Қауіпсіздік пен тәуелсіздіктің сенімді қалқаны

1152
0
Бөлісу:

Ұлттық қауіпсіздік қызметі ширек ғасырлық уақытта мемлекет пен халық қауіпсіздігінің сенімді қалқанына, айбынды алдаспанына айналды. Кейінгі он жыл ішінде ғана ҰҚК-ның террорға қарсы қызметі террористік сипаттағы шамамен 100 әрекетке тосқауыл қойған. Қазақстанның мемлекеттілігі мен тәуелсіздігіне қарсы бағытталған кесапат ұмтылыстарға тойтарыс берген. Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне құрметі ретінде Елбасы Н.Назарбаевтың өзі оларды мерейтойлық датамен құттықтады. 
Осы орайда кеше Астанадағы Бейбітші­лік және келісім сарайында өткен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты шараға Қазақстан Президенті, Жоғарғы Бас Қолбасшы Н.Назарбаев қатысты. Бұл салтанатты жиында республиканың күш және құқық қорғау құрылымдарының, министрліктер мен ведомстволардың басшыларымен бірге, құрметті қонақтар қатарында шетел­дік елшіліктер делегацияларының жетек­шілері, шетелдік арнаулы қызмет өкілдері мен ардагерлері болды.
Жиын қызметін өткеру кезінде шейіт болған ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің рухына тағзым ету рәсімінен басталды: Қазақстан Президенті елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін өз өмірін құрбан еткен ҰҚК қызметкерлерінің еңбек­терін ерекше атап өтіп, оларды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталып, ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің мемлекетіміздің егемен­дігі мен конституциялық құрылымын сақ­таудағы рөлін атап өтті.
– Біз «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасын іске асырудамыз. Оның мақсаты – әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына ену. Оған табысты қол жеткізудің басты шарттары – төңірегімізде бейбіт өмір мен тыныштықты қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан қоғамында ішкі саяси тұрақтылық пен келісім орнату, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті еліміздің егемен­дігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасы ету үшін күрескен қаһарман бабалары­мыз­дың ерлігін есте сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Мемлекет басшысы қоғамымызға қарсы бағытталған теріс идеология мен деструк­тивті ағымдардың жолын кесу жөніндегі іс-қимылдың қажет екенін атап өтті.
– Халықаралық террористік және діни-экстремистік ұйымдарға арқа сүйеген радикалды топтардың залым әрекеттері ұлттық қауіпсіздігімізге елеулі қауіп-қатер төндіріп отыр. Бұл зұлматпен ымырасыз күрес жүргізуге бүкіл Қазақстан қоғамы то­лық қолдау көрсетуде. Осы жоғары сенім­ді теріс идеология мен деструктивті ағымдардың жолын қатаң түрде кесу бойынша жүйелі әрі тиімді қызмет етумен ақтау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Елбасы ақпараттық желілер мен ресурстарға хакерлік шабуыл­дар жасау сияқты жаһанның жаңа қауіп-қатерлерін атап, «Қазақстанның киберқал­қанын» құрудың өзектілігіне назар ау­дартты. Мемлекет басшысы сала қызмет­керлеріне «гибридті соғыстардан» да сақ­тану керектігін ескертті.
– Гибридті соғыс деп аталатын кон­цепция да барған сайын көкейкесті бола түсуде. Ол әртүрлі адамдар мен топтардың диверсиялық-іріткі салу қимылдарынан, экономикалық қысымнан, ақпараттық прес­сингтер мен медиа саласындағы аран­датушылықтан тұрады. Осының барлығы ҰҚК қызметкерлерінен өздерінің кәсіби дағдыларын, білімдерін тоқтаусыз жетіл­діруді, кез келген күрделі міндеттерді орын­дауға дайын болуын, сондай-ақ осы жұ­мыс үшін қажетті кадрларды даярлау мен іріктеуді талап етеді, – деді Н.Назарбаев.
Қазақстан Президенті жаһандық қауіп­сіздіктің жаңа қатерлерінің пайда болуына әкеп соғатын әлемдік дамудағы теңсіздік­тердің салдарына да назар аударды.
– Азық-түлікке, ауызсуға, медициналық көмекке қол жеткізу проблемаларының өршуі аясында әлемдік дамудағы теңсіздік аса қауіпті жағдай туғызуда. Бұл тұтас құр­лықтар мен өңірлерді қамтыған жаһандық миграцияға әкеп соқтырды. Өзіне және отбасына жақсы өмір іздеген адамдардың арасында террористер мен қылмыскерлер, үгітшілер мен есірткі сатушылар да жасы­рынуы мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен оның ведомстволарының жаңа құрылымы бекітілгенін мәлім етті.
– Өзара іс-қимыл жасау мен күш-қуатты қайта орналастырудың жаңартылған жүйесі мейлінше тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері алдағы уақытта да Отанымызға мінсіз қызмет етіп, елімізді көркейту және ұлттық мүддемізді қорғау жолында өздерінің барлық күшін, білімі мен тәжірибесін жұмсайтынына сенім­дімін, – деп түйді Елбасы.
Осыдан кейін басталған салтанатты рәсім барысында Қазақстан Президенті қызметтік парызын орындауда ерлік пен жанкештілік көрсеткен ұлттық қауіпсіздік органдарының үздік қызметкерлеріне ордендер мен медальдар табыс етті. ІІ дәре­желі «Айбын» орденімен Е.Көшербаев (марқұм), Ә.Сарықұлов, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен ҰҚК қызметкер­лері – Д.Базарбаев, А.Қожабеков,
А.Лұқпанов, Ж.Омариев, Ә.Тастамбеков, Е.Үсенов мара­патталды.
Марапаттау рәсімінен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты концерт өтті.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*