Сол кездері Алтайдан аттанып Қарпатқа, Ертістен шығып Дунайға барған баһадүрлер біздің даладан да табылған. Бірақ қазір заман басқа, заң бөлек. Таным өзгерген. Білек емес, білімнің дәурені жүріп тұр. Тәуелсіз Қазақстанның ішкі-сырт­қы саясатында да, өзіндік ұстанымында да осы білім мен бі­лік, ақыл мен амал алдыңғы орынға шыққаны содан.


Мемлекет басшысы Н.Назар­баев­­тың: «Біз туған мемлекеттің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арт­тыруға, оның игілігіне, халықаралық қауым­дастықтағы беделінің өсуіне қыз­мет етуге парыздармыз. Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық», – деген сөзі бар. Жөн сөз. Президент осы пікірінде халықаралық қауымдастық ал­дындағы беделдің де маңызды екендігіне тоқталған. Бұл мәселенің Қазақстан үшін өте өзекті болып қала беретінін тұспалдаған болатын. Рас, ел тәуелсіздігін баянды ету баршаның міндеті екенін бүгінгінің жасы­нан жасамысына дейін түйсінген. Дегенмен Елбасының ел ертеңіне қызмет етер талай бастамасын, ойын бастапқыда бұқарасы түсіне қойды десек қателесер едік. Сонау 1991 жылы Қазақстан жаһанда қуаты жа­ғы­нан төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартқан кезде әрісі мұ­сыл­ман қауымы, берісі өзіміз де іштей өкін­генбіз. Өйткені санада білектің мықты бо­лып тұрған дәуірінен қалған елес әлі де бар еді. Сол жылдары көп адам елдің көсегесін көгертер істің басы білім мен бейбітшілікте, өзгемен тіл табысуда екендігін түсінген жоқ. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында және ортасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың түрлі халықаралық ұйымдар, одақтар құру жөніндегі бастамаларын тыңдаған жұрт мол еді. «Ортақ өгізден оңаша бұзауды» құп көрген көрші-қолаң да, алыстан сыйласқан жұрттар да Қазақстанның аймақтық һәм жаһандық интеграцияларға қатысты ұс­та­нымына, бастамаларына бастапқы кезде жүре қараған-ды. Шамасы, дүниенің алтыдан бір бөлігіне, одақтастарымен біріккен кезде жаһанның жартысына әмірін жүргізген КСРО ыдырап, «Варшава пактісі» деп аталатын келісімді жасасқан елдер жан-жақ­қа тарап кеткен соң, адамзат баласы интегра­цияларды қажет деп таппаған тәрізді. Алайда Елбасы Кеңес Одағы ыдырап жатқан кездің өзінде алыс-беріссіз, барыс-келіссіз ХХ ға­сыр­да табалдырыққа келіп қалған ХХІ ға­сырда адамзат баласы өмір сүре алмайтынын түсіне білді. Көрегендік танытты. Бәлкім, содан да шығар Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ аймақтық және жаһандық интеграциялық процестерден тыс қалмады һәм бірқатар игі істердің баста­машысы да болды. Бүгінде төрткүл дүниеге аты кеткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңес, Еуразия экономикалық одағы, ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Түркі кеңесі тәрізді бірқатар ұйымдар тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы осынау ха­лықара­лық ұйымдардың құрылуына баста­машы бола отырып, ұлттық мүдде мен бауыр­лас халықтардың арман-тілегін, аймақтық қауіпсіздік пен адамзаттың тыныштығы мен бақуатты болуын назардан тыс қалдырмады.
Жалпы, Елбасы Н.Назарбаевтың идея­лары негізінде құрылған халықаралық ұйымдар мен Қазақстанның интеграциялық процестерге араласуын бірнеше бағытта қа­растыруға болады. Бірінші кезекте саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық интеграциялар деп үш бағытта қарастырсақ, одан бөлек жаһандық, аймақтық және бауырластық интеграция деп талдауға бо­лады. Қазақстанның бастамасымен құрылған немесе жұмысына ресми Астана белсене араласып жүрген халықаралық ұйымдар­дың сыр-сипаты осындай.

Бейбітшілік кілті – сенімде
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келе жатыр. 1992 жылдың 5 қазанында БҰҰ Бас ассамблея­сының 47-сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құру жөнін­дегі идеяны ұсынған еді. Өйткені адамзат баласының 60 пайызы мекен ететін, көлемі жағынан жер шарындағы ең үлкен құрлықта тыныштық пен бейбітшілік орна­маса, адам­зат баласының да ұйқысы тыныш, ертеңіне сенімі нық бола қоймайтынын Қазақстан Пре­зиденті жақсы білсе керек. Расында, жа­һандық сипат алған қауіп-қа­тердің басым көпшілігі Азиядан шықты. Терроризм, есірт­кі мен қару-жарақ, адам саудасы, аймақтық қақтығыстар, азаматтық соғыстар мен ішкі шиеленістер Азияда аз емес еді. Бәлкім, өзге құрлықтарға қарағанда молырақ та болуы мүмкін. Өйткені қалай болғанда да Азия әлемдік діндердің бесігі еді. Әлемге ықпал ететін идеологиялардың да қа­заны болатын. Одан бөлек, адамның күн­де­лікті тұрмысына қажетті игіліктер де Азияда жетіспей жататын. Аштық, ауру-сырқау, бі­лім мен денсаулық сақтаудағы проблемалар да көп. Қазір Азия түзелмей, адамзатқа береке орнамайтыны да белгілі болды. Н.Назарбаев мұны 1992 жылы-ақ алға тартқан еді. Сөйтіп, Азиядағы сенім мен серіктестіктің жаһандық мазмұны бар екендігін айтқан. Басында көп ешкім назар аудармағанымен, қазақстандық диплома­тия­ның табандылығының арқасында 1999 жылы бұл ұйым қызметін бастады. Яғни, Сыртқы істер министрлері деңгейінде ал­ғаш­қы бас­қосу болып еді. 2002 жылы АӨСШК-нің алғашқы саммиті Алматыда өтті. Қазір бұл ұйымға 26 мемлекет мүше болса, 8 мем­ле­кет пен 4 халықаралық ұйым байқаушы болып отыр. Мүше елдердің қатарында Оңтүстік Корея, Қытай, Пәкістан, Ре­сей, Түр­кия, Үнді­стан, Қазақстан, Өзбекстан бар. Бай­қаушы ретінде ұйымның жұмысына қы­зы­­ғушылық танытқандар арасында АҚШ, Жапония, Индонезия, Малайзия тә­різді мем­лекеттер бар. Яғни, Н.Назарбаевтың осыдан 25 жыл бұрын көтерген бастамасы қа­зір жү­зеге асып, алпауыт мемлекеттердің адамзат­-қа ортақ мәселелерді талқылайтын диалог алаңы қалыптасып үлгерді.
Біздің Елбасы Азияда сенім мен өзара құрмет қалыптастырып қана қоймай, бұл бағыттағы жұмыстарды шағындау һәм бел­сенді топтың көмегімен жүйелі түрде атқару үшін тағы бір ұйымның құрылуына белсене араласқаны бар. Ол – Шанхай ынтымақтас­тық ұйымы еді. Әу баста «Шанхай бестігі» деп аталған ұйым Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шара­ларын нығайту туралы келісім (Шанхай қала­сы, 1996 ж.) мен Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімге (Мәскеу қаласы, 1997 ж.) қол қойғаннан кейін пайда болған. Кейін топқа Өзбекстан қосылған соң құрылым «бестік» болудан қалды да, мазмұны өзгерді. ШЫҰ-ды құруға бастамашы болғандардың қатарында Қазақ­стан да, Ресей де, Қытай да бар. Үш тарап та мүдделі болды. Нәтижесінде, Еуразия кеңіс­тігінде қауіпсіздікті сақтау, сәйкес өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техни­калық, мәдени, білім беру; энергетикалық, көлік, экологиялық және басқа салалардағы серіктестікті тереңдету бағытында жұмыс істейтін ұйым пайда болған-ды. ШЫҰ құра­мына биыл Үндістан мен Пәкістан қосылды да, ұйым құрамына кіретін мемлекеттердегі жалпы халық саны 3 млрд адамнан асты. Осылайша, ШЫҰ жаһандағы ең ірі ұйым­дардың қатарына қосылып отыр. Ең бастысы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер АӨСШК-ке де кіреді. Демек, Шанхай ынтымақтастық ұйымының жүйелі жұмыс істеуі – АӨСШК-нің де кеңейіп, қызметінің жан-жақты бо­луына ықпал етері сөзсіз. Ең бастысы, бұл ұйымдар аймақтық және жаһандық қауіп­сіздікті сақтауда өз рөлдерін атқарып, адам­заттың бейбіт өмір сүруіне ықпал етуі тиіс. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы бірқатар халықаралық ұйымдардың құрылуын жақтай отырып, ұтымды саяси қадамдар жасады. Яғни, бүгінгінің алпауыт мемлекеттің бар­лығымен де достық-әріптестік бай­ла­нысты сақтап отыр. Сонымен қатар ха­лықара­­лық интеграцияға белсене араласа жүріп елдің шекарасын бекемдеп, Ресеймен де, Қытаймен де, Орта­лық Азия­дағы бауырлас елдермен де шекараға байла­нысты келісімдер жасасқан еді. Қазақ­стан­ның көрші мемлекеттерімен шекараны делимитациялау процестері аяқ­талып қойған. Демаркациялар жұмыстары да мәресіне таяп қалды. Тек Ресеймен арада ғана аздаған аймақтарға шекара белгілерін орнатып үлгере қоймадық. Бірақ өзара келі­сімдер жасалып, олар Парла­мент­терде рати­фикациядан өтіп те қойған. Демек, мұның
өзі – Президенттің келер ұрпаққа жер дауын қал­дырмау үшін жасаған сәтті қадам­дарының нәтижесі. Халықаралық ин­тегра­­ция­ларды жақтай отырып, Елбасы Қа­зақ елі­­нің әлемдегі беделін ғана емес, көрші-қолаңмен арадағы мәселелерді де шешіп үл­­герді. Сондықтан Қазақстанның сыртқы сая­сатында маңызды рөл атқаратын ха­лықара­­лық ұйымдарға бір­жақты қарамаған абзал.
Жалпы, ірі халықаралық ұйымдардың бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, енді бірінің құрылуына ұйытқы болуы арқа­сында Қазақстан өзінің аумақтық тұтас­тығы мен қауіпсіздігіне жан-жақты кепілдік алған тәрізді. БҰҰ-ға, ЕҚЫҰ-ға, Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымына мүше, НАТО-мен әріптес бола отырып, Қазақстан аталған ұйым­дар­дағы белді «ойыншылардың» көңілін таба білді. Бірақ қауіпсіздік мәселесінде тек өзге­лердің кепілдігі ғана емес, өзіміздің де сергек болуымыз керек екендігін назардан тыс қал­дырған жоқ. Елбасы Қазақстан Қару­лы Күш­терін құрған 1992 жылдан бері әскері­міздің даярлығы мен жарақтандырылуы күн санап жақсарып келе жатыр. Сонымен қатар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше болу арқылы әскери салада да нақты одақтас таба білдік. Қазақтың «досы көпті жау алмайды» деген сөзінің өмірдегі үлгісі – осы. ҰҚШҰ мүшелері әуе кеңістігін де, қажет болса шекараны да бір­лесе қорғауға әзір. Қысылтаяң шақта бір-біріне әскери көмек беру туралы да келісімге келгенбіз. Алайда ҰҚШҰ-ға мүше болуымыз, НАТО-мен, өзге елдермен әскери салада ынтымақтастық құруымызға кедергі жасап отырған жоқ. Біз адамзат баласының бір-біріне сенуі қажет екендігін, өзара құрмет пен сенімге құрылған қарым-қатынас қана қантөгістерден, зоба­лаңдардан құтқаратындығын түсінген жұрт­пыз. Елбасы өзінің осынау гуманистік көз­қарасын өзге әріптестерінің де түсінгенін қа­­лайды. Қазақ елінің халықаралық интегра­цияларға белсене араласуының бір сыры осында болса керек.

 

Ағайын тату болса…
Майлықожа ақынның термесінде:
Жақыннан күдер үзгендер,
Жақынын ұрып, жат қылар.
Жылқыдан күдер үзгендер,
Биесін сатып, ат қылар… – дейтін жолдар бар. Қарапайым болса да астарлы сөз. Тіпті мұны Елбасының сыртқы саясатына қатысты да қолдануға болады. Президент Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған бір­қатар халықаралық ұйымдардың міндеті «жақын жұртты жат қылмау» үшін қызмет атқарып келеді. Иә, туыс, бауырлас халық­тарды бір-біріне жат қылмау миссиясын да Елбасы өз мойнына алыпты. Қазақстан Пре­зиденті ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Түркі кеңесі тә­різді түбі бір түркіге ортақ халықаралық ұйымдардың құрылуына мұрындық болғаны бар. Бірі күллі түркінің мәдениетін сақтау мен дамытуға, бірі парламентаралық байла­ныс­тарды нығайтуға, бірі жоғары басшылық деңгейіндегі қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған осынау үш ұйымның қызметі – азат өмір сүріп отырған алты түркі мемле­кет­тердің ғана емес, жаһандағы барша түр­кітектес халықтардың тағдыр-талайына жауап­ты құрылымдарға айналды. Бұлардан бөлек, Астанада халықаралық түркі акаде­миясы жұмыс істеп тұр. Ғылымда, соның ішінде түркінің ортақ тарихы мен мәдениетін, рухани құндылықтары мен мұраларын зерт­теп-зерделеуде бұл академияның орны бөлек.
Негізі, түркітектес халықтардың рухани-мәдени байланыстарын нығайту, бір-біріне қолдау көрсету мүмкіндіктерін табу ХХІ ға­сырда өте өзекті болып тұр. Жаһандану за­манында түркітектес халықтар үшін бірінші қажеттілік өз болмысын сақтап, мәдени, әдеби, рухани мұраларды болашаққа жеткізу. Елбасы Н.Назарбаев та Қазақстан тәуел­сіздігінің алғашқы жылдарында түркі жұрты­на не қажет екендігін сезіне білді. 1993 жылғы 12 шілдеде түркітілдес халықтардың ара­сын­дағы рухани байланыстарды жаңғырту мақ­сатында құрылған Түркі мәдениетінің ха­лықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) біз айтқан рухани байланыстарды нығайту бағытында қызмет жасап келеді. ТҮРКСОЙ-ға қазір Әзір­байжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түр­кіменстан, Түркия және Өзбекстан мүше болса, байқаушылар қатарына Ресей Феде­рациясының Алтай Республикасы, Баш­құртстан, Хакасия Республикасы, Саха Рес­публикасы, Татарстан Республикасы және Тыва Республикасы, Молдова құрамындағы Гагаузия Автономды Республикасы бірқатар елдер кіреді. Яғни, мәдени-рухани байла­ныстар бағытында ТҮРКСОЙ-дың ауқымы кең. Бұл өз кезегінде түркітектес халықтардың мәдениетін, тілін, рухани құндылықтарын сақтауға үлес қосары сөзсіз. Түркі кеңесі – түркі баласын бірік­тіріп, болашаққа деген сенімін нығайтуда көшбас­шылық атқаруға тиіс тәуелсіз түркі елдерінің әрекеттерін үйлес­тіретін ұйым. 2009 жылғы 3 қазанда Әзірбайжан Республи­ка­сының Нахчыван қаласында өткен Түркі­тілдес мемлекеттер басшыларының ІХ сам­митінде Қазақстан Президенті Н.Назар­­баев­тың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы ке­ңесі құрылған еді. Түркі кеңесі деп жүр­ге­ні­міз – осы. Кеңес түркі дүниесіндегі мәдени-рухани ынтымақ­тас­тықты ғана емес, эконо­микалық серіктес­тік­-ті де назарда ұстайды.
Өзара сауда-саттық, туризмді дамыту, инвестиция салу, ғылыми-технологиялық са­лада әріптестік орнату… Мұның барлығы – бауырлас халықтардың бір-біріне өзара көмегінің көрінісі. 2014 жылы Түркияның Бодрум қаласында өткен Түркі кеңесі сам­митінде Елбасы Н.Назарбаев түркі халық­тары­на ортақ телеарна ашу туралы бастама көтерген. Бұл өзара ынтымақтастықта Turk­vision, «Көшпенділер ойындары» тәрізді шаралармен шектеліп қалмау керектігін көрсетеді. Елбасы түркі жұртына ортақ ақ­параттық кеңістіктің маңызды екендігін аңғартып отыр. Яғни, бір-бірінен хабар-ошар алып жүрген бауырлардың ғана татулығы бекем болатындығын, олардың бірлігі жа­-раса түсетіндігін Елбасы осы бастамасы ар­қылы бұқараға байқатып отырған жайы бар. ХХІ ғасырдың барыс-келісі ақпарат арқылы жүзеге асатынын ескерер болсақ, Елбасы түркі қауымының береке-бірлігін арттыру мақсатындағы шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға ұйытқы болып отырғанын аң­ғарамыз. Түркі халықтарының Н.Назар­баев­ты «Түркінің ақсақалы» дейтіні де содан бол­са керек.


Біздің басымдықтарымыз өзгеріссіз күйінде қалады. Бұл– ХХІ ғасырдың ығытына қарсы тұруға қабілетті әрі ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге бағытталған, белсенді, жан-жақты және үйлесімді сыртқы саясат.  

Нұрсұлтан Назарбаев


«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…»
Хакім Абайдан артық сөз қалдырған еш­кім жоқ-ау қазақта. Абайды түсінген, дана­лығын бойына дарытқан қазақ та арамызда сирек кездеседі. Абайды ұққан ат төбеліндей қазақтың ішінде шоқтығы биік тұратын азамат – Нұрсұлтан Назарбаев. Өйткені Елбасы Абай айтқан ойларды санасына түйіп қана қоймай, жүзеге асыру жолында талмай еңбек етіп келеді. Қазақстан Елбасының бастамасы негізінде «адамзатты сүюдің» үл­гісін көрсетіп келеді. Қазақ елі үнемі бейбіт­шілік пен өзара сенім мәселесін көтеріп, адамдар арасында өзара сүйіспеншіліктің артуы қажет екендігін жаһанға паш етуде.
Қазақстан – халықаралық интеграция­ны қолдап-қуаттап отырумен қатар, адамзат игілігі үшін пікір алмасудың жаңа алаңдарын ұсына білген мемлекет. 2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитінде де, Елбасының Ре­сей мен Украинаның, Ресей мен Түркияның арасында араағайындық жасаған кезінде де, БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінде тұрақты емес мүше­сі ретінде қызмет атқара бастаған сәтте де үнемі бейбітшілік мәселесін бірінші орынға қойып келеміз. Сириядағы шиеленісті тоқтату үшін өткізіліп жатқан «Астана про­цесі» де адам­затты сүюдің үлгісіне айналды. Бұл – еліміздің сыртқы саясатындағы ең басты векторлар­-дың бірі. Қазақстанның бейбітшілікті сақтау жолындағы саясатын Елбасының баста­ма­лары қалыптастырды. Нұрсұлтан Әбішұлы әлемнің кез келген түк­піріндегі қарулы қақ­тығыстарды тоқтату жол­дарын ұсынып, ана­ның жесір, баланың жетім қалмауын тілей­тінін байқатып келеді. Ол адамзатты сүйе біледі. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік ке­ңесінің тұрақты емес мүшелігі кезінде ядро­лық қарусызданудан мәселесін көтерумен қатар, су, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін алға тар­туы да – адамзатты сүюдің көрінісі. Президент Н.Назарбаев Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіз­дік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты үндеуінде: «Дүние созылмалы жанжалдармен қатар, қауіпсіздікке қатердің бұрын-соңды болып көрмеген кең ауқымымен бетпе-бет келіп отыр. Біз жаһандық проблемаларды шешудің жолдарын іздестіруге сүбелі үлес қосатын боламыз. Тұрақты және қауіпсіз әлем – бұл азаматтарымыз бен балаларымыз үшін аса қажетті құндылық. Сондықтан Қа­зақ­стан болашақ қазіргіден де сенімдірек және игіліктірек болуы үшін өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылатын болады» деген болатын. Яғни, Елбасы жа­һандық мәселелерді дер кезінде шешпеу күні ертең Қазақстанға да салмақ салуы мүмкін екендігін аңғарып отыр.

Түйін

Әдетте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы сөз еткенде Астана туралы айтпай кете алмайтынымыз бар. Өйткені Астана Елбасының туындысы ретінде бағаланады. Президенттің сыртқы саясаты пен халықаралық интеграциялар мәселесінде Астана өзіндік орны бар қалаға айналған. Елбасы жаһандық саясаттағы метрополияға балама ретінде еліміздің бас қаласын ұсынып отыр. «Жасыл экономика» идеясын насихаттау үшін EXPО – 2017 көрмесінің Астанада өтуі, «Астана процесі», Инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі, халықаралық медиа-форум, бизнес форумдар, Астана халықаралық қаржы орталығының құрылуы…
бәрі Елбасының әлемдік саясатта елордаға ерекше статус беру жолындағы бастамалары болса керек. Өйткені күндердің күнінде адамзат баласы Елбасы көтеріп жүрген бейбітшілік пен сенімнің қадірін түсінері анық. Сол кезде Астананың қадірі бүгінгісінен де арта түсері сөзсіз. Бұл Елбасының қуанышы болары да анық.

 

Амангелді Құрмет, Кәмшат Тасболат

Бөлісу:

Пікір жазу


*