Мемлекет басшылары құттықтау жолдады

1378
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне орай шетелдердің мемлекет басшылары мен Үкімет басшылары ыстық лебіздерін жолдады. Бұл құттықтауларды Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаев­ты туған күнімен құттықтап, Елбасының мемлекетімізді әлеуметтік-экономи­калық тұрғыда дамытуда және Қазақ­станның әлемдік аренадағы орнын нығайтуда зор үлес қосқанын атап өтті.
«Сіздің елдеріміз арасындағы одақ­тастық пен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасты нығайтудағы, сондай-ақ өзара тиімді интеграциялық үдерістерді дамытып, Еуразия ке­ңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жеке үлесіңіз ұшан-теңіз.
Арамыздағы өзара түсіністік пен сенімді жоғары бағалаймын. Біз екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша бірлесіп жемісті қызмет атқарып келеміз» делінген хатта.
В.Путин Мемлекет басшысына зор денсаулық, бақ-береке тілеп, Қазақстан халқының игілігі жолында жаңа табыс­тарға жетуге ниеттестігін білдірді.
***
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин өз құттықтауында Қазақстан мен Қытай қарым-қатына­сының маңыздылығы мен оның ай­рықша қарқынмен дамып келе жатқа­нын айтып, екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
«Соңғы жылдары Қытай мен Қа­зақстан арасында саяси өзара сенім нығайып, «Бір белдеу, бір жол» бір­лескен бастамасы жемісті іске асырыла бастады, сондай-ақ нақты ынты­мақтастық аясы кеңейіп, гуманитарлық байланыста­рымыз да белсенді дамып келеді. Сіз биылғы мамыр айында Қытайда өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумына қатыстыңыз. Бір ай бұрын мен Қазақстанға ресми сапармен келіп, Шанхай ынты­мақтастық ұйымының саммиті мен Астанадағы EXPO – 2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатыстым. Біз екіжақты қарым-қатынас пен барлық саладағы нақты ынты­мақтас­тықты нығайту жөнінде пікір алмасып, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік» делінген жеделхатта.
Қытай Халық Республикасының төрағасы Қазақстан Президентіне зор денсаулық пен барлық бастамаларына табыс тіледі.

***
Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты әрі көреген басшылығымен Қазақстанның әлеу­меттік-экономикалық және мәдени салалары жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтіп, еліміздің жаһандық үдерістерге белсенді атса­лысып отырғанына назар аударды.
И.Әлиев Мемлекет басшысының Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы достық пен тату көршілік дәстүрін сақтау ісіндегі еңбегін жоғары бағалады.
«Тарихи тамыры бір халықтары­мыздың қалауымен мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас, серік­тестігіміз, екіжақты және көпжақты ынтымақтастығымыз бұдан әрі де қарқынды дами беретініне сенімдімін.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, осы айтулы күнде сізге зор денсаулық, бақыт және бауырлас Қазақстан хал­қының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметіңізге табыс тілеймін» делінген құттықтау хатта.

***
Беларусь Республикасының пре­зиденті Александр Лукашенко тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері Нұрсұлтан Назар­баев­­тың қызметімен тікелей байланыс­ты екенін атап өтті.
«Сіз еліңіздің әлеуметтік-экономи­калық дамуындағы күрделі міндеттерді шешуде және оның халықаралық бе­делін нығайтуда айтарлықтай табыс­тарға жеттіңіз. Бүгінде Қазақстан қазіргі әлемнің сын-тегеуріндеріне төтеп беріп, озық бастамалар көтеріп, болашаққа сеніммен қарайды» делінген жеделхатта.
А.Лукашенко Беларусь пен Қазақ­станның барлық саладағы байланыс­тарын одан әрі кеңейтуге сенім білдіріп, Мемлекет басшысына зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.

***
Украина президенті Петр Поро­шен­ко Нұрсұлтан Назарбаевты туған күні­мен құттықтап, оның Қазақстан Прези­денті ретіндегі қызметі өз еліне қалт­қы­сыз қызмет етудің үлгісі екенін атап өтті.
«Украина мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас халықтары­мыздың игілігі үшін қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтарды іске асыруға септігін тигізетініне сенемін. Мүмкін­дікті пайдалана отырып, сізді Украинаға мемлекеттік сапармен келуге шақы­руымды растаймын. Сіздің сапарыңыз өзара тиімді серіктестікті дамытуға тың серпін беріп, екі ел арасындағы өзара түсіністікті нығайтатын болады» делінген хатта.
П.Порошенко Қазақстан Президен­тіне зор денсаулық тілеп, жауапты мемлекеттік қызметте сарқылмас күш-қайрат пен жаңа табыстарға жетуге ниеттестік білдірді.
***

Өзбекстан Республикасының пре­зиденті Шавкат Мирзиеев Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқының игілігі үшін іске асырылып жатқан ауқымды жобалар мен бағдарла­малардың нәтижелеріне тоқталды.
Сонымен қатар Ш.Мирзиеев Мем­лекет басшысының Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның халықаралық аренадағы беделін арттырудағы маңызды бастамалары мен белсенді қызметін жоғары бағалады.
«Оған дәлел ретінде әсем әрі заманауи Астанада халықаралық EXPО – 2017 мамандандырылған көрмесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуын, жаһандық және өңірлік саясат пен қауіпсіздік, экономика мен инвестициялар, мәдениет пен ғылым салаларындағы ірі іс-ша­ралардың табысты өтуін, сондай-ақ халық­аралық құрылымдар аясындағы тиімді жұмыстар мен табысты өзара іс-қимылды атап өтуге болады» делінген жеделхатта.
Шавкат Мирзиеев Нұрсұлтан Назарбаев­қа зор денсаулық, бақ-береке және жауапты мемлекеттік қызметте жаңа табыстарға жетуге тілектестік білдірді.
***
Тәжікстан Республикасының прези­денті Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақстанды орнықты да­мытуға әрі өркендетуге және оның әлемдік қоғамдастық арасындағы беделін нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.
«Мүмкіндікті пайдалана отырып, Тә­жікстан мен Қазақстанның көпқырлы өзара тиімді ынтымақтастығын жан-жақты дамыту үшін сізбен бірге бар күш-жігерімізді жұмылдыруға ниетті екенімізді айтқым келеді.
Шын жүректен сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және достас Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуі жолындағы мемлекеттік қызметіңізге жаңа жетістіктер тілеймін» делінген құттықтау хатта.
***
Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев Мемлекет басшысын туған күнімен құттықтап, тәуелсіз Қа­зақстан­ның барлық жетістігі Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сындар­лы саясатының нәтижесі екенін айтты.
«Сіздің кәсіби әрі өмірлік мол тәжірибеңіз Қазақстан халқының толық қолдауына ие болған көпқырлы және жемісті мемлекеттік қызметіңіздің берік негізі болып саналады.
Қазақстан мен Қырғызстанның тең құқылы әрі өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделген достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қарым-қатынассыз алдағы уақытта да бауырлас елдеріміздің игілігі үшін ны­ғайып, дами беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.

***
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан Президентінің екі ел арасындағы әріптестікті дамы­тудағы жеке үлесін жоғары бағалап, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға сенім білдірді.
«Осы жақсы мүмкіндікті пайдалана отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы, сізге амандық, өмірлік күш-қуат, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының берекесі мен өсіп-өркендеуі жолындағы жоғары мемлекеттік лауазымда одан әрі табыс­тарға жетуге тілектеспін» делінген хатта.

***
Сербия Республикасының президенті Александр Вучич те Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Қазақстан Президентіне зор денсаулық, амандық пен бақытты ғұмыр тіледі.
«Сізге Президент лауазымында, Қазақстан Республикасының игілігі үшін және жеке өзіңіз зор үлес қосып отырған елдеріміз арасындағы ынтымақтастық жолында табыстарға жетуге ниеттестігімді білдіремін» делінген құттықтау хатта.

***
Армения Республикасының президенті Серж Саргсян Астанадағы EXPO – 2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді дамыту, оның халықаралық аренадағы беделін арттыру және Қазақстан мен Арменияның қарым-қатынасын нығайту ісіндегі зор үлесін атап өтті.
«Армян мен қазақ халқының ара­сындағы достық және бір-бірін құрметтеу дәстүрі екіжақты саяси, сауда-эко­номикалық және гуманитарлық серік­тестікті кеңейтуде маңызды рөл ат­қарады» делінген жеделхатта.
С.Саргсян Мемлекет басшысына зор денсаулық пен амандық, Қазақстан халқына бейбітшілік пен өсіп-өркендеу тіледі.

***
Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев Ресей Федерациясы Үкіметі және жеке өзінің атынан Қазақстан Президентін туған күнімен құттықтады.
Д.Медведев энергетика, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, ғылым және мәдениет салаларындағы бірлескен өзара тиімді жобалардың іске асырылу нәти­желеріне тоқталып, екі елдің қоғамдық бірлестіктер мен бизнес-қоғамдастықтар арасындағы диалогтары қарқынды екеніне назар аударды.
«Үкіметтеріміздің серіктестікке негіз­делген одан арғы жұмысы екіжақты ынтымақтастықтың барлық мәселелерін дамытуға, түрлі салаларда тың әрі перс­пективті бастамаларды іске асыруға, Еуразиялық экономикалық одақ аясын­дағы интеграциялық өзара іс-қимылды ны­ғайтуға ықпал ететіне сенімдімін» делінген жеделхатта.

***
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған жеке өзінің және барша түрік халқының атынан Мемлекет басшысын туған күнімен құттықтап, халықаралық деңгейде Қазақстанның беделі артып келе жатқанын атап өтті.
«Сіздің парасатты басшылығыңызбен достас әрі бауырлас Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне қуанып, жоғары бағалаймыз. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, сізге зор денсаулық пен амандық, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тілеймін» делінген хатта.

***
Италия Республикасының президенті Серджо Маттарелла Қазақстан Прези­дентін құттықтап, екіжақты қарым-қаты­насты дамытудың маңыздылығын айтты.
«Елдерімізді биыл 25 жыл толып отыр­ған берік қарым-қатынастар байла­ныстырады. Осы ширек ғасырда біз көп­теген мақсатқа қол жеткіздік. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың зор перспективасы бар» делінген жеделхатта.

***
Латвия Республикасының президенті Раймондс Вейонис Нұрсұлтан Назарбаев­ты туған күнімен құттықтап, жуық арада Қазақстанға сапармен келуге ниетті екенін білдірді.
«Латвия мен Қазақстан арасындағы тиімді ынтымақтастықты, сондай-ақ сіздің достық, сенім және өзара құрметке не­гізделген қарым-қатынасымызды дамы­ту­дағы жеке үлесіңізді жоғары бағалаймын.
Жақында Қазақстанға келіп, Астана EXPO – 2017 көрмесінің тамаша әсеріне бөленемін деген үміттемін» делінген хатта.

Бөлісу:

Пікір жазу


*